Оралдық белгілі кәсіпкер, мүмкіндігі шектеулі азамат Біржан Қожақов Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясы – "Нұр Отанның" қатарынан шықты. Ол тәуелсіз бақылаушылар әділетсіз әрі бәсекесіз өтті деп бағалаған мәжіліс және мәслихат сайлауынан кейін осындай шешімге келген.
"Нұр Отан" партиясына парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттан көп орын әперумен аяқталған сайлаудан соң бірнеше күннен кейін Біржан Қожақов билік партиясының Орал қаласындағы филиалына барған. Бірақ ол партия мүшелеріне Қазақстанның бұрынғы президенті әрі партия лидері "айқын жеңіс" деп атаған жетістігіне құтты болсын айтпады, өзіне осыдан жарты жыл бұрын берілген партия билетін тапсырып қайтты.
КӘСІПКЕРДІҢ ҮНДЕУІ
– Өтіріктен қажыдым. Телеарналардан көрсетпегенімен, Facebook, YouTube, Instagram, "Вконтакте" желілерінен халықтың "Нұр Отанға" күмәнмен қарайтыны жөнінде неше түрлі ақпарат көрдім. Халықпен бірге болайын деп шештім. Қазақта "Байлық не керек, адалдан жасамасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң" дейді. Сол сөздің жаны бар. "Нұр Отан" партиясынан шығамын деген шешім қабылдадым, – деді 14 қаңтарда әлеуметтік желіде жариялаған видеода Қожақов.
Біржан Қожақов – Батыс Қазақстан облысына белгілі кәсіпкер. Оны басқа өңірлерде де жұрт жақсы таниды. 2017 жылы Қожақов "Шапағат" медалін алған. 2018 жылы елдің дамуына үлес қосқан қоғам қайраткері ретінде "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына қосылған. 2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан кәсіпкерге алғыс хат пен төсбелгі тапсырылған.
Қожақовты республикалық телеарна эфиріне, баспасөз бетіне жиі шығарып, әртүрлі бағдарламаға қонаққа жиі шақыратын. Оны көбіне мүгедектер арбасында отырса да мойымай, өз күшіне сеніп кәсіп ашып, қайырымдылықпен айналысып, халықты, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтыған үлгілі азамат ретінде көрсететін.
Бірақ Қожақовтың билік партиясынан жария түрде шығып кеткені жайлы мемлекеттік ақпарат құралдары ештеңе жазбады.
Біржан Қожақов "Нұр Отан" қатарында жарты жылдан астам уақыт болған. Ол билік партиясына былтыр жазда, мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлаудан бірнеше ай бұрын кірген. Елде депутаттыққа өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі болмағандықтан, сайлауға түсу үшін ресми тіркелген партияның мүшесі болу шарт. Қожақов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін көтеріп, олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін өкілді органға сайланғысы келгенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Теріс амал, ерік-жігердің жоқтығы". ЕҚЫҰ/ДИАҚ миссиясы басшысы сайлау жайлыБірақ тәуелсіз бақылаушылар – әділетсіз, батыс бақылаушылары – заң бұзу фактілері көп, бәсекесіз процесс деп бағалаған (ЕҚЫҰ миссиясы сайлаушылар шынайы таңдау құқығынан айырылды деп мәлімдеген) сайлауда "Нұр Отан" партиясы 22 мандаттың 17-сіне ие болғанымен, Қожақов жергілікті мәслихатқа өтпей қалды.
– Мұның қалай жүзеге асатынын білесіз бе? Қанша дауыс жинасаң да, кімнің қайда баратынын облыс әкімі шешеді. Сол кезде шыдамның шегі таусылды, – дейді ол.
КӘСІП БАСТАУҒА СЕБЕП БОЛҒАН "АУЫР КЕЗЕҢ"
Біржан Қожақовпен өндіріс орнында кездестік. Кәсіпкердің жұмыс бөлмесіндегі сөрелерде әр жылы алған мақтау қағаздары мен сыйлықтары тұр. Қабырғаға "Демеу" қоғамдық бірлестігі мен "Ғибадат" кәсіпорнының таңбасы салынған екі тақтайша ілініпті. Мекеменің ішінен кесілген ағаштың иісі шығады: "Ғибадат" кәсіпорны ағаштан жиһаз бен интерьер бұйымдарын жасаумен айналысады.
