1. Сөйлем
Менде бір сөйлем болды. Басталады, аяқтала алмайды. Аяқтасам, басталуымен қиыспайды. Яғни, баяндауыш тауып, орнына қойсам, бастауыш ауысып кетеді. Бастауышты қайта қалпына келтірсем, баяндауышы тиянақсыз болып, сөйлемім тағы аяқталмай тұрады... Әбден басым қатты. Осы сөйлемді жетелеп, апармаған жерім, көрсетпеген адамым жоқ. Таяу төңіректе кеңес сұрайтын да ешкім қалмады-ау, сірә... Әркім әртүрлі ақыл айтты. Біреулер сөйлем мүшелерін сапырылыстырып, тыныс белгілерін ауыстырып, қайта құрастырып көрді. Енді біреулер басынан аяғына, аяғынан басына қарай төңкеріп байқады. Тұтас орамды бөлшектеп, бірнеше сөйлемге бөліп те көрді... Бәрібір. Сол түсініксіз күйі қалды. Еш болмағасын, мағынасыз тіркесіп, сіресіп қатып алған сөздердің қатарын бұзып-жарып, сөйлемге... өзім кірдім. Толықтырғым келіп, жеке-жарым сөз, қосымша, жалғау, тыныс белгісі болып та көрдім. Сөздерді арысын ары, берісін бері күшке салып итеріп, ығыстырып, екі жағымды жақшамен қоршап, не үтірлермен шектеп, оңашаланған айқындауыш, түсіндірме тіркес болып та қыстырылып бақтым. Қалайда осы сөйлемнің керекті бір мүшесі болып, қызмет атқарғым келді. Пайда жоқ. Сіңе алмадым. Сөйлем аяқталмады. Аяқталмағасын, әрине, мағыналық аясына симай, көстиіп сирағым шығады да тұрады...Тоқта!.. Мағына деймін... Бітпеген сөйлемде қайдағы мағына? Шеті қылтиып, басы нобайланып келе жатқан ойдың сорабы іртіктеніп, үзіліп-үзіліп барып, құм жұтып, қаңсыған арнадай бедірейген көп нүктенің алдына кеп тоқырайды да тұрады. Еш қайран қыла алмадым. Ақыры, шаршап, бақ-талайсыз, кеміс туған сөйлемімді шұбата сүйреп, ең соңғы үмітім - осы елде қалған есі дұрыс жалғыз академик,тіл маманына алып келдім.
- Қай елден, қай заманнан келген сөйлем мынауыңыз? - деді академик.
- Білмеймін... Басыма өзі келді. Ауызша қалай айтсам да, қағазға қалай түсірсем де, түсініксіз болып шығады...
- Қандай кітаптан, немесе, кімнің сөйлеген сөзінен алынды? Ол кітапта, немесе айтылған сөзде қандай мәселе қозғалған?.. Әлде кездейсоқ көшеден естіп қалдыңыз ба?.. Есіңізге түсіріңізші.
- Білмеймін... Бәлкім өз сөзім...
- Ендеше, сол өз сөзіңіз қандай жағдайда, қандай ойдан туды? Не туралы айтқыңыз келді?
- Білмеймін...
Академик шарасыз кейіппен басын шайқады:
- Бұл сөйлемнің қандай мағыналық аяда айтылғанын анықтамай, еш амал жоқ. Бұл - контекстен ажырап қалған сөйлем!.. Түсініксіздігі де содан. Әйтпесе, бәрі - орнында: бастауыш, баяндауыш... үтір, нүкте, сызықша... Жалғау, шылау... - тегіс өз қызметін атқарып тұр. Контекст! Мәселе - тек сонда!.. Осы сөйлемді тудырған түпкі ой, мазмұн белгісіз... Менен қайран жоқ, бауырым... Жолыңыз болсын.
