"Соғыс көргендер". Сирия мен Ирактан оралғандарды бейбіт өмірге қалай бейімдеп жатыр?

Қазақстан ата-анасы Сирия мен Ирактағы экстремистерге қосылған 400 баланы елге қайтарды. Психолог Сәуле Мұқанова қақтығыс аймағында туып, соғыс жағдайында өмір сүрген балаларды "қалыпты өмірге" бейімдеу жұмысы қалай жүретінін айтып берді.

"ҮСТЕЛ МЕН ТӨСЕКТІҢ АСТЫНА, БҰРЫШҚА ТЫҒЫЛАТЫН"

Бұрын Қарағанды қаласындағы "Шанс" дағдарыс орталығында еңбек еткен психолог Сәуле Мұқанова қазір дінаралық қарым-қатынас мәселесін зерттеу орталығында істейді. Ол Қазақстанның өзге өңіріндегі әріптестерімен бірге "Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан оралған азаматтарды оңалту жұмысына қатысқан. Психолог бұл жұмысын Ақтау қаласында (Сириядан қайтарылған әйелдер мен балалар әуелі сонда жеткізіледі) бастап, Қарағандыда жалғастырған.

Азаттық: "Қақтығыс аймағынан оралған әйелдер және балалармен жұмыс істейсіз" дегенді естігенде қандай күйде болдыңыз? Қорыққан жоқсыз ба?

Сәуле Мұқанова: Қорыққан жоқпын. Осындай үлкен арнайы операция басталарда бізге өзін агрессивті ұстайтын, радикалды идеологияның ықпалына түскен балалармен жұмыс істеуге тура келетінін ескертті. Бұрын мұндай балалармен жұмыс істеп көрмегендіктен алда не боларын білген жоқпыз. Оған дейін мұндай әйелдермен де жұмыс істеуден тәжірибеміз болған жоқ.

Бұл тақырыпты зерттеп, теологтар, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер, заңгерлер және психологтармен жұмыс істедік. Ресей мен Америкадан келген қызметкерлерді қосқанда, көп маман болды. Білім алып, арнайы дайындықтан өттік. Өйткені Қазақстанда соғыстан оралған балалармен жұмыс істеуге бағытталған жеке сала жоқ. Мұндай мамандар басқа елдерде де жоқ екен. Әйелдер мен балаларды әкеле бастағанда маман тапшылығы сезілді, сондықтан осы бағытта жұмыс істей бастадық.

Жұмыс істегенде сүйенетін арнайы бір әдістеме болған жоқ. Бізге жұмысты әйелдер мен балалардың бойындағы жан жарасынан кейінгі күйзеліс және агрессивті қарым-қатынастан бастау керегін айтты. Басында тұрмыстық, медициналық, адами факторлармен жұмыс істедік. Кейін психологиялық жарақатпен жұмыс істеуге көштік. Оларды бұл жағдайдан шығару қиынға соқты. Әйелдер мен балалар бейімдеу орталығында тұрғандықтан бізге де сонда қалуға тура келді, өйткені кешкісін олар ішіндегісін ақтарып, жақсы сөйлесетін. Шай ішіп отырып, серуендеп жүріп әңгіме айтатынбыз.

Азаттық: Ұшақтан жаңа түскен әйелдер мен балаларды көргенде қандай күйде болдыңыз? Олар елге оралуды, сізді қалай қабылдады? Алғашқы күндері өзін қалай ұстады?

Сәуле Мұқанова: Балалар таңғалып, қорқып, анасының бауырына тығылды. Ақтауда теңізге жақын жерде тұрдық. Ол жерден ұшақ жиі ұшатын. Мұндайда балалар үстел мен кереуеттің астына, бұрышқа тығылатын. Өте шапшаң, бірнеше секундтың ішінде жасырынып үлгеретін. Автоматты түрде солай үйреніп қалған. Таңертеңгі тексеру кезінде екі әйелді орнынан таба алмай қалдық. Іздеп жүріп, кереуеттің астында ұйықтап жатқанын көрдік. Көбіне қақтығыс аймағында алты-жеті жыл тұрған әйелдерде осындай реакция болды.

