Еуразия медиа форумында сөз бостандығы жайлы айтылмады

Дариға Назарбаева (оң жақтан санағанда екінші) Еуразия медиа форумында отыр. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 24-і күні Алматыда Еуразия медиа форумы аяқталды. Үш күнге созылған жиында Қазақстан немесе Орталық Азиядағы сөз бостандығы, баспасөзге қысым мәселелеріне жеке сессия арналмады. Сарапшылар бұл мемлекеттің жарнамалық жобасы деп санайды. Ұйымдастырушылар форум ғаламдық мәселелерге арналғанын алға тартады.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРНАМАЛЫҚ ЖОБАСЫ»

16-рет ұйымдастырылған форумға 60-қа жуық елден 600-ден астам делегат келді. Жиында Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөйледі. Ал форумның негізін қалаушы, ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева жиынға келгенімен, мінберге шығып, сөйлеген жоқ.

Биылғы форумның тақырыбы «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» деп аталады. Жиында жаһандану, энергетикалық дағдарыс, азық-түлік тапшылығы, ғаламдық жылыну мен медиадағы сандық жүйе сынды тақырыптар талқыланды. Бірақ Қазақстандағы сөз бостандығы, журналистердің құқығы, интернеттің бұғатталуы кең көлемде сөз болған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Биліктің қорқынышы" һәм "ұнамайтын сайттардың жолын жабу"

Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық кеңсесінің директоры, журналист Денис Кривошеев Еуразия медиа форумын «жарнамалық жоба» деп атайды. Оның сөзінше, билік ұйымдастыратын жобаларда елдегі мәселелер айтылуы екіталай.

- Мұндай форумдарда әлемдік мәселелер көтеріледі. Ал елдегі мәселелер жергілікті форумдарда талқылануы тиіс. Бұл – Қазақстанның әлемдік мәселелерді білетінін, ғаламдық мәселелерге алаңдайтынын көрсететін жарнамалық жобасы. Сондықтан форумда елдегі сөз бостандығы туралы айтылмайды, бірақ бұл мәселені көтеру керек. «Ақшаны кім төлесе, музыкаға сол тапсырыс береді» деген сөз бар. Сөз бостандығы жайлы айтқысы келетіндер қаржы тауып, бұл тақырыпты бөлек талқылауы керек, - деді ол.

Еуразия медиа форумының сессиясында халықаралық Eurasianet сайты мен The Economist журналының Қазақстандағы тілшісі Джоанна Лиллис қана елдегі сөз бостандығы мен интернет мәселесі туралы сұрақ қойды. Ол 9 мамырда Қазақстанда сайттар мен әлеуметтік желі ашылмай қалғанын, кейбір күндері кешкі 9-дан кейін елде интернетке кірудің қиындайтынын айтты.

- Ұйымдастырушылардың бұл мәселені (сөз бостандығы мен интернет мәселесі – ред.) форум бағдарламасына енгізбегені түсініксіз. Бұл медиа форум емес пе және ол Қазақстанда өтіп жатыр ғой? Екінші мәселе, форумға келген шетелдік журналистер мен белгілі адамдар бірінші президенттің қызы (Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваны айтады – ред.) ұйымдастырған шарада Қазақстандағы бұл мәселені көтермеуі де түсініксіз. Форумға келгендер Қазақстанда сөз бостандығы мүшкіл екенін, соңғы кезде интернетке кіру қиындағанын білсе керек. Бұл мәселені көтеріп, талқылағандары жөн еді, - дейді журналист.

Форум қатысушылары әлемдегі азық-түлік тапшылығы мәселесін талқылап жатыр. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.

Ресейлік саяси журналист Михаил Зыгарь Джоанна Лиллистің сұрағына жауап бере келе интернетті бұғаттау мәселесі Қазақстан мен Ресейге ортақ деп санайды.

«Ресейде саяси тақырыптар тек интернетте ғана талқыланады. Ал соңғы он жылда Ресейде ашық айтатын дәстүрлі медиа саяси себептермен жабылды. Интернетті бұғаттау Ресейдің болашағына кері әсері етеді. Ал Қазақстандағы жағдай - қателік. Жиында Қазақстандағы медианың дамыту туралы айтып жатырмыз. Бір жағынан сол медиаға соққы жасап жатыр. Интернетті жабу мүмкін емес. Жастар бәрібір жолын табады» деді ол.

Қазақстандық сарапшы Александр Аксютиц «қолданушылар жабық сайттарға кіру үшін VPN қолдана алады, бұл жерде қандай мәселе бар?»деді.

BBC арнасының бұрынғы тілшісі, Coda Story өкілі Наталья Антелава (Грузия) әуел баста Қазақстандағы сөз бостандығы ахуалына байланысты форумға келу-келмеу жайлы күдігі болғанын айтты.

