Совет одағы қанша құдіретті болғанымен, адамдардың Азаттық радиосын тыңдауын тоқтата алмады. Азаттық радиосына қарсы кітаптар, мақалалар, тіпті пьеса да жазылды. Бұл – биліктің шетел радиоларына қарсы пропагандасының бір парасы ғана. "Азаттық радиосына – 70 жыл" аудиоподкасының бұл эпизодында осы туралы айтылады.
Азаттық радиосы құрылған сәттен бастап шектеуге ұшырады. Совет одағы радионың алғашқы хабарлары тарай бастаған минуттардан-ақ әуе толқынын тұншықтыратын құралдарды іске қосты. Алайда бұл Азаттық радиосының хабарларын тыңдау идеясын тұншықтыра алмады.
Подкасты тыңдаңыз:
Your browser doesn’t support HTML5
"АЗАТТЫҚ РАДИОСЫН ДӘРІГЕРДІҢ ФОНЕНДОСКОБЫМЕН ТЫҢДАДЫ"
Совет одағынан алыстан, сол кездегі Батыс Германиядағы Мюнхен қаласынан хабар тарататын радио совет елдерінде өз тыңдарманын тапты. Тіпті совет адамдарының арасында шетел радиосын тыңдау дәстүрге айналды. Заманында Азаттықтың тыңдарманы болған белгілі режиссер Сәбит Құрманбектің лепесі соған меңзейді.
- Адам жан-жақтан хабар алғысы келеді. Соған байланысты ғой деймін, сол кездің өзінде Азаттық радиосын тыңдау үрдіс болды. Совет адамы үшін бұл бір адамның жеке сыры сияқты еді. Талдықорған жақта біз жайлауда жүргенде радиотолқынды тұншықтыратын құралдың күші жетпей ме екен, радионы жақсы тыңдалатын, - дейді ол.
Басында Совет одағында шетел радиосын тыңдаған адамдарға қысым жасалған. Кейін бара-бара олардың бәрін бірдей аңду, радионы мүлде тыңдатпау мүмкін болмай қалған сияқты.
Тыңдарманның кейбірі Азаттықтан хабар алу үшін дәрігердің тыңдау құралы фонендоскопты да пайдаланған. Бұл туралы Сәбит Құрманбектің айтып бергені бар.
- Бала кезімізде Сейдахмет атамызға баратын едік. Өзі көзі ашық кісі еді. Ол кісі әңгімесін айтқан соң, өз бөлмесіне барып радио тыңдайтын. Біз де ере барамыз. Сонда ол фонендоскоп аспабын құлағына іліп, радиоқабылағыштың құлағына жақындатып, тыңдап отыратын. Арасында күбірлеп қоятын. Сол есімде қалыпты. Кейін білсем, атамыз алпысыншы жылдардың өзінде Азаттық радиосын және басқа да шетелдік радиоларды тыңдап жүретін, - дейді Сәбит Құрманбек.
Оның айтуынша, адамдар өз пікірін қандай жолмен болсын, айтқысы келеді.
- Сөйлейміз, айқайлаймыз. Бұл – азаттықтың бір нышаны. Адам сәл ғана болса да, бостандықты аңсайды. Соны тілейді. Естіп, көргісі келеді. Осындай кішкене ғана жетіспеушілікті кезінде Азаттық радиосы толтырып тұратын, - дейді режиссер.
ҰЙЫМДАСҚАН ПРОПАГАНДА
Совет одағы әуелде Азаттықты тыңдатпауға, ол туралы айтпауға тырысқанымен, соңынан идеологиялық майдан ұйымдастырады. Азаттық радиосы туралы, оның құрылымы туралы кітаптар Совет одағында алпысынышы жылдардан бастап жарыққа шыға бастады. Әсіресе, сексенінші жылдардың басында, қырғи-қабақ соғыстың шиеленіскен тұсында советтік насихат құралдарында "радиосоғыс", "психологиялық соғыс", "идеологиялық майдан" туралы айтылғанда Азаттық радиосы аталмай қалмайтын. Шетел радиоларындағы шындықты жоққа шығару үшін жоғару оқу орындарында арнайы курстар да оқытылды.
Ал белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов Азаттық радиосы және оның қызметкерлері туралы 1964 жылы "Жат елде" деп аталатын драма жазды. Деректерге құрылды дейтін үш бөлімді пьесада 1950 жылдардың соңында Мюнхенде өткен оқиға арқау болады. Бұл туындының 1966 жылы таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде сыйлық алғаны айтылады.
Азаттыққа қарсы "майданда" баспасөздің орны ерекше еді. Әлбетте, соның бәрі Азаттық радиосы мен батыстық ақпарат құралдарын қаралауға жұмылдырылатын.
