Көктемде Жайық өзені тасығанда Атырау қаласы маңындағы және Индер, Махамбет аудандарындағы ондаған шаруа қожалығын су басты. Қыстағы, жайылымы мен шабындық жері, жем-шөбі, үй-қорасы, егіні мен малы суға кеткен фермерлер шығынға батты. Табыс көзінен айрылған шаруалар кейінгі екі айдан бері жергілікті әкімдіктен тасқын өтемақысын талап етіп келеді.
ШАРУАЛАР ОБЛЫС ӘКІМІНЕ ТАҒЫ ДА ЖОЛЫҒА АЛМАДЫ
23 шілдеде Атырауда қала мен облыс аудандарында мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар тағы да жиналып, ірі сабақты жем-шөп сатып алуға берілетін субсидияны қайтаруды және тасқыннан зардап шеккен шаруа қожалықтарына өтемақы төленуін талап етті.
Олар жиынға Атырау облыс әкімі Серік Шәпкенов келеді деп күткенімен әкім келген жоқ.
Шаруалардың шағымы мен талаптарын облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Амангелді Саламат және Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев тыңдады. Шаруалар субсидия мен өтемақы мәселесін сөзбұйдаға салмай тез арада шешуді талап етті. Облыс әкімі өздерімен кездесуге уақыт таппағанына наразы шаруалар жергілікті атқарушы биліктің жұмысын сынға алды. Зейнет жасындағы шаруалар биліктен көмек болмаса, ата кәсіптің жұмысын қайта аяғына тұрғызуға күш жетпейтінін айтты.
Қордаланып қалған мәселелерін ашына айтқан шаруаларға облыс әкімінің аппарат жетекшісі Нұрлыбек Жеңісбекұлы жиі-жиі басу айтып, сабырға шақырып отырды. Облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешев те шаруаларға орнына отыруды қайта-қайта ескертіп, "әкімдік өкілдерінің жауабын тыңдайық" деумен болды.
Бір кезде ортаға шыққан Aqiqat қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин депутат Ерекешевтің өзінен орнына отыруды талап етті. Оның сөзіне шамданған депутат есе жібергісі келмеді. Тәжікелесіп қалған екеуін бір-екі шаруа мен залға жүгіріп кірген полиция қызметкері айырды.
Жиында сөйлеген фермер Жанкелді Рахметқалиев Атырау өңірінің шаруалары үшін ірі сабақты шөпке субсидия малды қыста аман алып шығу үшін өте маңызды екенін түсіндіруге тырысты.
– Ірі сабақты мал азығына субсидия міндетті түрде берілуі керек. Парламент депутаттары демалыстан келген соң бәрін қарайды деп жүргенде қыс түседі. Біз қысқа дайындыққа екі-ақ ай уақыт қалды. Екі айдың ішінде осы мәселенің бәрін қалай шешеді? Бізге, мына жерге, өкінішке қарай, облыс әкімі келмей отыр. Облыс әкімі келуі керек, – деді Рахметқалиев.
Одан кейін сөйлеген басқа шаруалар далада қалғанын айтып, "тасқын жөнінде айтайық" деп өтінді. Шаруаларды бірінші кезекте "тасқыннан зардап шегуші ретінде өтемақы төлене ме?" деген сауал толғандырды. Малы мен жем-шөбін қайда әкелерін білмей, қыста қиын жағдайда қалатынын айтқан шаруалар бұл мәселені тез арада шешуді өтінді.
– Шөп шабатын жерімізді су басты. Ақша да керек емес, малымызды қыстан шығаратын шөп алып берші деп отырмыз. Қорасын су басқаны шаруа малды қыста қайда апарамын деп уайымдап жүр. Жергілікті жердегі осындай мәселелерімізді әкімге айтпасақ, кімге айтамыз? – деді жиынға қатысқан шаруа Атабек Қарағұлов.
Ол 200 гектар жайылым мен шабындық жерін су басқанын айтты.
Жиында шаруаларға дәл қазір өтемақы төлеу механизмдері жоқ екендігі, бірақ осында айтқан арыз-шағымдары облыс әкіміне жеткізіліп, оны төлеу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев Азаттыққа Атырау қаласында 50 шаруа қожалығы тасқын салдарынан зардап шеккенін айтты. Соның ішінде 30 шаруа суда қалған егістік алқабына, ал сегізі мал өліміне қатысты көмек сұраған.