Интернетті бұғаттау ақылға сыймайды. Қазақстанда он жыл тұрдым. Елдегі сөз бостандығы жағдайы жақсарып жатыр деп айта алмаймын.

«Бұл жердегі мәселе VPN-де емес. Интернетті бұғаттау ақылға сыймайды. Қазақстанда он жыл тұрдым. Елдегі сөз бостандығы жағдайы жақсарып жатыр деп айта алмаймын» деді Антелава Джоанна Лиллистің сұрағына жауап бергенде.

Форум кезінде құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те интернетті бұғаттауға назар аудартқысы келді. Ол билік интернеттің бұғатталуын қауіпсіздік деп түсінетінін, соның кесірінен адам құқығы бұзылып жатқанын айтты.

- Форумда болған қазақстандық басылымдар мемлекеттік тапсырыспен күн көреді. Олар шектен шықпайды. Сондықтан олардың негізгі мақсаты – шарадан ақпарат беру, қаржыны игеру. Сөз бостандығының жоғын осыдан-ақ көруге болар, - дейді ол.

Парламент мәжілісінің депутаты Артур Платонов Ағелеуовтің пікірімен келіспейді. Ол Қазақстанда сөз бостандығы бар деп санайды.

- Біздегі (Қазақстандағы – ред.) сөз бостандығы өзге елдерге қарағанда едәуір жақсы деп ойлаймын. Сіздің маған келіп, сұрақ қойып тұрсыз. Бұл – сөз бостандығының дәлелі. Дамыған елдерде де теракт, адамдардың өліміне әкелетін оқиғалар болып жатады. Осы кезде билік адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолдану керегін ойластыра бастайды. Адамның қауіпсіздігі мен өмірі бірінші орынға шығады. Тепе-теңдік қажет. Адамдардың қауіпсіздігі жайлы тақырыптарды да қозғауымыз керек, - дейді депутат.

«МӘСЕЛЕНІ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ӨЗІ КӨТЕРУІ ТИІС»

Форумға келген АҚШ президенті Дональд Трамптың саяси стратегиялар бойынша бұрынғы кеңесшісі Стив Беннон “Қазақстанның ішкі мәселелеріне араласқысы келмейтінін”, бірақ соңғы өзгерістер нәтижесінде азаматтардың экономикалық бостандыққа қол жеткізе бастағанын айтты.

- Мен экономистпін. Менің ойымша, қазір Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда да кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың өмірін экономикалық тұрғыда жақсартуға көңіл бөліне бастағанын көруге болады. Міне, еркіндік осыдан басталады, - деді Бэннон.

Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың пайымдауынша, сөз бостандығы мәселесін журналистер өздері көтеруі тиіс.

- Бірінші ашылу сессиясында жалпы үлкен сұрақтар қойылады, ал форум аясында болып жатқан пленарлылық сессияларда сіз журналист ретінде ондай сұрақ қоюыңыз мүмкін. Сөз бостандығы деген тек Қазақстанның ғана күрделі сұрағы емес, дүниежүзінде Америкада, Еуропа мен Ресейде де ондай сұрақтар туындап жатыр. Осындай сұрақ қою және осындай сұраққа жауап беру де сөз бостандығының бір көрінісі, - деді министр.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Еуразия медиа форумында сөз сөйлеп тұр. 23 мамыр 2019 жыл.

Ал форумның бағдарламасына елдегі сөз бостандығы мәселесі неге енбеген деген сұрағымызға Абаев «бұл сұрақты осы форум ұйымдастырушыларына қою керексіздер. Министрлік тарапынан сіздер мына сұрақты, я болмаса мынаны талқылаңдар деп айтылмайды, ондай құқығымыз да жоқ» деп жауап берді.

Жиынды ұйымдастыру комитетінің өкілі, журналист Срайыл Смайылдың сөзінше, елдегі мәселелерді ел ішінде өтетін басқа жиындарда талқылау керек.

- Егер спикерлер, я қатысып жатқан журналистер сұрап жатса, ондай мәселелер (сөз бостандығы – ред.) айтылуы мүмкін. Бұл жерде бір елдің мәселесін қарамайды. Бүкіл әлемде болып жатқан құбылыстар, өзгерістер айтылады. Ал енді біздің Қазақстандағы БАҚ-тың дамуы жөнінде ел ішінде медиа құрылтай немесе басқа да жиындар өтіп жатыр, - деді Срайыл Смайыл.

Еуразия медиа форумы Қазақстанда 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын жиынға әлем елдерінен 500-ден астам спикер келеді. Форумды "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландырады.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 158 орында тұр. Ұйым Қазақстан билігі өзіне жақпаған журналистерді қудалап, басылымдарды жауып тастайды деп сынайды.