Серік Бейсембаев: Дамыған қоғам мен тоқыраған биліктің қақтығысын көріп отырмыз

Оппозиция митингісі өтеді деп хабарланған жерге келген адамды полиция жасағы әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

Қазақстандық PaperLab саяси-қолданбалы зерттеу орталығы елдегі қоғамдық белсенділіктің қазіргі ахуалы жайлы "Activists 2.0. Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің цифрлы технологиялар дәуіріндегі трансформациясы" атты зерттеу жүргізді. Әлеуметтанушылар елдегі белсенділік пен белсенділердің жағдайын зерттеген. Зерттеу авторларының бірі – әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Азаттыққа атқарған жұмыстары, елдегі азаматтық қоғамның қазіргі беталысы жайлы айтып берді.

Азаттық: Қазақстандағы қоғамдық белсенділікті зерттеуді қалай жүргіздіңіздер? Зерттеуге не түрткі болды?

Серік Бейсембаев: Денис Теннің (мәнерлеп сырғанаудан олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылы Алматыда тапа-тал түсте кісі қолынан қаза тапқан – ред.) өлімінен кейін қоғамның азаматтық беленділігі арта түсті. Олар полицияның жұмысын сынады. Қоғамға кеңінен танылған "ІІМ-ге реформа жасау" ("За реформу МВД") қозғалысы құрылды. Осы кезде бізге, зерттеушілерге "Қазіргі қоғам белсенділігі қалай өзгеріп жатыр? Соның ішінде цифрлық технологиялардың дамуы белсенділікке қалай әсер етті?" деген тақырып қызық болды. Әріптестерім Анна Гусарова, Қарлығыш Қабатовамен бірігіп, отыз шақты белсендіден сұхбат алдық. Барынша ел аймақтарын түгел қамтуға тырыстық. Зерттеу шынайы болуы үшін әртүрлі мәселені көтеріп жүрген белсенділерден терең сұхбат алдық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Денис Тен қайтқалы жыл өтсе де полиция "реформаланып" бітпеді

"БЕЛСЕНДІЛЕРДІ "ОППОЗИЦИОНЕР" ДЕП ТАНИДЫ"

Азаттық: Зерттеу жүргізгенде Қазақстандағы қоғамдық белсенділікте қандай трансформация болғанын байқадыңыздар?

Серік Бейсембаев: Зерттеу барысында белсенділердің мотивациясы қандай екенін анықтағымыз келді. Себебі Қазақстанда азаматтық белсенділік – адамға табыс әкелетін, қоғамдық беделге ие қызмет түрі емес. Қазақстанда азаматтық белсенділерді көбі танымайды, олардың кім екенін, немен айналысатынын білмейді де. Мемлекеттік емес ұйымдардың бар екенінен халықтың басым бөлігі хабарсыз. Көбі "ол не?" деп сұрайды. Зерттеуші болған соң мұндай жағдай жиі кездеседі. Бірақ кейінгі жылдары негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділік танытып жүргендер баршылық. Олардың мотивациясы әртүрлі. Мұндай адамдардың көбінде айналасын өзгертуге деген ішкі стимулы болады. Яғни, бұл азаматтар күнделікті өмірде әділетсіздік көреді, биліктің тиімсіз шешімдерінен жалығып, өзі тұлға ретінде күресуге жауапкершілік алады.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Мұндай құбылыстың пайда болуы, қазір ақпараттық технологиялардың кеңінен дамуына да байланысты. Мәселен, әлеуметтік желілер арқылы өз пікірін жазып, белсенділік танытатындар көбейді. Бұған дейін қоғам белсендісі болу үшін мемлекеттік емес ұйым құру шарт еді. Оның талаптары болды. Яғни, ұйым құратын адам белгілі бір саланы игеруі қажет, ұйымды қаржыландыратын демеуші болуы керек еді. Бұрын белсенді болудың осындай талаптары болса, қазір әлеуметтік желіні қолданып-ақ белсенді бола алады. Яғни, әр белсенді жеке-жеке қалыптасып, еркін жұмыс істеуге талпынады. Олар әрқайсысы тәуелсіз болуға тырысады, себебі, бәріне қоғам алдындағы абыройы маңызды. Олардың арасында басшы не қосшы болмайды. Дәрежеміз бір деп санайды. Ал бұрынғы белсенділер бір лидердің төңірегінде топтасатын. Жас белсенділер – жаһандану дәуірінде тәрбиеленген буын. Олар барынша консервативтік көзқарастан алшақ. Отыз жасқа дейінгі жастардың көзқарасы мүлдем бөлек. Бұл – ақпараттық технология кең таралғанының артықшылығы. Бірақ біздің зерттеп білгеніміз, Қазақстанда мұндай еркін жастар астана мен Алматыда ғана. Мысалы, біз батыс аймақта болдық. Сұхбат барысында оларда әлі де ескіше ойлау басым екенін түсіндік. Алматы мен астана жастарының көбі демократиялық ұстанымда.