– Бәрінің арыз-шағымы қанағаттандырылған жоқ. Бірақ қайтадан өтініш беруге мүмкіндігі бары түсіндірілді. Бұл жерде әртүрлі себеп бар: көбінің қолында нысан құжаты болмады. Одан бөлек, ережеге сәйкес, комиссия зардап шеккен нысанды көзбен көріп қана акт толтырады. Шілде айында су кетпегендіктен, барып көру мүмкін болмауына байланысты олардың өтініші орындалмады. Енді осы айдың аяғында қайтадан барлығы арыз тапсырады. Содан кейін өтемақы мәселесі бойынша тиіс шешім қабылданып, егер бүлінген мүліктерінің құжаты болса, төленеді, – деді Нысанбаев.
Ресми ақпарат бойынша, Атырау облысында биыл 150-ден астам шаруа қожалығы тасқыннан зардап шеккен. Оның жүзге жуығы - Махамбет ауданындағы қожалықтар.
МИНИСТР ОРЫНБАСАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
Биыл көктемде Жайық өзені тасып, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласы мен маңындағы елдімекендерді су басу қаупі төнген. Жергілікті билік Атырау қаласын тасқыннан аман алып қалу үшін оның аумағымен өтетін Соколок пен Сарыөзек каналдарының бойына да бөгет тұрғызған. Жайық деңгейі көтерілгенде екі канал да суға толып, арнасына сыймай, айналасын су басты.
Мамыр айында Соколок каналындағы бөгетті тасқын бұзып, далаға жайылған су канал бойында орналасқан 30-дан астам шаруа қожалығына да жетті.
4 шілде күні қала әкімдігіне барған шаруалар су басқан қожалыққа жете алмай отырғанын, жайылым мен шабындық жерін де су басып, қиын жағдайда қалғанын айтып, өтемақы талап етті. Қала әкімі Шәкір Кейкін өлген мал мен суға кеткен егінге өтемақы төленеді, ал шаруа қожалығындағы жұмысшыларға арналған үй мен қораларға өтемақы төлеу мәселесін арнайы құрылған комиссия қарастырады деп жауап берген еді.
Бірақ заңдастырылмаған нысандарға өтемақы берілмейтіні айтылды. Шаруа қожалықтарының басым бөлігі суға кеткен үй-жай, қора-қопсыны заңдастырмағаны белгілі болды. "Бізге жер бергенде бұл туралы ешкім ескерткен жоқ" деді фермерлер. Қала әкімі Шәкір Кейкін шаруаларға "нысандарыңыз заңдастырылған соң өтініштеріңіз қаралады" деді.
5 шілде таңертең облыс әкімдігіне барған шаруалар "әкім орнында болмауы" себепті оған жолыға алмай, өтемақы туралы арыз жазып қалдырып кетті.
Ал 11 шілдеде Атырау қаласы аумағындағы және аудандардан келген фермерлер ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен Нұрсая ықшамауданындағы "Абай" орталығында кездесті. Жиында негізінен екі мәселе – мал азығын дайындауға арналған субсидия және тасқыннан зардап шеккен қожалықтарға өтемақы төлеу мәселелері қаралды.
Қызылқоға ауданынан келген фермер Жәнібек Аралбаев облыста жайылым мен шабындық жерлерді су алғалы мал өсіріп отырған шаруалардың жағдайы қиындап кеткенін айтып, аз да болса көмек ретінде шөп жинауға субсидия беруді қайтаруды сұрады.
Егін өсіріп отырған фермер Айнұр Сұлтанова тасқын салдарынан табыссыз қалғанын ескеріп, шаруаларға "жұмыссыз" деген мәртебе беруді және несиелерінің төлем мерзімін жылжытса деген тілегін жеткізді.
– Биыл егін салған жоқпыз, жұмыссыз қалдық. Басымызда несиеміз бар, оны қалай төлейтінімізді білмей отырмыз. Бізге несие төлеу мерзімін 1,5 жылға жылжытуды өтінеміз, – деді Сұлтанова.
Вице-министр Бердалин фермерлердің талап-тілектерін министрлікке жеткізетінін, жем-шөп дайындауға арналған субсидияны қайта беру мәселесі қарастырылатынын айтты. Ал өтемақы мәселесімен жергілікті атқарушы органдар айналысатынын, заңдастырылмаған үй-жай мен қора-қопсыға өтемақы төленбейтінін тағы еске салды.
