"СУИЦИД ТУРАЛЫ ОЙЛАДЫМ"
Атыраулық Нұртас Нұрғалиұлы тұрмысы орта отбасында, ақшадан таршылық көрмей өскен.
Нұртас мектепте жүргенде құмар ойынға алғашқыда ермек ретінде қарағанын айтады. 9-сыныпта аз ақшамен футбол ойындарына бәс тіге бастаған. Алма-кезек ұтыс пен жеңіліс жас баланы еліктіріп әкеткен. Нұртас бұл ғадетін университетте де жалғастырған.
– Алматыдағы букмекер орталықтары екінші үйіме айналды. Сөйтіп жүріп оқудан да шығып қалдым. Үйге оралғанда енді қайтып жоламаспын дейтінмін. Бірақ кейін қайта ойнап кететінмін, – деді басынан өткенді баяндаған Нұртас. – Ойындағы ұтыстарға елітіп, букмекерлерден басқа ештеңе көрмей кеттім. Айналамдағы адамдарға өтірікші болдым, абыройдан айырылдым. Енді ойнамаймын деп қанша рет өзіме өзім серт берсем де, сөзімде тұра алмадым, өмірден түңілдім.
Нұртас қатты күйзеліске түскен сәтте суицид туралы ойлай бастағанын айтады. Ақша тігетін ойынға құмарлықтың кесірінен үй-ішімен, әйелімен арасы суып кеткен.
– Әйелім ажырасуға өтініш беріп, баламды көре алмай қиналдым, ең осал тұсым сол болды, – дейді Нұртас. – Бәрінен бірте-бірте айырылып бара жаттым, ақыр соңында емделуім керек деп ұйғардым.
Нұртас құмар ойынға тәуелдіктен құтылу үшін Алматы қаласындағы оңалту орталығына барған, психотерапевт маманға қаралған. Интернеттен де тегін ақпарат іздеп, өз-өзімен жұмыс істеуді бастапты. Нұртастың сөзінше, ойынға тәуелдіктен арылу оңайға түспеген, бірақ бар күш-жігерін салып, алға қойған мақсатынан таймаған.
– 2021 жылы ойынды қойдым, көп ұзамай өмірім 180 градус өзгерді. Отбасыммен қайта табыстым, айналамдағы адамдар маған қайтадан сенім таныта бастады. Отбасыма, айтқан сөзіме жауапкершілікпен қарайтын болдым, қарыздарымнан құтылдым. Ой-санам тазарып, өмірге құлшынысым артты, алдыма жаңа мақсаттар қойдым. Ойынсыз өмір өте керемет екенін түсіндім, – дейді Нұртас.
"ҮЙДЕГІНІҢ БӘРІН ОЙЫНҒА САЛЫП ЖІБЕРДІМ"
Қазір Шымкент қаласында тұратын 32 жастағы Нұрислам Әліпбайұлы да құмар ойынға мектепте жүргенде үйір бола бастаған. Картадан басталған ермек көп ұзамай ақшалай бәс тігіп ойнауға құмарлыққа қалай ұласып кеткенін өзі де байқамай қалған.
– Бұл құмарлық 28 жасыма дейін жалғасты, – деді Нұрислам. – Үй де, көлік те, ақша да, анамның, әйелімнің алтын бұйымдары, қымбат заттары, телефон, ноутбук – бәрі кетті. Қарыздарымды қосқанда 45-50 млн теңге ұтылған шығармын. Әйеліммен де ажырасуға басты себеп – құмар ойынға әуестігім болды.
Бастапқы кезде туыстары Нұрисламның қарыздарын жабуға көмектесіпті. Оған шектеу қойып, жігітті құмар ойын шырмауынан шығарып алуға тырысқан. Бірақ Нұрисламды ештеңе де тоқтата алмаған.