Ал Азаттық радиосында советтік баспасөзде жарық көрген материалдарды жинақтап отыратын дәстүр болған. Соған орай тиісті мониторинг жасалған.
Азаттық радиосына қарсы мақалалар тек Мәскеуде ғана емес, одақтас республикаларда да жазылып тұрған. Әрине Қазақстан да бұл "майданнан тысқары қалмаған. Солардың бір парасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр. Кітапхананың сирек қорына өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорында Азаттыққа қарсы мақалалармен бірге советтік басылымдарды шыққан кейбір карикатуралар да бар.
Сондағы мақаланың бірі мынандай.
"Қазақ әдебиеті" газетінің 1976 жылғы 21 мамырындағы санында жарық көрген мақала "Опасыздар оңбайды" деп аталады. Онда Жұмабек Ақбергенов есімді оқырманның хаты жарияланған. Хат "Құрметті редакция! "Қазақ әдебиетінің" биылғы 21 апрельдегі санында жарияланған "Ауа толқынында арамзалар" атты мақала қолыма қалам алып, осы хатты жаздырып отыр" деп басталады.
"Менің өмірімде әлдеқашан өтіп кеткен сұрапыл күндер жаман түстей елес бергендей болды. Осы мақалада аты аталған отанын сатқан опасыздар кезінде гитлершілдерге белсенді қызмет істеген, ал кейін американ барлау орындарында жалдамалы тыңшы болып жүрген сұм-алаяқтардың біразы – көп жыл бұрын менің "большевизмге қарсы күрескен" және "Үлкен Түркістан" идеясын қолпаштаған "сыбайластарым". Мақаланы оқи отырып, әрі таңдандым, әр жиіркендім. Бұл сатқындар әлі арам пиғылдарынан арылмай, өзінің байырғы отанына, туған халқына, Совет өкіметіне қарсы күресін тоқтатпай келеді екен. Бар айырмашылығы: бұрын қолына қару алып күрессе, енді олар біздің елімізге жаны қас Азаттық радиостанциясына орналасып алып, өздерінің лас ісімен ауа толқынын былғауға көшіпті" деп жазыпты газет оқырманы.
СОҒЫС ТҰТҚЫНЫ – СОВЕТТІҢ ҚҰРАЛЫ
Жоғарыдағы хатты Қызылорда қаласынан жазып отырған Жұмабек Ақбергенов соғыс тұтқыны болған. Ол өзінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1942 жылы Германия тұтқынына түсіп, концлагерь азабын өткеріп, кейін "Түркістан легионында" ротаға басшылық еткенін айтады. "Түркістан легионының" советке қарсы совет тұтқынынан жасалған әскери құрылым екені белгілі. Хат авторы сонда тұтқынға түсіп, соңынан Еуропада қалған, Азаттық радиосында жұмыс істейтін бір кезде өзі дастархандас, қатарлас болған адамдарды "алаяқ" деп айыптайды. Совет одағы 1955 жылы амнистия жарияласа да "алаяқтардың бірде-бірі туған жеріне оралмады" деп жазады хат авторы.
"Қазақ әдебиеті" газетінде бір кезде өзімен бірге тұтқында болған қаруластарын айыптаған Жұмабек Ақбергенов 1960 жылы тамыз айында Германиядан әйелі және екі баласымен бірге Қазақстанға оралғанын жазады. "Отаным кінәмді кешірді" деген ол содан бері Қызылорда қаласында бақытты ғұмыр кешіріп жатқанын баяндайды. Оның жазғандарына қарағанда ол Азаттық радиосының қазақ бөлімінде істейтін бірқатар адамдарды танитын болып шықты. Олардың атын атап, өмірбаяндарынан дерек келтіреді.
Әрине бұл хат жарияланғанға дейін талай кабинеттерден өткені анық. Мұнда автор Азаттық радиосында жұмыс істейтін адамдардың жеке басын күстаналауға тырысады. "Туған топырағында жасалып жатқан ғажайып өзгерістер мен жаңалықтардың куәсі болып отырған қазақ халқы туысқан халықтардың біртұтас сапында Азаттық радиостанциясының етектен тартқан иттері мен күшіктерін теуіп тастап, жарқын болашаққа бара жатыр" деп жазады Жұмабек Ақбергенов.