Арада бір апта өткенде, 18 шілде күні қала маңындағы Соколок каналы бойындағы шаруа қожалықтарының иелері жиналып, әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы облыс әкіміне үндеу жасады. Олар өздеріне төтенше жағдайдан зардап шеккендер мәртебесін беруді, қожалықтардың суға кеткен үй-қорасына өтемақы төлеуді және жеміс-жидек бермейтін ағаштардың да шығындарын жабуды сұрады. Шаруалар өтемақы мәселесі облыс деңгейінде шешілмейтін болса, астанаға – Ақордаға дейін баратынын мәлімдеді.
Соколок каналы бойында қала әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіне кіретін Бесікті, Талғайраң, Ақжар, Ақсай, Томарлы ауылдары және Геолог, Бірлік елдімекендері орналасқан.
Your browser doesn’t support HTML5
"АСПАНДАҒЫ АЙДЫ ӘПЕР ДЕМЕЙМІН"
Қайыршақты ауылдық округіндегі Ербол Тойлыбаевтың шаруа қожалығы суда қалғанына екі айдан асты: малшыларға арнап салған үйі мен қора-қопсысы да қазір суда тұр. Елу шақты бұзаулы сиыры мен отыз шақты жылқысы бар, ата кәсібімен отбасын асырап жүрген шаруа "тасқын нәпақамыздан айырды" деп қынжылады.
Көктемде су тасиды дегенде жергілікті әкімдік шаруаларға малын қауіпсіз жерге көшіруді ескерткен. Тойлыбаев та малының жартысын қожалықтан 30 шақырым жердегі Атырау-Қарабатан тас жолы тұсына жайып, жартысын Қызылқоға ауданындағы танысына уақытша бақтырып отыр. Су тимеген керек-жарағын алып кету үшін қожалығына арнайы сатып алған үрмелі қайықпен қатынап барып-келіп жүр.
Азаттық тілшісі фермермен бірге қожалыққа барып, жағдайды көріп қайтты. Қаладан 15 шақырым жерге жеткенде Атырау-Қарабатан жолының бойына аялдадық. Жолдың екі жағы суға толған. Көлігімізден түскен соң шаруа Ербол Тойлыбаев қайықты үрлей бастады. Оның сөзінше, су деңгейі біртіндеп түсіп келеді, бірақ әлі бірнеше ай жататын түрі бар. Шаруаларды алаңдатып отырғаны да осы, жер күзге дейін құрғамаса, қыста жем-шөп таба алмай қиналады.
Үрленген қайыққа мініп, қожалыққа қарай бет алдық. Айнала толған судың тереңдігі белгісіз болғандықтан аздап қобалжыдым. Ал тайыз жерлерде қайық тұрып қалып жатқанда көңіліміз орнына түсті. Ескек есіп келе жатқан шаруа қайықтан түсіп, резіңке етікпен су кешіп, қайықты жаяу-жалпылап сүйреуге көшті. Біз мінген қайық қожалыққа жеткенше бірнеше рет аударылып қала жаздады. Әрең дегенде қожалыққа жеттік, әйткенмен резіңке етікпен саз балшық кешіп жүрудің өзі мұң болды. Үй мен қора су ортасында қалыпты. Тасқын кезінде құлаған даладағы әжетхана суда қалқып тұр. Ауладағы қора-қопсының бір бөлігі қираған. Тойлыбаев қожалығын қалпына келтіру үшін кемінде 5 млн теңге қажет деп отыр.
– Су келгенде мына тұрған үйдің терезесіне жетті. Мына жер құрғағанда үй ертең құлай ма, әлде пайдаға аса ма, қорадағы иіс кете ме, жер қашан кебеді? Күзге дейін ай жарым уақыт қалды, малымызды қораға кіргізіп, жем-шөп әкеліп, қысқа дайындалуымыз керек қой? Су кеткеннің өзінде жер қашан кеуіп болады? Жем-шөпті әкелгеннің өзінде оны қайда қоямыз? Құрғақ жер жоқ, үй мен қораның іргетасын қашан саласың?! Осыған басымыз қатып отыр. Жарты сағат жаңбыр жауғанда жер кеуіп болмайды, ал үлкен су қашан кетеді? Мына жер – қара саз. Аяғың кірсе, шықпайды. Машина өте алмайды. Жер ащы, көктемде жауын-шашынды болса ғана шөп өседі. Үкімет, облыс басшысы өтемақы мәселесін шешіп берсе дейміз, – деді Ербол Тойлыбаев.