– Бір кезде қарызға қатты кірдім, жақындарым да сол кезде жағдайымды түсініп, мені оңалту орталығына жатқызған дұрыс болады деп ұйғарды. Өз басым олардан ешқашан көмек сұраған емеспін, немесе мені емдетіңдер деп айтпағам, – деді Нұрислам. – Ойынға тәуелді адамдар олай көмек сұрай бермейді. Олар өте аз. Бәрінен айырылып, дымы қалмаған кезде ғана көмекке жүгінеді. Көбіне осылай туысқандары дабыл қағып бастайды, – дейді Нұрислам.
2020 жылы жақын туысы Нұрисламды Астанадағы оңалту орталығына апарған, жас жігіт сонда төрт ай жатып емделіпті.
– Мамандар арнайы бағдарламалары бойынша проблемамды көрсетіп берді, соның көмегімен шамалы түсінік келіп, неден айырылғанымды ой елегінен өткізіп, өзіммен жұмыс істеуді қолға алдым. Бірақ ол бірден бола қойған жоқ, – дейді Нұрислам. – Алғашқы екі ай ештеңені мойындамай, жоққа шығарып, проблеманы түсінбедім. Барлығы уақыт өте келе шешілді.
Бұрын жеке кәсіпкер болған Нұрислам қазір Шымкент қаласындағы "Көмек қолдау орталығында" аддиктолог-психолог болып істейді.
– Ойынның соңында жүргенімде көп адамға зияным тиді. Емделіп жүргенде Алла осы жолды көрсетіп тұрған шығар, құмар ойынға тәуелді адамдарға көмектесейін деп орталыққа жұмысқа кірдім, – дейді Нұрислам. – Ойнауды біржола тоқтатқаныма төрт жыл болды, қайтып ойнаған емеспін. Ата-анаммен қарым-қатынасымыз түзелді. Салауатты өмір сүре бастадым.
Нұрислам қазір спортқа бет бұрған: жүгірумен айналысады, түрлі жарысқа да қатысып жүр. Таяуда ғана Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен психологиялық білім беру бағдарламасы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.
"ЖАҢА ӨМІР" ОЙЫН ШЫРМАУЫНАН ҚҰТЫЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
– Құмар ойыны салдарынан қаладағы Жайық өзеніндегі көпірден секіріп, өзіне қол салғандар туралы естідім. Ойынқұмарлар қатары көбейіп бара жатқанын көрдім, – дейді атыраулық Нұртас.
Осыдан кейін ол басқаларға да құмар ойынсыз өмір сүруге көмектесу мақсатымен былтыр серіктесі Тимур Рамазановпен бірге Атырау қаласында "Жаңа өмір" психологиялық қолдау орталығын ашқан. Екеуі қазір ойынқұмар адамдар мен олардың жақындарына кеңес беріп, азаматтарға құмар ойыны шырмауынан құтылуға жәрдемдеседі. Айтуынша, қазірге дейін орталық 100-ден аса адамға көмек көрсетіпті.
Нұртас пен Тимур әскери бөлімдегі сарбаздарға, студенттерге лудоманияға қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізеді, орталықта ойыншылара кездесу ұйымдастырып, дәріс оқиды. Ол психология бойынша қосымша білім алып жатқанын да айтты.
– Әр адамның басындағы жағдай әртүрлі болады, соған байланысты ойынға тәуелдіктен құтылу жолын іздеуге, амалдарын табуға көмектесеміз, – дейді Нұртас.
Нұртас пен Тимур орталыққа келетін адамдарға тегін және ақылы қызмет түрін ұсынады.
ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫН ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда құмар ойынға әуес 350 мыңға тарта адам бар. Әрқайсының орташа қарызы – 10 млн теңгеге жуық.
ІІМ орынбасары Игорь Лепеха биыл наурызда мәжілістегі қоғамдық палата отырысы кезінде лудоманияға шалдыққан адамдар 2023 жылы 300 түрлі қылмыс (кісі өлтіру, тонау, алаяқтық пен ұрлық) жасаған, биыл жыл басынан бері ондай адамдардың қатысы бар 16 қылмыс тіркелді деді.