Осыған ұқсас тағы бір мақала "Сатқынның сиқы. "Азаттықтың" арсыз малайы туралы сөз" деп аталады. Мұнда автор Ш. Жолболсын Азаттық радиосында "Абдолла Дүсіпов" атымен қызмет атқарған Сұлтанқабыл Жүсіповтің жеке басына тиіседі. Азаттық тілшісінің 1975 жылы Австрияға сапарлаған қазақстандық туристермен жүздескені, сондайда идеялық тартыс туындағаны сөз болады. Мақала авторының жазғанына қарағанда, Азаттық қызметкері оған әкесінің Шығыс Қазақстан облысы Кішкене Нарым ауылында тұратынын айтқан екен. Автор кейін 1976 жылдың басында Сұлтанқабылдың әкесі Жүсіппен кездескенін де жазған. Жүсіп қария 1981 жылы қайтыс болғанда Мюнхендегі баласының әкесінің қазасына келмегенін автор сынап жазады. "Туған әкесін жерлеуге келмей, қарабет болды" дейді.
Осы аталған екі мақала да "ит үреді, керуен көшеді" деген мәтелмен аяқталған.
"КОММУНИСТІК ҚҰРЫЛЫСТЫ ҚҰЛАТУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС"
Сексенінші жылдары Совет одағының жетекші ақпарат агенттігі шетел радиоларына қарсы майданның ұйытқысы болғаны байқалады. Мәселен, ТАСС агенттігінің саяси шолушысы С. Куликтің Қазақстанда "Казахстанская правда" газетінде 1983 жылдың 6 ақпанында шыққан мақаласы арада 3 күн өткенде "Социалистік Қазақстан" газетіне қазақша аударылып басылады. "Идеологиялық диверсия" айдарымен жарық көрген мақала "Әуе толқынындағы өсек" деп аталады.
"Совет одағының территориясында антисоветтік және антикомунистік насихатты таратуда "Азаттық" және "Азат Еуропа" радиостанциялары жетекші орын алады" делінген мақалада. Автордың жазуынша, Азаттық СССР-дің құрылғанына 60 жыл толар қарсаңда "социалистік шындықты бұрмалап отыр".
"Олардың қолдарында бұрын Иранның территориясынан, қазір Пакистанның және басқа да елдердің территориясынан Қазақ радиосы хабарларын ұстап, жазып, оның өңдейтін американ шпиондық орталықтарының материалдары бар. Олар Алматыда шығатан газет-журналдарды мұқият қадағалап отырады. Оларды жалғыз-ақ нәрсе: сын материалдар, экономикадағы жекелеген қиыншылықтар туралы, тұрмыстағы кездейсоқ жағымсыз құбылыстар туралы хабарлар қызықтырады... Жекелеген оқиғаға жалпылама сипат беру, қазақ халқының соңғы 60 жыл ішіндегі зор жетістіктерінің бәрін сызып тастау үшін Мюнхендегі радиодиверсанттар міне, осы материалдарды қармайды... Осы әуе толқынын ластаушылардың шын мәніндегі мақсаты "Азаттық" және "Азат Еуропа" радиостанцияларының бір беделді документінде мойындалғандай, "коммунистік құрылысты құлату жолындағы күрес" болып табылады" делінген ТАСС мақаласында.
Зерттеуші Рахима Нұриддин кейін совет баспасөзінде айтылған жайдың емес, Азаттық атаған мәселелердің ақиқатқа айналғанын айтады.
- Шын мәнінде Азаттық радиосында айтылған жайлар тура келді ғой. Коммунизм құрыды, социализм жоқ болды. Азаттықтың айтқанының бәрі шындық еді, - дейді ол.
"БІЗ ОРЫС ТІЛІН СҮЙЕМІЗ, ОНЫ ҚҰШТАРЛАНА ҮЙРЕНЕМІЗ"
Қазақ ССР компартиясының органы "Социалистік Қазақстан" газетінде 1985 жылғы 14 маусымда жарияланған бір мақала "Шындықты тот баспайды. Немесе "Азаттықтағы" азғындарға айтылар сөз" деп аталады. Мақала авторы Әбіраш Жәмішев Азаттық радиосының қазақ халқының мәдени өмірін, рухани әлемін "қаралап жатқаны" жайында айтады. Мақаласының басында автор әлгінде аталған Жұмабек Ақбергеновтің хикаясына тоқталады. "Азаттық" арсыздарының қазақ тілінде беретін хабарлары қилы-қилы" деген Әбіраш Жәмішев Қазақстан теледидары, газет-журналдары мен баспа өнімдері туралы ұзағынан толғайды. Жалпы, мақала ақпарат саласындағы Азаттық сынаған мәселелерге арналғаны байқалады. Мақалада мынандай фрагмент бар:
"Алыстағы "жанашырларымыз" "қазақ тілінде кітап аз шығады, өйткені қазақ тілін оқыту, қазақ тілінда кітап шығаруға құлық, қамқорлық жоқ деп мәселенің мәнін мүлдем өзгерте сөйлейді... Өз отанында, өз мекенінде мерейі тасып, шаруасы шалқып, көсегесі көгеріп отырған халыққа қайдағы қаңғыбастардың тіл үйретпек, тіл ұстартпақ болуы күлкілі-ақ... Бүгінгі қазақ әдебиетінің тынысы кеңіп, өрісі ұзаруында орыс тілінің өзгеше орны бар. Егер де бүгінде қазақ әдебиеті бүкіл Совет одағына, одан тысқары талай шетелдерге мәлім болып отырса, ол – орыс тілінің тікелей көмегі... Сол үшін де біз орыс тілін сүйеміз, оны құштарлана үйренеміз" деп жазады автор.
