Сөз бостандығын шектеп, желіні бақылау, шенеуніктің "былығын" жасыру ма? Үкімет ұсынған заң жобасы

Үкіметке наразылық жиынында тұрған адамдар. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

Қазақстан заңдарына "жеке деректерді қорғау" және "ақпарат қауіпсіздігі" бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қоғам талқысына ұсынылды. Үкімет бұл өзгеріс дербес ақпаратты қорғап, компьютерлік зиян бағдарламамен күресу үшін қажет деп түсіндіреді. Ал құқық қорғаушылар мұның астарында цензура мен интернетті реттеу мақсаты жатыр деп санайды. Олардың сөзінше, билік бұқаралық ақпарат құралдарын шенеуніктерге жақпаған ақпаратты өшіруге мәжбүрлеуі мүмкін. Заң жобаларында тағы қандай өзгеріс бар?

Қазақстан үкіметі сәуір айында Алматы облысындағы үш ұлттық парктің ондаған гектар жерін жеке компанияларға жалға берді. Экология министрлігі сайтындағы ақпаратта жерді үш жекеменшік компания алғаны жазылған. Олар туристік нысандар салып, 14,5 млрд теңге (33 млн доллар) инвестиция құюға міндеттеме алған.

Үш компания да қызметкер саны бес адамнан аспайтын "шағын кәсіпорынға" жатады. Олардың бірі тұрғын үй салады, екіншісі жекеменшік жылжымайтын мүлікті жалға береді, ал үшіншісі әртүрлі тауар сатумен айналысады. Үш компания былтыр жарты миллион теңге салық төлеген.

Азаттық бұл ақпаратты мемлекеттік кіріс комитеті мен "Электронды үкіметтің" мәліметтер базасынан алды. Мұндай базалардан жеке компанияның иесі мен төлеген салығы туралы ақпаратты БАҚ қана емес, кез келген адам біле алады. Бірақ таяу арада жағдай өзгеруі мүмкін.

"БИЛІК ДЕРЕКТЕРДІ КІМ ЖИНАЙТЫНЫН БІЛГІСІ КЕЛЕДІ"

9 сәуірде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) "дербес деректерді қорғау" мәселелері бойынша қолданыстағы заңдарға енгізуге ұсынылатын өзгерістерді қоғам талқысына ұсынды. Ведомство ақпарат қауіпсіздігі комитетіне "дербес деректерді заңсыз жариялаған" түрлі интернет-ресурстарға (www.adata.kz, www.fa-fa.kz, "ShtrafKZBOT" телеграм-боты және т.б.) қарсы көп шағым түскенін айтты. Бірақ цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобы әлгіндей шағым көп дегенді жоққа шығарды.

Сарапшылар тобын "Құқықтық медиа орталық" қоры, Eurasian Digital Foundation, Құқық қорғаушылардың жаңа буын коалициясы секілді үкіметтік емес ұйымдар құрған. Топ өкілдері жіберген сауалға министрліктен келген жауапта жеке деректерді қорғау басқармасына жарты жылда 40 шағым түскені және олардың арасында "осы ресурстарға байланысты шағым аз" екені жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЖСН дерегіңізді кез келген адам көре алады. Бұл несімен қауіпті?

Әйтсе де, министрлік жеке интернет-ресурстар өз мәліметтер базасын жасап, "жеке тұлғаларды аты-жөні (тегі, аты, әкесінің аты) мен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы тексеретін сервистер арқылы таратып, тіпті, сатып жатыр" деп санайды.

Министрлік "дербес деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисін" енгізуді жоспарлап отыр. Онда азаматтардың дербес деректері сақталмақ. Сервис азаматтарға "дербес деректерінің пайдаланылуын бақылауға" мүмкіндік береді. Яғни сервис әлдекімнің жеке тұлғаның деректерін білгісі келетінін хабарлайды және жеке тұлға ол деректерді әлгі адамға көрсету я көрсетпеуді өзі шешеді.

