Күн соңында журналистер алдына шыққан Ресей делегациясының жетекшісі, Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев деэскалация аймақтарындағы «бақылаушылар» туралы айтты.
- Нақты деэскалация күштеріне басты назар салмас едім. Себебі құжат әлі жасалып жатыр. Кепіл елдер Түркия, Иран және Ресей бақылаушыларының қатысуы қаралып жатыр. Астана процесінің негізі – үш кепіл елдің жұмысы. Бақылаушы ретінде Қытай, БАӘ, Египет, Ливан, Қазақстан сынды елдердің кандидатурасы да қаралады. Деэскалация аймағына жіберілетін елдерге бақылаушы ретінде қойылатын талаптарды қарап жатырмыз, - деді Александр Лаврентьев.
Сирия туралы бес сауал
СИРИЯ ТУРАЛЫ БЕС САУАЛ
- Соғыс қалай басталды?
- Асадтың режимі қалай құрылды?
- Сирияда кімдер тұрады?
- Алавиттер деген кім?
- Жиһад деген не?
Журналистердің "Бақылаушылар деп кімді айтасыз? Бітімгер жасақтар ма?" деген сұрағына Ресей өкілі:
- Қазір деэскалация аймақтарының қауіпсіздік сызықтары, бақылау, өткізу пунктерін орналастыру келісіліп жатыр. Әңгіме Ресей полициясының бөлімшелері жайында. Қазірдің өзінде олар Идлиб, Хомс, шығыс Гута аймақтарында бар, - деп жауап берді.
Лаврентьевтің айтуынша, өз бақылаушыларын Сириядағы қақтығыс аймақтарына Ресеймен қоса кепіл елдер Түркия мен Иран жіберуге құқылы және жібереді. Ал "бақылаушыларын" қарусыздану аумақтарына енгізуді қалаған өзге елдердің ұсыныстарын кепіл елдер бірге талқылайды.
Сирия бойынша бейбіт келіссөздер 14-15 қыркүйекте Астанада өтіп жатыр. Бұл жолғы жиынның күн тәртібінде Сириядағы тарихи-мәдени жәдігерлерді минасыздандыру және деэскалация аймақтарын бақылау күштерін анықтау енген. Мұның алдында осындай бес жиын өткен. Биыл 3-4 мамырда Сириядағы оппозиция мен үкімет жасақтарының жанжалына арағайын болып жүрген үш ел - Ресей, Түркия және Иран деэскалация аймақтарын (Идлиб провинциясы, Хомс солтүстігі, шығыс Гута және Сирияның кейбір оңтүстік аумақтары) құру туралы меморандумға қол қойған.
Астанадағы келіссөзге Ресей делегациясын Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия мен Иран делегацияларын сол елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Седат Онал және Джабер Ансари бастап келді. Астанаға сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс аймағы бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Дэвид Саттерфилд, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Науаф Уасфи Тель де келді. Мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Астанаға келіссөзге қатысушы барлық тарап келді. Сирия қарулы оппозициясының түрлі топтарының атынан 24 адамнан тұратын өкілдері де келді" деп хабарлаған.