"Жоқ нәрсеге ақша төлегіміз келмейді". Екібастұз халқы жылуға жарымай отыр

Апат салдарынан жергілікті жылу орталығының қазандығы істен шыққан соң тастай суық үйін жылыту үшін әбігерге түскен қала тұрғындары әбден тозған жылу желісін қолда бармен жамап-жасқап, қымтап орап қойған. Екібастұз, 9 ақпан, 2023 жыл.

Қазақстанның "энергетикалық жүрегі" аталған Екібастұз былтыр қарашада жылу электр станциясында болған апаттан кейін жылуға жарымай отыр. Қала тұрғындары алдағы жазды ыстық сусыз өткізуі мүмкін. Бұл – электр энергиясы үшін көп ақша төлеуге тура келеді деген сөз. Ал мемлекет энергетикалық инфрақұрылымның ескіргені және тиісті бақылау болмағаны сияқты күрделі мәселелерді шешуі керек.

Зейнеткер Құрманғали Құнанбаевтың үш бөлмелі пәтерінде электр тогымен жылытатын пеш үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онсыз үйдің іші суып кетеді. Көбіне балалар тоңбасын деп қосады. Қаңтарда зейнеткер 40 мың теңге төлейді. Бұл – есептен кеткен қате емес, шынайы төлем құны.

Зейнеткер Құрманғали Құнанбаев. Екібастұз, 9 ақпан, 2023 жыл.

– Былтырлары айына 10-12 мың теңге келетін, қазір 40 мың теңге болды. Өйткені жылытқыш пеш қосуға мәжбүрміз, – дейді зейнеткер.

Сәтбаев көшесіндегі 8/3 мекенжайында орналасқан тұрғын үй мен оған іргелес пәтерлерде тұратын тұрғындардың бәрі биыл қаңтарда әдеттегіден бірнеше есе көп ақша төлеген. Қарашада жылу электр станциясындағы апатқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі жойылғаннан кейін бұл үйлерге сол күйі жылу берілмеген. Жылу желілері бұзылған сайын тұрғындар тіпті қоңырсалқын температураның өзіне зәру болып қалады. Суық пәтерінен кетуге мүмкіндігі барлар Ақсу, Павлодар қалаларына немесе жеке секторда тұратын, үйін көмірмен жылытатын туыстарының үйіне көшеді. Басқалары сырт киімін шешпей өмір сүріп жатыр.

– Басымызды орап, үстімізге жылы киім киіп ұйықтаймыз. Үйде шұлық, жылы гамаж, дене жылуын ұстап тұратын кеудеше киіп жүремін. Үй іші мұздай суық. Бұрын ыстық болып, терезені ашып тастайтынбыз. Қазір терезелерді қымтап, жауып тастадық. Суық болған соң, электр пешін үздіксіз қосып отырмыз. Осы айдың өзінде 20 мың теңгеге жетіп қалды. Бұл жай көп емес, өте көп! – дейді зейнеткер Людмила Зеленова.

Екібастұз қаласының тұрғыны Людмила Зеленова.

Желтоқсанда қала тұрғындары 30 градус аязда жылусыз қалғанда, электр энергиясына, орташа есеппен алғанда, 10 мың теңге төлеген. Өйткені монополист төтенше жағдайға байланысты шығындардың бір бөлігін мойнына алған. Енді екі-үш есе көп төлеуі керек. Қымбатшылықты ескерсек, бұл халықтың қалтасына көп салмақ түсіреді. Былтыр Екібастұздағы орташа жалақы 273 мың теңге болған, көбі одан аз ақша алады.

Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, қаңтарда коммуналдық төлемдерге өтемақы қарастырылмаған.

– Қиын сұрақ. Желтоқсанда шығындардың бір бөлігін "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС төледі. Қазір ол мекеме қаржыдан қиналып отыр. Сондықтан электр энергиясы үшін төлемдерге өтемақы бөлу жоспарда жоқ, – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

ҚЫСТА ЖЫЛУСЫЗ, ЖАЗДА ЫСТЫҚ СУСЫЗ

Компания жылу беру маусымы аяқталғанша мәселені шеше алмаймыз деп отыр. "Қазір тозығы жеткен желілер мен құрылғыларды ауыстыруға мүмкіндік жоқ" дейді "Павлодарэнерго" кәсіпорнының бас директоры Вадим Лесин.

