Астана аккредитациясы жоқ ақпарат құралдары мен журналистер жұмысына тыйым салуды ұсынып отыр

Қазақстанда аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салу ұсынылып жатыр. Үкіметтің “Масс-медиа туралы” заңына толықтырулар Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жалғасып жатқан тұста жарияланды.

Сарапшылар заңға ұсынылған жаңа толықтырулар сөз бостандығы жайын одан әрі қиындатып, Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының жабылуына әкеледі деп қауіптенеді. Депутаттар ұсынған өзгертулер күшіне енсе, сыртқы істер министрлігі “Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда” шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне аккредитация бермеу құқығына ие болады. Сондай-ақ бұл өзгеріс аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдары мен журналистеріне кәсіби қызметімен айналысуына тыйым салады.

Заң нормалары бұзылған жағдайда, шетелдік ақпарат құралдарының қызметі соттан тыс тәртіпте тоқтатылуы мүмкін. Бұл құзыретке сыртқы істер министрлігі ие болады.

26 қаңтарда медиақауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-брифингте “Құқықтық медиа орталық” заңгері Гүлмира Біржанова қазіргі ережелерді қатаңдатуға еш негіз жоқ деді.

"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова

Сарапшы пікірінше, керісінше, аккредитация процедурасын жеңілдету керек. Ал депутаттар ұсынып отырған, сыртқы істер министрлігіне ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда аккредитация туралы өтінішті қанағаттандырмау құқығын беретін бөлімді “әртүрлі түсіндіруге болады”. Онлайн-брифинг видеосын “Құқықтық медиа орталықтың” Facebook парақшасынанан көруге болады.

— Өздері сот тәртібінсіз ұлттық қауіпсіздікке қатер төніп тұр деп айта алады. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тізімге не кіретіні, бұл норманың қалай қолданылатыны түсініксіз. Бұл норманы әртүрлі түсіндіруге болады, заңнамалық өзгерісті қате қолданудан бұл құжат ақпарат құралдарын алалап, шектейтін құралға айналуы мүмкін. Заңнамалық өзгертулердің қазіргі ұсынылған күйде қабылдануына қарсымыз, — деді Біржанова.

ДЕПУТАТТЫҢ ПІКІРІ

Заңға өзгеріс енгізуді ұсынған адамдардың бірі, мәжіліс депутаты Никита Шаталов Азаттыққа телефон арқылы сұхбат беріп, бастаманың мақсатын түсіндірді. Шаталовтың айтуынша, аккредитация процедурасы өзгермейді.

— Біршама нақтылаулар енгізіп жатырмыз. Отандық ақпарат құралдары толықтай масс-медиа туралы заңға бағынады. [Шетел ақпарат құралдарының] аккредитациясын заңға енгізіп, шетел медиасына аккредитация беруге құзыретті органда заңнамалық негіздер болуы үшін бірқатар нақтылаулар қажет болды.

Депутат «ұлттық қауіпсіздікке қатер» туралы да айтты. Шаталов пен әріптестері осындай қатер төнген жағдайда, шетел ақпарат құралдары мен журналистеріне аккредитация бермеуді ұсынады.

— Мұнда бірінші кезекте, конституциялық құрылымды, Қазақстан заңдарын бұзуға шақыру және басқа да жағдайлар туралы айтылып отыр. Яғни, қоғамға немесе мемлекетке шынымен зияны тиюі мүмкін нәрселер <...> Қазақстан ақпараттық соғыс пен манипуляция құрбаны болмауы керек. Сондықтан алдын-алып жатырмыз. Норма күнделікті әрекетімізді нұсқап отырмайды. Менің ойымша, бұл норма төтенше жағдайлар кезінде керек, — деді Шаталов.

Азаттық журналистеріне заңды негізсіз аккредитация бермеу немесе аккредитация мерзімін ұзартпау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

Шаталов заңнамалық өзгерісті биліктің Азаттықты жауып, редакция журналистеріне Қазақстанда жұмыс істеуге тыйым салуға талпыныс деген бағалаумен келіспейді.