Белсенділікті қарсылас деп қабылдау. PaperLab зерттеуінен үзінді

Мемлекет азаматтық белсенділікті өзіне қарсылас ретінде қабылдайды. Себебі белсенділіктен жаңа саясат пен қоғам пайда болады. Соған сай азаматтық іс-әрекеттерді реттеу мен шектеу үшін шаралар қарастырылады. Бұған Қазақстанның әр қаласында 2016-2019 жылдары (Жер митингісінде, "Oyan, Qazaqstan" маршында, сайлау нәтижесіне және астана атауын өзгертуге қарсы наразылықта) полицияның шамадан тыс күш қолдануын және белсенділердің қазасын еске түсірсек жеткілікті.

Азаттық: Аймақтардағы белсенділіктің деңгейі әртүрлі болуы неге байланысты?

Серік Бейсембаев: Байқасаңыз, жаңадан құрылған саяси қозғалыстардың көбі Алматы мен астанада. Бірақ аймақтар бұл қозғалыстар туралы, оның белсенділері кім екенінен хабарсыз. Респонденттердің көбі "ол қозғалыстар екі қаланың ғана мәселелерін көтеретіндей көрінеді" деп айтты. Аймақтағы белсенділер үшін "қызық емес" екенін түсіндік. Яғни, саяси белсенділердің бастамалары түгел Қазақстанды қамтитындай деңгейде емес, екі қаланың ғана аясында қалып қойғанын айтуға болады. Басқа облыстардағы белсенділік бағыттары көбінесе әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді ғана қамтиды. Саяси белсенділік екі қалада ғана дамып, басқа аймақтарда кенжелеп қалуының себебін де сол экономикалық мұқтаждықпен байланысты. Бұрыннан кәсібі дамыған Алматы мен Нұр-Сұлтанда мемлекеттен айлық алмайтындар да бар. Сондықтан оларға "жұмыстан шығарамын" деп қысым жасайтын басшысы болмауы мүмкін. Ал аймақтарда жағдай мүлдем басқаша. Халықтың тыныс-тіршілігі түгелдей мемлекеттік органдарға байланысты. Жергілікті биліктің "қолына қарап" отырған соң, азаматтық белсенді болсаңыз, табыссыз да қалуыңыз мүмкін. Біздегі қалыптасқан жағдайда белсенді болып, азаматтық позицияңызды білдіріп, қандай да бір сын айтар болсаңыз, ең басты қауіп билік пен құқық қорғау органдары тарапынан төнеді. Белсенділік танытқандарды "оппозиционер" деп таниды да, жалпы өмір сүруі қиындайды.

"НЕ ЖҰМЫСТА ҚАЛ, НЕ БЕЛСЕНДІ БОЛ"

Азаттық: Зерттеуге қатысқандар Қазақстанда белсенді болудың қандай да бір қиындығын айта ма?

