Чехиялық маман Михал Билек жаттықтыратын Қазақстан құрамасы (FIFA рейтингінде 121-орында) іріктеу жарысында І тобында сынға түсіп, Нұр-Сұлтанда өткен алғашқы матчта Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, сенсация жасаған. Бірақ одан кейінгі матчтарда Қазақстан FIFA рейтингінде ең соңғы 209-орында тұрған Сан-Мариноны екі рет (4:0, 3:1) жеңіп, Кипрмен бір матчта тең түсті (1:1). Қалған алты ойында (Ресейден екі рет, Бельгиядан екі рет, Кипрден бір мәрте, Шотландиядан бір рет) ұтылды. Қорытындысында 10 ұпаймен Қазақстан алты команда арасында 5-орын алды, топта тек Сан-Мариноның алдында болды.
«ҚАЗАҚСТАН 15-20 ЖЫЛДА EURO ЖАРЫСЫНА ШЫҒА АЛМАЙДЫ»
Қазақстан 2002 жылы Азия футбол қауымдастығынан (AFC) Еуропа футбол қауымдастығына (UEFA) ауысқалы Еуропа біріншілігі я әлем чемпионатының іріктеу жарыстарында он ұпайдан артық жинамаған (Euro-2008 жарысында 10 ұпай болған, бірақ ол кезде топта 8 команда ойнады).
Қазақстанның Euro-2020 турниріне іріктеу жарысындағы матчтары:
- Қазақстан – Шотландия 3:0
- Қазақстан – Ресей 0:4
- Бельгия – Қазақстан 3:0
- Қазақстан – Сан-Марино 4:0
- Кипр – Қазақстан 1:1
- Ресей – Қазақстан 1:0
- Қазақстан – Кипр 1:2
- Қазақстан – Бельгия 0:2
- Сан-Марино – Қазақстан 1:4
- Шотландия – Қазақстан 3:1
FIFA рейтингінде Бельгия – бірінші орында, Ресей – 37-орында, Шотландия – 53-орында, Кипр 98-орында тұр.
Ұлттық құрама Euro-2020 жарысына жолдама алуды емес, іріктеу турнирінде он ұпайдан асып, топтағы үшінші орынға таласуды көздеген. Бірақ бұл мақсат орындалмады. Cпорт журналисі Азиз Жұмәділ «ұлттық құрама іріктеуде 10 ұпай жинап, бұрынғы рекордын қайталады деп қуануға келмес» деп санайды.
- Іріктеу жарысының жеребесі тартылып, Қазақстан Сан-Марино құрамасымен бір топқа түскенде алты ұпай алатынымыз бірден белгілі болды. Ал қалған төрт ұпайды әупірімдеп жүріп алдық. Жалпы, Қазақстан құрамасы бұл іріктеу жарысын ала-құла өткізді. Бірінші матчта Шотландияны 3:0 есебімен жеңгенде біраз жұрт таңғалған. Бірақ екінші матчта өз алаңымызда Ресейден 0:4 есебімен ұтылдық. Қазақстан бір матчта жақсы ойнаса, бір ойында мүлде ойнай алмады. Ойында тұрақтылық болмады. Мысалы, Кипрмен 1:1 есебімен тең түстік. [Кипрді] жеңуге болар еді, бірақ құрама ойыны нашар болды. Ал кейін Мәскеуде Ресейден 0:1 есебімен жеңілсек те, жақсы ойнадық, - дейді ол.
Ал футбол комментаторы Ермұхамед Мәуленнің пайымдауынша, дәл қазіргі Қазақстан құрамасының шамасы іріктеу жарыстарында 4-5 орынға жетеді. Ол ұлттық құрама ойынын дамыту үшін Қазақстан чемпионатында бәсекені арттырып, легионерлердің санын азайтуды ұсынады.