Кішкентай балалар топырақ жеп, денесін өткір затпен жаралап, өз-өзін бетінен ұрып, басын қабырғаға соғатын. Ойындағысын түсіндіре алмаса немесе өзіне бір нәрсе ұнамайтынын көрсеткісі келсе осылай істейтін. Бір күнде мүлде басқа өмір салтына көшу қиын болды. Әйелдер күнкөріс қамымен жүріп, балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған. Балалар намаз оқыған, бірақ оның өзін дұрыс орындамаған. Қазақ балалардың ана тілін білмейтініне таңғалдық, олар Сирияда орысша және арабша ғана сөйлеген. Сондықтан оқу бағдарламасына қазақ тілі сабағын да қостық. Кей әйелдер де қазақ тілін ұмытып қалған.

Азаттық: Балалар алғашқы кезде қандай сурет салды?

Сәуле Мұқанова: Алғашқы суреттерде қара, қоңыр, қызыл түстер басым болды. Алты-жеті жастағы балалар танк, тапанша, бомбалау кезіндегі көріністі, кейде адамның денесін, қолы мен аяғының бір бөлігін салатын. Кейін басқа суреттер салып, жарқын түстер қосып, болашақ туралы қиялдап, полицей, дәрігер, әскери қызметкер болуды армандайтынын айта бастады.

"БАЛАСЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АНАЛАР КӨП БОЛДЫ"

Азаттық: Алғашқы кезде әйелдер балаларына қалай қарады?

Сәуле Мұқанова: Кейбіреуінде агрессия байқалды, кей әйелдер бізден де қымсынбай, балаларын ұрып-соқты. Олардың жүйкесі әбден тозған, бұған қақтығыс аймағындағы өмір әсер еткен. Мұндай көріністі көрудің өзі қиын, сондықтан әйелдермен сөйлесіп, бұлай жасамауын сұрадық. Оның салдары қалай болатынын, түбі неге апарып соғуы мүмкін екенін түсіндірдік. Уақыт өте келе олар балаларына жылы қабақ таныта бастады. Позитивті көңіл-күй пайда болды.

Азаттық: Жұмыс істеу қиын болды ма?

Сәуле Мұқанова: Әйелдермен жұмыс істеу оңай болды, бірақ балалармен тіл табысу қиынға соқты. Басында балалардың көбінде агрессия болды: бізді жау көріп, "кәпір" деп атап, тас та лақтырды. Бірақ олардың әлі бала екенін, соғыс пен агрессия жағдайында өмір сүргенін түсінуге тырыстық. Үш-төрт күннен кейін бізге үйрене бастады. Балаларға біздің пәренжі, хиджаб, қара түсті киім кимейтініміз, тырнағымызды бояп, бетімізді әрлейтініміз ерсі көрінді.

Психолог Сәуле Мұқанова. Қарағанды, 25 сәуір 2021 жыл.

Әйелдерден балаларымен тіл табысуға көмектесуін сұрадық. Олар жағдайды түсінді. Өйткені елге оралуды өздері қалады, оларды ешкім күштеп қайтарған жоқ. Әйелдерден қара түсті киімін шешіп, қазіргі заманғы өмір салтына бейімделуін өтіндік. Кейбірі келісіп, бірден шешті, тіпті, қарапайым шалбар, қысқалау белдемше кие бастады. Бірақ көбіне әйелдер қара түсті хиджабын ашық түсті киімдерге ауыстырумен ғана шектелді.

Маған сырын айтпаған әйел кейде медбикемен жақсы сөйлесетін. Мұндайда бір-бірімізге хабар беріп, көмектесіп отыратынбыз. Осылай әйелдерді жақын тануға мүмкіндік алып, олардың көңіліне жол табуға тырыстық. Бомба астындағы өмірді басынан өткерген әйелдермен мұқият жұмыс істеуге тура келді: олар агрессивті, ашушаң, уайымшыл еді. Жыласа, ұзақ уақыт тоқтай алмайтын, ашуға тез берілетін.

Соғыста баласынан айырылған әйелдер көп болды. Ұзақ уақыт сырын ашпаған бір әйел болды. Отбасы туралы айтқысы келмейтін. Басынан өткен жағдайды төрт айдан кейін ғана бөлісті. Ол Қазақстанға алты күн бұрын туған сәбиімен оралған. Бір күні кешкісін қаза тапқан қыздары туралы әңгіме бастады. Түнге дейін сөйлестік. Бірінші күйеуінен екі қызы болған екен. Үйге снаряд құлап, қыздары мен күйеуі мерт болыпты. Өзі үйде болмаған, снаряд құлағаннан кейінгі жағдайды ғана көрген. Ол шкафтың үстінен қызының миын көргенін айтты. Сол күнгі оқиға бүге-шүгесіне дейін есінде қалған. Күн сайын өзін іштей "жеп" келген. Ішіндегісін ақтарып салғанда, біраз жеңілдеп қалды. Кейін қайтадан ана болуды үйрене бастады.