Серік Бейсембаев: Авторитарлық жүйенің басты ерекшелігі – биліктің өзінің бақылауынан тыс дамыған белсенділікпен күресіп, оны жою амалы. Қазақстанда саяси белсенділердің негізгі ортақ проблемасы – билік органдарымен қарым-қатынасқа түсу. Мәселен, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын алатын болсақ, белсенділеріне бейбіт митинг кезінде де, митингіден тыс та қысым көрсетілді. Бұдан бөлек, біз сөйлескен аймақтағы белсенділікпен айналысып көзге түскен адамдардың барлығы "құқық қорғау органдарының бақылауындамыз, митинг ұйымдастыруды жоспарласақ, алдын ала шақырып, барынша кедергі келтіреді" деді. Оған қоса, жұмыс беруші арқылы "тиісіп", "не жұмыста қал, не белсенді бол" деп таңдау жасатады екен. Саяси белсенділіктің бізде дамымай жатқанының себебі – осы. Көбі азаматтық ұстанымын айтайын десе, басшылықтың қара тізіміне ілініп, жұмыссыз қалудан қорқады. Қазақстанда азаматтық белсенділік институт ретінде қалыптаспаған. Сондықтан азаматтық белсенді болсаңыз, сізге ешкім қолдау көрсетпейді. Әлеуметтік желіде ойыңызды жариялауыңыз мүмкін. Бірақ адамның тамақ ішіп-жеу, киім кию сияқты материалдық қажеттілігі бар. Осы тұрғыдан белсенділердің экономикалық жағдайы қолбайлау болады. Сондықтан табыс табу бірінші орынға шығады. Ал дамыған елдерде мұндай жағдайда краудфандинг арқылы адамдар қолдау көрсетеді. Бізде бұл жағы мүлдем дамымаған. Белсенді болудың үшінші кедергісі – туыстары мен дос-жаранның түсінбей, адамды азаматтық позияциясынан айнытуға барынша тырысады. Мысалы, бір респондентіміз, жас белсенді "азаматтық көзқарасын еркін білдіруді" жөн санайды, белсенділікті өмірінің бір бөлшегі көреді. Бірақ әке-шешесі "сенің қолыңнан не келеді, бәрібір ештеңе өзгерте алмайсың" деп таңдауына шек қойған. Олар бір жағынан қызының болашағына алаңдап қорқады. Кейбір адамдар жақындары қолдамағаннан кейін белсенді болудан бас тартып жатыр.

Белсенділерге деген теріс стигма. PaperLab зерттеуінен үзінді

Тағы бір мәселе – халықаралық ұйымдармен байланысқан белсенділерге деген теріс стигма. Халықаралық ұйыммен байланысқан белсенді "Батыс агенті", "шпион" қатарына қосылып кетеді.

Азаттық: Зерттеулеріңізде Қазақстанда кейінгі уақытта белсенділіктің бірнеше түрі пайда болғаны жайлы айтылады. Елде қазір белсенділіктің қандай түрі бар?

Серік Бейсембаев: Белсенділікті бірнеше бағытта қарастырдық. Оның ішінде, саяси белсенділік – билікке сын айтатын, саяси бостандық қалайтын, адам құқықтарының сақталуын талап етіп жүргендер. Арт активизм – бұл наразылығын өнері арқылы білдіретін белсенділер. Жастар желіде "Lé Shapalaque Comics" деген парақша арқылы түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты карикатура салып жүр. Андрей Фендриков деген азамат бар. Ол "Акын Акыныч" деген атпен шығып жүр. Ол домбырамен елде болып жатқан оқиғаларға әзіл түрінде реакциясын білдіріп жатады. Арт активизм салыстырмалы түрде Алматы мен астанада жақсы дамып жатыр. Сайлау кезінде саяси наразылығы ретінде арт белсенділердің бірнеше туындысы жарияланды. Бірақ бұған билік тарапынан реакция болмады. Бір жағынан, өнер шығармашылық адамдарының табыс көзі болғандықтан, мемлекеттік органдармен конфликт болмас үшін өздерін саясаттан алшақ ұстайды. Урбанистика мен эко белсенділікті бөлек айту керек. Бұл саладағы белсенділер де көбейіп келеді. Урбанистика бағытында Әди Нұрмақов, Әсел Ержанова, Өскеменде Роман Честных деген белсенділер бар. Әйел құқығын қорғап, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелерін көтеретін феминист белсенділер де қоғамға прогрессивті идеялар айтып жүр. Әлеуметтік кәсіпкерлікті де біз белсенділіктің бір түрі деп қарастырдық. Бизнес жобалар арқылы қоғамдық проблемалардың шешілуіне үлес қосып жүргендер бар. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жәрдем жасауға, құқықтық көмек беруге ұйым ашып, сол арқылы әлсіз топқа қолдау көрсетіп жатқандар да көбейіп келеді.

Азаттық: Қоғамда "оффлайн белсенділіктің" бағыты қандай?