Дербес деректерді жинайтындардың бәрі жеке деректер операторы саналады және арнайы реестрде тіркеледі.

Сервиске цифрлық даму министрлігі қызмет көрсетеді, ал сервистегі дербес деректер туралы ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) мемлекеттік техникалық қызметі бақылайды.

– Олар бәрін бір реестрде жинап, дербес деректерді кім жинайтынын біліп отырғысы келеді. Біз реестрдің еш мәні жоқ деп ойлаймыз. Бұл реестрге мемлекеттің әр тұрғынын, әр заңды тұлғасын енгізуге болады. Мемлекет ақпаратқа толығымен қол жеткізе алады. Егер қызметкер жаңа жұмысқа тұрса, оны да базаға енгізуі керек болады. Бұл база сервиспен біріктіріледі және кімнің қай жерде жұмыс істейтіні де көрініп тұрады. Бұл – деректердің супербазасы. Ол не үшін керек? Менің ойымша, мәселе дербес деректермен жұмыс істейтіндерді бақылауды күшейтіп, ізіне түсуде болып тұр. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетеді, – дейді цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының үйлестірушісі Арсен Әубәкіров. Оның пікірінше, мемлекет түзетулерді "дербес деректер мен құпиялықты қорғау үшін керек" деп "қулыққа басып отыр".

Бірақ құқық қорғаушыларды алаңдатып отырған өзгерістер мұнымен шектелмейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Офшор дауында Мыңбаев пен Атамқұлов аталды

"ҰМЫТУ ҚҰҚЫҒЫ". ОЛ КІМГЕ КЕРЕК?

Заң жобасында азаматтардың рұқсатынсыз жиналған деректерді ашық дереккөздерден өшіру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай құқық мемлекеттік қызметкер мен квазимемлекеттік компания қызметкерінен басқа кез келген адамға беріледі. Заң шенеуніктердің мүлкі, салық қарызы мен иелігіндегі компаниялар туралы деректерді жариялауға да тыйым салады. Яғни, бұл түзетулер шенеуніктің шетелдегі жылжымайтын мүлкі немесе офшор шоттары туралы деректерді жарияламас бұрын оның аты-жөнін атауға рұқсат алуды міндеттейді.

– Егер сайтта мақала жарияланса, оны алып тастау керек деп айтып отырғанымыз жоқ. Бұл жердегі мәселе – азаматтың өз деректерін жасыруды талап етуге құқығы бар. Мысалы, егер Руслан Кенжебекұлы Әбдіхалықов туралы мақала жарияланса, оның деректері жасырылып, мақала Нұр-Сұлтан тұрғыны, Ә.Р.К. деген азамат туралы болады. Бұл әр азаматтың заңды құқығы. Бұл – "ұмыту құқығының" бір бөлігі. Ақпаратты ғана емес, дербес деректерді жалпыға ашық ресурстардан алып тастау, – деді брифингте Азаттық тілшісінің сауалына жауап берген ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов.

"Интернет-ресурс басшысы ұсынылған идентификатор бойынша интернет-ресурстың іздеу мәліметтерінен жеке тұлға туралы ескірген немесе маңызы жоқ ақпаратты өшіріп тастауға міндетті" деп жазылған ұсынылған заң жобасында.

Баспасөзді қорғаумен айналысатын "Құқықтық медиа орталық" қорының директоры Диана Окремованың айтуынша, "ұмыту құқығы" бойынша ұсынылған түзетулер дербес деректерді сақтау саласындағы халықаралық нормаларға қайшы келеді.

