Халықаралық Journal of Current Chinese Affairs ғылыми журналына Назарбаев университетінің ассистент профессоры Жәнібек Арыновтың "Синофилияға тәрбиелеу ме? Қытай университеттерінде білім алған қазақ жастары Қытайды қалай қабылдайды?" деген зерттеуі жарияланды. Сарапшы Қытайда білім алған немесе онда оқып жүрген отыз шақты қазақ жасымен сөйлесіп, олардың халық арасындағы Қытай туралы стереотиптер мен аңыздарға көзқарасын, көрші мемлекетпен қарым-қатынас жайлы ой-пікірін білген. Ол өз еңбегінде Қытай туралы көп нәрсе білмейтін, алпауыт мемлекеттің басқыншылық амбициясынан қорқатын көпшіліктің ойын көрші мемлекетте білім алып, қытай қоғамында өмір сүрген жастардың пікірімен салыстыра зерттеген.
Қытай елшісі Чжан Сяоның дерегінше, пандемия басталмай тұрып, Қытайда білім алып жүрген қазақстандық студенттер саны 14 мыңға жеткен. Қазақстанда құрылған бес бірдей Конфуций институтында жылына үш мыңға жуық студент қытай тілін оқиды.
Жәнібек Арынов – Астанадағы Назарбаев университеті жоғарғы мемлекеттік қызмет мектебінің ассистент профессоры. Ұлыбританиядағы St Andrews университетінде халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD дәрежесін алған. Қазақстандағы талдау орталықтарында жұмыс істеген. Орталық Азиядағы геосаясат, Қазақстанның сыртқы саясаты жайлы зерттеу жүргізеді.
ҚЫТАЙҒА СИМПАТИЯ, ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНЕ СҰРАҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ АЛШАҚТЫҚ
Азаттық: Қытайда оқып жатқан қазақтар тақырыбын таңдауға не түрткі болды?
Жәнібек Арынов: Қытай – Қазақстан үшін билік тұрғысынан да, қоғам тұрғысынан да маңызды мәселе. Орталық Азиядағы синофобия мәселесі көп зерттелген. Бірақ мені басқа нәрсе қызықтырды. Қазақстанда Қытайға деген кері көзқарас басым екенін білеміз. Қытайға байланысты көңіл-күйді анықтауға арналған сауалнамаларға көбіне Қытайда болып көрмеген, қытай тілі мен мәдениетін білмейтін қарапайым адамдар қатысады. Ал мен қытай тілін жетік білетін, сол жақта өмір сүріп, тәжірибе жинаған адамдардың Қытай туралы не ойлайтынын, олардың көзқарасы мен қарапайым халықтың пікірі арасында қандай ұқсастық пен өзгешелік барын білгім келді.
Білім беру жүйесі – Қытайдың жұмсақ күш cаясатының (soft power) бір бөлігі. Сондықтан "Қазақстан азаматтарына жоғары білім гранттарын беру Қытайға деген көзқарасты өзгертуге септігін тигізе ме?" деген жанама сұрақ та болды.
Азаттық: Қытайдағы білім беру жүйесі мен қазақстандық жастардың Қытайға деген көзқарасының арасынан байланыс байқадыңыз ба?
Жәнібек Арынов: Қытайда біраз уақыт тұрып, оқып, жұмыс істеген жастарда Қытайға деген жақсы көзқарас бар. Бірақ бұл олардың күнделікті тұрмысымен байланысты. Қытайға оқуға баратын жастардың көбі үлкенді-кішілі қалаларда тұрады. Қытайдың шағын қаласының өзінде төрт-бес миллион, Пекин, Шанхай сияқты ірі мегаполистерінде он бес-жиырма миллион адам бар. Мұндай қалаларда өмір сапасы жоғары. Әрине, Қазақстанның шалғай ауылдары мен елдімекендерінен шетелге барған адамдар ондағы өмір сүру деңгейін көріп, Қытайға қызығушылықпен қарай бастайды. Респонденттердің көбі "Қытайда бәрі керемет дамыған, телефоннан басқа ештеңе алып жүрмейміз. Дұрыс ойластырылған жолдар, көпірлер көп. Метросы, пойыздары күшті" дейді. Күнделікті таңданыс арқылы Қытайға деген позитив көзқарас қалыптасады. Бірақ бұл оларды міндетті түрде синофил (Қытайға, оның тілі мен мәдениетіне қызығатын адам – ред.) етпейді. Олар "Қазақстанда да осындай теміржолдар болса, бізде де сондай сапалы үйлер бой көтерсе" деп армандайды.
