МЕРЕЙТОЙҒА ЖҰРТТАН АҚША ЖИНАУ
2018 жылдың қазан айында 90 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқандардың бірі - Атырау облысының Индер ауданы. Қарамағына жеті ауылдық округ енетін ауданда шамамен 33 мыңнан астам адам тұрады.
Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Гүлнұр Сүйеуованың сөзінше, ауданның құрылғанына 90 тоқсан жыл толуын атап өту осыдан бір жыл бұрын жоспарланған.
- Демеушілердің, кәсіпкерлердің көмегімен түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Осы жұмысқа былтырдан бастап дайындалып жатырмыз. "Тоқсан жылға - тоқсан шара" деген ұранмен іс-шаралар жоспары бекітіліп, жылдың басында ашылу эстафетасын бастаған болатынбыз. Қазір аудан бойынша 90 жылдықтың аясында шаралар өтіп жатыр, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Facebook әлеуметтік желісінде осы Индер ауданындағы "Ізгілік" қоғамдық қорының жетекшісі С.Рахметова деген адамның қолы қойылған хат жарияланып, кейін өшірілген болатын. Ауылдық әкімдіктердің атына жазылған хатта ауданның 90 жылдығын атап өтуге байланысты жергілікті бюджет қызметкерлерінен бір күндік еңбекақысын аударуды сұраған.
Азаттыққа өзін Сәлима Рахметова деп таныстырған адам ауданның 90 жылдығына арналған шараларды өткізуге және аудан тарихы туралы кітап шығару мақсатымен қор қаражат жинау туралы бастама көтеріп, тұрғындарға хат жолдағанын, бірақ қазір нақты қанша қаржы жиналғанын білмейтінін айтты.
Аудан әкімдігі аппаратының жетекшісі Гүлнұр Сүйеуованың сөзінше, аудан тарихына арналған энциклопедияны шығаруды мойнына алған қор тиісті қаражат жетпегендіктен әлгіндей өтініш хат жазған.
- Ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толғанда Индер ауданының шежіресі шыққан болатын. Сол энциклопедияны жаңарту үшін оған бюджеттен қаржы шықпайтын болғандықтан өзіміз мекемелерімізге шығып, көмек сұраған болатынбыз. Ертең сол кітап шыққаннан кейін әр мекемеге осы кітап таратылып беріледі. Кеше осындай көмек сұратылды. Мекемелерден жиналды. Түсіндіріліп айтылды. Ол жерде ешкімді міндеттеп жатқан жоқпыз. Мүмкіндіктеріңіз бар? Және кітаптың астына "Ізгілік" қорының қолдауымен деп жазылып отыр,- деп түсіндірді.
Қарай отырыңыз: "Большевиктер революциясы: балалар көзімен"
"ТОЙ ШЫҒЫНЫН КӘСІПКЕР КӨТЕРДІ"
Бірақ ешқандай бюджеттік мекемеден қаржы жинамай, ауданның 90 жылдығын демеушілердің көмегімен өткізгендер де бар.
Алматы облысы Сарқан ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Дамир Қайыпов ауданның мерейтойына арналған шараларды "екі күннің ішіне сыйғызғандарын" айтады.
- Естуімше көрші Алакөл ауданы тек эстрада жұлдыздарын шақырғаны үшін 27 миллион теңге жұмсапты. Бізде ондай ақша жоқ қой. Сондықтан біз шамамыз келгенінше атап өттік. Оған, әрине, жергілікті демеушілер мен кәсіпкерлер қолдау білдірді. Мысалы, жас ақындар арасындағы айтыстың қаржысын сол кісілер көтеріп, жүлдеге 40-50 мың теңгеден тікті. Сол секілді ауданымыздан шыққан өнерпаздар халық алдында тегін концерт берді, - дейді Қайыпов.
Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмат Абдинов ауданның тоқсан жылдығын тойлауға қанша қаржы жұмсалғанын білмейтінін айтты.
- Шаралардың барлығы демеушілердің арқасында өтті. Эстрада жұлдыздарын шақыруды да солар мойнына алды. Сондықтан оларға қанша қаржы кеткенінде шаруамыз жоқ. Біз тек ұйымдастыру жұмыстарымен айналыстық, - деді әкім орынбасары.