– Халықаралық стандарт бойынша, "ұмыту құқығы" адамға ашық дереккөзден іздеу жүйесі арқылы дербес деректерін өшіруді талап етуге мүмкіндік береді. Оған кесірі тиюі мүмкін болса және ол дәлелденген жағдайда ғана деректерге сілтеме өшіріледі. Бұл ескірген, орынсыз, толық емес, нақтыланбаған немесе артық деректерге, уақыт өте келе сақтауға заңды негізі қалмаған ақпаратқа байланысты. Бұл жағдайда ешқандай нақтылық жоқ: қандай жағдайда өшіруді талап етуге болады, қандай кесірі тиетінін дәлелдеуі керек пе, оның танымал адам екені ескеріле ме әлде жоқ па? Егер [түзетулерді] осы қалпында қабылдаса, онда бұл ақпарат алу құқығын шектеп, сөз бостандығын тұншықтыру болмақ, – дейді Диана Окремова.

Ол "қоғам мүддесі" және "танымал адам" деген ұғым енгізуді ұсынады. Сонда ғана қоғам мүддесіне және танымал адамдарға байланысты ақпарат алуға шектеу болмайды.

–Ескірген ақпаратқа келсек... Бұл өте субъектив жағдай. Біреу үшін бұл он жыл, басқасы үшін жүз, тағы біреу үшін бір жыл болуы мүмкін. Ал "маңызы жоқ" ақпарат ше? Кім үшін? Шенеуніктің мансабы қалай өскенін зерттеп, оның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-жоғын білгісі келетін адам үшін бұл маңызды. Халықаралық стандарт бойынша, ескірген және маңызды емес ақпаратты ешкім жайдан жай өшірмейді, оның зияны дәлелденуі керек және ол қоғам мүддесіне қайшы келмеуі керек, – дейді құқық қорғаушы.

Заң жобасындағы "ұмыт қалу құқығы" өмірбаянындағы келеңсіз фактілерді өшіргісі келетін шенеуніктерге және басқа да ел алдында жүрген адамдарға тиімді дейді медиазаңгерлер. Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктерге байланысты шулы оқиғалар болған. Мысалы, әділет министрі Марат Бекетаев 2009 жылы "мас күйінде көлік жүргізген" деген күдікке ілінген.

Окремованың айтуынша, дербес деректерді пайдалануға тыйым салу цензура мен жемқорлыққа жол ашады.

– Бұл өзі туралы ақпаратты жариялауға тыйым салып, алдын ала қорғанудың өте жақсы амалы, – дейді Окремова.

Бұл пікірге сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Қалеева да қосылады.

– Бұл ең алдымен өмірбаянында шикілік бар шенеуніктер мен кәсіпкерлер үшін жасалып отыр. Ал қарапайым адамдар... егер ол аула сыпырушы болса, ол туралы ешкім жазбайды да. Бұл ешкімге қызық емес. Қоғам үшін маңызы бар адамдар туралы жазады. Танымал адамдардың өміріндегі күмәнді фактілерді жасыру кімнің кім екенін білетін болашақ ұрпаққа ғана емес, қазігі қоғамға да кесірін тигізеді. Сонымен қатар журналистік зерттеу жасау да мүмкін болмайды. Бұл беделіне нұқсан келген адамдардың өткен өмірі жайлы күмәнді фактілерді жасырып, әрі қарай мемлекет пен қоғамды басқарып жүре беруіне алып келеді, – деп қауіптенеді Қалеева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға арыз жазып, орнында қалуы "көзбояу" ма?

ХАБАРЛАМАЛАРДЫ ТАЛДАУ, VPN БҰҒАТТАУ

13 сәуірде "Ашық үкімет" сайтында ЦДИАӨМ ұсынған, 400 беттен асатын тағы бір заң жобасы жарияланды. Құқық қорғаушылар цифрландыруды дамыту және ақпарат қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасындағы бірқатар алаңдатарлық жайтқа назар аударады.

Заң жобасында "компьютерлік зиян бағдарламалар немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған ақпаратты табу мақсатында хабарламалар мазмұнының деректерін талдауға жол беріледі" деп жазылған.

Цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі, Internet Freedom Kazakhstan жобасының құқық қорғаушысы Елжан Қабышев мұндай анықтаманың түсініксіз екенін, "хабарлама" деп нені меңзеп тұрғаны белгісіз екенін айтады.

– Бұл мессенджерлердегі адамдардың өзара жазысқан хаты ма, әлде әлеуметтік желіде жарияланған пост па? Егер біріншісі болса, онда бұл пайдаланушының құпия құқығын бұзу болып саналады – конституцияда хат алмасу құпиясына кепілдік берілген, – дейді Азаттыққа пікір білдірген Елжан Қабышев.

Заң жобасында виртуалды жекеменшік желілерді – Virtual Private Network (VPN) реттеуге байланысты да өзгеріс бар. Бұл пайдаланушылардың тыйым салынған сайттарға кіре алмауы үшін жасалуы мүмкін және бұл жерде билік "Сот актілері немесе заң бойынша тыйым салынған ақпаратты таратуды болдырмауды" желеу етіп отыр.

Елжан Қабышевтың сөзінше, бұған ұқсас норма "Байланыс туралы" заңда да бар. Бірақ енді "мемлекеттік орган байланысты айналып өтудің заңды жолын жасап, жаңа нормалар енгізу арқылы интернетті бұрынғыдан да қаттырақ бақылағысы келеді".

– Жаңа түзетулер – бұл белгілі бір деңгейде интернетті реттеу. Олар VPN мен соған ұқсас субъектілерге заңды анықтама беріп, бағдарламаларды бұғаттауға арналған, бұрыннан бар негіздемені күшейтіп жатыр, – дейді құқық қорғаушы.

Түзетулерге сәйкес, мемлекет министрлік арқылы "виртуалды жекеменшік желілерді тіркеу ережесін бекітеді, сонымен қатар тіркелмеген VPN-дер мен тыйым салынған ақпараттарды алуға мүмкіндік беретін құралдардың жұмысын тоқтатады немесе үзеді".

– Министрлік VPN-дерді тіркемек, ал тіркелмегендер бұғатталып, жұмысын тоқтатады. Егер түзетулер қабылданса, олар ресурстарға мониторинг жүргізіп, VPN тіркеу туралы хабарлама жіберіп отырмақ, – деп болжайды Қабышев.

Ол мемлекет VPN иегерлерін тыйым салынған сайттардың тізімін жүктеуге міндеттеуі мүмкін. Яғни, адамдар Қазақстанда тыйым салынған ресурстарға VPN-мен де кіре алмауы ықтимал. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап ақпарат және қоғамдық даму министрлігі VPN-ді, proxy-серверлер мен анонимайзерлерді сот шешімінсіз шектей бастаған. Ресми дерек бойынша былтыр 148 ресурс пен материал бұғатталған.

Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар талқыланып жатқан заң жобаларына цифрлық даму министрлігі бастамашы болғанына күмәнданады.

– Байланыс барысында сарапшыларда заң жобасын дайындаған министрліктің өзі жағдайды толық әрі егжей-тегжейлі білмейді деген ой қалыптасты. Біздің болжауымызша, заң жобасының көп бөлігін басқа мемлекеттік органдар, әсіресе, күштік құрылымдар, ҰҚК мемлекеттік техникалық қызметімен немесе ішкі істер министрлігімен байланысты болуы мүмкін, – дейді Арсен Әубәкіров.

Оның айтуынша, бұл түзетулер ешқандай сараптамадан, әсіресе, сыбайлас жемқорлық сараптамасынан өтпеген. Әубәкіров құқық қорғаушылардың ұсынылған түзетулердің халықаралық заңнамаға сай екенін анықтау үшін сараптама жасайтынын айтты.

Дербес деректер туралы заң жобасы 23 сәуірге дейін, ал ақпараттық қауіпсіздік туралы жоба 27 сәуірге дейін қоғам талқысына ұсынылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шектеу мен қудалау тыйылмады". Қазақстандағы адам құқығының ахуалы