Тиімсіз ГЭС, бейберекет суғару, жемқорлық. Сырдарияны не құртады?

Сырдария өзені. Соғды облысы Худжанд қаласының маңы. Тәжікстан, 14 маусым, 2024 жыл.

Халықаралық "Шекарасыз өзендер" қоғамдық қорының жетекші сарапшысы Евгений Симонов Сырдариядағы экологиялық мәселелер және олардың шешу жолдары жайлы ой бөлісті.

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзен. Ол төрт мемлекет: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан жерін басып өтіп, Арал теңізіне құяды. Азаттық тілшісі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойын аралап, өзен жағасында тұратын қарапайым халықтың – балықшылар, саудагерлер мен шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып, су айдыны мәселелерін зерттеп жүрген сарапшылармен сөйлесіп қайтты.

Евгений Симонов – тұщы су экожүйелерін сақтап қалу, жаһанданудың қоршаған ортаға әсері, табиғатты қорғау үшін азаматтық қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру саласындағы эколог. Евгений Симоновпен сұхбат – "Сырдария: бастауынан сағасына дейін" арнайы жобасының алғашқы материалы.

"ЖЕМҚОР ЖОБА" СИЯҚТЫ КӨРІНЕТІН ГЭС

– Сырдария өзенінің ең үлкен мәселесі қайсы?

Сырдарияның көзге ұрып тұрған басты мәселесі – cу ресурстарының шектен тыс шығыны. Өзенді бірнеше ел қатар пайдаланады, олардың арасында су айдынын бірлесіп басқару туралы келісімдер бар. Бірақ бұл келісімдер жеткіліксіз. Өзеннің экожүйесіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Соның салдарынан Сырдария суы көп шығындалатын, мың сан тармаққа бөлінген өзенге айналды. Қарапайым тілмен айтсақ, өзен бойында Арал теңізі бассейнінде орналасқан гидротехникалық құрылым көп. Бұл жерде Сырдария бассейнін бүкіл арналарымен қоса меңзеп отырмын. Онда 100-ден астам ірі су бөгеті салынған.

Эколог Евгений Симонов

Қалыпты экожүйені, өзендегі биоалуандықты сақтаудағы ең үлкен мәселе – осы. Сырдариядағы тіршілік басқа су айдындарына кетіп жатыр. Қазір бір кездері өзенді мекендеген тірі ағзалардың бір бөлігі құрып кетті немесе жойылып кетуге шақ тұр. Көп жылдан бері тасбекіре көрінбейді (бұрын Сырдария мен Қарадарияны мекендеген бекіре тұқымдас балық, қазір толықтай жойылып кетті деген болжам бар – ред.). Бұрын сирек кездесетін тасбекіре осы өзенде жүретін. Бұған су бөгеттерін салу қатты әсер етті.

– Сырдарияның қазіргі жағдайы Орталық Азияға Совет Одағынан қалған мұра ма, әлде тәуелсіздік жылдары туған мәселе ме?

– Әр елде әртүрлі, бірақ бұл мәселе Совет Одағы тұсында пайда болған. Өкінішке қарай, Орталық Азия елдері бұдан жеткілікті сабақ алмады. Сырдария бассейнінде тағы 70 жаңа су бөгеті салынғалы жатыр. Өңір мемлекеттері мәселені одан әрі ушықтырып отыр. Бұл жобалардың арасында гидроэлектростанцияға арналған су бөгеті басым. жемқор жоба сияқты көрінетін ГЭС көп.

Сырдария бассейнін игеру бойынша негізгі жобалар Қырғызстанға тиесілі. Бішкек 40 ірі және 80 шағын су бөгетін салмақ. Екінші орында – ондаған ірі су бөгетін салуды жоспарлап отырған Өзбекстан тұр. Нарын өзеніндегі 6 су бөгеті жобасы – соңғы орында. Бұл нысан Совет Одағы тұсында салынған Қырғызстандағы Тоқтоғұл және тағы бірнеше гидроэлектр станцияның төменгі жағында орналасады. Он жыл бұрын өзеннің дәл осы бөлігін "Сырдария бастаулары" деп аталатын биоалуандық территориясы деп жариялаған еді. Өйткені мұнда сирек кездесетін балық түрлері жүретін.

Нарын өзені, Қырғызстан, 1 тамыз, 2024 жыл.

Қазақстанда жер бедеріне байланысты Сырдарияның бойына ГЭС салу мүмкіндігі жоқ. Бірақ Арыс өзенінде (Қазақстанның оңтүстігіндегі өзен, Сырдарияның оң саласы – ред.) шағын су электр станцияларына арналған кемі 20 су бөгетін салу жоспарланып жатыр. Бұл нысандар қорғауға алынған табиғи орындарға жақын орналасады. Трансшекаралық Өгем өзеніндегі жағдай тіпті қиын. Ол жақта Сайрам-Өгем ұлттық паркінің дәл ортасына ГЭС салынады. Өкінішке қарай, Қазақстан "жасыл энергия" көздерін сатып алуға мемлекеттік кепілдік беріп, шағын, тиімсіз ГЭС-тер құрылысын қолдап отыр.

