DK-41, ҰШАҚТАР ШОУЫ ЖӘНЕ ТЕГІН ТЕЛЕДИДАР
Шеру кезінде Пекин өзі жасаған Dongfeng-41 құрлықаралық зымыранын және танктерін, ұшақтарын, суасты қайықтарын көрсетті. Қытайдың әуе күштері ұшақтармен шоу жасады.
Тяньаньмэнь алаңындағы шеруді Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзиньпин (2012 жылы билікке келген) мен елдің бұрынғы жетекшілері 93 жастағы Цзян Цзэминь мен 76 жастағы Ху Цзиньтао тамашалады.
Екі сағат бойы өткен салтанатты шараға 15 мың әскери, жүз мыңдай адам қатысты. Қолдарына Қытай туын ұстаған мыңдаған көрермен қошемет көрсетіп тұрды. Шеру кезінде Гонконг полициясы Лау Чак-Кей Қытай туын ұстап шықты. Ол шілденің соңында Гонконгтегі наразылық кезінде жастарға резеңке оқ атқан.
Шеруді Қытайдың мемлекеттік телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Xinhua ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі шерудің алдында елде кедей тұратын 680 мың отбасыға отандық теледидарды тегін сыйға тартқан.
СИ ЦЗИНЬПИН НЕ ДЕДІ?
Әскери шеру кезінде сөз алған Си Цзиньпин "партия мүшелерін, әскерилерді, полицейлерді, елде тұратын ұлт өкілдерін Қытайдың 200 жылдық жоспарын жүзеге асыруға үлес қосуға" шақырды.
"Қазір социалистік Қытай әлемнің шығысындағы аяғынан нық тұрған елге айналды. Әлемде ешқандай күш біздің ұлы отанымыздың қазіргі жағдайын өзгерте алмайды. Ешкім қытай халқының алға шығуына кедергі келтіре алмайды. Қытайда өмір сүріп жатқан әр ұлттың өкілдері мен шетте жүрген қытай ұлты ұлы елімен мақтанады. Қытай бейбітшілікті, "бір ел, екі жүйе" ұстанымын сақтап, ерекше статусы бар Гонконг пен Макаоның тұрақтылығын құрметтей отырып алға жылжу керек. Қытайда өмір сүріп жатқан әр халық отанымыздың бір бүтін ел болуы үшін күресін жалғастыра береді" деді ол жұрт алдында.
Your browser doesn’t support HTML5
Партияның 70 жылдығына орай өткен шеруге шетел президенттері шақырылмады, бірақ шетелдік елшілер келді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Пекинде күзет күшейіп, танктер мен әскери техника өтетін жол бойындағы тұрғындарға терезеге қарауға тыйым салған.
ГОНКОНГТЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Қытай Коммунистік партияның мерейтойын атап өтіп жатқан тұста Қытайлық Тайпей Пекиннің "диктаторлық әрекетін" сынады. Қытайға бағынатын Тайпей "Пекиннің әрекеті әлемдегі бейбітшілікке қауіп төндіреді" деп мәлімдеді. Ал Гонконгте наразылық шарасы өтті. Қаланың бірнеше аймағында наразылар мен полицейлер қақтығысып қалды. Полицейлер көзден жас ағызатын газ қолданды. Халықаралық ақпарат агенттіктері 15 адам жараланып, ауруханаға түскенін, бір адамның халі ауыр екенін хабарлады.
Қазір Гонконгте де күзет күшейіп, сауда орындары жабық тұр.
Гонконгте маусымнан бері наразылық шарасы өтіп жатыр. Жұрт алдымен Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандай да бір іске күдікті деп тапса, оны Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына қарсы шыққан. Кейін Гонконг билігі бұл заң жобасын жойған. Бірақ халық Қытайдың Гонконгтің ісіне араласуына қарсы шығып, қала билігінен демократиялық өзгерістер талап етіп жатыр. Төрт ай ішінде полицей 1700 адамды қамаған.
Гонконгтегі шерулер – Си Цзиньпин билігі тұсындағы ең үлкен наразылық шарасы.
Қытай қазір әлемде экономика бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. Әскерінің күші жағынан алғашқы бестікке енеді. Батыс саясаткерлері Си Цзиньпин билігін "елдің Шыңжаң өңірінде аз ұлттарға, соның ішінде ұйғырлар мен қазақтарға қысым жасап жатыр" деп айыптайды.
1940 жылдары Қытайда азаматтық соғыс болып, кейін ұлтшылдар жеңіліп, Тайваньға қашқан. Олар Тайваньда Тайпей үкіметін құрады. Ал 1949 жылғы қазанның 1-і күні Мао Цзэдун Қытай халық республикасының құрылғанын жариялады.