Отанынан адасқан жартыкеш сөйлемімді жетелеп, үйіме қайттым. Ары-бері сүйретіп жүріп, бейшараның тозығы да жетіпті. Өзара байланысы әлсіз, мағына жасай алмай қиюы қашқан сөздер мен тыныс белгі, қосымшалар бірі көше бұрылысында, бірі аялдамада, тағы бірі көліктен түскісі келмей, қырсығып... жол бойы шашылып-төгіліп келді... Біразы екі ойлы қалыпта аула сыртында қалып қойды. Үйге тек берекесі қашып, түк түр-сипат, мән-мағынасы қалмаған бастауыш қана ілесе кірді. Сөйлемнің басқа мүшелері ыдырап кеткен соң, бастауышта қайдағы мән?.. Бірақ ол өзі олай ойламайтын сияқты. Әйтпесе, ана ұяты бар баяндауыш сияқты әлдеқашан қарасын батырар еді ғой... Намыссыз байғұсқа, бірақ, кет демедім. Жазығы не?.. Жазығы әлгі... контексі болмағаны ма? Сол контексіңіз менің өзімде бар ма екен, әуелі?!. Бастауышы, басқасы түгел мына қоғам кім үшін, мәселен?.. Ол қоғамдағы менің мағынам қайсы?.. Қиын сұрақ...
2. Контекст
Енді Қар адамы туралы айтайық. Қар адамын білесіз ғой? Әлгі... ізі бар, өзі жоқ?.. Мен соны - көрдім!..
Әлпетінде өмірі ешкімге ұстатпайтын адамның астамшылығы ма, мазағы ма - сондай бірдеңе бар демесеңіз, жалпы, жаман жігіт емес сияқты... Қазақ екен!..
"Атакенттегі" бақ ішінде, ұзын орындыққа жайғасып алып, газет оқып отырған үстінен түстім. Қазақ екенін жанына кеп отырып, көзіне қарағанда білдім. Бұрыннан танитын адамша, маған "е, сен бе едің?" дегендей, шаршаңқы назармен сүлесоқ бір қарады да, газетіне қайта үңілді. Әрине, ақпарат құралдары сен туралы күнде бір әсіре, күнде бір дақпыртпен дүңкілдеп жатса, кім екеніңді ұмытып, өзіңді жарық "жұлдыз" сезінуің табиғи нәрсе ғой... Соған жорыдым да, не жайында оқып отыр екен деп, орындықтың арқалығына шалқая түсіп, қолындағы айқара бет газетке иығынан асыра көз қиығымды тастадым. Баяғы, Қар адамы туралы етектей мақала. Кезекті сенсация. Мақала мәтінінің қақ ортасына орналасқан фотосуреттерде Қар адамының тау басындағы аппақ қарға башпайлары мен өкшесінің бедері қолмен ойғандай баттиып, айқын түскен табан іздері көрінеді. Не деген зор табан!.. Бірақ біраздан бері жарияланып, көп шу тудырып келе жатқан суреттерден көп өзгешелігі жоқ. Жаңалық - Қар адамының ізі ғана емес, алыстан бұлдырап өзі де бар тұрқымен көрінген төменгі суреттерде екен... Бірінде - аулағырақтағы жартас түбінен айнала бере, бұрылып, әлденеден сезіктенгендей, арт жағына жалт қараған кейпі аңғарылады. Бет-жүзі айқын көрінбесе де, қауғадай басы, аттың жалындай жалбырап иығын жапқан ұзын шашы, қалың түк, қылшық басқан өне-бойы тұтас, анық көрініп тұр... Келесі фотода - тау жотасын қиялай өрлеп, бадырайған қара ноқат боп алыстап бара жатқан сәті... Кешелі бері Алматыны шулатып жатқан зор сенсация - интернетте жарияланған осы суреттер. Көршім, қасында отырған мені ұмытып, қыбыр етпестен, тым-тырыс соларға үңіліп кетіпті... Әрине, ол, әзірше, менің кім екенімді білмейді. Білсе, бұлай қаперсіз отырмас еді ғой!.. Ал, жалпы, екеумізді әйел, бала-шағамыздан басқа ешкім де танымайды. Біздің қазір дүниеде бар-жоғымыз соңғы кездері қайта жаңғырған Қар адамы туралы аңызға ғана тіреліп тұр... Бұрын дүниенің әр қиырынан бір көрініс беріп, деміл-деміл шу тудырып жүретін бұл шіркін жақында Шымбұлақтың басында із тастап, байтақ елді дүрліктірген. Оны жұртқа жариялап, шулыған жасап жүрген және - мен... "Шымбұлақтың басынан Қар адамының ізі табылды!", "Қар адамы - қазақ жерінде", "Қар адамы қала төңірегін шиырлап жүр"... деген дабыра-даңғазалы тақырыптармен күнде бір жаңалық жариялап, Алтай мен Атыраудың арасын дүмпітіп, жын қаққандай қылып жүрмін!..
