"Билікке талас" па, басқа ма? Қазақстандағы оқиғалардың артында не тұр?

Талдықорған қаласында наразылар құлатқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші.

Қазақстанда бірнеше күнге созылған жаппай тәртіпсіздіктен кейін билік наразылықты қатаң басып-жаншуға кірісті. Режим ішінде билікке талас жүріп жатқандай нышандар байқалады. Тартыс президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев арасында жүріп жатқан болуы да мүмкін.

Бейбіт жиын түрінде басталып, аз уақытта Қазақстанның басқа өңірлеріне тараған наразылық елге үлкен соққы болды. Ал мұның артында биліктің жоғары эшелонын бақылауға алу үшін күрес тұрғанға ұқсайды.

Кейінгі күндері елдің ондаған қаласын шарпыған әлеуметтік-экономикалық мәселелерден туған жаппай наразылық екінші орынға ысырылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілігі мен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастары арасындағы билік үшін тартыс алға шықты.

8 қаңтарда "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ұсталды. Бұл – күш құрылымдары антитеррорлық операция жүргізіп жатқан кезде Қазақстан саясатындағы ықпалды тұлғалар өзара соғысып жатқанын дәлелдейді.

5 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметінен босаған Мәсімов кейінгі кездері ақпарат құралдарына аз шығып жүрсе де, Қазақстан саясатында салмағы ауыр адам болатын.

Назарбаевтың жақын серігінің ұсталуы Тоқаевтың "шетелде дайындықтан өткен террористерді" (президент жаппай тәртіпсіздіктің артында сырттан келген содырлар тұрғанын айтқан) дер кезінде тауып, тоқтата алмаған ішкі барлау қызметі мен қауіпсіздік күштерінің осалдығын пайдаланып, үкіметті Назарбаевтың жақтастарынан тазартып жатқанын көрсетеді.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған 81 жастағы Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін де біраз құзыретін сақтап қалған. Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің саяси ықпалы зор. Осыған байланысты кей сарапшылар мен сыншылар Тоқаевты "бұрынғы президенттің қолындағы қуыршақ" деп те атаған.

Тоқаевтың "айналасын тазартып жатқаны" жаппай наразылық басталғаннан кейін 5 қаңтарда Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетіп, артынша Мәсімовтың ұсталуынан белгілі болды.

Мәсімов 20 жылдан астам уақыт бойы ең ықпалды тұлғалардың бірі болған. Ол Назарбаевтың тұсында екі рет премьер-министр болып тағайындалды. Оған дейін көлік және коммуникация министрі, экономика және бюджеттік жоспар министрі, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. 2016 жылы ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгінін ұстады.

Мәсімовтың мемлекеттік қызметке дейінгі карьерасы да қызық. Ол 1990-жылдардың басында қытайтанушы ретінде Пекин мен Гонконгта Қазақстанның коммерциялық мүддесін қорғаумен айналысқан. Мәсімов осы кезде Гонконг банктеріне Назарбаевқа арнап ақша аударуға қатысқан болуы мүмкін.

Мәсімовтың ұсталып, ауыр қылмыс жасады деп айыпталуы Назарбаевқа да, оның бай әрі ықпалды туыстарына да жақсылық әкелмейді. Наразылық басталғалы Назарбаев отбасынан бірде-бір адам қоғам алдына шықпаған.

Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 8 қаңтарда Twitter-ге "Елбасы (Назарбаевқа берілген, жеке басқа табынушылық белгілі саналатын титул) Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында" деп жазды.

Бұл хабардың мәтіні ерекше, өйткені 7 қаңтарда "Қазақстан билігінің өкілдері астананы 2019 жылы берілген атымен атамайды екен" деген расталмаған ақпарат тараған.

Бұл отқа май құйғандай әсер етіп, "Тоқаев Назарбаев пен оның отбасын толықтай биліктен тайдырды" деген қауесет өршіген. 2019 жылы 19 наурызда Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімге Тоқаевтың өзі қол қойып еді.

НАЗАРБАЕВ ҚАЙДА?

Үкібай қос көшбасшы арасында ешқандай мәселе жоғын көрсету үшін "Елбасы бірқатар консультативті кездесулер өткізіп, Тоқаевпен тікелей байланыста отыр" деп мәлімдеді. Ол ақпарат құралдарын "жалған әрі спекулятивті ақпарат" таратпауға шақырды және Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін Тоқаевқа ерікті түрде тапсырғанын айтты.

Үкібай Twitter-дегі тағы бір хабарламасында "Назарбаев Қазақстанмен достық қарым-қатынастағы мемлекет басшыларымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті" деп жазды.