Сол кезде мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ажырасулардың 40 пайызы лудоманияға тікелей байланысты, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға тәуелді деп мәлімдеген.
– 2022 жылы елде 3600-ден аса адам өзіне қол жұмсады, әрбір бесіншісінің себебі – лудомания, – деді Бейсенбаев қоғамдық палата отырысында.
15 наурызда Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны "қауіпті кесел" және "бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер" деп атап, заң жүзінде шектеу қою қажет деді.
Атыраулық Нұртас Нұрғалиұлы қазір елде "жеңіл лудомания" белең алып тұрғанын айтады. Нұртастың меңзеп отырғаны – әлеуметтік желіде танымал адамдар өткізетін гив (giveaway), тегін тарату деген шаралар. Нұртас орташа лудоманияға – қаржы пирамидаларын, ауыр лудоманияға ақшалай бәс тігу, казиноны жатқызады. Ойынқұмарлардың өздігінен бұл тығырықтан шығуы қиын, сондықтан осы мәселені қоғам болып көтеріп, қолға алу керек деп есептейді ол.
Қазақстанда ұтысқа қымбат көлік, смартфон, зергерлік зат-бұйымдар, тұрмыстық техника, ақша, тіпті пәтер мен жер үй тігіп, лотерея ойнататын блогерлер бар. Оған қатысу үшін билет сатып алу шарт, ал ұйымдастырушы "мейлінше көп билет алсаң, жеңімпаз болуға мүмкіндігің де артады" деп жарнамалайды.
Биыл шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мен лотерея қызметіне байланысты заңға қол қойды. Оған сай, енді борышкерлер тізімінде тұрған адамдарға құмар ойын ойнауға, бәс тігуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, мемлекеттік, әскери, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойынға, бәс тігуге қатысуға шектеу қойылады. Егер ол талапты бұзса, жұмыстан шығуы мүмкін.
Заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер мен бәс тігу жарнамасын көпшілік орындарда, көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кинода, видеода жарнамалауға тыйым салынады.
Бірақ букмекерлік кеңселер орналасқан жердің сыртында, спорт ғимараттары ішінде, спортшылар киімінде, спорт тақырыбында жазатын ресми тіркелген ақпарат құралында, отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей эфирде көрсеткен кезде жарнамалауға рұқсат.
Туризм және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда қазір лицензиясы бар 23 ойын мекемесі, соның ішінде 8 букмекерлік кеңсе, 6 казино және 9 ойын автоматтары залы бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаттық сауалына берген жауабында заңдағы өзгерістер масс-медиадағы букмекерлік кеңселер жарнамасын қоғамға шамадан тыс әсер етуді азайтуға мүмкіндік береді деп жазды. Министрлік спорт хабарларындағы букмекерлік кеңселер жарнамасы спорт ұйымдары мен телеарналарды қаржылай қолдайтын демеуші және серіктес шарты бойынша болуы мүмкін деді. Министрлік спорт телеарналарындағы букмекерлік кеңселер жарнамасы нақты аудиторияға бағытталған, сондықтан ондай жарнама бұқаралық ақпарат құралдарындағымен салыстырғанда "онша қауіпті емес" деп бағалануы мүмкін дейді.
Нұрислам Әліпбайұлы бәрі заң бойынша істелетін болса, оның әжептәуір пайдасы болады деп есептейді.
– Ойынға осы кезге дейін кірген адамға, ойнаған адамға әрине қиын, бірақ өскелең жас буын олардың жарнамасын көрмесе, басқа нәрсеге әуестенетін болар, яғни жас ұрпақты құтқарып қала аламыз. Ал ойынға кіріп кеткен адамдар емделгені жөн, – дейді Нұрислам.
Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, елде 146 500 адам өзін құмар ойындар мен бәс тігуден шектеп, соның ішінде 3500 адам қағаз жүзінде, 143 000 адам "электрондық үкімет" веб-порталы, eGov mobile қосымшасынан өтініш берген.
Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі психикалық денсаулық орталықтарында ойынқұмарлықтан зардап шегетін адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. Мұндай пациенттерді Павлодар қаласындағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практика орталығының филиалында қабылдайды. Емдеу мерзімі 2 айдан 12 айға дейін созылады.
Министрлік ойын бизнесі мен лотерея қызметіне байланысты заң күшіне енген соң құмар ойын ойнайтын, бәс тігетін адамдар саны едәуір азаюы мүмкін деп есептейді. Жаңа заң 2024 жылы қырқүйек айында күшіне енеді.
"ӘР АЙМАҚТА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ БОЛСА ДЕЙМІЗ"
Нұрислам белгілі бір ауру сияқты лудоманияның да симптомдары бар дейді.
– Құмар ойын ойнайтын адамда жауапкершілік азаяды, өтірік сөйлеп, өзіне дұрыс қарамай кетеді, қарызға батып, қарым-қатынасы, мінез-құлқы өзгереді, ашуланшақ бола бастайды. Күнделікті режимі бұзылады, түнде телефонда отырып, күндіз ұйықтайды. Үйде ме, жұмыста ма, оған бәрібір болып қалады, – дейді Нұрислам.
Нұртастың сөзінше, мектеп жасындағы балаларға лудоманияның теріс әсері мен салдары қандай болатынын дұрыс жеткізе білу маңызды.
– Біздегі проблема – жасыру, айтпау. Кішкентай балаларға ойынқұмарлық неге әкелетінін дұрыстап түсіндіріп, сол бағытта жұмыс істеу керек. Ойнама, бүйтпе, сүйтпе деген сөз көбіне өтпейді. Тыйым салған сайын адам оны істеуге құмарта береді, – деп ескертеді ол.
Нұртас Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда оңалту орталығы көп, басым бөлігі орыс тілінде, шетелдің методикасымен өтеді, ондай көмекке шалғай аймақ тұрғындарының қолы жетпейді дейді.
– Оңалту орталықтары әр қалада ашылып, мамандар көп болса дейміз. Қазақ менталитетіне арналған, қазақша форматтағы бағдарламалар керек, – деді ол.
Нұрислам Әліпбайұлы ойынқұмар адамға қарызын жауып көмектесу – оның қолына ақша беріп, "ойна" деп айтқанмен бірдей, жаман ғадетті одан сайын асқындырады дейді.
– Қарызын жаппаса, ешқандай көмек болмаса, амалдың жоғынан өзі көмек сұрайды. Мұндай кезде үй іші де материалдық жағынан қатты шығынға батпайды, – дейді Нұрислам. – Ата-аналар "туысқандар біліп қоймасын, жұрт естімесін, ұят болады" деп қарызын жауып, баламен бірге ойын тұңғиығына кіріп кетеді. Біреулер молдаға апарады, енді біреулер үйде ұрып-соғады, сыртқа шығармай, бақылауда ұстайды. Жақындары өйтіп жауып, жасырмай, мүмкіндігінше арнайы орталықтарға апарып, мамандардан көмек сұрағаны абзал.
– "Балықшыға балық берме, қармақ бер" деген сөз бар. Ойынқұмарға қарызын үнемі жауып беріп отырса, ол ешқашан ойыннан қол үзбейді, – дейді Нұртас. – Бұл жерде қармақ – қарызды шешу жолдарын көрсету, мамандарға апару, қаржы сауатын үйрету, оқыту. Ойыншының қолына ақша беріп қажет емес. Адам өз мойнына жауапкершілік алып, қарызын өзі жабу керек. Әйтпесе құмар ойынның шырмауынан құтылуы екіталай.