Құдай-ау, мына жұрт кімді мақтап жүр? Неменеге мақтап жүр? Кімдер марапат көріп, кімдер жаза тартып жатыр? Не үшін? Кім абыройлы, кім жексұрын? Ол неге әспетті, анау неге шетқақпай? Сенің ғибадатың дұрыс па, жоқ, өзімдікі оң ба? Аллаға тура жол қайсымыздыкі?!. Айналама қараймын - қаншама көсем, қаншама білгіш!..
Жанымда отырған Қар адамына қарап менің әлгі түсініксіз сөйлемім есіме түсті. Мұнда да контекст түсініксіз. Яғни, мына заман, айнала орта, жаңа тапқан әдет-мінез, мақсат-тіршілігіміз... демек, соның қақ ортасында адасып жүрген - өзіміз де түсініксізбіз... Құдай-ау, мына жұрт кімді мақтап жүр? Неменеге мақтап жүр? Кімдер марапат көріп, кімдер жаза тартып жатыр? Не үшін? Кім абыройлы, кім жексұрын? Ол неге әспетті, анау неге шетқақпай? Сенің ғибадатың дұрыс па, жоқ, өзімдікі оң ба? Аллаға тура жол қайсымыздыкі?!. Айналама қараймын - қаншама көсем, қаншама білгіш!.. Әйтеуір, менен басқаның бәрі білгіш!.. Бірақ осынша білгіш, мұншама данышпанмен борсыған сазда былығып, бірге батпақтап жатып, тұсымыздан жөңкіп ағып, жосыла озған дария-суларға мұрнымызды шүйіріп, неге өз шалшығымызды мақтай береміз?.. Ұқсам бұйырмасын!.. Әрине, кез келген бақаға өз шалшығынан артық кең жайлау, сұлу өріс жоқ. Бірақ ешбір бақа өз көлшігін өзі ішіп тауыспайды ғой біз құсап... Сонда да ана дарияларды көріп тұрып, неге дүйім дүниеге күлкі боп, "біз жақсы!", "біз мықты!" деп, тынбай бақылдап, басты ауыртамыз? Тағы да айналама қараймын - менен басқа ешкім бұлай ойламайтын сияқты. Өйткені, мен білетін жұрттың бәрі - сол жаппай бақылдақ-тарқылдақ xордың белсенді әншілері. Мені, әсіресе таңғалдыратыны - жеке дауыста ән бастайтын көсем әуезді әйдік орындаушылардың түсініксіз қылықтары... Әбден бетімен кеткен!.. Тенорлары шырқырап, баритон, бастары барқырап, тек... дирижерларын мақтаудан ауыздары босамайды... Сосын тойда билейтін, өзімізді мақтайтын желпілдек, дүңкілдек, тарсылдақ әндерді ғана айтады. Олардың репертуарындағы осы екі тақырыптан құлақ тозды, шаш ағарды!.. Миды шайқап, іші-бауырды қалтыратқан дарақы музыканың шоқпармен ұрғандай тынбай төмпештеген топас ырғақтарынан шытынап, сынып, тіпті, шашылып қалғалы тұрған басымызды қолтығымызға қысып алып, есіріктеніп, мәңгі бітпейтін бір тойда жінігіп би билеп жатырмыз, әйтеуір. Білмеймін... менен басқалардың бәріне ұнайтын сияқты осы би...