Қожақов кәсібін 2002 жылы ашқан. Әуелгіде шағын ағаш цехынан бастаған. Өндірісте кәсіпкердің өзінен басқа бірнеше адам ғана істеген. Бірақ уақыт өте келе тапсырыс көбейіп, тұтынушылар мен ақпарат құралдарының арқасында кәсіпорын көпке танылып, кейінірек жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып тіркелген. Оған дейінгі өткерген ауыр кезеңді Қожақов есіне алғысы келмейді.
Біржан Қожақов жол полициясында істеген жылдары қызметте жүріп, аяғын үсітіп алған. Оннан астам ота жасатып, Қазақстан мен Ресейдегі небір дәрігерге қаралған. Бірақ дәрігерлер оның аяғын кесуден басқа амал жоғын айтқан.
– Сүйек зақымданған кезде дәрігерлер "кесу керек, болмаса, дененің жоғарғы бөлігіне ірің шауып кетеді" деді. Осылай 31 жасымда аяқсыз қалдым. Бұл маған өте ауыр кезең болды. Дені сау 30 жастағы ер азаматтың аяқсыз қалғаны... Шынымды айтсам, іше бастадым. Бірнеше ай бойы ішкілікке салындым. Кейін өзімді қолға алдым, – дейді Біржан Қожақов.
Ол айналасындағы мүмкіндігі шектеулі басқа адамдарды көріп, олардың жағдайы қиын екенін түсінген. Сондықтан кәсіпкер өз компаниясына жұмыс іздеп келген адамның бетін қайтармаймын деп шешкен.
– Мүгедектерге берілетін жәрдемақы көлемі аз, тобына байланысты 40-60 мың теңге аралығында алады. Бұл ақша қара басыңды асырауға да жетпейді. Сондықтан мүгедек жандар үнемі қосымша жұмыс істеуге тырысады. Оның үстіне, жұмыс істесе, олар өзінің маңызын сезіне бастайды. Табыс тауып, отбасына көмектеседі, – дейді Қожақов.
Кәсіпорындағы мүгедек азаматтардың үлесі жұмысшылардың үштен біріне жеткен кезде Біржан Қожақов қоғамдық бірлестік құруды ұйғарған. Осылайша "Демеу" мүгедектерді қолдау қоғамы дүниеге келген.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
20 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Біржан Қожақовтың әлі күнге өндірістік ғимараты жоқ. Ол қазір жұмыс істеп тұрған цехты жалға алып отыр.
– Станок сатып алу үшін үйімді сатуға тура келді. Айтсам сенбейтін шығарсыз, әлі күнге анамның қолында тұрамын. Бизнес бастау үшін үйімді сатқаннан кейін басқа баспана ала алмадым, – дейді кәсіпкер.
Қожақовтың компаниясы ұлттық нақыштағы сандық, жаңа туған сәбиге арналған бесік, тамақ ішетін үстел-орындық, балабақша мен мектептерге арналған жиһаздар және басқа заттар дайындаумен айналысады.
Кәсіпорын шығаратын тағы бір маңызды өнім – мүгедек балаларға арналған жаттығу құралдары. Өндіріс орнында балалардың церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппараты зақымданған деген диагноз қойылған балалар мен төсек тартып жатқан науқастарға қажет вертикализаторлардың баламасы дайындалады.
– Бұл балама құралдар екенін атап айтқым келеді. Біз оларды Ресей мен Германияда жасалатын вертикализаторлардың үлгісіне қарап дайындаймыз. Ондай жаттығу құралы қымбат тұратындықтан кез келген отбасы сатып ала алмайды. Біз сондай құралдардың баламасын дайындаймыз, олардың бағасы арзан шығады, – дейді Біржан Қожақов.
Қожақов вертикализатор өндірісін бес жыл бұрын қолға алған. Кәсіпкердің айтуынша, жұмыс жаңа басталған кезде оларға жаттығу құралдары механизмін аз уақыт ішінде меңгеріп шығуға тура келген.
