Ормандағы өмір: Қазақстан орманшылары табиғатты қалай қорғап жүр

Орманшы Болат Байғозиев. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы орманшылардың тұрмыс-тіршілігін білу үшін Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде үш күн болып қайтты. Орман шаруашылығы саласында 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Болат Байғозиев ормандағы күнделікті тірліктің қыр-сырларымен бөлісті.

Шағын ақ үй дуалмен қоршалған, арғы бетте тау өзені сарқырап ағып жатыр. Дуалдың ар жағында - шырша ағаштары қаулап өскен белестер, оның ар жағы – қар басқан тау шыңдары.

Үйдің келесі бетінде орналасқан сиықсыз сарайда екі құлын тұр. Былтыр олардың саны төртеу еді, бірақ таудан түскен қасқырлар екеуін тамақтап кеткен. Бұл жерде ұялы байланыс ұстамайды, теледидар нашар жұмыс істейді, краннан аққан бұлақ суы мұздай - жуынудың өзі қиын. Осы үйде Болат Байғозиев отбасымен бірге тұрғанына 20 жылдан асқан. Ол өзін "орманшы" деп атайды.

Орманшы Болат Байғозиев орманда жүр. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

"КОРДОНДАҒЫ" ӨМІР

1990 жылдардың соңында мамандық бойынша жұмыс табу қиын кезеңде Болат орман инспекторы болып орналасқан. Ормандағы тірлік өзіне бала кезден таныс.

— Әкем орманшы болды, жалақысы аз болатын, ал отбасымыз үлкен еді (төрт ұл, бес қыз). Сондықтан орманда жұмыс істеп, ақша табуға тырыстық. Көктемде ағаш ектік, шөп отадық, көшеттер қасындағы шөпті шаптық, жаңа ағаш отырғызатын жер әзірледік. Жақсы еңбек етіп, керек қаржыны таптық, мектепке керек-жарағымызды алдық, - дейді орманшы тауға жиналып жатқанда.

— Қазір орманшылардың жалақысы жақсы ма? - деп сұрадым.

— Жақсы деуге келмейді. Жақында 68 мыңға көтерді. Сондықтан сиыр ұстап, шаруашылықпен айналысамыз. Үй менікі десе де болады, шартқа отырғанбыз, өз күшіммен, өз қаражатыма салдым. Жарыққа өзіміз төлеп жатырмыз. Көмірді өзіміз аламыз, - дейді орманшы.

Орманшы үйі. Алматы облысы, 3 наурыз 2019 жыл.

Болаттың айтуынша, қазір тұрған үйді өз күшімен салған. 90-жылдардың соңында, орманшы болып істей бастағанда мемлекеттің тұрғын үйге ақша бөлуге шамасы жетпеген. Сол кезде Болат Жалаңаштағы үйін бұзып (Алматы облысының Райымбек ауданындағы ауыл - ред.), жұмыс орнына алып келген. Зейнетке кеткенде үйді өзіне қалдырар деп үміттенеді.

Болат Байғозиевтің иттері: Қарабек пен Борсық. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Шағын шаруашылықта сиыр мен жылқыдан бөлек, Болаттың екі иті бар: Қарабек және Борсық. Қарабек иесінің соңынан қалмайды. Тіпті Болат ескі "Нива" көлігіне отырып, орманға аттанғанда төбет көліктің алдына шығып алады, иесінің қайда бет алғанын біледі.

Ал Борсық - өте қорқақ. Үнемі тығылып жүреді. Болаттың түсіндіруінше, оны күшік кезінде қорқау қасқырлар сүйрелеп, содан қорқып қалған (үйдің қасында үнемі жыртқыштар жүреді).

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

ОРМАНШЫ СҮРЛЕУІ

Орманшы-инспектор өзіне бекітілген аумақты күзетіп, тәртіпті бақылауға тиіс, ағаштарды заңсыз кесуге жол бермейді, туристерді бақылап, от жағып, қоқыс қалдырмауын бақылайды, браконьерлерді ұстайды.

Болатпен бірге орманға аттандық. Жабайы жануарларға жем беріп, төңіректі бақылап, адам ізінің бар-жоғын тексермекпіз. Болат Байғозиевке бекітілген аумақтың көлемі – 1008 гектар жер, онда ағаштары қалың өскен белестер көп. Инспектор күн сайын ескі көлігімен немесе атпен аумақты аралап шығады. Көлік пен ат жете алмайтын жерлерге жаяу барады.

Орманшы Болат Байғозиев қалың қар кешіп барады. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

​Менің жеңіл етікпен келгенімді көрген Болат протекторы бар резеңке етік берді. Біз баратын жерге қарапайым аяқ киім жарамайды.

