"Адам жаңа нәрсе үйренген сайын, ауруды жеңеді". Ментал саулығы ерекше жандардың өмірі

Кейінгі статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстанда түрлі психологиялық ауруға шалдыққан 196 мың адам бар. Азаттық осындай диагнозбен өмір сүріп жатқан жандармен және оларға күнделікті өмірге бейімделуге көмектесіп жүрген адамдармен сөйлесіп, әңгімесін тыңдады.

СЕРГЕЙ

– Сережаны ешкім ренжіткен емес. Өте мейірімді, өмірге құштар адам. Бірақ өздігінен ештеңе істей алмайды. Дұрыс киінгенін қадағалау керек. Оған ыдыс-аяқ немесе еден жуу да қиын. Көшеде жол тауып жүре алмайды, дүкенге де өзім ертіп апарамын, – дейді Павлодар қаласында тұратын 60 жастағы Любовь Лысенко.

Ол – 35 жастағы Сергейдің анасы. Сергейге ақыл-ой кемістігінің күрделі формасы – олигофрения деген диагноз қойылған.

Мұндай диагнозы бар науқастар күнделікті өмірдегі қарапайым дағдылардың өзін игере алмайды. Олардың сөздік қорында ондаған сөз ғана болуы мүмкін. Олигофрендер үнемі біреудің көмек-күтіміне мұқтаж: көшеде жол тауып жүруді, биік, ыстық, жеуге жарамсыз деген әртүрлі қауіпті айыруды білмейді. Сондықтан Сергей анасының жанынан екі елі қалмайды.

Сергейдің бауырының ақыл-есі дұрыс. Мектеп бітіріп, университетте оқыған, қазір бірнеше жерде жұмыс істеп жүр.

– Сережаның ерекшелігі барын 6-7 жасында байқадым. Ештеңе үйрете алмадым, әлі күнге оқып-жазуды білмейді. Жасы 10-ға толғанда дәрігерге апардым. Ауылда тұратынбыз, ол кезде балаларды дәрігерге қарату деген жоқ еді. Баламның дамуы кешеуілдеп жатқанын түсіндім. Бірақ денсаулығы қалыпты, көңілді, мейірімді бала болатын. Аудандық ауруханада ұлыма мүгедектік санатын берді. Бір жылдан кейін олигрофрения деген диагноз қойды. Күйеуім екеуіміз бәріне сабырмен қарадық. Өйткені өзіміз қалап, дүниеге келген ұл болатын.

Сергейдің әкесі қайтыс болып, ағасы көшіп кеткен. Анасы зейнетке шыққаннан кейін бар уақытын кенже ұлына арнаған. Қазір екеуі қарапайым, қоңыр тіршілік кешіп жатыр. Сергей көп уақытын желіден видео көрумен өткізеді. Анасына үй шаруасына көмектесуге тырысады. Анасы мен ұлы күнде мыңдаған қадам басып, жаяу серуендеп қайтады.

Сергей Лысенко анасы Любовь Лысенкомен бірге. Павлодар, 6 қазан, 2023 жыл

– Сергей бірнәрсе жинап немесе қоқыс теріп, жұмыс істей алар еді. Бірақ шынымды айтсам, ұлымды жұмысқа жібергім келмейді. "Аргус" – біз сияқты отбасылар үшін таптырмас мүмкіндік. Олар клубта достар тауып, бір-бірімен сөйлесіп, сурет салады, декоративті-қолданбалы шығармашылықпен айналысады. Сережа ән айтқанды жақсы көреді, мұнда караоке бар. Клуб өкілдері Қазақстанның түрлі аймағына саяхат ұйымдастырады. Жақында Астанаға барып қайттық, бізге қатты ұнады, – дейді Лысенко.

Сергей көп уақытын "Аргуста" өткізеді. Бұл – Павлодар әкімдігінің жанынан ашылған, ментал саулығы ерекше жандармен жұмыс істейтін клуб.

