"Бозжыра тұмса табиғатымен қымбат". Шатқалда қонақ үй салуды билік қолдап, қоғам қарсы болды

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы. Фото авторы - Марк Пестов.

Қазақстан билігі қолдау танытқан Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жобасы қоғам қарсылығына тап болды. Бозжыра – өңірдегі ең танымал туристік нысан әрі табиғи ескерткіш. Азаттық тілшілері табиғаты тұмса аймаққа қонақ үй салу бастамасын кім және неге көтеріп отырғанын, бұл жобаның табиғи аумаққа қандай зияны барын анықтап көрді.

АҚТАУҒА ПРЕМЬЕР БАРҒАНДА, БОЗЖЫРАДА ҚҰРЫЛЫС ТЕХНИКАСЫ ПАЙДА БОЛДЫ

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 300 километр жерде, Қарақия ауданы аумағында орналасқан. Үстірттің бұл бөлігі әктастардан құралған шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады. Бұл аумақтан тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, белемнит деп аталатын былқылдақ денелілерді, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болады. Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы алғанда Қазақстанның мақтан тұтар "жауһарына" айналған. Шатқалда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға дейінгі кезеңге жататын археологиялық ескерткіштер шоғырланған.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектарды құрайтын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Жабайұшқан "Қызылсай" мемлекеттік табиғи паркіне қарайды. Табиғи паркке Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы жауапты.

7 қарашада әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат құралдарында Бозжырада құрылыс техникасы тұрғаны жөнінде ақпарат тарады. Көп ұзамай Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі "әлі ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ" деп хабарлап, алайда Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Әкімдік "видеода көрсетілген уақытша шатыр, мобильді әжетхана мен көшпелі генератор екі күнге қонақ үй салынатын жерді көруге барған инвесторлар үшін қойылған" деп түсіндірді.

Инвесторлар тау етегінен "Бозжыра сафари қонақ үйін" салуды ұсынған.

Жергілікті шенеуніктердің хабарламасында "... Нысан "жасыл" технология талаптарына толықтай сай келеді. Қоршаған ортадағы ландшафтқа сай салынады, бір қабатты ғимараттардан тұратын қонақ үйдің сыртқы көрінісі жергілікті пейзажбен жақсы үйлесетін болады" делінген.

Бозжыраға қонақ үй салу жоспары туралы ақпарат премьер-министр Асқар Маминнің Маңғыстау облысына сапарымен тұспа-тұс келді. Премьер-министрдің ресми сайтындағы ақпаратта Мамин жұмыс сапары барысында "Ақтау курорт аймағының инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту" тақырыбында жиын өткізіп, жаңа қонақ үй-туристік кешендер құрылысын бастауға тапсырма бергені айтылған.

"ӨРКЕНИЕТТЕН АЛЫС ОРНАЛАСУЫМЕН ТАҢҒАЛДЫРАДЫ"

Ақтау тұрғыны Руслан Чуров Маңғыстау облысында туып-өскен. Қазір ол жергілікті тұрғындар мен туристерге туған өңірін көрсетіп, саяхат ұйымдастырумен айналысады. Руслан биліктің Бозжыра шатқалына қонақ үй салу туралы шешіміне қарсы.

– Бұл – өте ауқымды, тып-тыныш, адамдар мен өркениет игіліктерінен алыс орналасуымен таңғалдыратын ерекше табиғи мекен. Бозжыраны бірінші рет жеті жыл бұрын көрдім, содан бері ол жақта талай рет болдым. Маусым кезінде аптасына бес рет барамын. Бәрі тур бағыты мен сапар санына байланысты, – дейді Руслан.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысының ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектарды құрайтын "Жабайұшқан" мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Фото авторы - Марк Пестов.

Руслан шатқалды бес саусағындай біледі. Сондықтан қонақ үй құрылысы Бозжыраның экожүйесіне зардабын тигізуі мүмкін деп алаңдайды.

– Қонақ үй құрылысы шатқалға жол мен инфрақұрылым салынатынын білдіреді. Бұл табиғатқа нұқсан келтіреді. Кез келген құрылыс шатқалдың сыртқы көрінісін ғана емес, ерекшелігін де жойып, флора мен фаунаға зиян келтіреді. Шатқалда жабайы аң-құс көп. Құрылыс нысандары жануарлардың су мен тұзды аумақтарға баратын жолын жауып тастайды, – дейді ол.