Назарбаевтың Ресей немесе Қытай сияқты көрші мемлекет басшыларымен сөйлескені туралы ресми ақпарат берілген жоқ. Аталған мемлекет басшылары Тоқаевпен сөйлескендерін хабарлады. Бірақ 5 қаңтарда Беларусь билігі Назарбаев Александр Лукашенкомен телефон арқылы байланысқа шықты деген ақпарат таратты.

Үкібай "Елбасы қазіргі қиындықтарды жеңіп, елдің тұтастығын сақтап қалу үшін бүкіл халықты Қазақстан президентінің айналасына бірігуге шақырады" деп жазды.​

Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы жариялаған хабарламаларға қарағанда, Назарбаев әлі де "ұлт көшбасшысы" статусында қалып, Тоқаевпен жиі байланысып, оның жаппай тәртіпсіздіктерден кейін елді қайта бақылауға алу үшін наразыларды басып-жаншуға бұйрық бергенін қолдап отырған сияқты. Ресми дерек бойынша, жаппай тәртіпсіздік салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген азамат жараланған. 6000-ға жуық адам ұсталған, жүздеген миллион доллар көлемінде материалдық шығын келген.

Шашылған оқ, қоршалған әкімдік. Түнгі қақтығыстан кейінгі Республика алаңы

Мемлекеттің интернетті бұғаттап, мобильді байланыстың дұрыс жұмыс істемеуінен бұл деректерді тексеру мүмкін емес. Байланыс аз уақытқа қосылған кездерде жеткен ақпаратқа қарағанда, зардап шеккендер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Наразылық басталғалы Назарбаев жағдайға қатысты пікір білдіріп, ел алдына шыққан жоқ. Бұл оның бір жағдайға ұшырағанын немесе үндемей отыруға мәжбүр болғанын білдірмейді. Кейінгі жылдары Назарбаев Қазақстанда бір жағдай бола қалса, қоғам назарынан жоғалып кетуді әдетке айналдырған.

Бірақ Назарбаевқа адал қызмет еткен Мәсімов сияқты азаматтың тұтқындалуы бұрынғы президент үшін жақсы жаңалық болмағаны сөзсіз. Осы тұста Мәсімовтың Қазақстандағы ықпалды кландармен байланысы жоғын, сондықтан Тоқаев үшін жеңіл нысана болғанын атап өткен жөн.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Батыс Қазақстандағы Жаңаөзен қаласында жаңа жылдан кейін сұйылтылған газ бағасының күрт қымбаттауына қарсы басталған бейбіт жиын экономикалық қиындықтар, саяси процеске қатысу мүмкіндігінің болмауы, үкіметтің әрекетсіздігі сияқты мәселелер көтерілген наразылыққа ұласты.

Тоқаев газ бағасын арзандатуды тапсырып, толқыған халықты басу үшін үкімет отставкасын қабылдады.

Бірақ 5 қаңтарда Қазақстан президенті кілт өзгеріп, "наразылықтың артында шетелде дайындықтан өткен террористер тұр" деген сылтаумен бүкіл елді қамтыған арнайы операция жүргізу туралы бұйрық беріп, Ресей басқаратын ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) әскер сұрады.

Осыған дейін ұлттық қауіпсіздік комитетін Мәсімов басқарып тұрғанда, елде наразылық жедел қарқынмен өршіп жатқанына қарамастан, полиция пен қауіпсіздік күштері өзін әдеттен тыс пассивті ұстаған.

2019 жылы Тоқаев президент қызметін атқаруға кіріскелі Қазақстанда наразылықтың 1990-жылдардан бері байқалмаған жаңа дәуірі басталды. Сондықтан құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік күштері қоғамдық наразылықты басудан біраз тәжірибе жинап, жүздеген адамды тұтқындап, олардың көбін митинг басталмай тұрып ұстап әкетуге дағдыланған.

Соңғы наразылықтардың нақты көшбасшылары болмады. Наразылық аяқ астынан өршіді. Бірақ наразылар қала көшелерінде шерулетіп, үлкен алаңға жиналған кезде билік оларды жазалауға не басып-жаншуға асықпады. Бұл Мәсімов отставкаға кеткенше жалғасты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың адамы" Мәсімовтің күдікке ілінгенге дейінгі жолы

"20 МЫҢ ЛАҢКЕС"

5 қаңтар күні кешкісін Алматыдағы мыңдаған демонстрант арасында қарулы адамдар болды. Олар күш құрылымдарымен атыса бастады. Әкімшілік ғимараттар шабуылға ұшырап, өртенді, коммерциялық нысандар тоналды.

Бұл зорлық-зомбылықтың артында кім тұрғаны әлі белгісіз. Қазақстандағы ресми тұлғалар болашақта бұл адамдардың кім болғаны және олардың қандай мақсатты көздегені туралы өз нұсқаларын айтуы керек.