Бірақ ешбір бақа өз көлшігін өзі ішіп тауыспайды ғой біз құсап... Сонда да ана дарияларды көріп тұрып, неге дүйім дүниеге күлкі боп, "біз жақсы!", "біз мықты!" деп, тынбай бақылдап, басты ауыртамыз?
Жылдар бойы өзгермейтін осы қалпымызды көріп, күндердің күні, менде бір қорқыныш пайда болды. Әрнәрсенің шегі бар ғой - мен үшін күннен күнге өзегі жат, өңі бөтенге айналып бара жатқан айнала-орта, қоғам-қауымым енді не болады деген қорқыныш... Жаман болсын, жақсы болсын, өз жұртым ғой... Сіңе алмай, үйлесе алмай жүргенім - өзімнің де жамандығымнан, сірә. Әйтпесе, менен басқасы осы былық пен шылықтан неге түңілмейді?.. Мына шылғи өтірік пен жаппай көтензорлықтан неге жеркенбейді?!.
Мейлі. Оған енді көп қайғырмаймын. Менің қазір есебім түгел. Менің сол қорқынышымнан... Қар адамы дүниеге келді!.. Мені әлгі... контексінен ажырап қалған сөйлемдей жатсынып, сыртқа тепкен сол түсініксіз қауымды қазір, xа-xа, бір шыбықпен айдап жүрмін!.. Біздің елден Қар адамы табылғаны туралы дабыра бастағалы бері, кезінде аса маңызды көрінген, қазіргі жұрттың күнделікті тәтті азығы болған қым-қиғаш өтірік жаңалықтар мен "Қытайға қыз бермейміз!" деген тәрізді заманауи һәм шынайы патриоттық ұрандардың дәмі кетіп қалды. Қазір дүйім ел, жалпақ ұлыс таңғы ұйқысын ашар-ашпаста, итініп интернетке кіреді, тімтініп газет ақтарады, жанталасып радиоқабылдағыштың құлағына жармасады... Бәрі Қар адамы туралы кезекті жаңалықты іздейді. Кезекті сенсацияны күтеді!..Көшеде жай басылым, сары басылым - ешқайсысының қаны жерге тамбайды!.. Сәтінде талап әкетеді!.. Қазіргі жаңалықтың жұлдызы - Қар адамы. Және, ең бастысы, ол - қазақ!.. Бұдан артық не керек қазаққа?!.
Қар адамы деген - мына, құбыласы күнде ауытқыған түсініксіз ортадан безген, әлде, өмірден өз орнын таппай, аласапырандағы лайсаң көлдің шетке қаққан көбігіндей жаға сыртында қалған адамның жандалбасасы.
