"Древний Римдегі" төбелес. Сот қалай аяқталды?

"Древний Римдегі" төбелес бойынша сот үкімі шыққан сәт. Қарағанды, 4 қараша 2019 жыл.

Қарағандыда «Древний Рим» мейрамханасында болған төбелеске қатысты сот үкімі шықты. Бұл жанжал Қазақстанда және шетелде үлкен шуға ұласқан. Қарашаның 4-і күні шыққан сот үкімін тараптар әрқилы қабылдады. Төбелес кезінде қаза тапқан жігіттің әкесі сот үкімімен толықтай келіспеді. Оның ойынша, кейбір айыпталушыларға көп жыл берілуі керек еді. Ал сотталушының шешесі баласының кісі өлтіргеніне сенбейді.

ҚАЗА ТАПҚАН ЖІГІТТІҢ ӘКЕСІ: ҮШ ЖЫЛ АЗ

«Древний Римдегі» төбелесте көз жұмған 23 жастағы Рақымжан Женсейіт биыл үйленуді жоспарлап жүрген. Әкесінің сөзінше, ұлы спортпен шұғылданып, ережесіз жекпе-жекке қызығатын. Қарағанды облысы Новоузенка ауылында тұрған Рақымжан күзет фирмасында ауысым жетекшісі болып жұмыс істеп жүрген. Айыптау актісіне сай, төбелес болған түні Рақымжан достарының шақыруымен мейрамханаға келген. Ол «Древний Римге» жеткен сәтте төбелес басталып кеткен. Рақымжанды бірнеше адам тепкілеген. Судьяның сөзінше, «Рақымжан Жансейітті алты адам соққан. Ал айыпталушы Юсиф Нурулу үш рет пышақ тығып алған. Тағы бірі таяқпен ұрған. Қалғандары аяқ жұмсаған. Рақымжан көп қан жоғалтып, көз жұмған».

Рақымжанның әкесі Бақытжан Жансейітов кейбір айыпталушының үш жылға сотталғанымен келіспейді.

Рақымжан Жансейіт.

- Үш жыл аз. Кем дегенде төрт-бес жылға соттайды деп ойладым. Апелляцияға береміз. Басқа айыпталушыларға шыққан үкіммен келісемін. Ешкімді кешірген жоқпын. Тек Юсифтың ағасы Васиф Нурулуны бас бостандығынан айырмауды сұрадым. Олардың шешелерін аядым. Бірақ баламды Юсиф қана өлтірді дегенмен келіспеймін, - деді ол.

Сот үкімі шығатын күні тергеу изоляторында және оның маңайында күзет күшейді, көп полицей жүрді. Айыпталушыларды қолдауға әр өңірден ондаған адам келді. Олардың арасында туыстары, жақындары, таныстары бар. Сот үкімін оқып болған соң судья Шарип Сисимбаев шешімін түсіндіріп, оқиғаның қалай болғанына қайта оралды.

- Қақпаның сыртына 32 адам жүгіріп шығып, кейін қайта мейрамханаға оралған. Тергеу төбелескен әр адамның кім екенін анықтады. Мейрамхана сыртында және ішінде бейнебақылау болған. Әр адамның ісін саралап, айыпталушыларды, куәгерлерді, жәбірленушілерден сұрап, органдар оқиғаның қалай болғанын анықтады. Мейрамханаға қайта оралғандар жоспарларын талқылап, пышақтарын жасырған. Олардың арасында Юсиф Нурулу бар. Сот Рақымжан Жансейіт қаза тапқан төбелеске қатысқандарды ғана соттады. Жәбірленуші тараптың сұрауынан кейін сот Васиф Нурулуны бас бостандығынан айырған жоқ. Оны жәбірленушінің әкесі сұрады, - деді судья.

Мейрамханадағы төбелес кезінде тағы он адам зардап шеккен. Олар сот басында жәбірленуші деп танылған. Кейін олар айыпталушыларға ешқандай кінә артпайтындарын айтқан.

Сот барысында Рақымжан Жансейіттің әкесі 30 миллион теңге (77 млн доллар) моральдық шығын талап еткен. Сот үкімі шыққан күні судья бұл талапты ішінара қанағаттандырып, «айыпталушылар жәбірленушіге 5,5 миллион теңге (14 мың доллар) төлеуі тиіс» деді.