— Заңды белгілі бір басылымға арнап жазбаймыз. Басқа елдерден келіп, аккредитациямен жұмыс істейтін басқа журналист көп. Азаттыққа қарсы емеспіз. Бар болғаны медианарықта тәртіп болғанын, Қазақстан заңдары сақталғанын, фактілер мен ақпаратқа манипуляция жасалмағанын қалаймыз. Жалғыз мақсатымыз — осы, — деді депутат Шаталов.

Депутаттың сөзінше, заңда аккредитациясыз жұмыс істеуге жауапкершілік қарастырылмаған.

— Заңда ондай норма жоқ. Тек белгілі бір мәселе шешілгенше, ақпарат құралының қызметін тоқтату деген санкция ғана бар. Ірі заңбұзушылық болса, ақпарат құралын толықтай жауып тастайды.

«ӘДІЛ СӨЗ» ПІКІРІ

Депутаттар ұсынған заң жобасында “желідегі басылым мен ақпарат агенттігі” сөзін біріктіріп, интернет басылым деп атау ұсынылған. Сарапшылар бұл ақпараттық агенттіктер қызметіне қауіп төндіреді деп алаңдайды. Депутаттар үкіметтік емес ұйымдар ұсынған мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланған материалдарға белгі қою, журналистер қауіпсіздігі туралы ұсыныстарды ескермеген.

26 қаңтарда өткен брифингте медиазаңгерлер заң жобасы парламентте осы күйінде қабылданып кетсе, Қазақстан президентіне хат жазып, құжатқа вето қоюды сұраймыз деді. Желтоқсанда «Масс-медиа туралы» заң жобасы мәжілістегі бірінші оқылымда мақұлданған. Сарапшылар заң жобасын бұған дейін сынап, журналистер мен құқық қорғаушылар қарсылық білдірген.

Баспасөз құқығын қорғаушы «Әділ сөз» ұйымының төрағасы Қарлығаш Жаманқұлованың айтуынша, ұйым жұмыс тобында болып жатқан оқиғаларға, аккредитация шартына заң жүзінде өзгеріс енгізу туралы ұсынысқа баса назар аударып отыр.

— Салмақты құқықтық коллизия, заңнамалық өзгерісті әртүрлі түсінуге мүмкіндік қалыптастырып отырмағанымызға сенімді болуымыз керек. Сондықтан жаңа заң шынымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, плюрализмді шектеу мен цензураға себеп болмайды дегенге көз жеткізу үшін парламент депутаттарымен жұмысты жалғастырамыз, —дейді ол.

36 ЖУРНАЛИСКЕ АККРЕДИТАЦИЯ БЕРМЕУ

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлігін шешімін негіздеуі тиіс.

Биыл қаңтарда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады. Азаттық өз мүддесін сотта қорғайды.

Азаттық радиосы — Орталық Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыста 27 тілде хабар тарататын тәуелсіз, халықаралық ұйым. Азаттық миссиясы — билік баспасөз еркіндігін шектеп немесе тыйым салып отырған елдерде нақты, цензураға ұшырамаған жаңалықтар тарату арқылы демократиялық құндылықтар мен институттарды насихаттау. Азаттық АҚШ Конгресінің гранты негізінде қаржыландырылады. Корпорацияның редакциялық саясаты — тәуелсіз және саяси ықпалға ұшырамайды. Азаттықтың Қазақ қызметі 1953 жылы ашылды. 2008 жылы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын веб-сайт іске қосылды.

2022 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстандағы Азаттық сайттарының жұмысы баяулап немесе бұғаттауды айналып өтетін құралдарсыз мүлде ашылмай қалды.

“Шекарасыз тілшілер” халықаралық ұйымының былтыр жариялаған баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 134-орынға ие болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пунктіге төмен. Ұйым өз есептерінде Қазақстанды “ақпаратқа қолжетімділік шектелген”, “үкімет ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстағысы келеді”, “журналистер цензураға ұшырап жатыр” деп сипаттайды.