Клубқа күнде 50-ге тарта адам келеді. Олардың көбіне бала күнінде мінез-құлқында ерекшелік бар деген диагноз қойылған.

Клубтың мақсаттарының бірі – науқастарды қоғаммен араластыру. Бастама өкілдері ментал саулығында кінәрат бар адамдар өз бетінше өмір сүре алады дегенге сенеді.

– Әрекетке қабілетсіз деп танылмаған адам отбасын құрып, жұмыс істей алады. Науқастар сондай өмір сүргісі келеді, біздің міндетіміз – оларға тірек болып, өз бетінше тірлік кешуге көмектесу. Мысалы, Сергей Лысенко клубқа өзі келіп, көп нәрсені өз бетінше жасай алар еді. Бірақ анасының шектен тыс қамқорлығы кедергі болып отыр, – дейді "Аргус" дамыту орталығының администраторы Алина Батареева.

Клуб өкілдері ментал саулығы ерекше адамдардың жақындарына бір күні қамқорлығыңыздағы адам жалғыз қалуы мүмкін, оны соған дайындау керек деп ескертеді.

– Ата-анасы немесе қамқоршысы қайтыс болса, науқасқа туыстары қарайды. Ал диагнозы бар адамдарға қамқор бола алмаймыз десе, оларды психохрониктерге арналған жабық мекемеге жібереді, – дейді Батареева.

ҚАНАТ

Павлодар облысының тумасы Қанат Қасенов жабық мекемелердегі жағдайды жақсы біледі. Қанат – 55 жаста. Оған "шизофренияның ортаңғы деңгейі" деген диагноз қойылған. Анасы да шизофрениямен ауырған, Қанат мектепте оқып жүргенде ата-ана құқығынан айырылған. Әкесінің де денсаулығы нашар болған, сондықтан Қанатты әжесі қамқорлығына алған.

– Әжемнің айтуынша, анам бірде жұмыстан келе жатып, өзіне бұйрық берген дауыстар естіген. Осыдан кейін анамды көрмедім, үнемі ауруханада жататын, – дейді Қанат.

Қасенов жасөспірім кезінде алғаш рет ауруы қозып, психоневрологиялық диспансерге түскен.

– Ауруым асқынған кездер есімде жоқ. Өзіме ойын сияқты сезілетін. "Әжеммен ойнап жатырмыз, бірақ ол жалығып кетті. Менен шаршаған соң, диспансерге беріп жіберді" деп ойлайтынмын, – дейді Қанат.

Ол бала кезінде де, ересек шағында да айлап ауруханада жататын. Бірде тіпті, 2 жыл бойы психоневрология орталығында қалған. Соған қарамастан, Қанат мектеп бітіріп, училищеге оқуға түскен. Құрылысшы мамандығын алып, психиатрдың тыйымына қарамастан жұмыс істеген. Өйткені мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақысы баспана жалдауға да жетпейтін.

Қанат Қасенов, Павлодар, 6 қазан, 2023 жыл

Қанат отбасын құруға да талпынып көрген. Бірақ әйелімен жараспай, ажырасып кеткен. Бір қызы бар. Қазір Алматыда тұрады. Қанат қызымен жиі сөйлеседі. Бірнеше жыл бұрын қызы босанып, дүниеге сәби келген, Қанат ай сайын соған шама-шарқынша ақша жіберіп тұрады.

Қанат ауруханадан шыққан кездерінде қалыпты өмірге оралуға тырысатын. Оның өмірінің үштен бір бөлігі Павлодардағы психоневрологиялық диспансерде өткен. Қасенов бұл кезеңді "қорқынышты түске" ұқсатады.

– Төсекте жатып, дәлізде сенделіп жүруден басқа істейтін ештеңе жоқ. Дойбы мен шахмат бар, кейде теледидар қарап, радио тыңдауға рұқсат береді. Ине шаншып ауыр дәрілер егеді, төсекке таңып тастайды. Тамағы тым нашар, соның бәрін көрдім. Айтқандарын тыңдамасаң, санитардың жұмысын істетіп қояды. Туыстарым беріп жіберген темекіден күніне 4 данасын береді. Оның өзіне лайық болуың керек. Көңіліңе қарап жатпайды, сен онда ешкім емессің, – дейді Қанат.

ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕГІ АТМОСФЕРА

Қазақстандағы жабық немесе жартылай жабық мекемелердегі жағдай жиі сөз болады. Көбіне бұл мәселе осындай мекемелерде науқастарға қатыгездік таныту, азаптау фактілері тіркелген кездерде қозғалады.

Психоневрологиялық диспансерлер де жабық мекемелерге жатады. Ондағы заңбұзушылықтарға жол бермес үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арнайы тексеріс жүргізіп тұрады.

Павлодар облыстық психикалық саулық орталығының психиатриялық қызмет басшысы Виктория Ефимова мониторинг жүйесін заңбұзушылықтардың алдын-алатын тиімді құрал көреді.

– Бізді прокуратура, медициналық және фармакологиялық бақылау комитеті, кейде ескертусіз келіп, азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы тексереді. Әжетхана неге жеке-жеке кабинаға бөлінбеген деген ескерту жиі айтылады. Бірақ олай жасау қауіпті екенін түсіндіруге тырысамыз. Науқастар ондай жеке кабинаға тығылып, өзіне бірнәрсе жасауы мүмкін, – дейді Ефимова.

Виктория жұмыс компьютерінің мониторын көрсетті. Науқастар жататын бөлмелер мен дәліздердегі жағдайды осының көмегімен бейнебақылау камераларынан бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ефимова диспансердегі жағдайды онлайн қарап отырады. Ол жабық мекемелердегі науқастардың құқықтары жүйелі түрде бұзылады деген пікірді Совет Одағынан қалған аңызға балайды.

Павлодар облыстық психикалық саулық орталығының психиатриялық қызмет басшысы Виктория Ефимова. Павлодар, 17 қазан, 2023 жыл

– Кейінгі жылдары көп нәрсе өзгерді. Біріншіден, медицина бір орында тұрған жоқ, қазіргі заманғы препараттар қолданамыз. Екіншіден, қазір адам құқықтарына құрметпен қарайды: кез келген адам ауруханадағы жағдайға шағына алады, – дейді дәрігер.

"Ауруханадағы жағдай нашар деген науқастар өтірік айтпайды" дейді психиатр Сергей Молчанов. Ол – адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі. Дәрігер кейінгі 20-30 жылда жабық мекемелердегі жағдай жақсарған деген сөзге күмәнмен қарайды.

– Ескірген қабырға мен тозығы жеткен еден. Түзету мекемесіндегі атмосфера – осы. Бөлмелер науқастарға лық толы. Тамағы нашар: препарат ішетін адамға не болса соны беруге болады деп ойлайды. Аймақтардағы ауруханаларды ғана айтып отырған жоқпын. Стационарлық ем қымбат тұрады, сондықтан мүмкіндіктері жетеді. Бір науқасқа күніне 10 мың теңгедей бөлінеді. Павлодардағы орталықта 485 орын бар, – дейді Молчанов.

Молчанов азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясына да мүше. Бұл ұйым жылына бір рет жабық мекемелерге ескертусіз барып, тексеріп отырады. Бірақ Молчанов мекеме басшылығы тексеріс келетінін алдын-ала білмейді дегенге сенбейді.

Коалиция ұсыныс, кеңес беру құзыретіне ғана ие. Олар есеп дайындап, оны омбудсменге тапсырады. Сала бойынша министрліктер заңбұзушылықтар жойылғаны жөнінде есеп беруі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі көбіне ескерту қаралып жатыр деген хабарлама жіберуден аспайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі, психиатр Сергей Молчанов. Павлодар, 18 қазан, 2023 жыл

– Коалиция тексеріспен барардан бір күн бұрын адам құқықтары жөніндегі уәкілге хабар беруі керек. Қазір Павлодар облысындағы уәкіл қызметін Артур Ластаев атқарады. Ол бұрын прокуратурада істеген. Бас психиатр қызметі көбіне бір адамнан екіншісіне мұрагерлікке қалғандай өтеді. Жабық мекеме басшыларының көбінің медициналық білімі жоқ, олар психиатрияны жаңа деңгейге көтеруге мүдделі емес. Қазақстанда саланың басында тұрған адамдардың өзіне психиатрия қызық емес. Өзімде сондай әсер қалды, – дейді Молчанов.