– Сырдарияның Тәжікстандағы жайы қалай? Білуімше, олар жаңа ГЭС салуды жоспарлап отырған жоқ.

– Тәжікстандағы жағдай басқа. Оларда Қайрақұм және Фархад деп аталатын екі су бөгеті бар, жаңа жоба салу жоспарда жоқ. Бірақ бұл Тәжікстан билігі өзен жайын ойлап, алаңдағанынан емес, оларда гидроэнергетикалық жобаларға ресурс жоқ. Сырдарияның суы толықтай реттелген, ГЭС салуға жарайтын ірі сала жоқ.

"АУРУ ӨЗЕНДІ" ҚАЛАЙ ЕМДЕП ЖАЗУҒА БОЛАДЫ?

– Сырдарияның бойына ГЭС салғаннан қандай мәселелер тууы мүмкін?

– Біріншіден, су қоймасы эрозия процесін толықтай өзгертеді. Құрылысқа көп су шығындалады. Осыдан кей маусымдарда өзен суы азайып кетеді. Мүлде сусыз қалған учаскелер бар, бәрі каналға кетіп қалған. Мәселен, Ташкент аумағындағы Шыршық өзеніне қараңыз. Өзен Ходжикент су бөгетіне (Өзбекстандағы екінші ірі су электр станциясы, Шыршық өзенінде орналасқан – ред.) Ташкенттің электр шығынын жабу керек болғанда күніне бірнеше сағат ағады. Су айдынының өздігінен қалпына келу ықтималдығы төмен. Қалдық судың бәрі өзенге ағып жатыр, су тазартатын құрылғылар барлық жерде бірдей жақсы емес, көп жерде сүзгі мүлде жоқ. Осыдан барып өзен ластанып жатыр. Ауыл шаруашылығынан шыққан су да өзенге төгіледі. Ал онда химиялық тыңайтқыштар бар.

Гидрохимия саласының маманы емеспін, сондықтан өзеннің химиялық ластануы жайлы нақты дерек келтіре алмаймын. Бірақ бұл – үлкен мәселе және Сырдария – ауру өзен. Алдағы 20 жылға жоспарланған құрылыс жұмыстары жүзеге асса, табиғи өзен суы ағатын, адам қолы тимеген 100 километр учаске таба алмай қаласыз.

Қайраққұм су электр станциясы. Тәжікстанның Соғды облысы, 17 маусым, 2024 жыл.

– Сырдарияға гидроэнергетикалық нысандардың көптеп салыну себебі неде?

– Бұл көбіне әлеуметтік-саяси жағдаймен, басқару және шешім қабылдау сапасының төмендігімен, жемқорлықпен байланысты. Қазір гидроэнергетикалық нысандар салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бір жағынан, мұндай нысан көп, жаңасын салу қымбат. Мәселен, қазір ГЭС құрылысы күн электр станциясымен салыстырғанда 3-4 есе қымбатқа түседі. Сырдария бассейніне күн жақсы түседі. Энергетика ерекшелігін жақсы түсінбейтін адамның өзіне ГЭС төрт есе тиімсіз екені анық көрініп тұр ғой. Бұл шынымен солай, ГЭС-те өндірілетін энергия бағасы өсіп, ал күн энергиясы арзандап жатыр.

Ендеше гидроэлектростанция не үшін керек? Оның өз артықшылықтары бар: басқа көздерден өндірілетін энергия жетпегенде, ГЭС көмекке келеді. Су қоймасы бар, ал жел мен күн болмаса, суды пайдаланып, энергия өндіре аласыз. Билік дұрыс шешім қабылдаса, арзанға түсетін күн және жел электр станцияларын пайдаланып, ГЭС-ті тек энергия жетпеген кездерде ғана қолданар еді. Жел электр станциялары күн панельдерінен де арзан әрі оңай салынады.

Жанымызда күн панельдерін шығаратын Қытай бар. Қазір балама энергия көздерін дамытуға таптырмас уақыт. Бірақ күн электр станциясы құрылысынан көп ақша жей алмайсың. Күн энергиясы – өте қарапайым, оңай есептелетін экономикалық модель. Онда күтпеген, түсініксіз ештеңе жоқ. 1 киловатт қуат орташа есеппен 1 мың доллар тұрса, құрылысқа бөлінген қаржы мен шын мәнінде жұмсалған ақша арасындағы айырмашылық ары кетсе 10 пайыз болады. Ал гидроэлектростанциялар – ақша жұтатын құрдым сияқты. Әлемде ГЭС құрылысы басталғаннан нысан пайдалануға берілгенге дейін бюджет көлемі 80 пайызға өседі. Өйткені әр ГЭС – күтпеген тұстары көп, өзіндік ерекшелігі бар нысан. Постсоветтік елдердегі жағдай тіпті бөлек. Тәжікстандағы Рогун су электр станциясының бюджеті 2009 жылдан бері 3 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін өсті. Алда тағы ұлғаятыны шүбәсіз.

