Интернетті шектейтін Қазақстан: сайт бұғаттау, журналистерге шабуыл, кибербақылау

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Қазақстан үкіметі интернетті шектеп, сайттарды бұғаттап, контентті алып тастауды талап етеді. Ал журналистер түрлі шабуылға ұшырайды деп жазған Freedom House халықаралық ұйымы 4 қазанда жариялаған Freedom of Net баяндамасында. Оның авторлары қазақстандық онлайн-ресурстар Ресей билігінен Украинадағы соғыс туралы материалды алып тастауды талап еткен хаттар ала бастаған дейді.

"Қазақстанда интернет еркіндігі әлі күнге айтарлықтай шектеулі, – деп жазған Freedom House әлемдегі интернеттің ашықтығы туралы баяндамасында. – Үкімет сайттарды ұдайы бұғаттап, контентті алып тастауды бұйырады".

Конституция пікір білдіру еркіндігіне кепілдік бергенімен, басқа заңдарда және тәжірибе жүзінде бұған тыйым салынған деп есептейді баяндама авторлары. Олардың Желі еркіндігі деңгейін анықтайтын рейтингінде Қазақстан 34-орында тұр.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ, БЛОГЕРЛЕРДІ ЖӘНЕ БАҚ-ТЫ ҚУДАЛАУ

Freedom House баяндамасында Қазақстанда онлайн-медиа мен БАҚ қызметкерлеріне шабуыл, әсіресе үкіметке жақпайтын журналистерді қудалау мен оларды аңду жиілеп кеткені айтылған.

Құжат авторлары Алматыда 2022 жылдың күзінен 2023 жылдың басына дейін бірінен соң бірі жалғасқан бірнеше шабуыл болғанын алға тартты. Мысалы, Orda басылымына шошқаның басын тастап кеткен, Elmedia редакциясы орналасқан ғимараттың кіреберісіндегі әйнекті бірнеше рет сындырған, журналист Динара Егеубаеваның, Вадим Борейконың "Гиперборей" YouTube-арнасының видеооператоры Роман Егоровтың көлігін өртеп кеткен. Осыған қатысты ақпан айында күш құрылымдары Украина азаматын ұстағанын хабарлады. Айтуларынша, ол президенттің "беделін түсіруді" көздейтін шабуылдардың үйлестірушісі болған-мыс. Одан кейін билік осы іске қатысы бар тағы бірнеше адамды ұстағаны туралы есеп берді (қазір бұл істі Алматы соты баспасөз өкілдеріне жабық процесте қарап жатыр).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда журналистерге қысым күшейді. Мұның артында кім тұр? Қалай тоқтатуға болады?

Зерттеушілер басқа да шабуылдарды мысалға келтірген. 2022 жылдың шілде айында Қаңтар қырғыны кезіндегі азаптау туралы жазған Атыраудың "Дорожный контроль" газетінің журналисті Олеся Вертинскаяға біреулер үйінің жанында шабуыл жасаған. 2023 жылдың ақпанында алматылық журналист Данияр Молдабеков те соққы жегенін хабарлады. Белгісіз ер адам оған қол жұмсап, "бұдан былай жайына жүруін" талап еткен.

Журналистер интернеттегі материалдарына бола қылмыстық жауапкершілікке жиі тартылады деген Freedom House әдетте билік өкілдері сыншылардың аузын жабу үшін оларға айып тағатынын атап өтті. Баяндамада қазір қамауда отырған ND YouTube арнасының авторы, журналист Думан Мухамедкәрім қудалауға қалай ұшырағаны да айтылған. Авторлар Думан Мұхаметкәрім депутат сайлауына түскен кезде өзі "жалған" деп есептеген сайлаудың ресми қорытындысына қарсы шығуға үндегені үшін бірнеше рет 25 күнге әкімшілік қамауға алынғанын еске салды.

Freedom House сонымен қатар журналистер Махамбет Әбжан мен Михаил Козачковке қатысты қылмыстық істер туралы да жазған.

Интернеттегі жазбасы үшін қудалауға ұшырайтын журналистер ғана емес дейді Freedom House ұйымы. Былтыр тамызда Степногорск белсендісі Айя Сәдуақасова Қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік желіде "көрінеу жалған ақпарат таратты" және тыйым салынған ұйымға қатысты деген айыппен үш жылға бостандығынан айырылды.

