"Билік ойлансын". Жәйремдегі жанжал сабақ болды ма?

Жәйрем кентіндегі тұрғын үйлер. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Шетелдік жұмысшылардың жапа шегуімен аяқталған Жәйрем оқиғасы ісі бойынша "жанжалды бастаған" деп танылған екі азаматтың бостандығы шектелді. Осы оқиғаға қатысы бар тараптар мен ресми дерек бойынша, "жаппай тәртіпсіздікке түрткі болатын әрекет жасады" деп танылған азамат қандай қорытындыға келді?

"БӘРІН ТҰРМЫСТЫҚ МӘСЕЛЕГЕ ӘКЕЛІП ТІРЕДІ"

Жәйрем тау-кен байыту комбинатының территориясына шабуыл жасалған күні бұрын "Ренейссанс Констракшн" халықаралық құрылыс компаниясында сапаны бақылау менеджері болып жұмыс істеген Рагим Гусейновты полиция Жәйрем кентінен асығыс алып кеткен. Көп ұзамай ол қолына құжатын ғана алып, елден кетуге мәжбүр болған.

Гусейнов Жәйремде бір жарым жыл жұмыс істеп жүріп жинаған ақшасы мен мүлкін, жеке заттарын алып үлгермеген. Шетелдік жұмысшылар тұратын құрылысшылар қалашығындағы дүниенің бәрі 2019 жылы 12 тамыздағы шабуылдан кейін бүлініп, тоналған. Сол күні жергілікті тұрғындардан құралған топ құрылыс қалашығына басып кіріп, бәрін қирата бастаған. Ресей Федерациясының азаматы Гусейнов жәбірленушілердің бірі болған.

Сол күнгі оқиғалардың ресми хронологиясына сәйкес, Жәйрем жанжалы әйелдің суретінен басталған. Бұл суретті Гусейнов жіберген.

- Кеудесі ашық қыздың арқасынан түсірілген суреттің авторы – мен. Ол жергілікті қыз емес. Осы суреттің астына "қандай сұлу" деп жазып, WhatsApp арқылы бірнеше танысыма жібердім. Жеке хабарлама көпшіліктің назарына ілінді. Жігіттердің бірі таратқан шығар. Әлгі адам суретпен бірге Жәйремде шетелдіктер жатақханасында қазақ қызын күштеп ұстап отыр деген қауесет таратқан. Ертеңіне маған белгісіз біреу хабарласты. Кездесеміз деп келістік. Жаныма қауіпсіздік қызметінің басшысын ертіп алдым. Мені кездесуге шақырған жергілікті тұрғын "Суымызды ішіп, нанымызды жеп жүргендеріңмен қоймай, біздің әйелдермен сөйлесесіңдер" деді. "Бұл сендердің әйелдерің екені қай жерде жазылып тұр?" деп сұрадым. Ол "Жарайды, кешке көреміз" деді. Қоқан-лоқы көрсетті. Осыдан кейін компания басшылығымен бірге тау-кен байыту компаниясының басшылығына бардық, - дейді Рагим Гусейнов.

Жәйремдегі жанжалдың жай-жапсары (13 тамыз 2019 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Жәйремдегі жанжалдың жай-жапсары

Гусейновтың айтуынша, оны ары қарай жергілікті полиция бөлімшесіне апарған, ал компания құқық қорғау органдарынан көмек сұраған. Полицияға Жәйрем мен Қарағандының билік өкілдері келген. Гусейнов ол күнгі оқиғалар өте тез өрбігенін еске алады.

Оларды автобуспен, мені көліктің артына салып, алып шықты.

- Халықты тыныштандыру үшін кешірім сұрап, видео жазу керегін айтты. Көнуге тура келді. Мені полиция бөлімшесінен шығарған жоқ, халық жинала бастады. Біздің құрылыс қалашығына шабуыл жасалғанын естідім. Полиция қызметкерлері "бәрі сенің кесірің" деді. Түрік компаниясының өкілдері зардап шекті. Құрылыс қалашығындағы жұмысшыларды Қарағандыға эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Оларды автобуспен, мені көліктің артына салып, алып шықты. Кейінірек басқа полиция қызметкерлерінің көлігіне отырғызып, Қарағандыға жеткізді.Қонақ үйге орналастырып, күзет қойды. Полиция қызметкерлерінің бірі менімен қалды. Психологиялық тұрғыда өзімді нашар сезіндім. Сотта Жәйрем мен Теңіздегі (Атырау облысы Теңіз вахталық кентінде 2019 жылдың маусым айында болған жанжал. Оқиға салдарынан шетелдік жұмысшылар зардап шеккен – ред.) оқиғалар ұқсас сценарий бойынша өрбіді деп айтқанымда, менен бұл мәселені көтермеуді сұрады. Түсінгенім бойынша, қазақ қоғамы ұлттық мәселелерді ауыр қабылдайды екен. Сондықтан бәрін тұрмыстық кикілжіңге әкеліп тіреді, - дейді Рагим Гусейнов.