Тоқаев бір ғана Алматы қаласының өзіне "20 000 лаңкес" шабуыл жасағанын айтты. 7 қаңтарда бүкіл ел аумағында террорлық қауіптің шекті қызыл деңгейі жарияланды.

Президент қауіпсіздік қызметіне ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Осынша терроршының шағын оппозициялық топтардың болмашы әрекетінің өзіне дер кезінде тосқауыл қоятын арнаулы қызмет назарына ілікпей, Қазақстанға қалай кіргені түсініксіз.

Тоқаев 7 қаңтарда Twitter парақшасына “Алматы терроршылар шабуылының алты толқынын өткерді, 20 мың адам (олардың кейбірі қазақ тілінде сөйлемеген) полицейлер мен жас сарбаздарды ұрып-соғып, өлтіріп, жекеменшік нысандар мен дүкендерді тонап, бейбіт тұрғындарды мерт қылып, әйелдерді зорлаған" деп жазды.

Кейінірек бұл жазбалар өшірілді.

Кең тараған теориялардың біріне сәйкес, қарулы бүлікшілер – Назарбаевтың тұсында қанат жайған ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері, олар бұрынғы президент пен оның айналасындағыларды биліктен шеттетуге мүмкіндік бермеу үшін жіберілген болуы мүмкін.

Бұл теория Назарбаевтың інісі Болат пен немере інісі, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбішті (Назарбаевтың марқұм інісі Сатыбалдының баласы) қарулы топтардың құрылуымен байланыстырады.

Басында Самат Әбіштің 5 қаңтар күні қызметінен босатылғаны хабарланған, бірақ 8 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты теріске шығарды. Әбіштің өз қызметіне оралуы "Назарбаев билігін сақтап қалды" деген алып-қашпа әңгімені көбейтті.

НЕГЕ ДӘЛ ҚАЗІР?

Қауесетке негіз болған тағы бір тақырып – режим ішіндегі тартыс себебі. Көбі наразылық билікті басып алу үшін пайдаланылған деп есептейді.

1990-жылдары Назарбаевтың тұсында премьер-министр болған, қазір шетелде тұратын Әкежан Қажыгельдин күш құрылымдарында Тоқаевқа қарсы астыртын сөз байласқан адамдар болған деген пікір білдірді. Бұл рас болса, Тоқаевтың өз елінің күш құрылымдарына сенбей, неге ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын түсінуге болады.

Қажыгельдин жергілікті құқық қорғау органдарының комендант сағатының сақталуын неге қамтамасыз ете алмағанын түсінбей, Алматыдағы ұлттық қауіпсіздік комитеті [ғимаратының] тоналып, қару-жарақтың белгісіз адамдардың қолына түскеніне таңғалған.

Көбі 27 желтоқсанда Тоқаев пен Назарбаевтың Мәскеуге барған сапарынан түсірілген видеожазбаны талқылап жатыр. Видеода Назарбаевтың бойынан әл кете бастағаны көрінеді. Бұл көп адамға "Назарбаев өлім аузында жатқандықтан, жақтастары жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, Тоқаевты биліктен тайдыруға тырысты" деген ой салған.

Керісінше, Назарбаевтың өлімі алдында президент билігін күшейтуге тырысқан Тоқаевтың адамдары осылай әрекет етті деген жорамалдар да кездеседі.

Кей азаматтар Ресейдің Қазақстанға ҰҚШҰ атынан әскер жіберу туралы жедел шешім қабылдауын (ұйым 30 жыл ішінде бірінші рет басқа елге әскер жіберіп отыр) Кремльдің Тоқаевты қолдайтынын білдіретін белгі деп бағалайды.

Назарбаев пен Тоқаев бірқатар ықпалды тұлғалардың көзін құрту үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр деген теориялар да бар.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов Назарбаев немесе оның отбасы елден кетсе (немесе кетіп қалған болса), бұл тек Тоқаевтың рұқсатымен ғана жүзеге асады деп есептейді.

Алдағы күндері оқиғаның қалай өрбігеніне байланысты түрлі ақпарат шығып, жоғарыда аталған жорамалдардың кейбірі толығып не теріске шығуы, тіпті, сахна сыртындағы ойындар туралы жаңа теориялар пайда болуы мүмкін.

Қауіпсіздік күштері Тоқаевтың "шетелде дайындықтан өткен терроршыларын" қуып жүргенде, Нұр-Сұлтандағы билік залдарында елдің алдағы бірнеше айдағы немесе жылдағы болашағын анықтайтын күрес жүріп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға келуінің салдары не болмақ?