2022 жылдың наурызында блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевты Facebook-тегі посты үшін "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыптап, бес жылға түрмеге қамады. Екеуі де Қазақстан үкіметін сынап, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптайтын пікірлер жазып жүретін.

Freedom House кибербақылауға бөлек тоқталған. Сонымен қатар ол 2021 жылы Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығының (OCCRP) зерттеушілері Қазақстан үкіметі мыңдаған қазақстандық нөмірді бақылау үшін Pegasus шпион бағдарламасы құралын пайдаланғаны туралы материал жариялағанын айтты. Кибершабуылдың нысанасына кемінде екі журналист іліккен.

2021 жылдың қарашасында "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының алты белсендісі Apple компаниясынан "құрылғыларыңызды Pegasus бағдарламасы бұзған болуы мүмкін деген" ескерту алған. Amnesty International ұйымының зерттеуі төрт белсендінің құрылғысына шпион бағдарлама қойылғанын растады.

2022 жылдың маусымында тіркелмеген оппозициялық Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай телефонына Android құрылғыларынан аудио жазып, ақпарат алуға мүмкіндік беретін Нermit тыңшы бағдарлама қойылғанын хабарлады.

ОНЛАЙН-РЕСУРСТАРДЫ БҰҒАТТАУ

2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың мамыры аралығын қамтитын баяндамада үкіметке қарсы наразылықтар кезінде билік интернет қолдануды шектеп тастайтыны айтылған. Бірақ Қанды қаңтар кезіндегідей интернет толық өшірілмеген. Ол кезде билік "террористермен" күрес үшін лажсыз солай істедік деп ақталған еді.

"Белгілі бір құқықтық механизмдер Үкіметке телекоммуникация желілерін қалауынша тоқтата тұруға мүмкіндік береді", – деп жазады баяндама авторлары. Олардың сөзінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төтенше жағдайлар кезінде "байланыс құралдары мен интернеттің" жұмысын тоқтата тұру құзіретіне ие, ал Бас прокуратура таратылған ақпарат "жеке тұлғаның, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне" зиян келтіреді деп есептесе, сот шешімінсіз ресурстарды бұғаттап тастауға құқылы.

2022 жылы қазан мен қараша айларында, шамамен мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтетін кезде, интернет қолданушылар Азаттық, ВВС және басқа да ресурстарға, соның ішінде YouTube-ке кіру қиындағанын жарыса жазды делінген баяндамада (Азаттық троттлингке ұшырады, яғни сайт парақшасын жүктеу әдейі баяулатылған).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ OONI: Азаттық сайттарына бұғаттаудың жымысқы әдісі қолданылған

Қазақстанда заңсыз бұғаттау кең таралған тәжірибеге айналған, ал веб-сайттарды бұғаттау және контентті өшіру процедурасы бұлыңғыр деп есептейді Freedom House ұйымы.

"Үкіметтің қолында онлайн-контентті бұғаттайтын толық құзірет бар, оған қоса ол интернет-провайдерлерді "заңсыз материалды" оқуды шектеуге мәжбүрлей алады. Егер интернет-провайдерлер контентті уақытында бұғаттамаса, Мемлекеттік техникалық қызмет өзі-ақ жауып тастайды", – делінген баяндамада.

Үкімет 2022 жылы 774 сұраныс түсіп, 14 469 парақша бұғатталғанын хабарлады. Оның тек 241-і kz доменімен тіркелген. 2023 жылдың қаңтарынан мамырына дейін тағы 6175 парақша бұғатталса, оның 6047-сі шетелдік. Бұғаттаудың басты себептері – жалған ақпарат тарату, терроризм мен экстремизмді насихаттау, авторлық құқықты бұзу, сондай-ақ порнография, суицид, есірткі және құмар ойындарға қатысты контент орналастыру.

2022 жылы қазанда Талғар аудандық соты прокурордың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сайтын бұғаттау туралы өтінішін қанағаттандырды, өйткені бұл ресурстағы жаңалықтардың бірі "суицидті насихаттаған". Кейінірек, ұйым әлгі даулы материалға өзгерістер енгізген соң сайт қайта ашылды.