Ол тергеу сотында түсініктеме бергеннен кейін үйіне қайтқан. Мүлік шығынын өтеу туралы арыз бермеген. Гусейнов елден тезірек кеткісі келгенін айтады. Ресейге барған бойда жұмысқа шығуды ойлаған. Бірақ компания басшылығы келіспеген. Нәтижесінде Гусейновке жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға тура келген.

23 КҮДІКТІ, 19 ЖӘБІРЛЕНУШІ, ЕКІ АЙЫПТАЛУШЫ

Бұл жанжал Қазақстан мен шетелде біраз талқыға түсті. "Алдын-ала келісім бойынша топтасып бұзақылық жасау", "алдын-ала келісім бойынша күш қолдану жолымен топтасып тонау" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істі Қарағанды облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының қызметкерлері зерттеген. Бір топ ауыл тұрғыны бұзақылық әрекет жасап, Түркия азаматтарының мүлкін ашық ұрлады деген күдікке ілінген.

Жәйремдегі жанжал кезінде түсірілген видеодан скриншот. 12 тамыз 2019 жыл.

"Қылмыстық іс бойынша Түркияның 38 азаматы жәбірленуші деп танылған. Олар тергеу сотына түсініктеме берді (кейін түсініктеме алуға мүмкіндік болмауы мүмкін деген жағдайда қолданылатын шара - ред.). 19 жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 23 күдікті анықталған. Олардың бәрі Қазақстан Республикасының азаматтары және Жәйрем кентінің тұрғындары", - деді Азаттықтың сұрағына жауап берген облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров.

"Кей жәбірленушінің полиция дұрыс әрекет етпеді" деген пікірін ескерсек, полиция жанжалдан қандай сабақ алды?" деген сұраққа департамент өкілі "тергеу барысында "қылмыстық құқықбұзушылық пен басқа да заңбұзушылыққа итермелеген жағдайларды жою бойынша ұсыныс дайындалды" деп жауап берді. Бірақ бұл ұсыныстың кімге берілгенін, ол бойынша қандай шаралар қолға алынғанын нақтылап айтпады.

Жеңілдетілген режимде өткен сотқа екі айыпталушы қатысқан. Айыпталушылар кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасасқан. Облыстық сот дерегінше, сотқа басқа тұлғаларға қатысты істер түспеген. Қаражал қалалық соты 3 маусым күні "жанжал бастады" деп айыпталған екі жергілікті тұрғын – 27 жастағы Жансерік Нысанов пен 25 жастағы Жасұлан Досбергеновты "бұзақылық" пен "күш қолданып тонау" баптары бойынша айыпты деп танып, үш жарым жылға бостандығын шектеу жазасын кескен. Үкім күшіне енген.

"КОНСТРУКТИВТІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАДЫ"

Жәйрем тау-кен байыту комбинатына иелік ететін "Казцинк" компаниясының өкілі болған оқиғадан кейін Жәйрем кентінен шығындарды өтеу талап етілмегенін, күзет күшейгенін айтады.

- Мердігерлерді алып кету және орналастыру шығынын компания өз мойнына алды. Жағдайды талдау нәтижесінде "Жәйрем тау-кен байыту комбинаты" өндірісінің аумағының күзеті, нысандар мен периметрлердің инженерлік және техникалық беріктігі күшейді, - деді компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы Евгений Фоминых.

"Қазір компанияның жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасы қалай?" деген сұраққа компания өкілі "конструктивті" деп жауап берді. Ол Жәйрем тау-кен байыту комбинатында бос орын пайда болса, бірінші кезекте жергілікті тұрғындар жұмысқа алынатынын, барлық қызметкерге бірдей еңбек шарты ұсынылатынын, жалақы көлемі орташадан жоғары екенін айтты.

Ескі Жәйрем кентіндегі қорғасын байыту фабрикасының құрылысы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

"Жәйрем тау-кен байыту комбинаты жұмысшыларының 91 пайыздан астамы Жәйрем кентінің тұрғындары (қалған жұмысшылар – басқа облыстардан келген Қазақстан азаматтары). "Казцинк" компаниялар тобында еңбек шарты мен жұмыс жүктемесі бірдей мамандықтарға тең жалақы бекітілген. Жәйрем тау-кен байыту комбинатындағы бір айлық жалақының орташа көлемі Қарағанды облысында бекітілген орташа жалақы мөлшерінен көп. Жәйрем кенті тұрғындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында "Казцинк" қаржысына 2019 жылы қарашада сұранысқа ие салалар бойынша мамандар дайындайтын дағдыларды дамыту орталығы ашылды", - деді "Казцинк" компаниясының өкілі.

Компания "төрт түрлі жұмысшы кәсібіне тегін оқытылған" 73 жергілікті тұрғынның "бір бөлігі" Жәйрем тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұрды деп мәлімдеді. Оқуды аяқтағандарды жұмысқа орналастыруды меморандумға қол қойған облыс әкімдігі міндетіне алды деп хабарлады "Казцинк" өкілі.

