"ҰРСЫСУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ"
Балалар үйінде тәрбиеленген 21 жастағы Анна мен 23 жастағы Андрей Назаровтар – бір әке, бір шешеден туған. Олар жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, бөтен адамдардың үйіне тіркелген. Мемлекеттен баспана алу үшін бірнеше жылдан бері кезекте тұр. Назаровтар баспана алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімінде алғашында ақырындап алға жылжып келе жатқанымен, биыл наурызда коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантиннен кейін кезек артқа жылжи бастағанын айтады. Мысалы, Анна тізімдегі 607-орыннан 734-ке, Андрей одан да төмен орынға сырғыған. Жастар баспана кезегіндегі өзгерістің себебін білмейді.
– Балалар үйінен шыққанда бізге көмектесеміз деп уәде берді. Бірақ іс жүзінде ешқандай көмек болған жоқ. Қолымда кішкентай балам бар. Жалғызбасты анамын, жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын. Шенеуніктердің алдына талай рет барып, ұрсысып, жылап, "Тым құрығанда, бір бөлмелі пәтер беріңдер, өзім жөндеп аламын, баспана жалдау қымбат тұрады" дедім. Кезек тезірек жылжитын шығар деген үмітпен Теміртауға көшіруді де өтініп көрдім. Жақында шенеуніктердің алдына тағы да бардым. Бірақ маған ешкім ештеңе түсіндірмей, "Тамызда келіңіз" деп қайтарды. Әкімнің алдына жеткім келеді. Ол үшін ұрсысуға тура келеді, басқа амал жоқ, – дейді Анна Назарова.
Балалар үйінің тағы бір түлегі, 21 жастағы қарағандылық Сергей Антипенко да баспана кезегіндегі орны кері жылжығанын байқаған. Бірақ Сергейге неге бұлай болғанын ешкім түсіндірмеген. Жетім өскен жігіт қазір досының үйінде уақытша тұрып жатыр.
– Кезекте неге кейінгі орынға сырғығанымды ешкім түсіндірген жоқ. Әркімге сілтеп, әуре-сарсаңға салып отыр. Ары қарай не істеу керегін білмеймін, – дейді Сергей.
Балалар үйінде тәрбиеленген 26 жастағы Раушан Телқожаева үш жасар баласымен бірге Теміртаудағы "Мой дом" дағдарыс орталығын уақытша паналап отыр.
– Қазір баспана кезегінде 189-орында тұрмын. Билік өкілдері "Жатақханадан орын табылса, хабарласамыз" деген. Соны күтіп жүрмін, – дейді Раушан.
Ол заң бойынша берілуі тиіс баспана үшін ғана емес, өзімен бірге тұрған азаматтың қолында қалған 11 айлық баласын қайтару үшін де күресіп жүр. Раушан Бұхар жырау ауданындағы ауылда өзімен бірге тұрған адамның ұрып-соғуынан бас сауғалап қашқанда, баласы сол үйде қалып қойған. Қазір жас ана соңғы рет көктемде көрген кішкентай баласын қайтару үшін қамқорлық органдары мен полицияның табалдырығын тоздырумен жүр. Ол отбасымен бірге тұратын тұрақты баспананы қашан алатынын білмейді.
Балалар үйінде өскен теміртаулық Мария Коннова да тым болмаса уақытша тұратын баспана іздеп жүр. 32 жастағы әйел жеті жылдан бері баспана кезегінде тұр. Ол 13 жастағы ұлымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келген, бірақ карантин басталғалы жұмысы мен табысынан айырылып, пәтерақысын төлей алмаған.
– Балалар үйін бітіріп шыққанда бізге "пәтер беріледі" деді. Тіркеуде болмадық. Өйткені оқу бітіріп, балалар үйінен кеткен соң, бізді ол жердегі тіркеуден шығарып тастайды. Олар ары қарай кімнің қайда тіркелетініне бас қатырмайды. Таныстарымның үйіне тіркеуге тұрдым. Қазір не жұмысым, не баспанам болмай, қиын жағдайда қалған соң, баламмен бірге дағдарыс орталығының көмегіне жүгіндім. Жақында құрбым үйіне шақырды, уақытша сонда тұрамыз, – дейді Мария Коннова.
НАЗАРБАЕВҚА ХАТ
Жетім өскен 25 жастағы Виктор Ахрамов талай рет шенеуніктерге өтініш пен шағым жазып, Қарағандыдағы әкімдіктің алдында да тұрған. Бірақ оның бір де бір әрекетінен нәтиже шықпады. Сегіз жылдан бері өзі бітірген Литвинов мектеп-интернаты орналасқан Осакаров ауылында баспана кезегінде тұр. Осы жылдар ішінде Виктор баспана алуға кезекте тұрғандар тізімінде екі орынға ғана алға жылжыған. Қазір ол әлгі тізімде 205-орында тұр.