"Павлодарэнерго" кәсіпорны бас директоры Вадим Лесин. Екібастұз, 7 ақпан, 2023 жыл.

– Апаттың жиі болуының бір себебі – жылыту құрылғысының беткі қабаты жанып кете береді. Бұл – жаппай су толтыру кезінде лас қалдықты шығарғанның салдары. Ол жылу магистральдары мен шақырымдарға созылатын құбырлар жарылған кезде болады. Одан бөлек, айналмалы механизм мәселесі бар. Осыдан жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттарындағы механизмдер істен шығады. Екінші себебі де бар: жөндеу жұмыстарына жеткілікті қаржы бөлінбейді, – дейді "Павлодарэнерго" бас директоры.

Екібастұз халқы қаңтар айына есептелген коммуналдық төлемдер ақысын көріп, жағасын ұстаған. Квитанция келмеген, бірақ тұрғындар жоқ жылу үшін ақша төлемейміз деп отыр. Жылу электр станциясы басшылығы жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

– Жақын күндері облыстық әкімдікпен коммуналдық төлемдерді есептеу процедурасы өтеді. Содан кейін жылу дұрыс берілмегенін ескеріп, тұрғындарға дұрыс шот жіберіледі, – деді Вадим Лесин.

Апаттан кейін жылу желісі жөнделген жерлерде жолдар әлі ретке келген жоқ. Екібастұз, Павлодар облысы, 7 ақпан, 2023 жыл.

Қазір күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ескірген желілер мен жылу электр станциясын жөндеу. 7 ақпанда премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен жиында жылу желілерінің жарамсыз тұстарын ауыстырып, жылу электр станциясын жөндеуге дайындалу мәселесі талқыланды.

Дәл сол күні үкімет өкілдері Екібастұзға барып, жылыту маусымы аяқталғанда басталатын жөндеу жұмыстарына дайындық барысымен танысып қайтты.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

– Қазір жылумен қамту жүйесіне техникалық аудит жүріп жатыр. Станцияның қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу керек. Қосымша құрылғымен өте көп жұмыс жоспарланып отыр. Төрт магистральды реконструкциядан өткізудің жоба-сметалық құжаттамасы аяқталуға жақын. Қаладағы 400 шақырым желіні жөндеудің есебі жасалды, – деді Екібастұз әкімі Аян Бейсекин.

Қазандықтарды тазарту үшін жұмысын түгел тоқтату керек. Сондықтан жұмыс жылу маусымы аяқталғаннан кейінгі уақытқа жоспарланып отыр.

Жергілікті атқарушы органдар ауқымды жөндеуге байланысты жазда қалада ыстық су болмайды деп ескертті. Демек, тұрғындар су жылыту үшін тағы да электр энергиясын пайдаланады.

Ғимараттың ішкі желісінде жиі болатын апат салдарынан Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйлер өзгелермен салыстырғанда қатты зардап шекті.

ЕЛДІҢ "ЖҮРЕГІ" ШАРШАҒАН

Қазақстанның энергетикалық жүрегі саналатын Екібастұздағы жағдай ресурс қанша көп болса да, оны дұрыс басқармаса, кез келген уақытта дағдарыс болуы мүмкін екенін көрсетті.

Екібастұздағы апаттан кейін совет өкіметі тұсында салынып, жылдар бойы жаңартылмаған жылу желілері, биліктің инфрақұрылым жұмысын дұрыс қадағаламайтыны туралы айтыла бастады. Әсіресе әкімдік жылда жылыту маусымына дайынбыз деп алғаннан кейін артынша мәселе туып жататыны сөз болды.

