БІР ҚАДАМ
17 жастағы Даяна Әбдірахманова 2018 жылы қарашаның бір түнінде тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен. Ол бұл қадамға саналы түрде барғанын айтады.
— Қатты түңіліп кеттім. Ол түні үйдегілер ұйықтағанын күтіп, жақындарыма хат жаздым. Бәрі тез болды, басында қорықтым, кейін ары қарай бұлай өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Терезеден бір адым аттасам, жағдайым жеңілдейтіндей көрінді. Осы оймен секіріп кеттім, — дейді Даяна.
Даяна бірнеше секундтан кейін жерге түскен. Есінен танбаған, тек көзін жұмған. Көзін қайта ашқанда тұла бойы жаурап, ауырғанын сезген. Даянаның сүйектері сынып, ұзақ уақыт ауруханада жатқан.
БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) 2014 жылы жарияланған Қазақстандағы суицид туралы көлемді зерттеуінде өзіне қол жұмсауға көбіне жасөспірімдер мен жастар баратыны жазылған.
Зерттеуде «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингінде Қазақстан суицид статистикасы жоғары елдердің үшінші тобына кіреді. Бұл тізімдегі мемлекеттерде жастар мен жасөспірімдер арасындағы табиғи емес өлім себептерінің ішінде суицид көш бастап тұр» деп жазылған.
Даяна терезеден секіру туралы шешімге ұзақ жылға созылған ішкі арпалыс пен «дайындықтан» кейін келген. Ол өзіне қол жұмсау туралы алғаш рет 13 жасында ойланған. Жасөспірім қыз бала күнінде өгей әкесінен зорлық көргені есіне түсіп, үйдегі белгісіз дәрілерді ішкен. Бірақ уланғаны болмаса, денсаулығына ауыр зақым келмеген.
— Кейін паникалық шабуылдар басталды. 14-17 жас аралығында ішімнен тынып, ешкімге айта алмадым. Уайым-қайғы үйіле берді. “Бұлай өмір сүргім келмейді, бәрі бітсе екен” деген оймен жүрдім. Басқа қалаға көшіп, колледжде оқып жүргенде де паникалық шабуылдар тыйылмады, — дейді Даяна.
Даяна паникалық шабуылдан құтылу үшін қолын кесе бастаған. «Қолым ауырған кезде тынысым тарылғанын ұмытып, ес жиятынмын» дейді ол.
— Осылай жалғаса берді. Қолымды кескім келмейтін. Қатты ауырады. Бірақ ұнамаса да, паникалық шабуылдан құтылу үшін осылай жасайтынмын. Бұл күйден басқаша қалай шығуға болатынын білмедім, — дейді ол.
Даяна суицид туралы ойлардан арыла алмаған. Уақыт өте келе ол жанын жегідей жеген ауру мен қорқыныштан шаршап, өмір сүргісі келмейтінін айта бастаған. Басқа жол көрмеген. Бұл психологияда «жертөледегі күй» деп аталады. Психологтардың айтуынша, суицид туралы оймен жүретін адамдар көбіне осындай күйде болады. «Жертөледегі күй» тығырықтан шығар жол табуға мүмкіндік бермей, мәселенің өлімнен басқа шешімі қалмағандай көрсетеді.
КЛИНИКАЛЫҚ ДЕПРЕССИЯДАН СУИЦИДКЕ ДЕЙІН
Виталий Кузнецов ұзақ клиникалық депрессиядан кейін суицид жасамақ болған. Ол өзіне қол жұмсау туралы бала кезінен ойлана бастаған. Басында жай ғана қызығушылық болып көрінген ойлар кейін өзіне қол жұмсау процесін зерттеуге ұласқан. Қазір психолог-cуицидиолог болып істейтін Виталий мұндай күйдің қайдан пайда болғанын білмейді. Дәрігер бұл әртүрлі факторлардың жиынтығы болуы мүмкін деп топшылайды.
— Балабақшада жүрген кездің өзінде басқа балаларға ұқсамайтынмын. Жүгіріп ойнайтын ойындарды ұнатпайтынмын, сағаттап бір орында отырып, айналамды бақылағанды, ойланғанды жақсы көретінмін. Мектепте бәрі ушығып, буллингке себеп болды. Жасөспірім шағымда өмір сүргім келмейтінін түсіндім. Бір бет парақты «Өлгім келеді» деген жазуға толтырып тастадым, — дейді Виталий.
Виталий ұзақ жыл депрессиядан емделіп, дәрі қабылдап келген. Бірақ депрессиясы ушыққан кезде өзіне қол жұмсаған. «Бір сәт ары қарай бұлай өмір сүруге шамам жетпейтінін түсініп, уақыты келді деп ойладым» дейді ол.
— Ол кезде суицидтің барлық әдісін, қайсысы тиімдірек екенін жақсы білетінмін. Қажет заттарды жинап, үйде ешкім қалмағанын күттім. Бірақ соңына дейін бармадым. Қай жерде тоқтау керегін білетінмін. Бір рет байқап көрсем, өлім туралы ойлар мазамды алмайды деп ойладым, — дейді Виталий.
Виталий есінен тануға шақ қалғанда мойнындағы жіпті босатқан. Бірақ суицид туралы ойлардан арыла алмаған. Біраз уақыт өткеннен кейін тағы байқап көрген. Тағы да сол сценариймен тірі қалған.