"СЕН – КӘПІРСІҢ"

Азаттық: Елге оралған балалардың арасында қолына қару ұстап көргендер болды ма?

Сәуле Мұқанова: Болды. 13 жастағы бір бала өте агрессивті болды. Бізбен сөйлескісі келмей, маған "Сен – кәпірсің" деп айтатын. Сирияда әскери дайындықтан өткен, оған қаруды бұзып-жинауды, нысананы көздеп атуды үйреткен. Баламен жақсылап жұмыс істедік, тілін таптық. Онымен бірнеше баладан тұратын шағын топта жұмыс істеу керегін түсіндік. Өзі көшбасшы болатын ойындарға араластырып, теңізге апардық. Агрессиясын жеңіп, әзілдеп, бізбен араласып, ашыла бастады. Дос болып кеттік. Ол да жаңа достар тапты. Бірақ әлі де діни білім беру керек.

Азаттық: Жараланған немесе мүгедек балалар болды ма?

Сәуле Мұқанова: Біреулерге ота жасату керек болды, өйткені Сирияда оларға медициналық көмек көрсетілмеген. Кей балалардың денесінде әйнек сынықтары болды, оны Қазақстанда ота жасап, алып тастады. Сүйектері сынған балалар болды. Көп бала жүре алмай, әуелгі кезде төсек тартып жатты. Оларды Ақтауда (елге оралған азаматтарды алдымен сол жаққа жеткізген) аяғынан тұрғызып, содан кейін ғана психологиялық көмек көрсетті. Кейін басқа мамандар қосылды. Жақында ақпанда елге оралған баланың мұрнына ота жасалды. Граната жарылған кезде мұрнына зақым келіп, ішінде сынықтар қалып қойған. Үш жыл бойы мұрнымен тыныстай алмай, аузымен демалып келген. Әсіресе, ұйықтаған кезде қиын болатын. Қазір жағдайы жақсы.

Ол жақта аштықтың азабын тартқан балалардың асқазаны, тісі ауыратын. Бұл психологиялық аспектілерге де әсер еткен. Ол жақта туған балалардың көбі мазасыз, ашушаң келеді. Кішкентай балалардың талмасы бар. Жылап жатқан бала бір сәтте ауа жетпей, көгеріп, есінен танып қала жаздайтын.

Азаттық: Ата-анасынан айырылған балалар көп пе?

Сәуле Мұқанова: Көп. Көбіне жетім балалар. Қазақстанда жауапқа тартады деп қорқып, қайтуға көнбей, өзі сол жақта қалып, елге балаларын жіберген әйелдер де бар. Бір баланың анасы – Ресей, әкесі – Қазақстан азаматы. Сондықтан балаларды алып, анасын азаматтығы бөлек болғаны үшін қалдырып кеткен. Ол балаларын ұшаққа отырғызып, өзі сол жақта қалған. Елге ата-анасыз оралған балалармен жеке психолог жұмыс істеді. Оларды не балалар үйіне жіберді, не әжесінің қолына берді. Ирактағы балаларды қайтаруға арналған операция болды. Олардың аналары Ирак түрмесінде отыр. Бұл балаларды туыстары алып кете алмады, сондықтан көбі елге келген соң балалар үйіне жіберілді. Бірақ бұл балаларды ол жақта [Иракта] қалдырудан әлдеқайда жақсы. Елге оралғандардың айтуынша, ол жақта не әйелдерді, не балаларды аямаған.

Қазақстанға Сириядан қайтарылғандар

"Жусан" операциясы аясында Қазақстанға Сириядан 607 азамат қайтарылды, олардың 413-і – бала.