"АЛЬРАМИ" ЖӘНЕ ОҢАЛТУ ШАРАСЫ

Кейінгі 10 жылда Қанат Қасеновтің өмірі тыныш өтіп жатыр. Жағдайы тұрақты. Ол мұны Павлодардағы ментал саулығында ерекшелігі бар адамдарға арналған "Альрами" клубына барғанның пайдасы деп ойлайды. Бұл ұйым Сергей Лысенко баратын "Аргус" клубына жақын.

– Күнде барамын. Психикалық ауруханадан әлдеқайда жақсы. Басында сеніңкіремедім, қазір олардың мен сияқты адамдарға шынымен көмектескісі келетінін түсіндім. Мұнда әркімнің өз міндеті бар, сондықтан өзімізді қоғамға пайдалы сезінеміз. Өзімізді түсініп, қолдайтын дос табамыз, – дейді Қанат.

"Альрами" клубы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық аккредитациясы бар жалғыз оңалту орталығы. Клубты мемлекет қаржыландырады. "Альрами" клубын медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары деңгейлі психиатр Нәзігүл Бекенова ашқан. 1998 жылы ол Германияға жұмыс сапарымен барып, оңалту орталықтарын аралап, Павлодарда еуропалық жүйемен жұмыс істейтін ұйым құруға бел буған.

2000-жылдардың басында "Альрами" қызметкерлері Еуропадағы орталықтарға хат жазып, тәжірибе алмасты. Алғашқылардың бірі болып Варшавадағы клуб үйі жауап берді. "Альрами" мамандары сол жақта білім алып, еуропалық стандарттар мен әдістемелерді үйреніп, меңгерді.

– Психикасында ерекшелігі бар адамдарға арналған орталықтарды Қазақстанның кез келген қаласынан табуға болады. Бірақ біздің жүйеміз өзгеше. Оңалтуды коммуникация арқылы жүргіземіз. Бәрінің құқығы тең деген принциппен жұмыс істейміз. Бір-бірімізге "сен" деп сөйлеп, атымен атаймыз. Арамызда алшақтық жоқ, басты принцип – өзіңді және өзгелерді құрметтеу. Аккредитация аларда тренингтен өттік. Жұмысымызды АҚШ пен Еуропа елдерінен келген комиссия қадағалады, – дейді клуб үйінің администраторы, психолог Жанна Жанжігітова.

"Альрами" клубына тұрақты түрде 50 шақты адам келеді. Олардың көбі ересек шағында ауыра бастаған. Шизофрения диагнозы қойылған немесе басынан жарақат алғаннан кейін психикасы бұзылған науқастар да бар.

– Ашығын айтсақ, бізге келетін адамдар ешкімге керек емес. Ерте ме, кеш пе, туыстары олардан қажып-шаршайды. Көшеде жұрт саусағын безеп, үрке қарайды. Біздің аулада "Ауру" деген лақап аты бар Саша деген жігіт тұратын. Аулаға велосипедпен кіріп, бәріне алтын тісін көрсетіп, басып кетердей қорқытатын. Осы жаққа жұмысқа тұрғанда, Сашаны көрдім. Сөйлесе келе оның ашық, мейірімді, көңілшек адам екенін байқадым. Оның ауладағы қылығы қорғаныш реакциясы екен. Балалар ренжіте берген соң, бірінші өзі қорқытуға көшкен. Клубта өзін мүлде басқаша ұстайды, ал сырт әлемде адамдардан қорғануға мәжбүр, – дейді Жанжігітова.