Азаттық: Зерттеуге қатысқандар қазақ қоғамында кең тараған Қытайға қатысты стереотиптер мен аңыздарға сене ме? Олар Қытай экспансиясы туралы қауіптер жайында не ойлайды?
Жәнібек Арынов: Зерттеуге қатысушылардан стереотипті қоғамда жиі аталатын қауіптер жайлы пікірін сұрадым. Олардың біріншісі – Қытай Қазақстан жерін басып алады деген фобия; екіншісі – Қытай мигранттары елімізге келіп, азаматтық алып, қалып қояды деген күдік; үшіншісі – қытайлар қазақ қыздарына үйленіп, мәдени кодымызды бұзады деген қорқыныш. Қытайда білім алған жастардың көбі "бұлай қауіптенуге негіз жоқ" деп есептейді.
Зерттеуге қатысқандар арасында Қытайға тамсану сезімі болғанымен, көрші мемлекетпен қарым-қатынасымызды тереңдету мәселесіне келгенде, "Қазақстан болашақта Қытайға тәуелді болып қалмай ма?" деген күдік туындайды. Бір қызығы, олар Қытайдың Қазақстанды басып алу амбициясынан қорықпайды. Қазақстан билігі Қытаймен қарым-қатынасында ұлттық мүддемізді дұрыс қорғай алмауы мүмкін деп қауіптенеді. Олар "Қазақстанда экономикалық, инвестициялық жобаларын жүзеге асырып отырған шет мемлекеттің өз пайдасын ойлауы – заңды нәрсе. Бұған несіне таңғаламыз? Жауапкершілікті Қытай үкіметіне артпай, "Қазақстан өз мүддесін қорғауға қауқарлы ма?" деген сұрақ қоюымыз керек" дейді. Қытайға тәуелділік қаупі елдегі наразылықтар кезінде де айтылып жүр. Бірақ көпшіліктің пікірінде қауіп көзі – Пекиннің жерімізді тартып алу жоспары, басқыншылық амбициясы болса, зерттеуге қатысқан азаматтар күдігінің негізгі адресаты – Қазақстан үкіметі.
2019: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: Қытай жобаларына қарсы наразылықтар көбіне Пекин экспансиясы туралы қауіпке негізделеді. Зерттеуге қатысқандардың басым көпшілігі керісінше, Қытайды ақша, технология мен экономика бойынша үлкен мүмкіндік деп бағалайтынын айттыңыз. Қытайда оқыған жастар мен елдегі наразы топтың пікірі арасындағы алшақтықты қалай түсіндіруге болады?
Жәнібек Арынов: Бұл – кешенді мәселе. Қытайға барған азаматтардың бұл мемлекет туралы көзқарасы жан-жақты болады. Жақсы жақтарын да, жаман жақтарын да көреді. Ал Қытай туралы тек теледидардан ғана көрген адамның көзқарасы стереотипке толы. Негізгі себебі – осы. Жезқазғаннан Гуанчжоуға барсаңыз, бәріне таңғаласыз. Бұл сіздің көзқарасыңызға позитив әсер етеді. Қытайлармен араласасыз. Олардың өмірін көресіз, қосымша ақпарат аласыз. Енді сіз үшін Қытай абстракт ұғым болудан қалып, оны өзіңіз танитын адамдармен байланыстыра бастайсыз. Сондықтан Қытайға барып-келгендердің көзқарасы әлдеқайда күрделі, жан жақты болады деп ойлаймын.