Бозжырада жиі болатын Руслан шатқалдағы жартастарға шу мен құрылыс жұмыстарынан туған діріл кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Ол жақында Ақтауда теңіз жағасындағы жартастың бір бөлігі опырылып құлағанын мысалға келтірді.

– Қазір көліктер жазық жолдармен жүреді. Асфальт жол салса, шатқалға кез келген көлік кіре алатын болады. Тиісінше, табиғи аумаққа келетін көлік көбейеді. Билік көлік ағымын шектеп, табиғатты қорғағысы келсе, бұл жерді қорыққа айналдырып, адамдарды рұқсатпен кіргізуі керек. Сонда келушілер саны мен қоқыс мәселесін бақылауда ұстауға болады, – дейді Руслан.

Руслан Бозжыраға шетелдік туристерді жиі апарады. Оның айтуынша, шетелдік меймандар шатқалдың адам әрекетінің ізі байқалмайтын тұмса табиғатын ұнатады.

– Жапония, Германия, Франция, Италия, Ұлыбританиядан келген туристер шатқалдағы тыныштық, адам мен инфрақұрылымның жоқтығы, табиғи ескерткіштің әдемілігі мен ауқымы ұнайтынын айтады. Көбіне фотографтар мен видеографтар келеді, – дейді Руслан.

Ол қонақ үй құрылысы шатқалдың қазіргі қалпын құртып, шетелдік туристердің қызығушылығын азайтуы мүмкін деп алаңдайды. Өйткені шатқалға келетін қонақтардың көбі айналадағы адам қолы тимеген табиғи сұлулықты заманауи ғимараттарсыз қазіргі қалпында көріп, суретке түсіруге ынтық дейді ол.

Жақында саяхатшы Сергей Хачатрян Франция, Африка, Ауғанстан мен Қазақстан туристері Бозжыра шатқалына қонақ үй салуға қарсы пікір айтқан видео жариялады.

Туристік бизнес өкілдерінің пікірінше, түрлі қонақ үйлерден шаршаған шетелдік туристер мұндағы пәк қалпын бұзбаған табиғаттың аясына тыныштық іздеп келеді.

– Қазір Маңғыстау Тұзбайыр мен Бозжыраның арқасында танылып отыр. Біздің өңірге келуге ниет білдірген кез келген адам бірінші кезекте бес жұлдызды қонақ үйді емес, Бозжыра мен Тұзбайырды көруге келеді. Құрылыс басталса шатқалда урбанизация жүреді. Ол адам қолы тимеген тұмса табиғатты көргісі келген шетелдіктердің қызығушылығын азайтады. Маңғыстауға келетін қалталы азаматтардың көбі инфрақұрылымы жоқ табиғат аясында демалуды жөн көреді. Өзіне шатыр құрып беруді сұрап, табиғаттан сая тапқысы келеді, – дейді "Турист" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Евгения Слюсарева.

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына келген туристердің көліктері. Фото авторы - Марк Пестов.

"ҚОНАҚ ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ДЕРЕУ ТОҚТАТУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ"

Бозжыраға қонақ үй салу туралы шешімнің ақылға қонбайтынын кәсіби экологиялық қауымдастықтар да мойындап отыр. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы экология министрлігі мен Маңғыстау облысы билігін қонақ үй құрылысы жұмыстарын дереу тоқтатуға шақырып, өз позициясын былай түсіндірді:

  • "Қызыл кітапқа" енген түрлердің биоалуандығына қауіп төнеді;
  • Үстірт ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраларының тізіміне кіруге лайық;
  • Болашақта шатқал аумағын Үстірт қорығы құрамына қосуға болады;
  • Шатқал аумағында су мен коммуникация желісі жоқ;
  • Бұл жердің топырағы өте үгілгіш келеді, сондықтан археология ескерткіштерінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

"Зеленое спасение" ұйымының Facebook-тегі мәлімдемесінде "Ол жақта болған сарапшылардың бәрі "Қызылсай" табиғи паркіне қарайтын облыстық "Жабайұшқан" қаумалындағы Бозжыра мен Тұзбайыр шатқалын Үстірт қорығымен бірге ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне қосуға болатынын, аталған нысандардың осындай жоғары деңгейдегі халықаралық мәртебеге лайық екенін бірауыздан мақұлдады. Олардың пікірінше, мұндай мәртебе ерекше табиғи аумақты болашақ ұрпаққа сақтап қалуға кепілдік беріп, шетелдік туристердің Маңғыстау өңіріне қызығушылығын арттыруға көмектеседі" делінген.