Су тасқыны келтірген зардаптан бөлек, малды жылда көлік не пойыз қағып, шығын болады дейді шаруа. Себебі, оның қожалығы қолайсыз жерде орналасқан – бір жағында тас жол болса, екінші жағында теміржол жатыр. Былтыр бес сиырын, жақында үш сиырын Атырау-Қарабатан тас жолында көлік қаққан. Ал теміржолда алты бас жылқысы пойыз астына түсіп өлген.
– Бұл жерді мен 2014 жылы бес жылға, кейін 2019 жылы он жылға жалға алдым. Ең қиыны сол, жылда он шақты малым жайылып жүріп, көлік қағып кетіп өледі. Қарап отырсаң, қырғын шығын. Оның үстіне, қазір ыссыда көп ет те өтпейді. Сиыр сауып, сүтін, қаймағын базарға апарып сатып, сонымен күн көріп отыр едік, қазір бәрі қалды ғой. Мал далада, төлін бірге қосып қоя бердік. Мынадай аптапта мал да саудыра ма? Күн ыстықта сүт те шықпайды. Біз енді аспандағы айды сұрап жатқан жоқпыз ғой, өтемақыдан көмектессе деп айттық, – деді шаруа.
Ербол Тойлыбаев Соколок каналының бергі бетіндегі жағаны да көтергенде ондаған қожалықты аман сақтап қалуға болар еді деп уәж айтты. Егін шаруашылығымен айналысатын фермерлер де жылдар бойғы еңбегі зая кеткенін, бірнеше жыл бой өсірілген жеміс ағаштары суда қалып, биыл көбі өнім бермегенін айтып шағынды.
"БҮКІЛ ЕҢБЕГІМ СУҒА КЕТТІ"
2020 жылдан бері егін өсірумен айналысатын "Abdulla" шаруа қожалығының иесі Нұрбек Есенқұлов та биыл тасқын салдарынан негізгі табыс көзінен айрылды. Қожалығы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Соколок каналы бойында орналасқан шаруа 160 гектар жерінің 37 гектарына биыл қауын, қарбыз, қияр егіпті. Соның бәрі суға кеткен. Одан бөлек, мал азығына деп 78 гектар жерге егіп қойған жүгері мен жоңышқа да су астында қалған. Есенқұлов былтырдан бері қоймада сақтаулы тұрған 180 тонна пиязды да шығарып үлгермеген.
– Қыста Ақтаудағы кәсіпкерлермен пиязды мамырға дейін сақтап, сол айда жеткізіп береміз деп келіскен едік. Енді жеткіземіз деп отырғанда мамырда қойманы су алды. 30 млн теңгеге несиеге "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы алған ауыл шаруашылығына арналған 15 түрлі арнайы техника да суға кетті. Осы техникалармен пияз бен сәбіз егіп, жинайтынбыз. Су келеді деген хабарды бірінші естігенде техниканы биік жерге шығардық, бірақ артынан "су келмейтін болды, келсе қайда?" деген әзіл-шыны аралас әңгіме шығып, егін егуді қайта бастап кеттік. Су келсе де біз тұрған жерге дейін келмейді деп ойладық. Су келген кезде техниканы шығарып үлгермедік. Тұрғын үй мен қора-қопсы суға кетті. 160 га жердің бәрін су басты. Үйдің ішіндегі көрпе-төсек, ыдыс-аяқ суда қалды, – деді Есенқұлов биыл егіннен табыс таппағанына көңілі түсіп.
Әу баста егін егуден бастаған шаруа одан түскен табысқа сатып алған мал басын көбейтуге көшкен. Қазір оның 80 бас бұзаулы сиыры бар. Есенқұлов та малын қожалықтан 30 шақырымдай жердегі Атырау-Қарабатан жолы тұсына жайып жүр. Бұрын малын бақташыға бақтырса, қазір оларды үй-жай сияқты қажет нәрсемен қамтамасыз етуге жағдай болмаған соң, малды Атырау қаласынан 60 шақырымдай жерге айдап барып жүр. Негізгі табыс көзінен айрылған соң Есенқұлов қазір құрылыспен айналысып жүр.