Сәл жүрген соң етіктің де пайдасы шамалы екенін білдік. Еріп жатқан күпсек қарға белден кіргенде етіктің брезент "бітеуіші" де көмектеспейді. Ұлтарағы шылқылдап, ылғалданған киім ауырлап кетеді, әр қадамың мұңға айналады. Сондықтан арасында дамылдап аламыз. Болат дүрбісін алып шығады, төбеден еліктер мен қабандар көрінді, олар "күннің көзіне" қыздырынуға шықты.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркіндегі еліктер.1 наурыз 2019 жыл.

Орманшы көргенін арнайы күнделікке жазады және суретке түсіреді, дүрбімен бірге мойнына сапалы цифрлық фотоаппарат асып алыпты. Ондағы флешкадан түрлі жануарларды көре аласыз, көбіне – қабандар мен еліктер; түлкі, қасқыр мен борсықтар да кездеседі.

Болат бір кездері аю және қар барысын да көргенін айтты. Орманшы барысты 18 жыл бұрын - бір-ақ рет көрген, ал аюды төрт рет көріпті. Бір рет тіпті жақыннан небәрі 50 метр жерден көрген. Орманшы сонда қатты айғайлағаннан аю қорқып, орманға қашқан. Ол қорыққаннан айғайламаған - қатты айғайдың аңды қорқытатынын жақсы білгендіктен солай жасауға мәжбүр болған.

Болат Байғозиевтің иті Қарабек камераға қарап тұр. Алматы облысы, 2 наурыз 2019 жыл.

- Бір кездері екі турист жүрді: біреуі - ұзын, екіншісі - қысқа. Оларды "Санчо-Панчо" деп атайтынмын. Тексеріс кезінде оларды үнемі көретінмін, саңырауқұлақ, жидек жинап, қалаға апарып сататын. Оларды бір рет ұстап алдым, тұзақ құрып, аң аулап жүр екен деп ойладым. Ал олар ескі бақшалардан рюкзактарын толтырып, алюминий жинап алыпты. Бір күні қарасам, қысқасы келе жатыр, ұзыны жоқ. "Досың қайда?" десем, "жоғалып кетті" дейді. Күзде тауға кетіп, оралмаған. Бір жылдан соң таудан бір етігін ғана таптық. Оны аю жеп қойды деп ойлаймын. Таудан құласа, сүйегі жатар еді. Аю денесін алып кеткен болар. Жаралы немесе өлі қалпында тауып алып, жеп қойған шығар, - дейді орманшы.

Жабайы қабандарға арналған жем. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Межелі жерге жеткенде Болат қабынан емен жаңғағы мен кесек сұр түсті тұз шығарып, қабандарға жем болсын деп тастады. Сәл демалдық. Орманшы төңіректі шола бастады.

— Қара, қара, еліктер! - деді ол алысты меңзеп.

Қарсы беттегі төбеге үңілдім, бірақ былтырдан қалған бұта-шіліктер мен қойтастарды көрдім. Бір кезде жыбырлаған затты байқап, фотоаппаратымды шығардым, үш елік жүр екен. Олар сырт көзден жасырынуды тамаша меңгерген, тек орманшының тәжірибелі көзі ғана байқай алады.

Орманшы Болат Байғозиев көлігінің жанында тұр. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Түскі астан соң қайтадан тауға көтерілдік, бұл жолы "Ниваға" отырдық. Болат оны жол талғамайтын көлікке айналдырған: артқы дөңгелектеріне мықты протектор орнатып, алдыңғы жағын шынжырмен байлаған. Ойлы-қырлы жерден өткен көліктің барлық жері сықырлайды, тот басқан "Нива" күпсек қарда гүрілдеп келеді. Бірақ бір кезде жүре алмай, қарға бата бастады. Машинаны тастап, жаяу кеттік, тағы бір аумақты аралап шығу керек.

Жолда келе жатып жабайы жануарлар туралы айттық. Бірде қабанның, бірде бұғының ізі кездеседі, оларды жақын маңнан суретке түсіргім келеді. Болаттың айтуынша, үш күн қолың бос болса, жақсы палатка алып шығып, орманда торуылдап отыруға болады. Бірақ менде палатка да, бос уақыт та жоқ, сондықтан сапарды жалғастырамыз.

Орманшының үйі. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Кешке асылған етті жеп алып, ерте ұйқыға жаттық. Таңертең бесте тұрамыз, таң атқанша тауға шығып, аралау керек, жолымыз болса, жабайы жануарларды кездестіреміз. Кешкі ас кезінде Болат отбасы туралы айтты: әйелі өзінен 14 жас кіші, оны көрші ауылдан "ұрлап" кеттім деп әзілдейді.

Үлкен ұлы колледжде оқиды, туристік базада күзетші болып істейді. 13 жастағы қызы жетінші сыныпта оқиды. Күнде таңертең әкесі не ағасы оны көлікпен мектепке апарады. Болат Байғозиевтің отбасына "кардонда" тұрған ұнайды. Қаланың шуын жақтырмаймын дейді, ал мында тыныш, таза ауа, Алматыға да оп-оңай жете алады.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі. Алматы облысы, 3 наурыз 2019 жыл.