– Жылу электр станциясының басшысы мекеменің апатты жағдайда тұрғанын үкіметке хабарлауы керек еді. Қаржымыз жоқ деп ашық айтуы керек еді. Үкімет бұл жағдайды мүлде білген жоқ деп ойламаймын. Бірақ көз жұмып қараған сияқты. Үкімет қайдағы бір Екібастұз үшін сонша ақша жұмсағысы келмейді, – дейді Павлодар облысы монополияға қарсы комитеті сарапшылар комиссиясының мүшесі Юрий Павленко.

Қаладағы жылу орталығының қазандығы істен шыққан соң суық үйін жылыту үшін әбігерге түскен тұрғындар әбден тозған жылу желісі құбырларын қолда бармен жамап-жасқап, қымтап қойған. Екібастұз, 9 ақпан, 2023 жыл.

Павленко былтыр жазда Екібастұзда апат болуы мүмкін екенін ескерткен. Ол 2022 жылы тамызда тұрғындар мен билік өкілдеріне арнап видео жазып, жылу электр станциясының қаусаған күйіне назар аударуды сұраған. Жазда мәселеге ешкім бас ауырта қоймады, бірақ апат болған кезде бұл видео кең тарап кетті.

Кейінірек үкімет мәселе барын және ол өте өзекті екенін мойындады. Қазақстандағы 37 орталық жылу құбырының 19-ы апат жағдайында тұр. Энергетика министрлігінің есебінше, тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеуге 182 миллиард теңге кетеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жылусыз қалған Екібастұз жұрты электр ақысына алаңдайды

– Біз қордаланған мәселені жасырып үйренгенбіз. Бұл ауыр салдарға себеп болады. Оларды жоюға одан да көп қаржы кетеді. Сабақ алып, зерттеу жүргізіп, неге бұлай болғанын анықтау керек, – деді президент Касым-Жомарт Токаев желтоқсанда жасаған мәлімдемесінде.

Бұл жағдайдан қаншалық сабақ алынғаны белгісіз күйінде қалды.

Ресми зерттеу нәтижесіне қарағанда, апатқа жылу электр станциясы қызметкерлерінің қателескені себеп болған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі төтенше жағдайға саладағы жүйелі жемқорлық та себеп екенін айтқан.

Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін қалалық жылу электр станциясының иегері – Орталықазиялық электр энергетикасы корпорациясы арзан тарифпен желілерді жаңарту мүмкін емес деп мәлімдеді. Компания нысанды мемлекет иелегіне қайтаруға ниет білдіріп отыр. Билік компания ұсынысын қарап көруге уәде берді. Бірақ әзірше жылу электр станциясын мемлекет иелігіне қайтару туралы хабар жоқ.

Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығы, Павлодар облысы, 7 ақпан, 2022 жыл.

Жылу электр станциясының иелері тарифті екі есе – 107 пайыз көтеруді сұрады деген ақпарат шықты. Ұлттық экономика министрі қаңтардың аяғында үкімет бұл өтінішті орындай алмайтынын айтты. Баға көтеріледі, бірақ екі есе емес деді Әлібек Қуантыров.

"Аталған ұсыныстан төрт есе арзанға қымбаттайтын шығар. Біріншіден, Екібастұз жылу электр станциясы бойынша компания иегері жауап беруге тиіс. Шығындардың бір бөлігін бюджет, бір бөлігін тұрғындар өз мойнына алады", – деді министр.

Қуантыровтың айтуынша, жылу электр станциясының басшысы қаржыны нысанды модернизациялауға салуы керек. Шенеуніктердің сөзіне қарағанда, нысан Орталықазиялық электр энергетикасы корпорациясының қолында қалатын сияқты. Бұл корпорацияға қазақстандық Forbes тізіміне енген кәсіпкерлер Александр Клебанов пен Сергей Кан иелік етеді. Олар Қазақстандағы бұрынғы саяси элитамен тығыз байланысты ықпалды тұлғалар деп есептеледі. Кейінгі жағдайларға қарағанда, олар жаңа элитаға да жат адам емес сияқты.