Ал "Әмір" шаруа қожалығының иесі Сайлаубай Абиров қожалығы суға кеткен соң қолындағы барлық қойды сатып жібергенін айтты. Оның да қожалығы Қайыршақты ауылдық округіндегі Соколок каналы бойындағы орналасқан.
– Шағын жайылым жерімді, үй мен қораны түгел су алды. Мал жаятын жер қалмағасын сатып жіберуге мәжбүр болдым. Қазір жерімде су деңгейі түскен, бірақ әлі су тұр. Соколок каналы бойындағы қожалықтардың малы Қарабатан жолының ар жағындағы Егіз деген жерде жайылып жүр. Ол жақты да су басқан. Жерім өз атымда, жекешелендірілген. Ал үй мен қора-қопсы заңдастырылмаған еді. Заңдастыруды аяқтай келдім. Енді өтемақыға арыз беремін, – дейді Сайлаубай Абиров.
Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіндегі "Тасқалиев" шаруа қожалығының иесі Асқар Тасқалиевтің қыстағы қаладан 18 шақырым жердегі Жайық өзені мен Сарыөзек каналы ортасында орналасқан. Қожалығын су басқалы ол жаққа бара алмай отыр. Оның сөзінше, Бейбарыс ауылында 45-ке жуық қожалықты су алған. Махамбет ауданы бойынша су қалған қожалық саны бұдан да көп. Тасқалиевтің қожалығына су мамырдың басында келген. Ол да жергілікті әкімдік малды көшіруді ескерткен соң, барлық малын Орал қаласына апарып тастаған. Қазір Тасқалиевтің үйі, қора-қопсысы, жертөлесі, жоңышқа еккен алқабы суда тұр. Гүлдеп тұрған 50 шақты жеміс ағашы да суға кеткен. Жұмысы тоқтаған қожалықтың табыссыз отырғанына екі айдан асқан.
– Егіні мен малы суға кеткен шаруалардың шығынын есептеу үшін құрылған комиссия су кеткен жоқ деп ол жаққа әлі бара алмай отыр. Оралда малымды қарап отырған адамға ай сайын ақшасын төлеймін. Ол малды күзде алып кетерсіңдер дейді. Қазір не қорам, не үйім жоқ, малымды күзде қайда алып кетемін? Өте қиын жағдайда қалдық қазір, – деді Асқар Тасқалиев.
Әдетте жылда маусым айының басында жоңышқа шабатын шаруа биыл онысы су астында қалғандықтан шөпсіз қалған. Енді шөпті көрші Индер ауданынан не Орал қаласынан сатып алуға тура келеді. Бірақ, сатып алған күннің өзінде, оны қайда қоятынын білмейді, айнала түгел су.
– Жем-шөпті қазір алмасақ, күзде қымбаттап кетеді. Қазір шөптің бір үлкен орамы 11-12 мың теңге тұрса, күзде 15 мыңға барады. Біз жылда Оралдан 150 орам шөп алып отырамыз. Егер өтемақы берілмесе осы шаруаны қоятын шығармыз, – дейді ол қапаланып.
Асқар Тасқалиев шаруа қожалығы жұмысын аяққа тұрғызу үшін алты жыл еңбектенгенін айтты.
– Табыс көзіміз осы малдан еді. Алматыда университетте оқып жатқан екі студент баламның оқу ақысын мал сатып, оның сүтін сатып жырымдап жинап, төлеп жүрдім. Биыл балаларымның оқуына ақшаны қалай төлейтінімді білмей отырмын. 2020 жылы несиеге алған трактордың ақшасын қайтаруға ай сайын 200 мың теңге төлеймін. Ол ақшаны әркімнен бір сұрап төлеп отырмыз. Неге бізге төтенше жағдайдан зардап шеккен деген мәртебе бермейді? Үш айдан бері табыссыз отырмыз ғой? – деп ашына сөйледі Тасқалиев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Азаттық сауалына берген жауабында қазіргі кезге дейін тасқыннан зардап шеккен 176 шаруа қожалығынан өтініш түскенін, арыз-өтініш қабылдау жалғасып жатқанын хабарлады.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда биыл көктемдегі тасқын салдарынан 19 мыңнан астам үйді су алған. Елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.