ТҮРМЕ, ШЕКТЕУ ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚ

Жаппай төбелеске байланысты 23 жастағы Юсиф Нурулуны сот айыпты деп танып, 19 жылға соттады. Прокурор оны 20 жыл бас бостандығынан айыруды және өзге сотталушылардың бәріне алты жыл түрме жазасын беруді сұраған еді. Бірақ Юсиф өзін кінәлі деп есептемейтінін айтқан. Прокурордың сөзінше, «Юсиф Жансейіттің аман қалуына мүмкіндік бермеген, сондықтан әлеуметтік желіде кейбіреулер айтып жүргендей Юсифке «жала жабылды» деп санауға болмайды».

Үкім оқылып жатқан сәтте Юсифтің анасы талықсып, жығылып қалды. Судья әйелді залдан шығаруға бұйрық берді. Әйел залдан шығып бара жатып:

- Басқа біреу өлтірді. Мұны бүкіл әлемге айтам. Ұлым кісі өлтіруші емес. Кісі өлтіруші – басқа адам. Оны бәрі білді және мыналар да білген (жәбірленуші тарапты нұсқады – ред.). Бәріңе дәлелдеймін әлі, – депжылап, айқайлады.

Үкім оқылған соң Юсиф Нурулуның шешесі Рақымжан Жансейітті өлтірген адамның кім екенін білетінін тағы қайталады. Бірақ қамау изоляторындағы ұлына қастандық жасалуы мүмкін екенін ескертіп, әзір аты-жөнін атауға қорқатынын жеткізді.

Айыпталушылар сот алдында. 12 қыркүйек 2019 жыл.

Бұдан бөлек, сот 25 жастағы Арман Оганнисян, 46 жастағы Болат Жұмамұратов, 36 жастағы Тигран Степанян мен 23 жастағы Илья Щурокты үш жылға түрме жазасын кесті. Щурок бұған дейін кепілдікпен бостандықта жүріп, сот отырыстарына үйінен келіп қатысып жүрген. Бірақ үкім оқылған күні ол сотқа келмеді. Судья осыны ескеріп, оған қатысты жеке үкім шығатынын мәлімдеді.

Судья тағы алты адамның бостандығын төрт жарым жылға шектеді әрі «олар пробациялық бақылауда болсын» деді. Олар: 26 жастағы Хачатур Оганнисян, 23 жастағы Давид Галкин, 24 жастағы Каир Надырбеков, 22 жастағы Торгом Малхасян, 25 жастағы Жасур Пиров пен негізгі айыпталушының ағасы, 26 жастағы Васиф Нурулу.

Тағы екі күдікті, 19 жастағы Армен Хачатрян мен 20 жастағы Сохак Малхасянды сот «өтемақы төледі және жәбірленуші тараппен келісімге келді» деп, қылмыстық жауаптан босатты.

- Жансейіт қаза тапқан үшінші төбелеске бұл екі сотталушының қатыспағаны анықталды. Жәбірленуші тарап оларға қатысты қылмыстық істің тоқтауына қарсы болмағанын ескеріп, сот оларды қылмыстық жауапқа тартпайды, – деді судья Сисимбаев.

Үкімге сай, 13 сотталушының төртеуі – Арменияның үш азаматы мен Өзбекстанның бір азаматы жазаларын өтеп болған соң Қазақстаннан шығарылуы тиіс. Кейін олар Қазақстанға бес жыл қайта кіре алмайды.

Сот барысында 13 айыпталушының 12-сі қамауда отырды, біреуі «кепілмен» бостандықта жүрді. Кейбір айыпталушылар кінәларын ішінара мойындады. Кейбірі айыппен мүлдем келіспейді. Қамалғандардың кейбірі «тергеу айтқанымызды бұрмалады» деп, соттан түрмеге қамамауды сұрады.

"Древний Римдегі" төбелес бойынша сот отырысы. 8 қазан 2019 жыл.

Айыптау актісіне сай, Юсуф Нурулу үш адамды, Нраек Гугурян екі адамды пышақтаған. Рақымжан Жансейіттен басқасы аман қалған. Гугурян оқиғадан соң Қазақстаннан кетіп қалған. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланып, олр Ресейдің Омск қаласында ұсталған. Ол әлі Қазақстанға экстрадицияланған жоқ. Гугурянға қатысты басқа іс ашылған.

«Древний Рим» мейрамханасындағы төбелес қоғамда наразылықты күшейткен. Қарағандыда жұрт наразылыққа шығып, кінәлілерді қатаң жазалауды сұраған. Интернет пен желіде армяндардың төбелеске қатысқаны жайлы ақпарат тараған. Қазақстан мен Армения билігі бұл тұрмыстық төбелес екенін, оған ұлтаралық сипат беруге болмайтынын мәлімдеген.