Биология ғылымдарының докторы, Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы "Дронт" экологиялық орталығы қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды қорғау қоғамының жетекшісі Марк Пестов қонақ үй құрылысының әсерінен Бозжырада сирек кездесетін, "Қызыл кітапқа" енген ерекше жануарлар шатқалды тастап кетуі мүмкін деп ескертеді.

– Жақсы жол салынып, техника пайда болса, бүкіл әлем туристері үшін тартымды көрінетін, көздің жауын алатын ландшафт жойылады. Одан бөлек, қарақұйрық, арқар, ителгі, лашын сияқты аң-құстар да жоғалады. Өткен ғасырдың ортасында бір ғана Маңғыстау жерінің өзінде жүз мыңға жуық қарақұйрық болған, қазір олардың саны мыңға жетпейді. Браконьерлік, жануарлар мекендейтін ортаның антропогенді өзгеріске ұшырауы, шекаралардағы тікенекті сымдардың кері әсерінен жағдай одан әрі ушығып отыр. Қарақұйрықтар Түркіменстан мен Өзбекстан шекарасындағы тікенек сымнан өткен кезде алған жарақатынан өледі, – дейді Марк Пестов.

Экологиялық сарапшы Орынбасар Тоқжанов Үстіртті мекендейтін жануарлар (олардың көбі "Қызыл кітапқа" енген) саны жыл санап азайып бара жатқанын қынжыла жеткізді. Сарапшының дерегінше, 1998 жылы өңірде 254 мың киік болса, 2002 жылы олардың саны 19100-ге дейін азайған. Ал жүз мың қарақұйрықтан 200-300 ғана бас қалған. Биыл күзде әуеден жүргізілген санақ кезінде мамандар 3500 арқар мен мыңға жуық қарақұйрықты есепке алған.

– Құрылыс жұмыстары басталса, қалған жануарлар да кетіп қалады, – дейді Орынбасар Тоқжанов.

"БОЗЖЫРАНЫ ҮСТІРТ ҚОРЫҒЫНЫҢ АУМАҒЫНА ҚОСУ КЕРЕК"

Бозжыра шатқалы ерекше қорғауға алынған табиғи аймаққа жатқанымен, заң жүзінде жеткілікті деңгейде қорғау механизмдері қарастырылмаған. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко ұлттық парктер және қорықтармен салыстырғанда, қаумалдар әлдеқайда аз деңгейде қорғалған деп есептейді.

– Қаумалды пайдалану әлдеқайда жеңіл. Ұлттық парк немесе қорық болса, онда мүлде құрылыс жүргізуге болмайды. Ұлттық паркте құрылыс жүргізуге болатын арнаулы аймақтар белгіленген. Қаумал өте нашар қорғалған. Қоршаған ортаға келетін әсерді бағалау кезінде "Қызыл кітапқа" енген түрлер мен басқа жануарларға зияны болуы мүмкін, бірақ олардың біржола жойылып кету қаупі жоқ" деп жазады-ау деп алаңдаймын. Сараптама өкілдері құрылысқа рұқсат алу үшін осы да жеткілікті деп табуы мүмкін. Бірақ бұл сирек кездесетін жануарларға шынымен зиян келтіреді, – дейді Сергей Скляренко.

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Бозжыраны Үстірт қорығының аумағына қосса, шатқалдың табиғатын қазіргі күйде сақтап қалуға болады деп сенеді.

"Бұл қонақ үй аталған кеңістіктің негізгі нүктесіне айналады, ол Бозжыра тауынан бір километр жерде орналасады" деді мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаев.