  • Бірінші кезеңде 47 адам: 6 ер, 11 әйел, 30 бала;
  • Екінші кезеңде – 231 адам: 16 ер, 59 әйел, 156 бала (олардың 18-і – жетім);
  • Үшінші кезеңде 246 қазақстандық: 8 ер, 67 әйел, 171 бала (олардың тоғызы – жетім;
  • Төртінші кезеңде 71 адам: 3 ер, 19 әйел, 49 бала (олардың бесеуі – жетім);
  • "Жусан-5" операциясы аясында 12 адам: 4 ер, бір әйел және 7 бала (олардың екеуі – жетім) елге оралды.
  • Ирактағы балаларды қайтару үшін "Русафа" деп аталатын арнайы операция жүрді. Нәтижесінде 14 қазақстандық бала елге қайтарылды. Олардың аналары Ирак түрмесінде қалды.

"ОЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ӨЗ БАСЫҢНАН ӨТКЕРГЕНДЕЙ СЕЗІМДЕ БОЛАСЫҢ"

Азаттық: Жағдайдың ауыр болғаны соншалық, арасында психологтардың өзіне кәсіби маманның көмегі қажет болды деген ақпарат бар. Сізде осындай жағдай болды ма?

Сәуле Мұқанова: Иә, өте қиын болды, олардың тағдырын өз басыңнан өткергендей сезімде боласың. Бірінші айда [эмоционалды] шаршау болды: олар ішіндегісін бізге айтады, ал біз ешкіммен сөйлесе алмаймыз. Жеке психолог болған жоқ. Сондықтан психологтар арасында терапия өткізе бастадық. Кейін үйреніп кеттік. Психологтар штаты үлкен болды, елдің әртүрлі өңірінен мамандар келді.

Азаттық: Оңалту шарасынан кейін мектепке барған балаларды басқа оқушылар қалай қабылдады? Балалар өзін қалай ұстады? Қазір олар бойындағы үрейден арылды ма?

Сәуле Мұқанова: Біз мектептегі психологтармен және мұғалімдермен сөйлестік. Олар байланыс орнап жатқанын айтады. Оның үстіне басқа оқушыларға балалардың Сириядан келгенін айтқан жоқпыз. "Бұл радикалдың баласы" десек, оларды мүлде басқаша қабылдар еді. Сондықтан бәрін құпия сақтадық. Бірақ елге оралып, оңалтудан өткеннен кейін бұл балалардың басқалардан еш айырмашылығы жоқ. Тек басында оқу бағдарламасы бойынша аздап артта қалып қояды. Бірақ басынан өткен оқиғалары есінде қалған балаларды әлі бірнеше жыл қадағалап, қолдап, әсіресе, жасөспірім кезде мінез-құлқын бақылау керек. Әйелдерді де дәл солай қадағалаған жөн, өйткені бала бәрібір анасына қарай бейімделеді. Балалардың қазіргі суреттеріне қарап, олардың алдында анасының беделі жоғары екенін түсінуге болады. Бірақ балалар үрейден толық арылған жоқ. Әйелдер балаларының кейде түнде қорқынышты түс көріп, шошып оянатынын айтады. Бірақ бұрынғыдай оқыс дыбыстан бұрыш-бұрышқа тығылмайды.

"ЕЛГЕ ОРАЛҒАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА 70 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ДЕ БОЛДЫ"

Азаттық: Қазақстанға оралған әйелдердің жас ерекшелігі қандай?

Сәуле Мұқанова: Көбіне 1991-1992 жылдары туған жастар. Бірақ жасы 50-ден асқан әйелдер де бар. Олар қақтығыс аймағына ұлы немесе қызын қайтару үшін барып, сол жақта қалып қойған. Тіпті, 70 жастағы әже де болды. Ол Сирияға ұлы мен келінінің артынан барған. Бірақ ұлы қақтығыс кезінде қаза тапқан. Бомбалау кезінде тауды паналап жүргенде келіні де мерт болған. Қарт әже тірі қалып, қалған халықпен бірге бомбалаудан қашып, әртүрлі қалаға көшіп жүріп, соңында лагерьге жеткен. Сол жерден оны Қазақстанға алып кеткен. Оның құлағы естімейтін, Қазақстанда естуге арналған аппарат алып берді.

Азаттық: Әңгіме барысында әйелдер Сирияға кету себебін қалай түсіндірді? "Олар жалған сөйлеп отыр" деген ой болған жоқ па?