Баспана іздеп сабылып, жергілікті билік орындарына берген арыз-өтінішіне жазбаша құрғақ жауап алудан шаршаған Виктор бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, баспана бөлудегі әділетсіздіктен құтқаруды сұраған.
Ахрамов хатында "Сізден басқа мені қорғайтын ешкім жоқ. Маған заң бойынша берілуі тиіс баспанамды алғым келеді. Отбасын құрсам деген жоспарым бар. Мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына баса назар аударып отырғанда, кей шенеуніктің мәселемді шешуден жүйелі түрде бас тартып, жағдайыма бей-жай қарағаны қынжылтады. Тұратын жерім, ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, балалар үйінің тәрбиеленушілері әскери міндеттен босатылғанына қарамастан, ерікті түрде қарулы күштердің қатарына қосылдым. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтедім. Ешқашан заңды бұзған емеспін, Отаныма көп пайдам тигенін қалаймын және бұл қолымнан келеді" деп жазған.
РЕСМИ ПОЗИЦИЯ
Қарағанды облысының әкімдігі балалар үйінің түлектерін баспанамен қамтуды "көкейкесті мәселе" деп атап, кезектің кері қарай жылжуын объективті себептермен түсіндірді. Облыс әкімдігінің Азаттыққа берген жауабында:
"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана тұрғын үй пайдалануға берілген кезде кезек бойынша үлестіріледі. Кезек мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдамалы үй алған және баспанаға мұқтаж адамдар тізімінен шыққан адамдар есебінен жылжиды. Кезек нөмірінің кері жылжуына бұрын есептен шыққан адамдардың сот шешімімен тізімге қайта қосылуы әсер еткен" делінген.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, балалар үйінің жоғары оқу орнына немесе колледжге оқуға түскен түлектері жатақханаға тіркеліп, тұра алады. Ресми дерек бойынша, балалар үйін бітіріп шыққан 122 түлектің 19-ы жоғары оқу орнында, 103-і колледжде білімін жалғастырады. Жасөспірімдер үйінде 16-23 жас аралығындағы 175 адам тұрады, олардың 150-і колледж бен жоғары оқу орнында оқиды, ал 25-і жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасы ұсынған деректе:
"2019-2020 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде жетім санатына кіретін 448 студент мемлекет тапсырысы бойынша білім алды. 187 адам жатақханада, 54 студент жасөспірімдер үйінде тіркелген. 207 адам пәтер жалдап немесе туыстарымен (оның ішінде күйеуінің туыстарымен) тұрады" делінген.
Биліктің дерегінше, Қарағандыда орналасқан "Жастар үйі" деп аталатын балалар үйінің түлектерін қолдау орталығында 23-29 жас аралығындағы жұмыс істейтін 46 жас пен 11 отбасы тұрады.
Азаматты баспана кезегінен алып тастауға мынадай негіз болады*:
- Баспана беру қажеттілігінің жойылуы;
- Тізімдегі адамның тұрғылықты мекенжайын басқа елдімекенге ауыстыруы;
- Азаматтың өзіне баспана керегі жөнінде жалған дерек беруі;
- Жер учаскесін немесе үй сатып алу, жеке баспанасының құрылысын аяқтау;
- Сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер алу себеп болуы мүмкін.
*Қарағанды облыстық әкімдігінің түсіндіруі бойынша
Әкімдік баспана кезегінен алынған адамдарға шешім қабылданғаннан кейін он күн ішінде себебін көрсетіп, хабар берілетінін айтады. Бірақ балалар үйінің түлектері мен құқық қорғаушылардың әңгімесі әкімдік дерегімен сәйкес келмейді.
"ЕРЕЖЕЛЕРДІҢ ҚАЛҚАСЫНДАҒЫ АДАМ ТАҒДЫРЫН КӨРМЕЙДІ"
"Мой дом" қоғамдық ұйымының дағдарыс орталығында заңгер болып істейтін Светлана Гаркуша қоғамдық ұйым балалар үйінің түлектеріне тіркелуге, кей жасқа уақытша тұруға мүмкіндік беріп, әйелдерге жалдамалы пәтерге ақша жинауға көмектесу үшін азық-түлік пен киім бөліп, емделуге жәрдемдесетінін айтады. Гаркушаның сөзінше, жағдай әртүрлі болғанымен, мәселе ортақ – көмек сұрап келгендердің бәріне баспана керек.
– Мысалы, балалар үйінің түлегі Теміртауда баспана кезегінде тұрып, Қарағандыда оқыса, оқу бітіргеннен кейін Теміртауға оралып, күткен пәтеріне қол жеткізе алмайды. Жергілікті атқарушы органдар балалар үйінің түлектеріне барлық жағдай жасалған деп есеп береді, бірақ шындығында… Шенеуніктер мен балалар үйінің түлегін диалогқа шақырсақ, әлгі жастың мәселесі аз да болса шешіле бастайды. Бірақ мәселені толықтай қолға алмайды, – дейді Светлана Гаркуша.