– 2015 жылы (Бозжыра шатқалын қорық аумағына қосу арқылы) Үстірт қорығын кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми негіздемесі жасалды. Құжат мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, жақсы бағаланды. Өкінішке қарай, Бозжырадағы Қансу газ кенішінде барлау жұмыстарын жүргізу жоспарына байланысты шатқалды қорық аумағына қосу мүмкін болмаған. Әкімдік "барлау жұмыстары қорық режимін бұзады" деп, Үстірт аумағын кеңейтуге келіскен жоқ. Бірақ кейін (2019 жылы) "ҚазМұнайГаз" компаниясы бұл учаскелердегі барлау жұмыстарынан ресми түрде бас тартты, содан бері бәрі бұрынғы қалпында тұр. Қазір қорық шекарасын өзгерту процесін қайта бастаса жақсы болар еді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. "ҚазМұнайГаз" барлау жұмыстарынан бас тартқалы бір жылдан астам уақыт өтті, бірақ қорықты кеңейту жобасы әкімдіктің шешіміне тәуелді. Бұл мәселені экология министрлігі де қолға алса болады, бірақ әзірге ешқандай бастама көтерілген жоқ. Үстірт қорығын кеңейтсе, ол жерге қонақ үй салу мәселесінің өзектілігі жойылар еді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, барлау жұмыстарын жүргізу жоспарына байланысты Үстірт пен Бозжыраны ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды көздейтін жұмыстар да аяқсыз қалған.

Әкімдік жобаның болашағын жақсы бағалағанымен, ЮНЕСКО-ға номинациялық құжаттар жіберуге келгенде, мұнай қорын барлау жұмыстарына байланысты тоқтау салды.

– 2015 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысымен Үстірттің әлеуетін бүкіләлемдік мұра ретінде бағалау жұмыстары басталған. Бұл тұрғыда Үстірттің болашағы зор деген қорытынды жасалған. Мен де Үстіртті Қазақстанның атынан бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынуға лайықты табиғи әрі мәдени ескерткіш деп санаймын. Қазақстанда әзірге бір де бір аралас мұра жоқ. Бізде не мәдени, не табиғи ескерткіш кездеседі. Бірақ бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу үшін Үстірттің әлеуетін бағалау процесі тағы да мұнайшылардың кесірінен тоқтап қалды. Әкімдік жобаның болашағын жақсы бағалағанымен, ЮНЕСКО-ға номинациялық құжаттар жіберуге келгенде, мұнай қорын барлау жұмыстарына байланысты тоқтап қалды. Бар мәселе – осында. Қазір осы процесті қайта бастап, бір жыл ішінде номинациялық құжат жинауға болады. Бұл құжатта бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған аумақтың ерекшелігі сипатталып, қалай қорғалатыны жазылады. Бұл істі былтыр қолға алуға болар еді, бірақ бұған экология министрлігі мен әкімдіктің ерік-жігері керек, – дейді Скляренко.

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы туризмді дамыту үшін Үстірт қорығының визит орталығын құрып, соған жақын маңдағы жол бойына қонақ үй салуды ұсынады. Мысалы, қонақ үйді Бозжыра шатқалынан 20 километр жердегі Ақтау-Бекет ата асфальт жолына жақын жерге салуға болады. Сонда туристерде Үстірттің әдемі жерлерін аралауға мүмкіндік туады. Басқа экологтар қонақ үйді Бекет ата мен Шопан атаға баратын жол бойына салып, қасиетті жерлерге келушілерге қызмет көрсетіп, Бозжыраның флорасы мен фаунасын адамның әсерінен қорғауға кеңес береді.

Скляренконың айтуынша, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Маңғыстау облыстық әкімдігіне хат жазып, қонақ үй құрылысына дайындық жұмыстарын тоқтатуды сұраған. Хатта өңірде бес жылға арналған туризмді дамыту жоспарын бекітіп, оны қоғаммен, жергілікті халықпен және сарапшылармен талқылап, қабылдау және Үстірттің ерекше табиғатын қорғау үшін барлық шектеулердің сақталуын қатаң қадағалау керегі жазылған.

– Үстірт қорығын кеңейту процесін қайта жандандыруды, оны аяғына дейін жеткізіп, аталған нысанды ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи әрі мәдени мұралар тізіміне ұсынуды сұраймыз, – дейді Сергей Скляренко.

"МӘСЕЛЕНІҢ ӨҢІН АЙНАЛДЫРУДЫҢ ТАҢҒАЛАРЛЫҚ ҮЛГІСІ"

Қазақстандық экобелсенді Ажар Жандосова Бозжырадағы туризмді мұқият әрі саналы түрде дамыту керек деп санайды.

Экология министрлігі шетке сырғып, осындай маңызды мәселені жергілікті биліктің қолына қалдырды. Табиғи байлықты, оның ішінде ландшафтарды қорғауға жауапты шенеуніктер әліптің артын бағып отыр.

