Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа ("Нұр Отан" партиясының лидері әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) коронавирус жұққанын оның баспасөз қызметі хабарлады.
Назарбаевтың ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ол қазір оқшауланған.
"Назарбаевтың соңғы анализінен коронавирус табылды. Алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмысын жалғастырып жатыр" деп жазылған қысқа мәлімдемеде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус ушыққанда Назарбаев пен Қауіпсіздік кеңесі қайда кетті?
Назарбаев кейінгі күндері жұрт алдына шықпай кеткен. Ресми сайтында 3 маусымда "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының отырысына қатысқаны, БАӘ Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Әл-Джабермен кездескені жайлы хабарлама болған. 4 маусымда ресми сайт Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінде ауыс-түйіс жасағаны жайлы қысқа ақпарат жариялады. Одан кейін, 18 маусымға дейін Назарбаевтың ресми сайтында ешқандай ақпарат болмады.
Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаев қазір медицина қызметкерлерінің бақылауында екенін мәлімдеді.
Үкібай "айдың басынан Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше екіжақты кездесулер өткізіп, ресми тұлғаларды қабылдағанын, жергілікті және шетелдік басылымдарға сұхбат бергенін" хабарлады.
"Мәселен, телевизиялық түсірілімге 40-тан аса адам қатысты. Олардың арасында шетел азаматтары да болды" деді ол.
Өткен аптадан бері Қазақстан үкіметінің мүшелері мен шенеуніктер оқшауланған. Оқшауланғандар арасында премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бар.
14 маусымда елдің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов желіде тест жұққанын хабарлаған. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа да вирус жұғып, оқшауланды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли де желіде өзінің COVID-19 індетіне шалдыққанын жазған.
Уәли бүгін, 18 маусымда Facebook парақшасында "Тоқаев күнде тест тапсырып жатқанын, оның анализдерінен вирус табылмағанын" жазды.
ЕЛДЕ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙДІ
Қазақстан үкіметі елде коронавирус жұқтырғандар өршіген тұста карантин шараларын күшейтуге мәжбүр болып жатыр. Осы сенбі-жексенбі, 20-21 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қаласында сауда орталықтарының, сайда үйлерінің, желілік дүкендердің, базарлардың жұмысы тоқтайды. Тек көшедегі ашық алаңы бар тамақтану орындары жұмыс істейді. Қоғамдық көлік жұмысы шектеледі. Парк, сквер, жағалау, жағажай, аквапарктер, фитнес-орталықтар жұмысы тоқтайды. 65 жастағы тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынды.
50 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекендерде парк, сквер, жағалау, жағажай, аквапарктер жабылады. 65 жастағы тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынды.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұзда туристік орындарды жабылады. Бурабай, Қапшағай, Баянауыл туристер қабылдамайды.
Премьер-министр Мамин медициналық ұйымдарда қосымша зертханалар ашу арқылы халық арасында ПТР-тестілеуді кеңейтуді, ауруханалардағы жұқпалы және провизорлық орындардың санын арттыруды, жедел жәрдем шұғыл шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді, үйде отырған пациенттерге амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылауды жүзеге асыруды, халыққа белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
13 наурыздан бері елде вирус жұқтырғандар 22 708 адамға жетті. 9 902 адам дерттен айығып, 100 адам қайтыс болды. Тоқаев 16 наурыздан бастап елде коронавирусты тоқтату үшін төтенше жағдай жариялап, елде жаппай карантин енгізген. Бірақ 11 мамырда елде төтенше жағдай жарияланып, карантин шарттары жеңілдей бастаған. Елде пойыз, ұшақ, автобустар жұмысы қайта жанданды. Әр облыстағы блокпостар алынды.
Маусымнан бастап елде вирус жұқтырғандар көбейе бастады. Билік басында вирус жұқтырғандардың өсуін тестің көптігімен байланыстырған. Бірақ кейін «жұрт сақтық шараларын сақтамай жатыр» деп мәлімдеді.
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров "қалада жағдай қиын" екенін, күн сайын емханаларға "[коронавирус жұқтырған] 100-ден аса адам түсіп жатқанын" айтты. Қазір қалада жағдайы орташа ауыр не ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызып жатыр.
17 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қалада "жағдай ушыққанын", орын да, тест те жетпей жатқанын мойындады. Ол "жұрт бейқам жүре берсе, ауруханаларда орын жетпей, Италиядағыдай сценарий қайталануы мүмкін" деді. Қазір астана ауруханаларында 1711 адам жатыр. Қаладағы инфекциялық стационарлардағы орындардың 90 пайызы бос емес.
Екі қалада тест тапсыра алмай я жедел жәрдем шақыра алмай жүргендердің шағымы артты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жағдай қиын". Дәрігерлер үлгермей жатыр. Науқастар өз-өзін емдей бастадыБиыл сәуірде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "вирус жұқтырғандар мамырда азаяды" деп болжаған. Бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова мамырдың соңына дейін COVID-19 анықталғандар 5 мыңға жетеді деп топшылады. Бірақ Қазақстанда кейінгі екі апта бойы науқастар күрт көбейіп, Есмағамбетова болжағаннан төрт есе көп шамаға жетті.