Азаттық тілшісі хабарласқан аудан әкімі өкілдері тоқсан жылдыққа бюджеттен қаржы жұмсалмағанын айтады. Олардың сөзінше, "бұл тек жергілікті демеушілердің арқасында өтетін той".
"СОВЕТ БИЛІГІН ЕСКЕ АЛАТЫН МЕРЕКЕ"
Facebook әлеуметтік желісінде "Төртуыл Шоқан" деген есіммен тіркелген қолданушы "кезінде аудан әкімінің орынбасары болып істегендіктен мұндай шараларды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін жақсы білетінін" айтады.
"Мұндай іс-шаралардың барлығы кәсіпкерлердің есебінен өткізіледі. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігінен бөлінетін субсидия деген бар. Оны кей жерлерде тіпті малы мен қыстағы жоқ, шарттарына сай келмейтін адамдар алып отыр. Екіншіден, мемлекеттік сатып алулар бар. Оны да тұрақты алатын төрт-бес мекеме немесе қожалықтар бар. Соларға "өткен жылы біз саған қаржы бердік қой, болашақта да аласың ғой" деген уәжбен шешеді" деп жазады Төртуыл Шоқан.
Ол "аудандардың тоқсан жылдығын тойлау - тарихқа қиянат" деп санайды.
"1927-28 жылдары қазақтың мойнына зорлықпен қамыт кигізілген. "Колхоздастырамыз" деп сахарада еркін көшіп-қонып жүрген қазақтың малын тартып алды. Малдан айрылған қазақ 1931-1932 жылдары аштан қырылды. Одан аман қалғанын 1937-1938 жылдары атты, айдады. Ал тірі қалғандары 1941-1945 жылдары болған совет-герман соғысында қаза тапты. Арманда кеткен бабалар ұрпағы қандықол қызыл империяның қазаққа таңған жат саясатының 90 жылдығын тойлауға тиіспіз бе?" дейді Төртуыл Шоқан.
Қарай отырыңыз: "Ашаршылық" деректі фильмі
Ал тоқсан жылдықты тойлап жатқан аудан өкілдері мұндай пікірмен келіспейді.
- Тоқсан жылдық біздің кешегіміз және бүгінгіміз. Қандай жетістіктерге жеттік, тоқсан жыл бұрын қандай едік, қазір қандаймыз деген сұрақтарға жауап іздеу, саралау, - дейді Атырау облысы Индер ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Гүлнұр Сүйеуова.
Тарихшы Хангелді Әбжанов та аудандардың құрылуына байланысты өтіп жатқан шараларды большевиктік саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ деп санайды.
- Ол тұста аудандар құрылғанымен облыс болған жоқ. Сол арқылы елді басқарудың екі сатылы жүйесі енгізілді. Аудан, одан кейін республика. Яғни, аудандарды құру арқылы Қазақстанды басқару мемлекеттік тұрғыдан тиімді болды. Оның коммунизмге, большевизмге қатысы жоқ, - дейді тарихшы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Октябрьдің» зұлматы мен шарапаты тең»Кей деректерге қарағанда, 1928 жылы Қазақстанда тоқсанға жуық аудан құрылған. Оның кейбірі кейін таратылып немесе аумағы өзгеріп, басқа атаумен қайтадан құрылған және 1932 жылы облыстар құрылған кезде солардың қарамағына енген.
Совет заманындағы облыс, аудан құрылымдары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де сақталған.
1927 жылы ақпанда совет өкіметі көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім шығарған. 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпықазақтық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыруды мақұлдаған. 1928 жылы 4 наурызда "Қазақ АССР-інде жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы" арнайы қаулы қабылданған.
1928 жылғы 27 тамызда "Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы" және 13 қыркүйекте "Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы" деп аталған екі қаулы шыққан.
Түрлі деректерде малды тәркілеу саясаты салдарынан 1931-33 жылдары Қазақстанда болған жаппай ашаршылық кезінде 2 миллионнан 3 миллионға дейін адам қырылғаны айтылады. Тарихшылардың пікірінше, 1930 жылдардың басында Орталық Азиядағы ең көп санды этнос саналған қазақтардың қатарын қатты сиреткен бұл ашаршылыққа саяси тұрғыдан да, академиялық зерттеу тұрғысынан да әділ баға берілмеген.