Қос басшының "билікке таласы" және Шыңжаң лагеріндегі азап

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. 23 сәуір, 2019 жыл.

Осы аптада шетел баспасөзі Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" қамалғандардың ауыр ахуалы туралы жазды. Халықаралық басылымдар бұған қоса, Қазақстандағы Қауіпсіздік кеңес басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа "консультативтік құқық" беретін президент жарлығын талдап, Shell ағылшын-голланд компаниясының "экономикалық тұрғыда тиімсіз" деп тапқан Қазақстанның екі бірдей кен орнынан кетіп жатқаны туралы жазған.

НАЗАРБАЕВ БИЛІКТІ ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛДЫ МА?

Шетел журналистері осы аптада Қазақстанда біраз сауал туындатқан президент пен экс-президенттің өкілеті мен құзыретіне қатысты даулы жарлықтың жайын талқылаған. Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet басылымының тілшісі Джоанна Лиллистің "Қазақстан: Назарбаев бақылауды қайта қолына алды" атты мақаласында "бұл таңқаларлық өзгеріс билік үшін таластың жүріп жатқанын растайды" деген қорытынды жасаған.

"Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтегі тағайындаулар бойынша жаңа шексіз билікке ие болды, бұл өзгеріс оның орнын басқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін әлсіретіп, екі басшы арасында билік үшін талас болып жатыр деген болжамдарды растай түсетін сияқты" деп жазады Eurasianet.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың даулы жарлығын Ақорданың түсіндіруіне тура келді

Автордың айтуынша, 9 қазанда қол қойылып, тек 21 қазанда жария болған президент жарлығына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев ең басты лауазымды қызметтерге үміткерлерді таңдауға "оп-оңай вето қоя алады". Осы жарлық арқылы Тоқаев "кабинеттегі министрлердің көбін, түрлі қауіпсіздік құрылымдары жетекшілерін және аймақ басшыларын өз бетімен тағайындау құқығынан бас тартып, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Назарбаевқа консультативтік құқық берді" дейді Лиллис.

Тоқаев тек қорғаныс, ішкі істер және сыртқы істер министрлерін тағайындау кезінде Назарбаевпен кеңеспеуге қақылы. Дегенмен, ол өзіне бағынышты органдардың барлығының дерлік басшыларын тағайындау кезінде экс-президенттің пікіріне құлақ асуы тиіс. Конституция бойынша елбасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Назарбаев ішкі және сыртқы саясатқа ықпал ету тетіктерін қолында сақтап қалды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев жақтастарының алдына шыққан сәті. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Автордың ойынша, Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайды, онда салынады деп, құрылысы тоқтап тұрған жеңіл рельсті көлік жолы құрылысын өткір сынау арқылы Назарбаевтың айналасындағыларға қыр көрсеткен сыңайлы. Бұл жарлық "Назарбаев пен оның маңайындағылардың Тоқаевты тежеуге тырысып жатқанын білдіретіндей" дейді автор.

АҚШ-тағы Stratfor тәуелсіз барлау агенттігі де бұл жарлыққа ерекше назар аударған. "Жағдаяттық талдау" (Situation report) айдарымен берілген шағын материалда сарапшылар бұл жарлықтың экс-президентке "басты министрлік қызметтерге тағайындауда көп ықпал ету мүмкіндігін беретінін" айтқан. Оның үстіне америкалық мамандар "бұрынғы президент билікті тапсыру жоспарына күмәндана бастаған болуы мүмкін" деген де долбар айтқан.

"Жаңа ереже Назарбаев пен Тоқаев арасындағы билік үшін күреске негіз қалап беруі ықтимал, дегенмен ресми мәлімдемелерден олардың арасында қандай да бір келіспеушілік бар екені байқалмайды" деп жазады Stratfor.

ЛАГЕРЬДЕГІ АЗАП

Британдық Independent және Business Insider басылымдарында осы аптада жарық көрген мақалаларда Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп, кейіннен Швециядан босқын мәртебесін алып, Еуропаға қоныс аударған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың басынан кешкендері баяндалады. (Independent-тегі мақала "Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі концентрациялық лагерьлерге қамалғандар жаппай зорлау мен медициналық сынаққа ұшырады дейді бұрынғы тұтқындар", Business Insider-дегі мақала "Зорлау, медициналық эксперименттер және күштеп аборт жасату: Шыңжаңдағы концентрациялық лагердегі сұмдықтарды куәгердің суреттеуі" деп аталады).

Оның оқиғасын жақында Израильдің Haaretz газеті де баяндаған, бұл материалдар сол көлемді мақалаға шолу түрінде жазылған. Израильдік басылым журналисі Сайрагүлмен Стокгольмде үш мәрте кездесіп, оның Шыңжаң лагерьлерінде көрген қиындықтары мен шеккен азабы туралы әңгімесін жазып алған.

Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі. Пекин оларды кәсіпке баулу орталығы деп атаса, лагерьді көрген куәгерлер олардың түрмеге көбірек ұқсайтынын, онда азаптау мен қысым барын айтады.

Басында қамалғандарға қытай тілін үйретуге жіберілген Сайрагүл "түрмедегілермен тілдесуге, күлуге, жылауға, олардың сұрақтарына жауап беруге тыйым салынды" дейді. Қамаудағы жағдайды сипаттаған ол "16 шаршы метр бөлмеге 20 адамның тоғытылғанын, оларға әжеттерін өтеуге деп бір ғана шелек берілгенін, оған дәрет сындыруға әр адамға күніне бар-жоғы екі минут берілгенін, ал шелектің тек күніне бір рет төгілетінін" айтады.

Сайрагүл Сауытбайдың айтуынша, лагерьдің сақшылары әйелдерді басқа әйелдердің көзінше зорлаған.