Клуб мүшелері таңертең келіп, жиналыс өткізеді. Бір-біріне жаңалығын, жетістігі мен уайымын айтып, күндік жоспар құрады. Кім ресепшнде отырып, қонақтарды күтіп алатынын, кім гүлге су құйып, тамақ істеп, еден жуатынын өзара кеңесіп шешеді.

Павлодардағы ментал саулығында ерекшелігі бар адамдарға арналған "Альрами" клубы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық аккредитациясы бар жалғыз оңалту орталығы. 6 қазан, 2023 жыл

– Түсте тағы бір жиналысымыз бар, онда таңнан бері қандай жетістігіміз барын талқылаймыз. Науқастардың өзін бағалауы төмен, сондықтан істеген шаруасын қатты құнсыздандырады. Әңгімелесіп, әр адамның үлесі маңызды екенін түсіндіреміз, – дейді Жанна.

Психологтың айтуынша, ментал саулығы ерекше адамдар – стигмаға ең көп ұшырайтын топ. Бұл олардың психикасына кері әсер етеді, сондықтан клубтағы орта толықтай оңалту шарасына арналған.

– Мысалы, науқастар арнайы қордан ақша алып, бардан кофе, десерт сатып алады. Науқастардың көбіне "ұрлатады, дұрыс жарата алмайды" деп ақша ұстатпайды. Содан уақыт өте келе ақша жарата алмай қалады. Ақша тауып, бір зат сатып алуға болады дегенге сенбейтін науқастар да болды. Бірақ бойындағы үрей-қорқынышын жеңіп, үлкен жетістіктерге жетті. Ағылшын тілін үйреніп жүргендер де бар. Жаңадан жұмысқа тұрғанымда, оларға тілдің не керегі бар деп ойлайтынмын. Бірақ әріптесім адамдар жаңа нәрсе үйренген сайын, ауруға орын қалмайды деп түсіндірді, – дейді Жанна.

"Альрами" немесе "Аргус" сияқты клубтардың маңызын Павлодар облыстық психикалық саулық орталығының психикалық қызмет басшысы Виктория Ефимова да мойындайды.

– Ауру асқынған кезде алғашқы көмек көрсетіп, дәрі береміз. Ауруханадан шыққаннан кейін науқастың баратын жері жоқ. Сондықтан оларға ауруға дейінгі өміріне оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға кеңес береміз. Науқастар мен олардың жақындарына қолдау көрсететін орындар болса, жақсы болар еді, – дейді Ефимова.

Бұл пікірге психиатр Сергей Молчанов та қосылады. Оның сөзінше, психиатриядағы ең дұрыс жол – осы.

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, оңалту шарасы ментал саулығында ерекшелігі бар адамды қоғамға реинтеграциялауға көмектеседі. Үкімет осы мәселені көтеріп, оңалтуға арналған орындар ашуды тапсырған. Бірақ бұл сөз жүзінде ғана қалды, – дейді Молчанов.

Көп мәселенің шешімі талқылаудан әрі аспайтынын Жанна Жанжігітова да растайды. Оның сөзінше, клуб бірнеше рет басқа орталықтардың әлеуметтік қызметкерлеріне арнап семинарлар өткізген. Көбі клуб жұмысына разы болып, еуропалық стандарттар туралы сұраған. Бірақ әзірге "Альрами" Қазақстандағы халықаралық аккредитациясы бар жалғыз клуб ретінде қалып отыр.
Қанат Қасенов "Альрами" клубына 10 жылдан бері барып жүр. Ол өмірін клубсыз елестете алмайды.

– Бастысы, осы уақыт ішінде бірде-бір рет ауруым асқынып, диспансерге түскен жоқпын. Ондай сұмдық аяқталды, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "15 мың калория жесем де, өзімді тоқ сезінбейтінмін". Булимияны жеңген қыздың әңгімесі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бала туу адам төзгісіз қиын деп неге ешкім айтпаған?" Босанғаннан кейін күйзеліске түскен аналардың әңгімесі