– Біз Ресейде және Германияда жасалған жаттығу құралдары бар мүгедек балаларға арналған жергілікті интернаттарға жүгініп, қажет бұйымдарды бір күнге сұрап алдық. Бәріміз жиналып, вертикализатордың құрылымын зерттеп, өлшемін алып, сызбасын жасап, құралды интернатқа қайтардық. Сол сызбалар бойынша жаттығу құралдарын жасап шығардық, – дейді ол.
Кәсіпорын бес жылда 200-ден астам вертикализатор жасап шығарған. Бірақ олардың санаулы бөлігі ғана сатылған, қалғанын кәсіпкер мұқтаж адамдарға тегін таратқан.
– Осы бес жылда 237 жаттығу құралын тараттық. Тек өз облысымызбен ғана шектелген жоқпыз. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанның әр облысына бір-бір аппараттан сыйға бердік. Ол кезде бізге Тамара Дүйсенова (2013-2018 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған – ред.) көмектесті. Мен оған осындай ұсыныс айттым, ол қолдады. 2015 жылы төрт интернатқа жеті жаттығу құралынан бердік, – дейді Біржан Қожақов.
ПАНДЕМИЯНЫҢ ӘСЕРІ
Коронавирус пандемиясы мен карантин шаралары Қазақстандағы шағын бизнеске соққы болып тиді. Қожақовтың кәсіпорны да осы қиындықты басынан өткерді. Тапсырыс азайған соң кәсіпкер қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін кәсіпорындағы құрал-жабдықтың бір бөлігін сатуға мәжбүр болған. Қожақов несие алып амалдау мүмкіндігі болғанын, бірақ банктер мүгедектерге ақша бермейтінін айтады.
– Біздің негізгі табысымыз балабақша мен мектепке арналған жиһаз дайындаудан түсетін. Тендерге қатысып, мемлекеттен тапсырыс алатынбыз. Пандемия кезінде тапсырыс саны күрт кеміді, уәде бергенімен тапсырыс болған жоқ. Адамдар жұмыстан кете бастады. Қазір 37 жұмысшының 10-ы ғана қалды, – дейді Қожақов.
Кәсіпкер өз еркімен билік партиясы қатарынан шығып кеткеннен кейін тапсырыс көлемі азаюы мүмкін деп санайды.
– Енді мемлекеттік тапсырыс болмайтыны сөзсіз. Мен кетіп қалдым ғой. Жай кеткен жоқпын, есікті барынша қатты жауып кеттім, – дейді Қожақов.
Бірақ ол сондай шешім қабылдағанына өкінбейді.
"Нұр Отан" партиясы филиалының баспасөз қызметі Азаттыққа партиядан кету туралы өтініш берген адам автоматты түрде ұйым қатарынан шығарылатынын айтты.
– Партиядан шығару үшін өтініш керек: партия мүшесі партиядан шығу туралы өтініш жазып, партия билеті мен төсбелгісін тапсырады. Осыдан кейін ол автоматты түрде партия қатарынан шығарылады, – деді Қожақовтың партия қатарынан шығуы туралы пікір берген "Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Светлана Аманғалиева.
Біржан Қожақов биліктің партиясынан көңілі қалғанын айтады.
– Мәжіліс пен сенатта мүгедек адам болмаған. Мүгедектерге мәжіліс пен мәслихат жабық сияқты. Басқаша айтқанда, екі аяғымыз кесілген соң, ақылымыз да қысқаратын болып тұр ғой. Олар солай ойлайтын сияқты. Одан да өз ісімді жалғастырып, сал ауруымен ауыратын балаларға қолдан келгенше көмектесіп, көп балалы отбасыларына қолдау көрсетіп, халықтың арасында болғаным дұрыс деген ойдамын, – дейді ол.
Біржан Қожақовтың кәсіпорнында жұмыс жалғасып, бірнеше вертикализатор, шкаф, ас үйге арналған ұлттық нақыштағы тақтайлар дайындалып жатыр. Кеңсенің жанынан ашылған шағын дүкенде дайын тауар үлгілері тұр. Клиенттерге жіберілетін дайын сандық, үстел, бесіктер де осы жерге қойылған. Қораптың сыртындағы жапсырма қағаздағы жазудан кәсіпорынның тауарын Қазақстанның барлық аймағына жөнелтіп жатқаны байқалады.