Құқық қорғаушы Нұржан Жалбыровқа балалар үйінің түлектері құқықтық көмек алуға жиі келеді. Оның пікірінше, мәселе мемлекеттік органдардың деректерді жаңарту кезінде адамдарды баспана кезегінен автоматты түрде алып тастауына байланысты. Мысалы, балалар үйінің түлегі басқа қалада тіркелгенін немесе бір жыл ішінде өзі туралы ақпарат бермегенін көрсе, оны баспана кезегінен шығарып тастайды.
– Балалар үйінде тәрбиеленген азаматтар туралы деректі жаңартып не баспана кезегінен алып тастамас бұрын әкімдіктер алдын-ала "Жағдай шынымен осылай ма?" деп сұрауы керек. Олар сұрамайды, ал балалар үйінің түлектері білмейді, оларға ешкім түсіндірмейді. Диалог жоқ. Бұл нормалар мен ережелердің қалқасындағы адам тағдырын көрмейді. Тұратын жер мен күнделікті тамақ үшін құлдыққа жегілуге мәжбүр болған жастарды да көрдім, – дейді Жалбыров.
Құқық қорғаушының айтуынша, балалар үйінің түлектеріне ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Олар көбіне өз құқығын да, оны қалай қорғау керегін де білмейді.
– Жарты жыл немесе одан көп уақыттан кейін баспана кезегінен шығып қалғанын естіген жас не істеу керегін білмейді. Біреу кезектегі орнын қайта қалпына келтіруге тырысып көреді. Бірақ көп заңгер толық ақпарат бермей, "шағымды үш айға дейін ғана беруге болады, енді ештеңе істей алмайсың" деп қайтарады. Мен олардың үміті үзілмегенін, үш айлық мерзім мемлекеттік орган өзін баспана кезегінен алып тастағаны туралы естіген күннен басталады деп түсіндіремін. Мысалы, бұл мерзім азаматтың арызы бойынша оған кезек нөмірін көрсетіп немесе ресми жауап берген күннен бастап есептеледі, – дейді Нұржан Жалбыров.
Құқық қорғаушының сөзінше, балалар үйінің түлегі кезектен шығып қалғанын бір немесе екі жылдан кейін білсе, бұл мәселені сот арқылы шешуге болады.
– Әкімдік жыл сайын баспана кезегін жаңартып отырады. Бір жыл ішінде баспана кезегіне байланысты өтініш болмаса, ол адамды кезектен алып тастайды. Бірақ бұл біржылдық мерзімді әкімдік өзі ойдан шығарған. Заңда мұндай мерзім көрсетілмеген. Әр тоқсанда бір рет (үш айда бір рет – ред.) балалар үйінің түлегі өзі үшін e-gov арқылы баспана кезегін тексеріп отыруы керек. Өйткені әр тоқсан сайын әкімдіктің баспана беру бағдарламасы шығады. Қызығып, ақпарат қарап жүрсе, тым құрығанда жалдамалы баспана бағдарламасы жарияланған сәтті жіберіп алмайды. Бұл ақпаратты әкімдік сайтынан табуға болады, – дейді заңгер.
Оның айтуынша, қазіргі заңды өзгерту қиын, сондықтан қолда бар нормаларды барынша қолдануға күш салу керек.
– Заңға қарсы күресуден пайда жоқ. Демек, заңды барынша сақтауға тырысу керек. Қазіргі заң нормаларын пайдаланып, бірнәрсе істеуге болады. Жергілікті билік осыны дұрыс жүзеге асыруы керек, – дейді заңгер.
Балалар үйінің түлектері және баспана: заңгер кеңесі
Құқық қорғаушы Нұржан Жалбыровтың айтуынша, балалар үйінің әрбір түлегі:
- Электронды цифрлық кілт алып, жеке кабинеттегі дерегін салыстырып, жетпейтін ақпаратты толықтырып, артығын өшіруі керек.
- Мүлкі жоқ баланы балалар үйінде жүрген кезінде-ақ баспана кезегіне қою керек. Балалар үйінен шыққан соң ол жергілікті атқарушы органға барып, оқу бітіргені туралы хабар беріп, баспана кезегінде тұрған/тұрмағанын тексеруі қажет. Қажет болған жағдайда, өзін баспана кезегіне қоюды сұрап, өтініш жазғаны жөн.
Ресми дерек бойынша, Қарағанды облысында жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар санатына жататын 7320 азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұр. 2011 жылдан бері бұл санатқа кіретін азаматтарға 861 пәтер бөлінген. Оның ішінде былтыр – 113, биылғы жарты жылда 25 баспана берілген.