"Зорлап жатып олар басқалардың реакциясына қарап тұратын. Басқа жаққа бұрылған, көзін жұмған, ашуланған немесе үрейленген әйелдерді алып кететін, ол әйелдерді содан кейін қайтып көрмейтінбіз" дейді Сайрагүл Сауытбай Haaretz-ке берген сұхбатында. Полицейлер күн сайын әдемі қыздарды алып кететін, ол қыздарды сол түні мүлде көрмейтінбіз дейді ол.

Independent басылымының жазуынша, соңғы айларда халықаралық қауымдастық Қытайдың батысындағы лагерьлерге қатты алаңдай бастады, ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео оларды "ғасырдың қара таңбасы" деп сынға алды.

Business insider басылымының жазуынша, Шыңжаңдағы лагерь тұтқындарына түсініксіз медициналық эксперименттер жүргізіледі. Сайрагүл Сауытбайдың айтуынша, қамаудағыларға белгісіз дәрілер беріліп, ине салынған. Ол медициналық шаралардың не себепті жасалып жатқанын ешкім түсіндірмеген. Дәрі ішіп, ине салынғандардың арасында белсіз болып қалғандар, ойлау қабілеті нашарлағандар болды дейді Сайрагүл Сауытбай. Оның үстіне, түрмедегі әйелдерге күштеп түсік жасатып, олардың рұқсатынсыз жатырларына жүктіліктен сақтайтын құралдардың орнатылғаны да айтылады. Мұны Washington Post және The Believer басылымдарына берген сұхбатында басқа тұтқындар да растаған.

Шыңжаңнан келген әйел: "Түсік тастауға мәжбүр болдым" (Қазан айы, 2018 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

"Түсік тастауға мәжбүр болдым"

Түрлі болжам бойынша, Қытайдың Шыңжаң ауданындағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" бір миллионға жуық адам қамалған. Олардың көбі ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты мұсылман ұлтының өкілдері. Қытай басшылығы бұл айыптарды жоққа шығарады. Пекиннің айтуынша, бұл орталықтарда адамдар түрлі кәсіп меңгеріп шығады және "діни радикалдық ойлардан" арылады.

"Биылғы жылдың басында қамауда болғандардың басым бөлігі босатылды" дейді Қытай үкіметі. Дегенмен, Business Insider-дің жазуынша, АҚШ мемлекеттік департаменті мен Пентагон "тым жалпылама айыптарды растайтын айғақтардың табылмағанын" айтып мәлімдеме жасаған. Халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын бірнеше ел, соның ішінде Сауд Арабиясы, Қытайдың "терроризммен күрес" әдістерін қолдаған.

SHELL "ҚАЛАМҚАС" ПЕН "ХАЗАРДАН" КЕТІП ЖАТЫР

Bloomberg агенттігінің сайтында жарық көрген жаңалыққа сенсек, әлемдегі ірі энергетика концерндерінің бірі саналатын Royal Dutch Shell "тым көп шығынның кесірінен және экономикалық тұрғыда тиімсіз болғандықтан", Қазақстандағы "Хазар" және "Қаламқас" кен орындарынан кету туралы ұйғарымға келген.

Агенттіктің жазуына қарағанда, Shell "Хазар" кенішінен өзі шықса, "Қаламқас" жобасынан ол құрамына кіретін North Caspian Operating Co. халықаралық консорциумы тұтастай кеткен. "Мұны Қазақстанның энергетика министрлігіне қарасты PSA жауапкершілігі шектеулі серіктестігі растады" деп жазады Bloomberg.

"Қашаған аймағындағы сияқты бұл жерден де кетуге себеп болған жайт – жалпы саладағы шығындарды азайтуға ұмтылыс, себебі мегажобалар тез табыс келтіретін шағын жобаларға орын босатып жатыр" деп қорытады агенттік.

Қашаған кенішіндегі аралдардың бірі. Көрнекі сурет.

Бұл ақпаратты Shell-дің өзі де растаған. Ондағылардың айтуынша, "бұл жоба басқа мүмкіндіктермен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз".

"Аса ірі "Қашаған" кенішінде мұнай өндіріп жатқан компания ретінде Каспий теңізіндегі кен орындары Shell-дің қолайына жағатындай көрінген. Бірақ бұл жоба өте қиын болып шықты, Shell мен оның қасындағы компаниялар аса ыстық және суық температурамен, улы күкірт пен сутек аралас газды қоспамен күресеміз деп 50 миллиард долларға дейін жұмсады. Бұл жолы мұндай шығындарды негіздеуге болмайтын болды" деп жазады Bloomberg.

"Бұл шешімнің өзі ірі компаниялардың қоржынындағы бәсекелі жобалардың арасында аталған жобаның экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін көрсетеді. Бұл – Каспий аймағы мұнай өнеркәсібі үшін тағы бір сынақ болып тұр" деді Wood Mackenzie сарапшысы Эшли Шерман агенттікке берген сұхбатында.

Ал Қазақстанның Энергетика министрлігі "Қаламқас" жобасына жаңа инвестор іздейтінін хабарлаған. Хазар жобасына қатысып жатқан басқа компаниялар да шығатын болса, Қазақстан олардың орнына да жаңа инвестор іздемек.

"Хазар" - қайраңдағы "Жемчужный" кен орнының бір бөлігі, онда Қазақстанның мемлекеттік "Қазмұнайгаз" компаниясымен бірге Oman Oil Co. және Shell жұмыс істеп жатқан еді. Министрліктің хабарлауынша, ағылшын-голланд кәсіпорны бұл кенішке 900 миллион доллар инвестиция салған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Авторитарлық елдегі транзиттен" мұнай инвесторлары не күтеді?