Серік Бейсембаев: Онлайн активизм – белсенді болудың жаңа түрі. Бұл бағыт енді зерттеліп жатыр, бірақ әлемдік саясатта орны бар құбылыс. Көп елдерде [онлайн белсенділік] саясатты өзгертудің жаңа факторы ретінде таныс. Қазақстан жағдайында онлайн белсенділіктің дамуы интернеттің дамуына, смартфон пайдалануға байланысты. Бұл бағыт кейінгі үш жылда қарқынды дамып жатыр. Зерттеуіміз көрсеткендей, былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетіп, өз орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынуы, сайлаудың өтуі – саяси онлайн белсенділіктің жылдам дамуына себеп болды. Респонденттердің көбі, оның ішінде сайлауға дейін саясатқа қызықпаған жастар, шығармашылық адамдары "бір-ақ күнде саяси белсенді болып шыға келдік" дейді. Сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылардың қызметіне қарап білуге болады. Бұл топ науқанның кемшіліксіз, жария түрде өтуіне бірігіп жұмыс істеді. Осының бәрі сол онлайн белсенділердің қаншалықты көбейгенін көрсетеді. Бұдан бөлек, Facebook желісіндегі белсенділікке жеке тоқталсақ, желідегі жазбалар қоғам дамуына сәл де болса ықпал етіп жатыр. Көптеген қордаланған мәселелер осында жазылып, жиі талқыланған соң оң шешімін тауып жатады. Мұндай посттарды жазатын әр аймақтың өз блогерлері бар. Олар жергілікті аудиториясы үшін билікпен тең дәрежеде сөйлесе алады. Блогерлік те белсенділіктің бір түрі. Сондықтан зерттеуде олар туралы да қамтылды. Мысалы, Ақтауда бір блогермен сөйлестік. Ол жергілікті деңгейде кейбір проблемалардың шешілуіне жұмыс істеп жүр. Демек, блогердің беделі бар. Тағы бір қызық жайт, осындай онлайн белсенді болып, жергілікті билікті бопсалап, өзі пайда тауып жүргендер де баршылық. Бір респондентіміз ондай адамдарды "тендер активистер" деп атады. Айтуынша, блогер бір мәселені көтеріп пост жазады, кейін әкімдік сол пост үшін оған тендер бөледі. Ойлағанына қол жеткізген соң, блогер сыни жазбасын өшіріп, әкімдікті мақтап постын өзгертеді. Қоғамда осындай да белсенділер бар.

"ДАМЫҒАН ҚОҒАМ МЕН ТОҚЫРАҒАН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС"

Азаттық: Қазақстанда адамдардың қоғамдық белсенді болуы олардың әлеуметтік статусына қаншалықты әсер етеді?

Серік Бейсембаев: Көпшілік деңгейінде қарайтын болсақ, қатысты емес. Президент сайлауына дейін көп азамат белсенді боламын деп ойламаса да, сайлаудан кейін белсенділікпен шұғылданамыз деп шешім қабылдады. Мысалы, бір респондентіміз сайлауға дейін фельдшер болып жұмыс істеп жүрген, сайлауда тәуелсіз бақылаушы болып, науқаннан көңілі қалған соң, саяси белсендіге айналған. Өзгеріске деген құлшыныс белсенділердің көбеюіне себеп болды. Азаматтар еріккеннен, жұмыссыз болғаннан емес, ішкі қалауын іске асыру үшін белсенді болады. Олар бұл жолды әртүрлі мотивациямен таңдайды. Ондай мысалдар өте көп.

Жалпы Қазақстанда кейінгі он жылда белсенділердің де көбейгенін, олардың талаптары да әрқилы болғанын айта аламыз. Үй жануарларынан бастап, саяси реформаларға дейінгі спекторлар бар. Әр сала бойынша бір белсендіден болса да атап айтуға болады. Билік қаншалықты консервативті күйде қалып қойса, қоғам соншалықты деңгейде дамып кетті. Қазір дамыған қоғам мен тоқыраған билік арасында қақтығыс болып жатыр. Саяси белсенділіктің артуы, сынның көбеюі – соның көрінісі. Интернет дамыған заманда азаматтар сауатты, көзі ашық. Билік қаншалықты өзгермеуге тырысса, саяси қоғам соншалықты дамиды. Бұған ұқсас жағдай қазір Беларусьте болып жатыр. Билік қоғамның деңгейіне сәйкес өзгермесе осындай жаппай шерулерге алып келеді. Билік соны түсінуі қажет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Толқу тоқыраған билік пен дамыған қоғамның алшақтығын көрсетті"

Азаттық: Қазақстанда белсенділердің және белсенділіктің қазіргі жағдайы қалай? Зерттеуден белсенділердің ендігі мақсаты, жоспарын анықтай алдыңыздар ма?