Азаттық радиосына қарсы жазылған мақалалар мұнымен толастамайды. 1987 жылы 16 тамызда "Лениншіл жас" газетінде жарияланған Сағымбай Қозыбаевтың мақаласы "Эфирдегі іріткі" деп аталады. Онда Азаттық хабарларын таратуды күшейту үшін жаңадан радиотолқындарын таратқыш құралдар салынып жатқаны айтылады. Автор мұндай құралдардың сол кезде Азаттық орналасқан Батыс Германиядан басқа елдердің аумағынан да салына бастағанын айтып, дабыл қағады. Мұндай құралдардың қуаты соңғы кезде екі еседен аса артты делінген осы мақалада. Ал 1989 жылы 14 қазанда "Казахстанская правда" газетінде жарық көрген мақалада шетел радиоларының Совет елдеріндегі ұлттар мәселесін "саудаға айналдырғаны" жазылған.
Бұл – Совет елдерінде Қайта құру басталып, Жариялылық үрдісі жарияланған кез. Азаттық радиосына тиісті қор жинақталған Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Совет билігіне Горбачев келген тұста Азаттық радиосына қарсы жазылған мақалалар топтастырылған 3 бөлімнен тұратын жинақ та сақталған. Онда Азаттыққа қарсы жазылған мақалалар топтастырылған. Жинақтың бас-аяғы 740 беттен асады.
ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫН ҮЛГІ ЕТТІ
Совет одағы ыдыраған соң Азаттық радиосының материалдарын жергілікті баспасөз мазмұндап жариялайтын үрдіс пайда болды. Қазақстан газеттерінде "Әуе толқынында – әлем тынысы", "Шетелдік радиолар не дейді?" деген айдарлар пайда болды. Шетел радиолары туралы ғылыми диссертациялар қорғала бастады. Елдің лауазымды тұлғалары да Азаттықтың батыстық үлгіде жедел ақпарат таратуын назар аударған кезі болған. Мәселен, 1991 жылы 16 қазанда "Огни Алатау" газетіне берген сұхбатында әлі тәуелсіздік жарияламаған Қазақстанның бұқаралық ақпарат және баспасөз министрі Қуаныш Сұлтанов жергілікті теледидар хабарларын сынап, Азаттықты мысалға келтіреді. "Мюнхеннен қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосынан таратылған жаңалықтар біздің теледидарда 3-4 күннен кейін хабарланады" дейді министр. Министрдің бұл сұхбаты "Баспасөз еркін болуы керек" деп аталады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Азаттық радиосы туралы ел ішіндегі қасаң түсінік бірден өзгеріп кете қойған жоқ. Мәселен, президент сайлауы кезіндегі Азаттық радиосының жұмысын сынаған мақаланың бірі "Қазақ әдебиеті" газетінің 1999 жылғы 29 қаңтардағы санында жарық көрді. Мақала "Қой терісін жамылған қасқыр" деп аталады. Газеттің бірінші бетінде карикатурамен бас мақала ретінде жарияланған материалдың авторы – Керім Елемес. Ол Азаттық радиосы 10 қаңтардың алды-артында Ел кепіліне айналған президент Н. Назарбаевты қаралумен ғана болды" деп жазады. Гәп сол жылы 10 қаңтарда Қазақстанда өткен президенттің даулы сайлауымен байланысты болатын. Бұл сайлауға кандидат болып, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин де қатысып, Назарбаевтан кейін екінші орын алған. Ресми мәлімет бойынша 13 пайыз дауыс жинағанымен, Әбділдин билікті дауыс ұрлады деп айыптаған.
"Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған аталмыш мақалада оппозициялық саясаткерді советтік рухта қаралау сарыны байқалады.
Алайда Азаттық радиосы совет кезінде де, советтен кейін де сөз еркіндігінің, бостандықтың, адам құқығының жоқтаушысы және нағыз азаттықтың жаршысы болып келеді. Өзі құрылғаннан бергі 70 жылдың ішіндегі Азаттықтың жұмысы – осыған дәлел.
"Азаттық радиосына - 70 жыл" подкасының алдағы эпизоды Совет одағы кезінде Азаттықта қызмет атқарған адамдар туралы болмақ.
Аудио-подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.