Қасымда "мені ешкім білмейді" деген сеніммен,осы күні сенсация қуып, көңіл аулағаннан басқа қызығы қалмаған түйте қауымға мырс-мырс күліп, жайбарақат газет оқып отырған мына кісі де дәл осылай ойлайтын сияқты. Бірақ мұны мен ойладым не, ол ойлады не - бәрібір емес пе... Не айырмашылығы бар?.. Ол - Қар адамының ролін ойнап жүр. Әрине, жетіскеннен емес... Мен - соны сенсация жасап, суретке түсіріп, мақала жазып, ел-жұртымды мың түрлі пәле-сойқаннан сақтау үшін, назарын осындай қисынсыз өтірікке бұрып, әуре боп жүрген бір бишарамын. Қазір бұл елде бір шатақ басталарда, барлық ақпарат құралдары Қар адамының мен ұсынған жаңа суреттері мен оқиғаларын жарыса жариялап, дүрбелеңнің бетін басқа тарапқа бұрып жіберіп, тыныштығымызды, әйтеуір, әупіріммен сақтап қалып жүр... Ал, былайша, екеуміздің де ешкімге керегіміз жоқ. Екеуміз де заманның көшінен, қоғамдық пиғылдан сыртқары қалған пұшайман, жолы болмаған саяқпыз... Екеуміз де, анық білем, "Қар адамы" деген өтірікпен мына жалған дүние, бейне-тұрпаты жоқ өтірік өмірден өз орнымызды таптық. Өзге түгіл, өзін танымайтын пәруайсыз тобыр, безбүйрек ортадан ойып тұрып орнымызды алдық!.. Енді, міне, газетін оқып, сезіксіз отырған тағдырласыма қарап, "Қар адамы" деген орасан мифтің пәлсапасын ұққандай болдым. Мен, жалпы, Қар адамы деген феноменнің сырын, ақыры, ашқан сияқтымын!.. Қар адамы деген - мен бұрын ойлап жүргендей, өркениеттен шаршап (әлде, шошып), табиғатқа қашқан әзелгі аңсар ғана емес... Қар адамы деген - мына, құбыласы күнде ауытқыған түсініксіз ортадан безген, әлде, өмірден өз орнын таппай, аласапырандағы лайсаң көлдің шетке қаққан көбігіндей жаға сыртында қалған адамның жандалбасасы. Қар адамы деген - ұмытып қалмасаңыз, әлгі,менің контекстен ажырап қалған бейшара сөйлемім... Иә... Қар адамы деген - мына МЕН!..
- Өзіңіз туралы оқып отырсыз ба?..
Мен осыны айтқанда, ол, айқастыра берген аяғын дереу қайта тартып алып, газетке үңілген күйі, тұқыра түсіп, қимылсыз тым-тырыс отырып қалды. Газет ұстаған қолының әнтек дірілінен күтпеген жерден сыры ашылған, не, ұрлық үстінде қолға түскен адамның жайы білінді. Аласапыраны іште қайнап аласұрған, қым-қуыт ыңғайсыз тыныштықта есеңгіреп, екеуміз біраз отырдық. Сосын ол газетін ақырын бүктеп, бүктелген жерінен саусақтарымен қымқыра ысып-ысып жіберді де, басын көтеріп, жайлап маған бұрылды. Көзіміз, ақыры, түйісті... Ол мені - таныды!.. Өмірі ұстатпайтын адамның астамшылығы мен мазағын емес, жанарынан енді - шексіз қапа мен түпсіз құса... әлде, тұңғиық мұңды көрдім...
Арамызда тілсіз, ымсыз бір құпия ымыраластық пайда болды... Өзімізден басқа ешкімбілмейтін бір үнсіз келісімге келдік...