– Көкжайлау кезіндегідей, бұл құрылысқа да қарсы өте көп уәж айтылды: экологтар, тарихшылар, биоалуантүрлілік жөніндегі мамандар – бәрі пікірін ортаға салды. Қарапайым ғана мысал: өңірде мүлде су көзі жоқ! Топырақ өте нәзік, құрылыстан өсімдіктер мен жануарлар зардап шегуі мүмкін. (...) Экология министрлігі шетке сырғып, осындай маңызды мәселені жергілікті биліктің қолына қалдырды. Табиғи байлықты, оның ішінде ландшафтарды қорғауға жауапты шенеуніктер әліптің артын бағып отыр. Үстіртте бірінші кезекте табиғатты қорғау, одан кейін келушілерге қызмет көрсету және ең соңында қандай да құрылыс салу мақсатында барлық шарттарды сақтай отырып, табиғи парк құру идеясын қоғам емес, солар ұсынуы керек еді, – дейді Ажар Жандосова.

Ол мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаевтың қонақ үй құрылысын қолдаған пікірі "кәсібилікке жатпайтынын", шатқалды қорғау үшін рейнджерлер қызметін құру керегін айтады.

– Оның (Өркен Бисақаев – ред.) айтуынша, Бозжыраға қонақ үй салса, туристер қабылдау мәселесін реттеуге болады екен. Бұл – мәселенің өңін айналдырудың керемет үлгісі. Барлық табиғи парктердегі сияқты Үстіртте де аумақты дұрыс басқару деген атымен жоқ! Туризм бұл басқарманың бір бөлігі болғанымен, басты рөлдегі қызмет болмауы керек. Табиғи аумақтарды жойылып кетуден, бірінші кезекте адамның қолынан зардап шегуден сақтау әлдеқайда маңызды. Иә, туристік инфрақұрылым керек, бірақ қонақ үйлер мен визит орталықтарды автомобиль жолдарының бойына салуға болады. Белгілі бір нысанға дейін бір сағат жол жүрудің еш қиындығы жоқ. Туристер ағынын реттейтін қызмет пен тиісті құқықтары бар экологиялық полиция – рейнджерлер тобын құру өте маңызды. Қатаң ережелер бекітіліп, оны бұзған адамдарға айыппұл салынуы тиіс. Туристер рұқсат етілген жолдармен ғана жүріп, белгіленген жерлерге ғана тоқтап, табиғи аумақты инспекторсыз араламауы керек, – дейді экобелсенді.

Жандосова билік жобаны мақұлдайтын бюджет қызметкерлері мен жобадан пайда көретін адамдарды жинап, қоғамдық тыңдау өткізуі мүмкін деп алаңдайды. Ол қоғамдық тыңдау ашық, айқын әрі тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен өтуі керегін айтады.

Экобелсенді Іле-Алатау ұлттық паркінің тағдыры қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. Ұлттық паркке тиесілі 35 гектар жер 49 жылға жалға берілген, ал қоғам бұл туралы кеш естіген.

Ажар Жандосова Бозжыра шатқалын қорғау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазу керегін айтты.

– Хат жазып, сарапшылармен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Бірақ мәселені әлдеқайда кең ауқымда қарау керек. Қазақстанда ерекше қорғауға алынған аймақтағы туризм деген не, табиғатты экология министрлігі мен "Қазақтуризмнің" ірі туристік жобаларынан қалай қорғауға болады? Көкжайлауды қорғап қалуға жеті жыл уақыт кетті. Бірақ қазір уақыт басқа, бәрі өте тез жүреді. Сондықтан жылдам әрекет ету керек, – дейді Жандосова.

17 қарашада қоғам белсенділері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың атына ашық хат жариялап, Бозжыра шатқалы мен Жылыған, Тамшалы сияқты ерекше табиғи аумақтарға "мемлекеттік табиғи ескерткіш" мәртебесін беруді талап етті. Хат авторлары Бозжыра мен өзге де табиғи нысандарға келетін антропогенді кері әсердің алдын-алуды, адамдардың кіріп-шығуы шектелген аумақтарда резервті режим орнатуды сұрады.

Дәл сол күні президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасына "президент қоғамның негативті пікірін ескеріп, үкіметке аталған жобаны қайта қарауды тапсырды" деп жазды. Баспасөз хатшысының "қайта қарау" деген сөзі биліктің бұл жобадан бас тартпайтынын білдіреді. Бірақ жобаны "қайта қарау" кімнің пайдасына шешілері әзірге белгісіз.

