Еске алу шарасы Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрылған "Өзенмұнайгаз" бұрғылау жұмыстары басқармасы мекемесінің алдындағы алаңда өтті. Алайда сенбі күні мекеменің алдына күзет қойылып, күзетшілер "әлдебір тізім бойынша" адамдарды кіргізді. Олар әуелі Азаттық тілшісіне де "тізімде жоқсың" деп кіргізбеуге тырысты, жұрт наразы болған соң кіргізді. Мекемеге кіреберіс, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Мекеме алдына үш палатка тігілді. Шараға шамамен 300 шақты адам жиналды. Арасында Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының туыстары, оқиғадан зардап шеккендер, белсенділер болды. Жаңаөзен, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Билік өкілдері тарабынан шараға Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибағаров қатысты. "Бұл шараны кім ұйымдастырды?" деген Азаттық тілшісінің сауалына әкім "мекеме жұмысшылары" деп жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, жекелеген орындарда індетке байланысты бірқатар тыйымдар бар. Сол себепті мекеме жұмысшылары шараны осы жерге өткізуді ұйғарған. Жаңаөзен, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Еске алу шарасына белсенді Роза Төлетаева да келді. Роза Төлетаева – Жаңаөзен оқиғасынан соң абақтыға жабылған 13 адамның арасындағы жалғыз әйел. Жеті жылға сотталып, кейін бостандыққа шыққан Роза Төлетаева Жаңаөзен ісі бойынша сотта полицейлердің өзін азаптағанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, полицейлер тергеу барысында оны "шашынан көтеріп асып, тұншықтырған". Оның азаптау жайлы шағымы қаралмады. 11 желтоқсан күнгі еске алу шарасында ол бұл тақырыпқа әзірге оралғысы келмейтінін, Қазақстанда азаптау әлі тоқтамағанын айтты.
"Тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеген, ауыр сырқаттан үш жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі Оңайгүл Досмағамбетова (сол жақтан алғанда алдыңғы қатарда үшінші болып тұр) жиналғандар алдында сөйледі. "Қанша еске алсақ та, баламыз ортамызға оралмайды, бірақ енді мұндай қанды оқиғалар қайталанбасын" деді ол.
Еске алу шарасында мал сойылып, дастархан жайылды. Жиналғандар құрбандардың рухына құран бағыштады.
Еске алу шарасына 2011 жылы оқиға кезінде "аяғыма оқ тиді, сол кезде берілген 500 мың теңгеден басқа көмек тимеді, қазір жұмыссызбын" деген Гүлмира Хангереева есімді 35 жастағы әйел де келді. Ол өзін Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккен азаматтардың бірі ретінде таныстырды. Хангереева облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына өзін жұмысқа алуды сұрап жазған арызын әкелген. Жиналғандардың бір бөлігі оның арызын құптап, қол қойып жатты.
Жиналғандар "Жаңаөзен оқиғасы кезінде жараландым" деп мәлімдеген, облыс басшылығынан жұмысқа орналастыруды сұрап хат жазған қала тұрғыны Гүлмира Хангерееваның арызын қолдап, қол қойып жатыр.
Жұрт бұдан соң Жаңаөзен құрнбандары жерленген Теңге ауылындағы зиратқа барды. Маңғыстау облысы,11желтоқсан 2021 жыл.
Зират маңында тұрған белсенділер.
Жиналғандар оқиға құрбандарының атып атап, құран бағыштады. Белсенді Нұрлыбек Нұрғалиев 2011 жылы "қанға бөккен ауруханада алған жарасы жанына батып, ыңырсыған адамдардың үні әлі құлағымызда, бұл оқиғаны ұмытпаймыз" деді.
Жаңаөзен оқиғасы куәгерлерінің бірі болған Александр Боженко да осы зиратта жерленген. 20 жастағы Александр Боженко 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы бойынша айып тағылған мұнайшылардың ісі қаралған сот процесі кезінде тергеушілердің көрсеткен қысымына шыдамай, мұнайшыларға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын мәлімдеп, сот залында олардан кешірім сұраған еді. Осыдан кейін көп ұзамай жас жігіт жұмбақ жағдайда қаза болған. Суретте Жаңаөзен тұрғыны Нұржан Нәренов Боженконың қабірі жанында тұр.
Белсенді Мұратбай Жұмағалиев зират басында "37 адам сотталған Жаңаөзен ісінің қайта тергелуін талап етеміз. Осыған дейін екі рет Ақордаға барып, хат тапсырдық. Жаңаөзен шындығы ашылуы тиіс! Бәз-біреулер билік кеткеннен кейін немесе кейін ашылады дейді. Бұл бос әңгіме. Қазір талап етпесек, ол ешқашан ашылмайды" деді. Суретте: Жиналғандар құран оқып отыр.
Жиналғандар оқиға құрбандарына құран бағыштап жатыр.
Ауыр сырқаттан көз жұмған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің қабірі басында жұрт марқұмға құран бағыштады. Келгендер арасында марқұмның анасы Оңайгүл Досмағамбетова да бар. Маңғыстау облысы, Теңге ауылы 11 желтоқсан 2021 жыл.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін тергеушілердің азаптағанына бірінші болып шағымданғандардың бірі белсенді Роза Төлетаева.
"Өзенмұнайгаз" бұрғылау жұмыстары басқармасы мекемесі.
11 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында он жыл бұрынғы қантөгіс құрбандарын еске алды. Оған шамамен 300 адам қатысты. Жиналғандар Жаңаөзен оқиғасының шындығы ашылмағанын алға тартып, "Жаңаөзен ісінің" қайта қаралуын талап етті.