26 наурыз кешкі сағат сегізден өте Қазақстанда коронавирус алғашқы адамның өмірін алды. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 64 жастағы әйел адам көз жұмғаны белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.
Бейсенбіде Қазақстанда 33 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, дертке шалдыққандар 81-ден 113-ке күрт өсті. Елде коронавирус табылған 13 наурыздан бері бір күнде мұндай көп науқас тіркелмеген еді.
Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы
Сонымен, қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда бір адам өлімі тіркелді. Екі адам дертінен айығып, ауруханадан шықты. 26 наурыз кешкі сағат 21.30-дағы дерекке сай, елде вирус жұқтырған 108 адам ауруханада жатыр.
Елде вирус жұқтырғандардың басым бөлігі – Нұр-Сұлтан (61) мен Алматыда (40). Ал Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам емделіп жатыр.
Шымкентте коронавирус жұқтырғандар – шешесі мен баласы. 24 жастағы ер адам Шымкентке Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Онымен бірге автобуста болған 51 адамның көбі оқшауланды. Қазір олар тұрған үй массиві оқшауланды.
Бұдан бөлек, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 26 наурыздағы дерегіне сай, қазір елде 6963 адам карантинде. Оның 2164-і – ауруханада, 4799-ы – үйде.
АЛМАТЫ, НҰР-СҰЛТАН, ШЫМКЕНТТЕ ШЕКТЕУЛЕР ҚАНДАЙ?
Елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейген тұста коронавируспен күрес мемлекеттік комиссиясы Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласында 28 наурыздан бастап шектеуді күшейтпек.
Жаңадан енгізілетін шектеулер:
- Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
- Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
- Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
- Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
- Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "бұл - комендант сағаты емес" деді.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының, қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады.
Шымкентте де 28 наурыздан бастап әуежай, автовокзал, теміржол возкалы, балабақшалар жұмысы тоқтайды.
Карантин жарияланбаған аймақтардағы сауда орталықтары, базарлар мен қызмет көрсету орындары кешкі сағат бес-алтыға дейін жұмыс істей береді.
ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?
Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғанар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 26 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 520 мыңнан асты. 22 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.
Испания вирустан көз жұмғандар саны бойынша Қытайдан (3200-нан астам адам қайтыс болған) асып кетті. Бұл елде 4089 адам бақилық болды.
АҚШ-та вирустан көз жұмғандар саны мыңнан асты. Бұл елде 69 мың адам вирус жұқтырған. Қазір Америка вирус табылғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейін тұр. 26 наурызда Италияда қаза болғандар 8165 адамнан асып кетті. Бұл елде вирус жұқтырғандар Қытайға (81782) жуықтап қалды – 80539 адам.
Ал Иранда вирус анықталғандар 30 мыңға жуықтап қалды. Бұл елде вирустан 2234 адам қайтыс болды.
Қытайда бір аптадан бері вирус жұқтырғандар азайып келеді. Елде вирус жұқтырғандардың көбі шетелден келген. Вирус алғаш шыққан Хубэй провинциясындағы екі айға жуық созылған карантин алынды.
Your browser doesn’t support HTML5