- Ұлттық құрама ойыны түбегейлі өзгерді дей алмаймын. Бұл жерде бас бапкер Михал Билекке артар кінә жоқ. Оның жұмысынан мін таба алмаймын. Себебі ол бар футболшыны матчқа шақырады. Таңдау аз. Ұлттық құрама ойыны жақсы жаққа өзгеру үшін жүйені өзгерту керек. Қазір Қазақстан премьер-лигасында 12 команда ғана ойнайды. Бұл командалардың санын көбейтіп, алаңға шығатын легионерлер санын азайту керек. Қазір ереже бойынша, Қазақстандағы әр клубтың құрамында 8 легионер бар. Оның алтауы алаңға шығады. Сонда тек қазақстандық бес ойыншы матчқа қатыса алады. Чемпионатта бір матчқа бір командадан бес ойыншы шықса, ұлттық құрамаға шақыруға лайықты ойыншы да аз болмақ. Себебі чемпионатта алаңға жиі шықпаған ойыншыда тәжірибе аз болады. Сондықтан Қазақстан ұлттық құрамасынан нәтиже болсын десек, легионерлерді азайту керек, - дейді ол.
Ермұхамед Мәуленнің ойынша, Қазақстан құрамасы алдағы 15-20 жылда Еуропа чемпионатына шыға алмайды. Оның сөзінше, ұлттық құрамада деңгейі жоғары ойыншы және болашағынан үміт күттірер жас футболшы тапшы.
- Менің ойымша, дәл қазір ұлттық құрамада Александр Меркель (Голландияның «Хераклес» клубында ойнайды), алматылық «Қайратта» ойнайтын Бауыржан Исламхан мен Ғафуржан Сүйінбаев және ресейлік «Ростовтың» футболшысы Бахтиер Зайнутдинов деген деңгейі жақсы төрт ойыншы ғана бар. Бірақ әлем чемпионатына, Еуропа біріншілігіне шығуға төрт ойыншы жетпейді. Қазақстан ойыншылары шетелдің клубтарында ойнауы керек. Сонда құрама ойыны дамиды. Ал жалпы Қазақстан футболын дамыту үшін балалар футболын дамытқан жөн. Мысалы, Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеуде Германиядан 0:5, Грекиядан 1:5 есебімен жеңілді. Екі матчта ойсырай жеңілген жас футболшылар болашақта ұлттық құрамаға келеді. Ал олардың нәтижесі осы, - дейді футбол комментаторы.
19 қарашада Қазақстан құрамасы сырт алаңда Шотландиядан 1:3 есебімен ұтылған кезде бас бапкер Михал Билек те қарсылас құрамадағы ойыншылардың шетел клубтарында ойнайтынын, сондықтан тәжірибелі екенін айтып қалды.
«Шотландия құрамасының ойыншылары мықты чемпионаттарда ойнайды, ойын темптері жоғары. Екінші таймда бізге күш пен жылдамдық жетпеді. Доптан жиі айырылып қалдық, көп қателестік. Қарсыласымыз соны жақсы пайдаланып кетті» деді Билек ойыннан соң.
Қазақстан құрамасы енді наурыз айында Өзбекстан құрамасымен жолдастық матч өткізеді деп жоспарланған.
EURO-2020 ЖАРЫСЫНА ҚАЙ ЕЛДЕР ӨТТІ?
Euro-2020 жарысы Еуропаның 12 қаласында өтеді. Жарысқа 24 құрама қатысады. Іріктеу жарысының нәтижесі бойынша Австрия, Бельгия, Англия, Дания, Германия, Италия, Португалия, Ресей, Швейцария, Түркия, Хорватия, Чехия, Финляндия, Франция, Голландия, Польша, Испания, Швеция, Украина, Уэльс шықты. Қалған төрт команда алда өтетін Ұлттар лигасы жарысында анықталады.
Еуропа чемпионаты келер жылы 12 маусым – 12 шілде аралығында болады.
2016 жылы Францияда өткен Еуропа біріншілігінде Португалия жеңіске жеткен. Бұл елдің құрамасы финалда Францияны 1:0 есебімен ұтты.