"КІШКЕНТАЙ ЕЛДЕР ІРІ КӨРШІСІНЕ ҚАШАНДА КҮМӘНМЕН ҚАРАЙДЫ"
Азаттық: Қытайдың Орталық Азиядағы саясаты әр жылдары қалай өзгерді? Бұл өңірдегі Қытайға қарсы көңіл-күйге қалай әсер етті?
Жәнібек Арынов: 1990 жылдары Қазақстан тәуелсіздік алған тұста Қытай әлі де экономикалық тұрғыдан әлсіз, геосаяси амбициясы жоқ, АҚШ, Түркиямен салыстырғанда екінші сатыдағы мемлекет болатын. Ол кезде Қытайдың Қазақстанға немесе Орталық Азияға қатысты бас қатыратын негізгі мәселесі – шекара еді. Шыңжаңдағы сепаратистік көңіл-күйге байланысты шекараны тезірек бекітіп алғысы келді. Екіншіден, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен Шыңжаң мәселесіне араласпаймыз деген кепілдік қажет болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы да осы мәселелер үшін құрылды.
2000 жылдары Қытайда билік ауысып, экономикалық өрлеу басталды. Экономика өскен сайын, елге әсіресе батыс аймақтарға қосымша энергетикалық көздер қажет болды. Сондықтан 2003-2005 жылдары Қазақстанның энергетика секторына қытай компаниялары келді.
Си Цзиньпин билікке келгеннен кейін "Бір белдеу – бір жол" жобасы жарияланып, Қытайдың Орталық Азиядағы саясатының үшінші кезеңі басталды. Қытайтанушылар бұл кезеңде Қытайдың экономикалық мүддесінен бөлек, геосаяси амбициясы да күшейгенін айтады. Әлемде Қытайдың дауысы басым шыға бастады.
Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің рөлі, экономикалық әлеуеті әлсіреуі мүмкін. Қытай экономикалық күш болумен ғана шектелмей, қауіпсіздік саласында де белсенділік танытуға көшті. Си Цзиньпиннің Астанаға сапары кезінде "Қазақстан жерінің тұтастығын, егемендігін қолдаймыз" дегенді кімге қарата айтқанын бәріміз білеміз. Бұл жаңа кезеңнің басталуын көрсетсе керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рим папасы мен Си Цзиньпиннің келгені Қазақстанға не береді?Әр кезеңде халықтың көзқарасы да өзгеріп отырды. Бұрын Қытай туралы ешкім білмесе, қытай компанияларының көбеюімен, көрші мемлекетке деген күдік пайда бола бастады. Қытаймен қарым-қатынасымыз нығайған сайын, бұл күдік те күшейе береді. Бұған қос мемлекеттің күшінің теңсіздігі, арамызда үлкен шекараның болуы, мәдени алшақтық сияқты факторлар әсер етеді. Кішкентай елдер көрші ірі мемлекеттерге қашанда күмәнмен қарайды. Бұл – қалыпты нәрсе.
Азаттық: Oxus Society’s Central Asian Protest Tracker дерегінше, 2021 жылы қаңтар-маусым айларында Қазақстанда Қытайға қатысты 23 наразылық болған. Қазақстанда кейінгі жылдары болған Қытайға қарсы көңіл-күй динамикасын қалай бағалайсыз?
Жәнібек Арынов: Oxus Society ұйымының 2021 жылғы баяндамасында Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда аса қатты өспегені айтылады. Алматыдағы Қытай елшілігі алдында болған үш жүз күнге созылған наразылықтың әрқайсысын бөлек есептесек, әрине, бір жылдағы қарсылық акциялары көбейіп кетеді. Бірақ ұзаққа созылғанымен, бір тақырып аясында өткен шараларды бір процесс деп қарау керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы үш ұлынан тірідей айырылған ананың күресіБұл тұрғыда сарапшылардың ойы екіге бөлінеді. Олардың бір бөлігі елдегі Қытайға қарсы наразылықтарды азаматтардың синофобиялық көзқарасымен байланыстырса, екінші бөлігі Орта Азия, Қазақстан халқы – синофоб емес, синоагностик деп айтады.