ӘРКЕЗ САҚ БОЛУ

Таңертең орманшымен бірге тік тас шатқалы арқылы таудың төбесіне қарай өрледік, ол жерден кеше еліктерді көрген едік. Жолда жабайы аңдардың ізі бар сүрлеулер кездеседі.

— Қара, мынау түлкінің ізі, ал ана жерде қабандар жайылған, мынау қорқаудың ізі. Оның ізі түлкіге ұқсайды, бірақ табаны басқадай түседі, - дейді орманшы сыбырлап.

Мен үшін бәрінің ізі бірдей, тек қасқырдың ізін оңай танимын, үлкен итке ұқсайды. Белеске шықтық. Бұл жерде ұялы байланыс ұстайды, әлсіз болса да интернет бар, бірақ үш метр алыстасаң, қайтадан әлеммен байланыс үзіледі.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде жайылып жүрген жылқы. 3 наурыз 2019 жыл.

Бұдан соң екіге бөліндік. Болат маңайды қарау үшін жоғары көтерілді, мен еліктерді торуылдап, суретке түсірмекпін. Жарты сағат өтті, таудан көтерілген күн күйдіре бастады, еліктер сол беті көрінбеді, төбеде аттар жайылып жүр.

Төменнен бір адам көтерілді, аяғына резеңке етік киген, беліне күртесін байлаған, қолында ағаш таяғы бар. Амандасқан соң ол фотоаппаратты байқап, суреттерді көрсетуді сұрады. "Жергілікті тұрғынмын, таза ауа жұтуға шықтым" деді. Қолына фотоаппарат алған Болат келді, ол тоқтап, бізді суретке түсіре бастады. Әлгі адам теріс бұрылып, тез қоштасып, кетіп қалды.

— Оны алыстан байқадым. Күмәнді көрінді, мені көргенде күртесін шешіп, беліне байлады, бірдеңені жасырғысы келген сияқты. Мүмкін аттарды байлау үшін арқан алып шыққан болар. Серуендеп шықтым дейді, рюкзагы да, су құйған шөлмегі де жоқ, ешкім олай жүрмейді. Туристке ұқсамайды, басқаша киінген. Әйтеуір суретке түсіріп үлгердім, - деді орманшы.

Орманшы Болат Байғозиев атпен кетіп барады. 2 наурыз 2019 жыл.

Үйге оралған соң Болат көршісіне барып суреттерді көрсетті. Ол "туристі" таныпты, былтыр осы маңда жүрген жылқы ұрлаушылардың бір тобын ұстаған екен. Қазір оларды соттап жатыр. "Турист" те соларға қатысы бар күдікті саналған, бірақ оның қылмысы дәлелденбеген.

Ат ұрлаушылар браконьерлерден де жиі кездеседі, үй жануарларын өте жиі ұрлайды. Алматыға қайтатын уақыт келді. Болаттың "Нивасы" жолсыз жермен жүруге ғана жарайды, сондықтан мені көрші "кордонда" тұратын орманшы Асхат апарады.

Орманшы иті Қарабек. Алматы облысы, 1 наурыз 2019 жыл.

Ол жолда орманшылардың тез жауап қату отряды бар екенін, оны белгілі бір себептермен шақыратынын айтты.

— Біреуді ұстасақ, Медеу филиалының жедел тобына қоңырау шаламыз, олар куәгерлерді тауып, хаттама жасайды. Кейде оларды жиі шақырамыз, мастар демалғанда ешкімді тыңдамай, от жағатын кездері болады, - деді Асхат.

Ол мені шлагбаумда қалдырып, орманға кетті, ал мен интернеті, мобильді телефоны бар қалаға оралдым.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі. Алматы облысы, 2 наурыз 2019 жыл.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағы - 200 мың гектарға жуық. Аумақтағы тәртіпті 132 орманшы бақылап отыр. Жұмыс әскери емес, бірақ қауіп-қатер жетерлік: (ресми статистика бойынша) браконьерлер бұл жерде жиі кездеспейді, алайда жыртқыш аңды кездестіруге болады. Орманшылар әркез қарумен жүреді.

2018 жылы Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде 135 табиғат қорғау заңын бұзу фактісі тіркелген, соның ішінде 14-і аң аулау тәртібін бұзуға қатысты болған. Заңсыз аң аулауға қатысты екі істі полиция қызметкерлерімен бірге анықтаса, төрт істе тәртіп бұзушылардың кім екені анықталмаған. Оған қоса, тәртіп бұзушылардан 12 тегіс ұңғылы қару, екі қақпан мен бес қырғауыл тәркіленген.