Серік Бейсембаев: Белсенділер қажыған. "Біз жеңеміз, саяси режимді өзгертеміз" дегенге сенбейді. Себебі, қаншалықты әрекет еткенімізбен, биліктің бюрократиялық машинасына төтеп беруге күшіміз жетпейді дейді. Өз әрекеттерін "суға батып кетпеуге тырысып жатқан кеменің" амалы ретінде түсіндіреді. Мұндай пәс көңіл-күйге биліктің азаматтық қоғаммен күресі, оларды қудалауы себеп. Белсенділердің келесі тобы "ерте ме, кеш пе мақсатымызға жетеміз" дейді. Олар белсенділікке бір ғана жылдамдықпен, бірақ үлкен қашыққа жүгіретін марафон ретінде қарайды. Бүгін сөзімізді өткізе алмасақ та, балаларымыз өмір сүретін елдің кірпішін қалап жатырмыз деп сенеді. Содан күш алады.

Зерттеуге қатысқандардың көбі біз белсенді болудан айнымаймыз деді. Олардың жоспары – тәжірибе жинау, бір-біріне жәрдемдесу. Бұл толқын саяси өмірге жаңадан араласып жатыр. Олар алдағы уақытта тек дами түседі. Әрі қарай қалай болары елдегі саяси жағдайға байланысты. Түрткі болатын қандай да саяси кезең туындаса, олардың айтары, істері бар. Алда сайлау келе жатыр. Ол кезде азаматтардың белсенділігі былтырғы президент сайлауы кезіндегіден де жоғары болмақ.

Естеріңізде болса, 2019 жылғы маусымдағы президент сайлауы кезінде бірнеше қалада наразылық шерулері болған. Тәуелсіз бақылаушылар біріккен. Одан бері ешкім қарап отырған жоқ, өзара байланысты, пікір алмасты. Сондықтан Қазақстанда алдағы уақытта белсенділік тек арта түседі. Ол конструктивті бола ма, деструктивті бола ма – саяси режимге байланысты. Белсенділерге қысым мен қарсылық артса, билікке қарсылар да көбейеді.

Азаттық: Қазақстан билігі қабылдаған "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң белсенділікке қалай әсер етті?

Серік Бейсембаев: Бұл заң қоғам белсенділері тарапынан аса қолдау тапқан жоқ. "Халықаралық стандарттарға сәйкес емес, бұрынғы заңға ұқсайды" дейді. Әзірге Қазақстанда саяси рефомалар декорация ретінде ғана жүзеге асып жатыр. Митингіге шыққан азаматтар бұрынғыдай қудаланып жатыр. Баяғы шектеулер сол күйі қалды. Биліктің әрекеті өзгерген жоқ. Митингіге шыққандарға баяғы қысым әлі бар.

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Кемшілігі қандай?

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?

Азаттық: Пандемия белсенділікке қалай әсер етті?

Серік Бейсембаев: Кері әсер етті, белсенділік көп шектеліп қалды. Қоғамдық орындарда қандай да бір шара өткізуге тыйым салынды. Сондықтан карантин кезінде ешкім белсенділік таныта алған жоқ. Халықаралық сарапшылар "карантин биліктің саяси белсенділікпен күрес құралына айналуы мүмкін" деп жатыр. Мысалы, карантинді, вирусты сылтау етіп, белсенділікті төмендетуге, оған шектеу қоюға пайдалануы мүмкін. Пандемия кезінде халықтың тұрмысы төмендеп кетті, сондықтан әлеуметтік талап күшейді. Әлеуметтік талап саяси талаппен қатар жүреді. Сондықтан бұл жағдай қоғамдағы белсенділікті алға жылжытады.

Белсенділердің артықшылығы. PaperLab зерттеуінен үзінді

Мемлекеттің күші мен белсенділердің күші тең емес. Бірақ белсенділердің артықшылығы икемділігінде. Яғни, олар бюрократияның ауыр шынжырымен, жауапкершілік вертикалімен байланбаған, бастама көтеруден қорықпайды. Белсенділер жағында адам құқығының сақталарына деген сенім, цифрлы технологияны креативті қолдану мүмкіндігі, қоғамның қолдауы бар.