Синоагностик дегеніміз – Қытай туралы қалыптасқан пікірі жоқ, тек белгілі бір оқиғалар болған кезде ғана белсенділік танытатын адамдар.
Өз басым кейінгі кезде Қытайға қарсы ереуіл көбейді деп ойламаймын. Иә, қоғамның кей бөлігінде Қытайға деген күдік жоғары. Бұл әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе сияқты Қытайдың мұнай компаниялары мен жұмысшылары шоғырланған аймақтарда қаттырақ сезіледі. Мұны "Талап" орталығының былтырғы сауалнамасы көрсетіп отыр.
Қытайға қарсы көңіл-күй артып келе жатыр, алдағы бес-он жылда бұл жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген алармистік пікірлерге қосылмаймын. Бірақ бұл қоғамда Қытай туралы мәселе жоқ дегенді білдірмейді.Мәселелер бар, үкімет оларды назарға алуы керек. Бірақ оларды Қазақстанның қоғамдық дискурсында бірінші орында тұрған мәселе деп көрсету дұрыс емес секілді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрағандарды қудалаудың астары"ЖҮЙЕ АШЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК"
Азаттық: Қазақстан – Қытай байланыстары туралы ақпарат аз. Қытай инвесторларына жерді жалға беру, елге 55 қытай зауытын салу туралы хабар халықтың ашуын туғызып, жаппай наразылықтарға себеп болды. Бұл билікке деген сенімсіздіктің көрінісі ме? Қытайдың Қазақстандағы жобалары туралы ақпаратты ашық жариялауға не кедергі?
Жәнібек Арынов: Иә, билікке деген сенімсіздік, ақпараттың жетіспеушілігі, транспаренттіліктің болмауы себеп. Қытай туралы зерттеу жасайтын болсаңыз, Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы туралы ақпарат табу қиын. Қазақстанға көшіріледі деген елу бес зауыттың толық тізімін табу – қиямет. Осындай ақпараттық вакуум кезінде әртүрлі күдік пайда болады.
Қоғамда үкіметке деген сенімсіздік бар. Қытайға қатысты көзқарастың біразы осы сенімсіздіктен туындап отыр. Бірақ бұл Қазақстан үкіметінің ғана емес, Қытай тарапының да мәселесі деп ойлаймын. Қытай дипломаттары өздерін әлемде "қасқыр жауынгерлер" ретінде көрсетеді. Олардың өзін ұстауы, риторикасы Қытайға еш пайда әкелмейді. Қытайға қарсы не айтылса да, "мұны Америка жасап отыр" дейді. Қытай елшілігі де басқа елшіліктермен салыстырғанда жабығырақ режимде жұмыс істейді. Елшілік жұмысының негізгі бағыттарының бірі – ашықтық болуы тиіс, жалпы халықпен көбірек байланыс болса жақсы. Сондықтан бұл – Қазақстан үкіметінің ғана емес, Қытайдың да мәселесі. Өйткені мұндай наразылықтар жалғаса беретін болса, бұл Қытай инвестициялары мен жобаларына, қос мемлекеттің қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Желіде өзгені сынап, өзін сынағанды бұғаттайды"Азаттық: Пекин бұл кемшіліктерді түзетуге неге асықпайды? Қазақстанда ірі экономикалық, инвестициялық жобалары бар мемлекет ретінде Қытай керісінше, жергілікті халық арасындағы синофобиялық көңіл-күйді бәсеңдетуге мүдделі болуы керек емес пе?