Фархад су электр станциясы маңындағы жоғары кернеулі электр желісі. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

Су электр станциясының қуаты климатқа, өзен ағысына тәуелді. Кей маусымда энергия көп өндірілсе, қалған кезде аз болуы мүмкін. Мәселен, құрғақшылық болды делік. Елде энергияның 80 пайызы су электр станциясынан алынатын болса, бұл экономика мен халыққа үлкен сынақ. Жыл сайын энергия тапшылығынан зардап шегетін Қырғызстан мен Тәжікстан мысалынан осыны көріп отырмыз. Сондықтан энергожүйені диверсификациялау керек. Бірақ Қырғызстан билігі халықаралық қауымдастық пен бизнес өкілдерінен жаңа су электр станцияларын салуға ақша сұрап отыр. Олар ондаған ГЭС құрылысына үлкен көлемде инвестиция тартады. Тіпті, табиғи қорғалған, құрылыс жүргізуге болмайтын учаскелердің өзін игергісі келеді.

Энергетикалық дағдарысты мұндай жолмен шешу мүмкін емес. Қырғызстанда су электр станцияларына майнинг фермалары қосылып алған. Ресми деректе ГЭС-ті елдегі энергия тапшылығын жою үшін салып жатырмыз деп айтады, шын мәнінде шағын су электр станцияларының көбі майнинг фермаларына жұмыс істейді. Қырғызстан осындай шағын ГЭС-терді табиғи қорғалған аймақтарды ескермей, еш кедергісіз және көптеп салу үшін энергетика саласында төтенше жағдай жариялаған.

СУ ҮНЕМДЕУ НЕГЕ СОНША ҚИЫН?

– Тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығындағы су ресурстарының көп шығындалуы.

– Су тапшылығындағы ең үлкен мәселе осы деуге болады. Өйткені ауыл шаруашылық жерлерін Совет Одағынан қалған ескі әдіспен суғарады. Арал теңізі соның кесірінен тартылып кеткен жоқ па?

Орталық Азия елдері суды үнемдеуге күш салып жатыр. Бұл шаралардың қаншалық тиімді екенін білмеймін. Өзбекстан суды аз тұтынатын өнімдер егуді қолдап, біраз нәтижеге жетті. Бірақ жалпы алғанда, ауыл шаруашылығындағы су тұтыну деңгейі өспесе, кеміген жоқ. Өңірде қолданылып жатқан шешімдердің бірі – су үнемдейтін технологиялар мен суды аз тұтынатын дақылдар өндірісі.

Ауыл шаруашылығы – халықтың көп бөлігі жұмыс істейтін, консервативті сала екенін ұмытпау керек. Бұл нәзік әлеуметтік-экономикалық механизмдермен бірге жүреді. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қатаң шаралар мен тыйымдар жұмыс істемейді. Авторитар елдерде су ресурстарын төменнен басқаратын белсенді қоғамдық жүйе құру қиын екені белгілі. Сондықтан билікке халықты өз жағына тартып, суды үнемдеу олардың өздеріне тиімді болатындай жағдай қалыптастыру оңай емес.

Сырдария өзені алқабындағы егістік жер. Тәжікстанның Соғды облысы, 15 маусым, 2024 жыл.

– Сіздің ұйым жайлы сөйлессек. Қазір "Шекарасыз өзендер" немен айналысып жатыр? Орталық Азия мен Сырдарияға қатысты жоспарларыңыз қандай?

– "Шекарасыз өзендер" Орталық Азияға жақында ғана келді. Жергілікті ұйымдармен бірге өзен экожүйесі қаншалық бұзылғанын анықтап, оларды қолдан келгенше сақтап қалуға тырысамыз. Сондай-ақ өзен бассейніне орасан зор шығын келтіруге сәл де болса тоқтау салатын табиғатты қорғау және экономика сипатындағы шаралар дайындап жатырмыз. Бірінші кезекте, су шаруашылығы инфрақұрылымын саналы жоспарлау және табиғат пен жергілікті халыққа қандай зиян келгенін бағалау бағытында жұмыс істегіміз келеді. Сондықтан әртүрлі зерттеулер жүргізіп, жобалармен, өзен бассейнімен танысып жатырмыз.

Әзірге Орталық Азиядағы өзендердің суббассейндеріне талдау жүргізіп, жалпыға ортақ деректер базасын жасадық. Осы арқылы қазір бар және болашақта пайда болатын су бөгеттері табиғатқа қалай әсер ететінін түсінгіміз келді. Сонда көкейкесті және кикілжің тудыруы ықтимал мәселелер белгілі болады. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қазіргі заманғы әдістерін енгізуге тырыстық. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына жататын табиғи нысандар мен қорықтарға мән береміз. Біздің сайтымыздан Орталық Азиядағы өзендердің экожүйесін игеру және қорғау жоспары, су қоймалары мен бөгеттер туралы барлық ақпаратты таба аласыз.