Дүниеден түңіліп, тынысым тарылып, мына түсініксіз, қойыртақ қалаға симай, фотоаппаратымды асынып, тағыша тау кезіп кеткен кезімде, менің де көзімде осы мұң, осы құса тұрған шығар... Ел көзінен тасада, иығындағы үлкен жол сумкасынан асай-мүсейлерін шығарып, жан-жағына ұрлана қарап қойып, спорттық киімінің сыртынан жүнін жалбыратып әлдебір аңның ба, малдың ба, терісінен бітеу тігілген "костюмін" мықшыңдап киіп жатқанын Шымбұлақтың бас жағындағы қалың қарағай арасында тұрып көріп қалдым. Баспалап дүрбі салып қарағанда байқадым - өзім қатарлы адам... Басына аттың таралмаған жалындай ұйыса жалбыраған ұзын, жасанды шаш - парик киді... Жағына, бет-аузына түк-түк болып қарауытқан бірдеңелерді жапсырды... Сосын сумкасынан қайықтай қып, әлде ағаш, әлде пластиктен жасалған адамның... үлкен-үлкен екі табанын алып шықты... Оны етігінің сыртынан, жібін тобығының үстінен айналдыра орап, шаңғыша байлап алды... Қолына қабығы аршылмаған бір жуан таяқ ұстап, қорбаңдай басып, адымын кере-кере алып, сайды өрлей, күртікке із сала бастағанда, мен қарағай арасынан шығып, бой көрсеттім. Өзін сыртынан баққан назарды сезді ме, ол кенет басын көтеріп, мен жаққа жалт қараған... Арамыз әжептәуір жер. Менің қарамды ғана көргені болмаса, жөн-жосығымды дүрбісіз анықтап біле де алмайды... Қайтерін білмегендей, маған қалтия қарап, ұзақ тұрды. Жаңа мен "Өзіңіз туралы оқып отырсыз ба?" дегенде,оның дәл сол xалде болғанында күмәным жоқ... Осылай біраз тұрып, тау басындағы екі жалғыз, кенет, бір-бірімізді түсінгендей болдық!.. Арамызда тілсіз, ымсыз бір құпия ымыраластық пайда болды... Өзімізден басқа ешкімбілмейтін бір үнсіз келісімге келдік...
Ол кенет қолын көтеріп, маған белгі жасады да, сумкасынан ақтарып, әбігер болып кетті. Мойнымдағы дүрбіні көзіме тосқанда, ол тұғжыңдап, тізесінің үстіне қойған әлденеге бірдеңе сызып жатты. Таяғын күртікке шаншып, басына жаңағы қағаз ба, картон ба - ағараңдаған бір затты ілді... Сөйтті де, маған қолын тағы бір бұлғап, беткейдегі ала қанат қарды кешіп, жотадан әрі асып кете барды... Мен қар бетіне баттиып түскен кіші-гірім астаудай табан іздерін сыртылдатып, суретке түсіре бастадым... Менің Қар адамы туралы алғашқы сенсациялық xабарламам осылай пайда болып еді...
Ол әр сапарында келесі із салатын жерінің картасын әдейі маған арнап қатырма қағазға ұқыптап сызып, таяқтың басына іліп кетеді. Мәселен, Шымбұлақтан кейін мен Қар адамының ізін Үлкен Алматы сайынан "таптым"... Алып-ұшпа, парықсыздау қауымды дүрліктіріп, Қар адамы енді төменірек түсіп, бірте-бірте қалаға жақындап келеді... Ертеңгі жаңалығымыз - "Қар адамы - Көктөбеде!"... Айлы түнде, Көктөбенің басында, өзіне түсініксіз жыпырлаған жарықтармен сарқыраманың түбіндегі иірімде шыр айналған ақ көбіктей қайнап жатқан ұлан-ғайыр Алматыға үңіле қарап, ойға батқан Қар адамының қарауытқан сұлбасын таң ата интернетке тоғытам... Одан әрі Қазақстандағы бар-жоқ ақпарат құралдары өздері-ақ іліп әкетеді!.. Біздің, мына отырған тағдырласым екеуміздің, айнала-ортамен үйлесім тапқан, елдестерімізбен ортақ аңсар, ұқсас құштарлықтармен жүрегіміз бірге соққан бақытты күндеріміз жалғаса бермек... Бірақ әр нәрсенің бір тамамы болады ғой - одан әрі не болмақ?.. Екеуара "Қар адамы" дейтін жобамыздың тағдыры қайда соқпақ?.. Біз мұны қазір ойлағымыз келмейді... Өмір деген толайым бақыттан тұрмайды. Өзіңді жалғаншы қауымға керек сезінетін, барша былық, күллі өтіріктің ішінде сол ортаңмен бірге болған бақытты ғұмырыңның осы бір аз ғана сәтін бағала!.. Әр мезетінен ләззат ал!.. Басқасы маңызды емес...
Мұны маған Қар адамының түпсіз құса, шексіз мұңға толы... шарасыз көздері айтты...