Қазақстанда петицияларға арналған Change.org сайты мен кейбір шетелдік БАҚ сайттары бұғатталған, оның ішінде қырғыздың Kloop және "Ферғана", "Медуза" атты орыс тілді жаңалықтар сайты бар.

Қолданушылар бұғаттауды айналып өту үшін VPN (виртуалды жеке желілер) пайдаланады, бірақ билік бұл желілерді де бұғаттайды дейді зерттеушілер.

Қазақстан билігі контентті өшіруге мәжбүрлеу үшін түрлі техникалық құралдарды пайдаланады делінген баяндамада. Олар БАҚ-қа тікелей қысым көрсетіп, жарияланған материалдарды алып тастауға көндіреді. Мемлекеттік емес ірі интернет-басылымдардың біразының үкіметте отырған шенеуніктерге немесе кәсіпкерлерге қатысы бар және мемлекеттен тапсырыс алады.

Баяндама авторлары интернет байланысы монополия астында және ол де-факто "Қазақтелекомның" қолында дейді. Бұл ұлттық компания байланыс нарығында басым рөлге ие және мемлекеттің тікелей бақылауында. Баяндамада сондай-ақ, бұрын Люксембургте тіркелген Skyline Investment Company-ға тиесілі болған "Қазақтелеком" акцияларының 24 пайыздық пакеті мемлекет меншігіне қайтарылғаны айтылған. Пакетті экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қайтарып алған. Қазір ол мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып, алты жылға бостандығынан айырылды.

РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҚ-ТАН УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ТУРАЛЫ КОНТЕНТТІ АЛЫП ТАСТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Қазақстанның онлайн-басылымдары Ресей билігінен Украинадағы соғыс туралы мақалаларды өшіру туралы хабарлама ала бастаған делінген баяндамада.

2023 жылы ақпанда Ресей соты қазақстандық Arbat.media сайтына шақыру жіберіп, сот отырысына қатысуын талап еткен. Мәскеу бұл басылымды "Ресей армиясының беделін түсірді" деп айыптайды. Бұған дейін, 2022 жылдың қарашасында, басылым Украинадағы соғыс туралы мақаланы алып тастауды талап еткен хат алған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанға Ресей сотының құзыреті жүрмейді және Arbat.media еліміздің заңын бұзған жоқ деп мәлімдеді.

2022 жылдың желтоқсанында Роскомнадзор (Ресейдің байланыс және БАҚ саласын реттейтін мекемесі) "Власть" басылымынан Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы бірнеше мақаланы, соның ішінде Мариупольдегі бейбіт тұрғындардың өлімі туралы материалды алып тастауды талап еткен. Бірақ сайт бұл талапты орындаған жоқ.

Роскомнадзордан Informburo, Ratel және NewTimes осындай хабрлама алған.

"МАСС-МЕДИА" ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ КҮДІК ҰЯЛАТАДЫ

Freedom House қазір Қазақстан парламенті қарап жатқан, журналистер мен баспасөз қорғаушылардың көңіліне күдік ұялатқан "Масс-медиа туралы" заң жобасына да тоқталды.

Зерттеушілердің айтуынша, үкіметтің өтінішімен заң жобасын әзірлеуге қатысқан журналистер мен медиаторлар үкіметтік нұсқадан өз ұсыныстары мен ескертулерін таба алмағанын жазған.

Журналистер ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы істерге қатысты талап қою мерзімінің шектелмеуі БАҚ-ты қудалайтындардың оң жамбасына келеді деп есептейді. Баспасөз қорғаушылар бұл мерзімді материал жарияланғаннан кейін бір жыл деп шектеуді сұрайды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаев билігіне соққы". Сарапшылар "Масс медиа туралы заң" жобасы сынады

Заң жобасы сонымен қатар "ерекше жағдайларда" де-факто цензураға жол береді. Мұндай жағдайларға табиғи және техногендік апаттардан бастап, тәртіпсіздіктер мен қарулы қақтығыстарға дейінгінің бәрін жатқызуға болады. Медиа қауымдастық "ерекше жағдайда" жұмыс істеген журналистерді материалдарын мемлекеттік органдармен келісе отырып дайындауға міндеттейтін норма сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беретін Конституцияны бұзады деп алаңдайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сөз бостандығы тарылып барады" vs "Өзгеріс бар". "Жаңа Қазақстанда" журналистер жұмысы қалай өзгерді?