ЕРТАЕВА ЛОНДОНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ
Шетел басылымдары қазақстандық RBK банктен қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың әйелі (басылымдар бұрынғы әйелі деп те жазған) Нұргүл Ертаеваның Ұлыбританиядағы сот ісі туралы жазды. Ертаева Ұлыбританиядан баспана сұрау мақсатында құқықтық фирманың қызметіне жүгініп, кейін оның "шектен тыс қымбат" екенін айтып, ақысын азайтуды сұраған. Бірақ істі жүргізген Farrer & Co оны сотқа берген.
Англия және Уэльс жоғары соты сот шығындары жөніндегі судьясының шешіміндегі мәлімет бойынша, Нұргүл Ертаева 2018 жылы маусымда "қызының университет бітіру салтанатына қатысу үшін" Ұлыбританияға барады. "Отаны Қазақстанда бұрынғы күйеуіне қарсы оқиғалар болып жатқандықтан, ол Ұлыбританиядан баспана сұрауды ұйғарады". Сөйтіп, Farrer & Co компаниясындағы орыстілді заңгер Елена Хинчинмен келісімге келеді.
"Оған бұл жұмыстың ақысы 200 мың мен 280 мың фунт-стерлинг (қазіргі бағаммен 117 – 164 млн теңге) аралығында болатыны айтылады, бұған адвокаттың және басқа үшінші тараптың гонорары кірмейді. 2020 жылғы қыркүйекте берілген соңғы шот бойынша төлем 194 мың фунт-стерлинг, төленбеген қалдық 124 мың фунт-стерлинг болған" деп жазады бұл жөнінде Ұлыбританиядағы салалық Law Society Gazette басылымы.
Мақалада заңгерлік фирма қызметі үшін сағатына 200-600 фунт-стерлинг (117 мың - 352 мың теңге) аралығында ақы алатыны айтылған.
Нұргүл Ертаева Ұлыбританиядан саяси баспана іздеп жүрген тұста Қазақстан құқық қорғау органдарының өтінішімен Мәскеуде ұсталған оның күйеуі Жомарт Ертаев Ресейден бассауға сұраған. "Алаяқтық жасады", "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иеленді" деп айыпталған Ертаев өзі саяси себеппен қудаланып жатқанын айтқан.
Ертаева да Ұлыбританиядан баспана сұрау кезінде Қазақстандағы адам құқықтарының "бұзылатынына", "әділ сот жоқтығына" назар аудартуға тырысқан, "адамгершіліктен жұрдай, кісінің қадір-қасиетін қорлайтын жағдайдағы" түрмеде отыруы мүмкін екенін айтып араша сұраған.
Дегенмен банкте жоғары лауазымды қызмет атқарып, телекоммуникация саласында ірі бизнес жүргізген әрі саяси биліктегі тұлғалардың жақын туыстарымен әріптес болған ерлі-зайыпты Ертаевтардың бұдан бұрын мұндай саяси мәлімдеме жасаған кезі болмаған.
Legal Futures басылымының жазуынша, баспана сұрау өтініші орындалуы үшін Ертаева 1951 жылғы Босқындар туралы конвенцияға сәйкес саяси қуғын-сүргінге ұшырағанына дәлел ұсынуы керек еді.
2019 жылы Қазақстанға экстрадицияланып, кейін 11 жылға сотталған Жомарт Ертаевтың жазасы биыл сәл жұмсартылып, қамау мерзімі тоғыз жылға қысқарған. Бюджеттен 143 млрд теңгеден астам қаржы (қазіргі бағаммен 336 млн доллар) жымқырды деп айыпталған оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы да шешім шыққан.
2020 жылғы қарашада сот Ертаевтан RBK банк есебіне 59 млрд теңге (138 млн доллар) тәркіледі. Қолма-қол ақшамен қоса Ертаевқа тиесілі акциялар, ұшақ, Мәскеудегі пәтер, әкімшілік ғимараттары және қымбат көліктер банктің иелігіне өткен. Бұдан бөлек Ертаев банкке 1,1 млрд теңге қолма-қол ақша және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы пәтерлерін, көліктері мен басқа да мүлкін тапсырғаны айтылған.
Нұргүл Ертаева заңгер гонорарын азайту туралы уәжінде "жан күйзелісіне, арыз беру уақытының аздығына және ағылшын тілін нашар білуіне байланысты" өзін "бейшара" сезінгенін және "британ заңгерлері алдайды дегенге сенбегенін" айтқан.
Бұған қоса ол "күйеуімнің ерекше бай екенін білді" деп заңгерлерге кінә артады.