ҚОНАҚ ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН КІМ ЖӘНЕ НЕЛІКТЕН ҚОЛДАП ОТЫР?

11 қарашада Маңғыстау облысына қоғаммен құрылыс жоспарын талқылау үшін мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаев барды. Бисақаев бұрын Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы және өңір әкімінің орынбасары болған. Шенеунікпен кездесуге қатысқандардың бәрі қонақ үй құрылысына байланысты алаңдаушылығын айтып, жобаны ашық қолдаған жалғыз адам вице-министрдің өзі ғана болды.

Оның айтуынша, шілдеде Ақтауда ашылған Rixos қонақ үйіне үш ай ішінде 45 мыңнан астам турист барған. Болжам бойынша, келер жылы 150 мың турист келеді деп күтіліп отыр. Вице-министрдің дерегінше, қонақ үйге келушілердің 30 пайызы өңірдегі көрікті жерлерді аралауға барады, ал Бозжыра осындай нысандардың бірі саналады.

Туристер ағынын реттеп отыру үшін Бозжыра тауына жақын жерге туристік нысандар мен көлік қозғалысына жарамды жол салу керек.

– Келесі жылы Бозжыра шатқалына 10 мыңға жуық адам баруы мүмкін. Шатқалға барып, айналаны тексеру нәтижесінде Бозжырада адамдар мен көліктер еркін, өз бетімен қозғалатыны анықталды. Жердің үстіңгі қабаты арнайы дайындықты қажет етпейді. Көп адам келген жағдайда бұл шатқал үшін қауіпті болуы мүмкін. Таудың өзі емес, топырақтың үгілгіш қасиетінен оның етегіндегі жазық жер зардап шегуі мүмкін: ретсіз қозғалған көліктер топырақтың беткі қабатын шаңға айналдырады. Туристер ағынын реттеп отыру үшін Бозжыра тауына жақын жерге туристік нысандар мен көлік қозғалысына жарамды жол салу керек. Бозжыраға келетін осынша адамға жағдай жасап, қоршаған ортаны қорғауды да қамтамасыз ету қажет. Осы жерде демалыс ұйымдастыру арқылы аталған мәселелерді шешуге болады деп ойлаймыз. Ол үшін Rixos компаниясы ұсынып отырған "Бозжыра сафари қонақ үйі" сияқты туристік нысандар керек. Бұл қонақ үй аталған кеңістіктің негізгі нүктесіне айналады, ол Бозжыра тауынан бір километр жерде орналасады, – деді Өркен Бисақаев.

Экология министрлігі Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша, "Қарақия ауданы әкімінің Бозжыра аумағынан 80 гектар жер бөлу туралы қаулысы дайындалып жатқанын" хабарлады. Вице-министр қонақ үй 4-6 гектар жерге ғана салынатынын, қалғаны жақын маңда өзге құрылыс нысандары болмайтынына кепілдік беретін буферлік аймақ екенін айтты.

Қаумалдың қазіргі төлқұжатына сәйкес, оның аумағын туристік, рекреациялық қызметке, жер учаскесін туристерге арналған нысандар салу үшін пайдалануға болады.

Бозжыра шатқалына қонақ үй салу туралы бастамаға Ақтаудағы Rixos Water World қонақ үйін іске қосқан инвесторлар мұрындық болған.

Экология министрлігі Маңғыстау облысы Бозжыра аумағында құрылыс нысанын салу мәселесі қоғамдық тыңдауға шығарылып, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан экологиялық сараптамадан өтіп, оның қоршаған ортаға әсері бағалануы керек деп мәлімдеді. Ведомство құрылысқа жер бөлу мәселесіне байланысты Facebook парақшасында "құрылыс нысандарына қаумал аумағынан жер учаскесін беру экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне кірмейді" деп жазды.

Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы жалпы табиғат мәселесі экология министрлігінің құзіретіне жататындықтан, Қазақстанның кез келген өңіріндегі табиғи аумақта болып жатқан оқиғаларға да аталған ведомство жауапты екенін айтады.

Өркен Бисақаев сарапшылардың қонақ үй құрылысы 100 миллион долларға түседі деп бағалағанын айтты.

Ажар Жандосова инвестордың осынша ақша құюға дайын екеніне таңданысын жасырмайды.

