Петр Смотрич Ақсу ферроқорытпа зауытында 1978 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1978 кәсіби-техникалық училищені металл балқытушы мамандығы бойынша тәмамдап, 17 жасында жұмысқа қабылданған. Петрдің әйелі Ғалия, екі баласы Дмитрий мен Ирина Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Смотричтың айтуынша, қаланың тіршілігі кенішке тәуелді.
- Зауыт жұмыс істеп тұр. Сондықтан болашағымызға алаңдамаймыз, - дейді ол.
Смотричтің айтуынша, 1990 жылдары Совет одағы құлап, көптеген зауыттар банкротқа ұшырады. Бірақ Ақсудағы зауыттар жабылған жоқ.
- Балаларымды зауытта жұмыс істегенін қаладым. Бірақ 8 жасар немереме ондай талап қоймаймын. Өзі таңдасын, - дейді Ақсу тұрғыны.
Павлодар облысындағы Ақсу қаласында 50 мыңға жуық адам тұрады. Совет одағы құлағалы салынған жаңа ғимарат аз. Қаладағы көп қабатты үйлер, мектептер мен ауруханалар ескі, көшелері жұпыны. Әрбір бесінші тұрғын тау-кен және металлургия зауыттарында жұмыс істеп, күн көреді.
Ақсуда үш миллиардер иелік ететін ERG тау-кен және металлургия корпорациясы орналасқан. Бұл кеніште Қазақстан билігінің де үлесі бар. Елді 1989 жылдан бері басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр отан" партиясы ERG корпорациясын құруға атсалысқан.
Ақсу 1960 жылдары Совет одағының индустриалды орталықтарының бірі болған. Ал 1990 жылдары Совет одағы құлағаннан кейін қаладағы зауыттар жеке меншіктің қолына өткен.
ERG тау-кен және металлургия корпорациясының негізгі иелері Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев Forbes журналы жариялаған әлемдегі ең бай адамдар тізіміне енген.
Forbes дерегінше, Алиджан Ибрагимовтың байлығы - 2,3 миллиард доллар. 2017 жылы 1098-орында тұрған оның дәулеті жыл ішінде 400 миллион долларға көбейіп, миллиардерлер тізімінде биыл 1070-орынға жайғасқан. Оның бизнестегі байырғы серіктері Патох Шодиев пен Александр Машкевич те әлгі тізімде бар. Бельгия азаматы Шодиевтің байлығы 2,2 миллиард доллар, ал Израиль азаматы Машкевичтікі - 2,3 миллиард доллар деп жазады басылым.
Үшеуі кәсіптерін шикізат өнімдерін сатудан бастаған. Кейін Қазақстанның тау-кен саласының активтерін жекешелендіріп алды. Қазақстан билігінің талабы бойынша Машкевич-Ибрагимов-Шодиев үштігі Ақсу қаласының дамуына қаржы құюға міндетті. Үш олигарх қалада шағын стадион мен бассейн салған.
Ақсу тұрғындарының негізгі азықтары - балық және төрт түлік мал. Жұрт қысы-жазы қала маңындағы Ертіс өзенінен балық аулайды.
Ақсуда университет жоқ. Қала жастарының біраз бөлігі оқу іздеп Павлодар, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға кетеді. Ал қаладағы колледждер техникалық мамандықтарды ғана оқытады. Бірақ тау-кен зауыттарына жұмысқа тұру үшін көбінесе колледж дипломы жарай бермейді. Сондықтар колледж түлектері ірі қалалардағы университеттерде оқуға мәжбүр.
Ақсуда жастарға арналған орталықтар мен демалатын орындар жоқ. Қала тұрғындары кинотеатр, ірі сауда орталықтары мен театр үшін 50 шақырымдағы облыс орталығы Павлодарға барады. Шағын қала тұрғындарының біраз бөлігі мал ұстайды.
Ақсу әкімдігінің дерегінше, қаланың 2018 жылға арналған бюджеті 15 миллиард 168 миллон теңгені құраған.
Мақала Reuters ақпарат агенттігінің деректері негізінде жазылды.
(Сурет авторлары - Шамиль Жуматов, Reuters)