"ӨМІРІМДЕ БІРІНШІ РЕТ ОСЫНДАЙ ӘЛСІЗДІКТІ КӨРДІМ"

Қарағанды облысындағы қоғамдық көңіл-күйді зерттеуші әлеуметтанушы Сергей Фролов жағдайға басқаша қырынан қарайды. Ол Қазақстанда инвестиция үшін бәсеке жергілікті билікті шетелдік жұмыс берушілерге "жұмсақ" қарым-қатынас жасауға итермелейтінін айтады.

Әлеуметтанушы Сергей Фролов. Қарағанды, 19 маусым 2020 жыл.

- Көбіне интернет пен ақпарат құралдарына шыққан қайғылы жағдай немесе даулы оқиғадан кейін ғана билік "тәртіп орната бастайды". Жергілікті тұрғындар "Біз осында тұрамыз, бұл – біздің жеріміз, онда неге сырттан келгендер бізден көп жалақы алады?" деп ойлайды. Бұл олардың шамына тиеді. Елдімекен шағын болған сайын, мәселе де күрделене түседі. Компанияларға жергілікті жастарға қарағанда, дайын жұмысшыларды алған тиімді, - дейді Фролов.

Сарапшының пікірінше, елде осы негіздегі жанжалдың алдын-алу, оны шешу әдістері болмағандықтан мұндай оқиғалар тағы қайталануы әбден мүмкін.

Қазақстан билігінде әртүрлі кикілжіңдерді шешу механизмдері жоқ.

- Жастар, жұмыс берушілер мен билік арасында мүдделер қайшылығы үнемі болады. Қазақстан билігінде әртүрлі кикілжіңдерді шешу механизмдері жоқ. Бұл үшін жағдайды терең талдаудан бастап, шынайы, ықтимал проблемаларды көрсететін арнаулы индикаторлар жасап шығаруға дейін кешенді шаралар керек. Мұнда әлеуметтік ашу-ызаны шығаруға арналған "клапандарды" қосу керек, - дейді Фролов.

Сарапшының пікіріне Жәйрем жанжалының куәгері Рагим Гусейнов те қосылады. Ол Қазақстан билігі жанжалдың осындай ауқымға жетуіне жол беріп, "әлсіздік" танытты деп санайды.

- Өмірімде бірінші рет әкімдіктің, полицияның осындай әлсіздігін көрдім. Олар жалбақтап, жарамсақтанып бақты. Қылмыстық элементтердің алдында олай етуге болмайды. Билік бәрін жылы-жұмсақ күйінде тыныш қана жауып тастағысы келді. Құқық қорғау органдары жағдайға назар аударып, бір жерде құқықбұзушылық белгілері байқалса, бірден реакция білдіруі керек. Сонда тыныш болады. Жергілікті халықтың сырттан келгендерге қарым-қатынасы дұрыс болмады. Мен мұны әлеуметтік наразылықпен байланыстырамын, мүмкін адал бәсекенің болмауы әсер еткен шығар. Алдағы уақытта ондай тәртіпсіздік болмауы үшін басқа өңір азаматтарын вахтамен әкелудің орнына жастарды оқытып, жергілікті халыққа жұмыс орындарын ашу керек. Мұндай жағдайлар неге болатынын билік ойлансын, - дейді Гусейнов.

Билік бәрін жылы-жұмсақ күйінде тыныш қана жауып тастағысы келді.

2019 жылы 12 тамызда Жәйрем кентінде наразы жастар жаппай бүлік ұйымдастырып, шетелдік жұмысшыларды ұрып-соққан. Жәйрем тұрғындары жалаңаш қыздың суреті тек "сылтау" ғана екенін, ал наразылыққа әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен ауыл тұрғындары жақсы жұмыс таба алмай отырғанда, комбинатқа шетел азаматтарының жұмысқа алынуы себеп болғанын айтады.

Жанжалдан кейін көп ұзамай ақсақалдар, дін өкілдері мен жергілікті жастар мешітке жиналып, кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады. Олар видеода "Ренейссанс" компаниясы мен түрік халқынан болған оқиға үшін кешірім сұрап, жанжалға "жалған ақпарат" себеп болғанын айтты.

Бұл Қазақстандағы алғашқы жанжал емес. 2019 жазда негізінен шетелдіктерден тұратын ондаған адам Теңіз вахталық кентінде болған оқиға кезінде жапа шегіп, эвакуацияланды. Билік ол оқиғаны "тұрмыстық сипаттағы жанжал" деп атаған.

Бұл Қазақстандағы алғашқы жанжал емес. 2019 жазда Теңіз вахталық кентінде болған оқиға кезінде ондаған адам – негізінен шетелдіктер жапа шегіп, эвакуацияланды. Билік ол оқиғаны "тұрмыстық сипаттағы жанжал" деп атаған.