Сәуле Мұқанова: Көбі күйеуі шақырғанын, исламда күйеуге бағыну міндетті болғандықтан барғанын айтты. Кей әйелді күйеуі Түркияға оқуға барамыз немесе демаламыз деп алдап әкеткен. Олар Сирияға кетіп бара жатқанын жолда бір-ақ түсінген, бірақ қайтар жол болмағандықтан амалсыз көнген.

Әйелдер басында бір сөйлеп, кейін басқа нәрсе айтып, шындықтың беті ашылған кездер де болды. Бірақ негізінен көп әйел шынымен күйеуіне еріп кеткен. Кей әйел Сирияға бомбалау болып жатқан кезде барған. "Соғыс жүріп жатқанын біле тұра неге кеттің?" деп сұрасақ, "Бәрі Алланың қолында, қаласа жанымызды алады" дейді. Соғыста өлсек, жәннатқа барамыз деп ойлайды. Яғни, өлім қаупі барын біле тұра, саналы түрде кеткендер де болған. Күйеуі соғыста жүргенде, әйелі қасында болуы керек деген ой да әсер еткен.

"ОЛ ЖАҚТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ БӘРІН ҚАЙТАРУ КЕРЕК"

Азаттық: Оңалтудан өткен әйелдер мен балалардың қазіргі өмірінен хабарыңыз бар ма?

Сәуле Мұқанова: Олармен байланыста болып, қарапайым адамдар сияқты араласамыз. Өміріндегі қандай өзгеріс, жаңалық болғанын сұрап, біліп тұрамыз. Хабарласып, хат жазып, интернеттегі статустарын қараймыз. Оларға бәрін қабылдауға әлі бірнеше жыл уақыт керек. Қазіргі бейімделудің өзі жаман емес. Балалар жеке сабақтардың арқасында мектепке барды. Қазір олар мектеп бағдарламасын меңгеріп қалды. Бір бала жақында спорттан бірінші орын иеленіп, медаль алды. Анасы бізге алғыс айтып жатыр.

"Харекет" қоры кей әйелге баспана мәселесін шешуге көмектесті. Әйелдер кәсіп үйреніп жатыр: бірі шаштараздың, екіншісі кондитердің, үшіншісі есепшінің оқуын бітірді. Олар күнделікті табыс әкелетін мамандықтар таңдауға тырысты. Көбі жұмыс істеп жүр, бір әйел ата-анасының көмегімен өзі дүкен ашты. Олар сондай-ақ мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бір әйел тұрмысқа шықты. Ақпанның соңында елге оралған бес баласы бар әйелдің үйіне қонаққа барып, жиі хабарласып тұрамын. Оған бейімделуге көбірек уақыт керек.

Азаттық: Осындай арнаулы операция жүргізудің қажеті болды деп ойлайсыз ба? Мұның ешқандай салдары болмай ма?

Сәуле Мұқанова: Балалардың бәрін қайтарып, олармен жұмыс істеу керек, сонда бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Оның үстіне, қазір тәжірибеміз бар, олармен қалай жұмыс істеу керегін білеміз. Әрине, қауіптермен жұмыс істейміз. Америкадан келген психологтар да "Бұл қаншалықты дұрыс?", "Балада өтпелі кезең басталғанда ешқандай мәселе тумай ма?" деп сұрады. Баламен жұмыста жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін анасымен де жұмыс істеу керек. Балалардың дән риза жүзін көргенде, осының бәрі бекер болмағанын түсінесің. Оларды ойын-сауық орталығына апарғанымызда балалардың сондай шаттанғаны есімде.

Өзім үшін бұл жақсы тәжірибе болды. Екі жыл өткенде, жұмыс шынымен жүріп жатқанын, жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді түсіндім. Әрине, мамандар әлі де білімін жетілдіруі керек, өйткені нақты әдістеме жоқ. Жақында шетелдік психологтармен онлайн-семинар өтті, олармен бірге осындай балалармен жұмыстың қыр-сырын талқыладық. Өз тәжірибемізге сүйеніп, нақты әдістеме дайындағымыз келеді. Ондай кітап бізге ғана емес, мектептегі психологтарға да пайдалы болар еді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ата-анасы мен ағасынан хабар жоқ". Сириядан бес жылдан соң оралған баланың хикаясы"Жаздым, жаңылдым. Көкірегімнен итере бермеңіздерші". Айдана"Діннен безіп кетпеспін". Сабинелла