Ал заңгер Химчин оның ештеңені түсінбейтін адам емес, "өз елінде белгілі бизнес-леди болғанын, күйеуімен бірге Қазақстан интеллигенциясының қатарына кіргенін" айтқан. Бұған қоса британ басылымы оны "ауқатты заңгер әрі тележүргізуші" деп таныстырады. Ал судья Ертаеваны "білгір, ақылды, жоғары білімді әрі өте ауқатты адам" деп сипаттайды.
Лондон соты заң фирмасының қызмет ақысын азайту жайлы Ертаеваның айтқан уәжін қисынсыз деп тауып, Farrer & Co компаниясын жақтаған.
"Ол (Ертаева – ред.) талапкер көрсететін қызметтің деңгейін білді және сол қызмет деңгейіне сай шығынды мойнына алуға дайын болды" делінген сот шешімінде.
Нұргүл Ертаева Ұлыбританиядан баспана сұрау туралы өтініш бере алды ма, ол туралы шешім шықты ма, оның қазіргі статусы қандай, бұл жағы белгісіз. Белгілісі – ол қазір басқа бір заң компаниямен жұмыс істеп жатыр.
Бұдан бұрын британ басылымдары "қаржы жымқыру ісі бойынша" Ертаевпен бірге сотталған Бақыт Ибрагимнің бұрынғы әйелі Меруерт Ибрагим (Әбдір) туралы да жазған. Меруерт Ибрагим – Қазақстан билігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, қазір Алматы қаласының әкімі болып отырған Бақытжан Сағынтаевтың қызы. Ол Еуропадан соңғы үлгідегі сән киімдерін әкелетін Net-a-Porter онлайн дүкенінің "өте маңызды сатып алушы" (Extremely important person - EIP) мәртебесіне ие болған. Ал "бұл атақты ақшаны ең көп жұмсайтындарға береді". Оның бұрынғы күйеуі Бақыт Ибрагим "ақша жымқыру ісі бойынша" Ертаевпен бірге сотталып, сегіз жылға бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленген. Биыл оның да жазасы жеңілдеп, түрме жазасы жеті жылға қысқарды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ге қатысы және Сағынтаевтың "қымбат киімге әуес" қызыАУҒАНСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАН БИДАЙ ЭКСПОРТЫНА НЕ ҚАТЫСЫ БАР?
"Ауғанстандағы бейберекет пен толқу кесірінен дәнді дақыл өндіруші басты ел – Қазақстан бидайы мен ұнын сататын басқа нарықтарды игере бастады" деп жазады Eurasianet.
АҚШ үкіметі Ауғанстанда билікті басып алған тәліптердің орталық банк резервін пайдалану мүмкіндігіне шек қойды, бұл "жағдайды тығырыққа тірейді" және "күн сайын ушығып жатқан гуманитарлық апат" кезінде "жығылған үстіне жұдырық" болады, "ал Қазақстан басты сатып алушыдан айырылады".
Басылымның жазуынша, 2020 жылы Қазақстан экспорттаған ұнның үштен екісі Ауғанстанға сатылған, бұған қоса олар бұл елден бидай да алып жүрген. Ауғандарға ұн жеткізуші және бір ірі экспортер ел – Өзбекстан, дегенмен ол да ұн тарту үшін негізінен Қазақстан бидайын пайдаланады.
Қазақстан астық одағының мәліметі бойынша, ауған нарығы жабылған жағдайда елдің 3 млн тонна бидайының тағдыры қыл үстінде қалады. "Физикалық кедергілер Қазақстанның экспорт мүмкіндігін шектейді. Әдетте басты сатып алушылар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты көрші елдер болатын, бірақ барлығының алатын өнімі Ауғанстандыкінен аз" деп жазады басылым.
Ресейдің қымбат тауарынан бас тартып, диверсификация жасауды ойлап жүрген Грузия Қазақстан үшін бір вариант болуы мүмкін.
"Грузия арзан астық сататын аңқауды іздеп жүр, бізге бұл керек емес" деді Петропавлдағы астық өңдеу компаниясының негізін қалаушы Евгений Карабанов.
Оның сөзінше, келесі бір вариант – Иран, оның үстіне құрғақшылыққа байланысты онда ұн мен бидайға сұраныс көп. Дегенмен, Иран да Ауғанстанға ұқсас, оған да халықаралық санкциялар салынған, "бұл олардың Қазақстан тасымалдаушыларына ақы төлеу мүмкіндігін шектейді" деп жазады Eurasianet.
Қытай нарығының да болашағы бұлыңғыр дейді басылым. "Пекин былтыр COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою ережесі аясында шекараны кесіп өтуде өте қиын шарттар қойып, Қазақстанға көп мәселе туғызды".
Карабановтың айтуынша, Ауғанстандағы ахуалдың кесірінен ол елдің халқы да, Қазақстанның астық экспорттаушылары да қиын жағдайда тұр. "Жағдай ауыр, әрі қарай не болатыны белгісіз" дейді Карабанов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батты