Жәнібек Арынов: Қытайдың кемшілігі ондағы саяси жүйенің ерекшелігіне байланысты. Өйткені Қытайда көп шешім жоғарғы деңгейде қабылданады. Қытайдың түсінігінде халықтың көзқарасы аса маңызды болмауы мүмкін. Қытай Қазақстан үкіметімен дұрыс қарым-қатынаста болсақ, халықпен санасудың қажеті жоқ деп ойлайтын болса керек.
Бұл – саяси мәдениеттің көрінісі. "Бәрін ресми түрде сіздердің өкілдеріңізбен шешеміз, қалғаны қызық емес" дегенге ұқсайды. Өкінішке қарай, Қытайдың саяси түсінік шеңберінде халықтың пікірі көбіне ескерусіз қалатын сияқты.
Азаттық: Қытайдың саяси жүйесі бөлек екенін түсіндік. Бірақ өзін демократиялық мемлекет деп жариялаған Қазақстан халықпен байланыс орнатуға келгенде неге Қытайдың әрекетін қайталап отырғандай көрінеді?
Жәнібек Арынов: Билік пен халық арасындағы байланысты әлі де жетілдіру керек. Дағдарыс кезіндегі коммуникация былай тұрсын, қалған кездің өзінде жап-жақсы бағдарламаларды халыққа жеткізу жағы ақсап жатады. Бұл билік пен халық арасындағы коммуникацияның әлсіздігін, қоғамның билікке сенімсіздігін көрсетеді. Наразылық бола қалса, билік "ақпаратты дұрыс жеткізе алмадық" дейді. Кейде шынымен ақпарат жетіспейді. Мысалы, 55 зауыт салуға қарсы наразылық болғанда, биліктің қолында сол сәтте шынымен бұл жоба туралы толық ақпарат болмаған сияқты. Жоспар түрінде айтылған нәрсе болса керек. Ал кейде наразылық саясат дұрыс болмағаннан шығады. Ондайда мұны жай ғана ақпарат берумен ғана түзей алмайсыз. Биліктің жүргізіп отырған саясаты шала болса, ақпарат-коммуникация тәсілдері арқылы халықтың көзқарасын өзгерту қиын. Жүйе ашық болуы керек. Ақпарат ашық жариялануы тиіс. Халықпен байланыс орнату маңызды. Ашықтық қажет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүрАзаттық: Қытайға қарсы наразылықтың бір бөлігі Шыңжаң қазақтарының қудалануымен байланысты. Қазақстан Қытайдың ішкі саясатына араласа алмайды, бірақ елдегі наразылықтарды да елеусіз қалдыруға болмайды. Осындай күрделі таңдау алдында тұрған билік Шыңжаң мәселесінде дұрыс реакция білдіріп отыр деп ойлайсыз ба?
Жәнібек Арынов: Өте қиын сұрақ. Жеке пікірімді сұрасаңыз, белгілі бір ұлт зардап шегіп жатқанда, үнсіз қалу дұрыс емес деп есептеймін. Бірақ бұл сұраққа саясаттанушы емес, саясаткер ретінде жауап берсем, менде "Моральдық тұрғыдан бұл әрекетім қаншалық дұрыс?" және "Экономикалық тұрғыдан Қытайға тәуелді бола тұра, оның ішкі саясатына қалай араласамыз?" деген дилемма болар еді. Қазақстанның реакциясын түсінемін. Бірақ түсіну – қолдаймын деген сөз емес. Өз басым қандай ұлт болмасын, билік тарапынан жәбір көріп жатқанда, ол туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қытайға қарсы көңіл-күй және қазақстандық жастардың ақпарат көзі"Ауаны ластады". Қытаймен бірлесіп ашқан өндірістің түсініксіз құпиялары"Қылбұрау". Қазақстанның Қытайға "жасырын қарызы" және мемлекет мойнына ілінетін несиеПекин Қазақстанның уран кеніштеріне қол жеткізді. Мұның қаупі қандай?"Қазақ ұнынан жасалған қытай кеспесі". Си Цзиньпин сапарын қытай медиасы қалай жазды?