– Инвестордың әрекеті мүлде түсініксіз. Сонда біреу шынымен 100 млн доллар құюға дайын болғаны ма?! Бұл күдік туғызады. Қонақ үй құрылысы кезінде біздің шенеуніктер бюджеттен ақша жымқыруды көздеп отырған сияқты, қайткен күнде де осындай әсер қалып отыр, – дейді экобелсенді.

ИНВЕСТОР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Бозжыра шатқалына қонақ үй салу туралы бастамаға Ақтаудағы Rixos Water World қонақ үйін іске қосқан инвесторлар мұрындық болған. Rixos қонақ үйлер холдингін түрік кәсіпкер Феттах Таминджи басқарады. Ол өндіріс, туризм, қонақ үй, құрылыс, жылжымайтын мүлік, ақпарат құралдары мен білім саласындағы ең ықпалды кәсіпкер саналады.

Rixos қонақ үйлері Түркия, Ресей, Украина, Хорватия, БАӘ, Египет пен Ливияда бар. Қазақстанда Rixos қонақ үйлері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Бурабай қалаларында ашылған. Биылдан бастап Ақтауда Rixos желісіне кіретін, "Бәрі ішінде" концепциясы бойынша қызмет көрсететін бірінші әрі жалғыз қонақ үй жұмысын бастады.

2014 жылы Феттах Таминджи Астананың (қазір қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген) құрметті азаматы атанған. Түрік кәсіпкер Kazakh Invest ұлттық компаниясының директорлар кеңесіне де кіреді. Феттах Таминджи Түркияда бұрын FETÖ ұйымына (Түркияда Fethullahistische террористік ұйымы деп танылған, 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс оқиғасы үшін биліктің қудалауына ұшыраған) көмектесті деген күдікпен сотқа тартылған.

Rixos қонақ үйлер желісі Феттах Таминджидің иелігінде болғанымен, Қазақстандағы қонақ үйлерден қазақстандық кәсіпкерлерге де тікелей немесе жанама үлес тиген. Мысалы, Rixos Almaty қонақ үйіне қазақстандық кәсіпкерлер Сергей Кан мен Яков Клебановтың қатысы бар. Rixos Khadisha Shymkent пен Rixos Turkestan қазақстандық кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың отбасына тиесілі. Rixos Borovoe қонақ үйін "Верный Капитал" тобы арқылы қазақстандық олигарх Болат Өтемұратов басқарып отыр.

Rixos Water World Aktau жобасының жалпы құны – 66,8 млрд теңге. Оның 42 млрд теңгесін Қазақстан даму банкі ("Бәйтерек" холдингі басқаратын ұлттық компания) несиеге берген. 13 пайызбен 20 жылға берілген несиені Aktau Tourism City Ltd (ATC) жекеменшік кәсіпорны алған. Қалған 24,8 млрд теңге – (жоба құнының 37 пайызы) ATC компаниясының Каспий жағалауындағы курорттық қонақ үйге құйған өз қаржысы. Aktau Tourism City Ltd акционерлік капиталы 14,9 млн доллар деп бағаланады. Былтыр Нұр-Сұлтанда тіркелген компанияның басшысы Құдайберген Қуанышбек деп көрсетілген. Statsnet дерегінше, АТС компаниясының жылдық болжалды табысы 2,6 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынды түріктің FTG және қазақстандық инвестициялық даму қорының басқарушы компаниясы (бұл компанияны Қазақстан үкіметі басқарады, директорлар кеңесіне премьер-министр Асқар Мамин, қаржы министрі Әлихан Смаилов, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді кіреді, қор қаржысы Ұлттық банктің есепшотында сақталады) құрған.

FTG компаниясын Феттах Таминдже басқарады. Ол Sembol Construction компаниясының негізін қалаған. Осыған аты ұқсас Sembol Construction and Engineering ЖШС компаниясы Rixos Water World Aktau қонақ үйінің бас жобалаушысы әрі мердігері болған. Маңғыстау облысында тіркелген компанияның басшысы Алпаи Тархан деп көрсетілген. Statsnet дерегінше, Sembol Construction and Engineering компаниясының жылдық болжалды табысы – 33,6 млрд теңге. Sembol Construction and Engineering тұрғын үй құрылысымен айналысады. Осыған қарап, Бозжыра шатқалына салынатын қонақ үй құрылысына да осы компания жауапты деп болжауға болады.