— Өлімге қатысты қызығушылық психолог-суицидолог мамандығын таңдап, білім алуыма көмектесті. Суицидология — әртүрлі салаларды қамтитын ғылым, оған психология, саясат, мәдениет, әлеуметтану – бәрі кіреді. Осының бәрі адамның қалыптасуына, шешім қабылдауына әсер етеді, — дейді Виталий Кузнецов.
«БИОПСИХОӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ»
Психолог-суицидологтар суицид себебін адамның менталды саулығымен байланыстырады. Бірақ өзіне қол жұмсаудың басқа да себептері бар.
— Ата-анамен кикілжің, мектептегі жанжал, жауапсыз махаббат та себеп болуы мүмкін. Бұл балалардың көбінің басынан өтетін жағдай, бірақ бәрі бірдей суицидке бара бермейді. Өйткені баланың менталды саулығы, психологиялық күйі маңызды. Бұл оның сыртқы ортадағы әртүрлі қиындықтарға төтеп беруіне көмектеседі. Мұндай қиындықтар көп болса, ұзақ стрестен ағзасындағы ресурстар таусылса, адамның күресу қабілеті де төмендейді, — дейді Светлана Богатырева.
Суицид мәселесі кешенді сипатқа ие және әртүрлі факторлардан құралады. Психологтар суицидті «биопсихоәлеуметтік мәселе» деп атайды.
— Жүйке жүйесінің құрылымы, оның берік не әлсіз болуы, ағзадағы ресурс, анамнездегі аурулар, науқастың күйін ауырлататын жағдайлар – осының бәрі биологияның үлесі. Адамның менталды саулығы психологияға жатады. Әлеуметтік дейтініміз: адамның ортасы қауіпсіз, жайлы болған сайын, оның күйі де жақсы болады, — дейді Светлана Богатырева.
Мамандар Қазақстанда суицид неге көп екенін нақты айта алмайды. Сарапшылардың пікірінше, бұған әлеуметтік даму деңгейі, мәдениет, елдегі саяси жағдай мен менталитет әсер етеді. Богатырева Қазақстанда мәселенің себебін анықтау үшін көлемді зерттеулер жүргізілмегенін қынжыла жеткізді.
— Қазақстан – қос мәдениет тоғысындағы мемлекет. Бізде кез келген сәтте отбасымыз жанымыздан табылатын шығыстың топтық қолдауы қалмады. Әркім өз басына ғана жауап беретін батыстық индивидуализм бар сияқты, бірақ батыс елдеріндегідей дамыған көмек беру жүйесі жоқ. Оларда психологиялық көмек қолжетімді, ол медициналық сақтандыруға кіреді. Біз шығыс менталитетінен алыстап, батысқа жете алмай ортада қалып қойған сияқтымыз. Адамдар мәселелерін осылай өз бетінше шешуге тырысады. Біздегі білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің ерекшелігі де осындай көрсеткішке әкеліп отыр, — дейді психолог.
«МЕМЛЕКЕТ СУИЦИД САНЫН АЗАЙТЫП КӨРСЕТЕДІ»
Прокуратура жүргізетін ресми статистикаға сүйенсек, кейінгі бес жылда Қазақстандағы суицид саны бір деңгейде қалған. Жылына 3,5-4 мың суицид тіркеледі. Кейінгі бес жылда өзіне қол жұмсауға талпынған адамдар саны да өзгермеген: жылына 4,2-4,8 мың адам. Осыған қарамастан, Қазақстанның бүкіләлемдік рейтингтегі орны жақсарып келеді. Сарапшылар мұның сырын былай түсіндіреді:
— Суицид бойынша жағдай қалай реттелді? Өйткені ұғымдардың аты ауысты. «Суицид жасауға талпыныс» енді «демонстративті-бопсалау әрекеті» деп аталады. Суицидиалды іс-әрекет — суицид болса, демонстративті-бопсалау әрекеті эмоционалды бұзылысқа жатады және суицид статистикасына кірмейді. Суицид санатына адамды әзер құтқарып қалатын ауыр жағдайлар ғана жатады. Сондықтан Қазақстандағы суицид саны көбеймесе, азайған жоқ, — дейді Виталий Кузнецов.
Суицидолог өзіне қол жұмсау фактілерін азайту үшін мәселені мойындап, оны толық көрсету керек деп есептейді.
— Бірақ бұл мүмкін емес, бұл салалар мемлекетке тәуелді. Мемлекеттің мақсаты – бір: әлемдегі дамыған он мемлекеттің қатарына кіру. Бұл үшін суицид саны аз болуы керек. Мемлекет суицид санын азайтып көрсетеді. Мәселені қазір мойындасақ, рейтингіміз нашарлап кетеді. Бұл инвестицияға әсер етеді. Осылай тұйық жүйе қайталана береді, — дейді Виталий Кузнецов.
Билік суицид мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қабылдауға тырысқан. Тіпті бағдарлама да дайындалған. Бірақ іс жүзінде адамдармен жұмыс істейтін суицидологтар жетпеген.
— Үнемі суицид бойынша жол картасы дайындалып, жергілікті жобалар қолға алынып жатады. Бірақ ортақ бір стратегия жоқ. Білуімше, қазір бұл мәселе бойынша жұмыс тобы стратегия дайындап жатыр, — дейді Светлана Богатырева.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Мектептен келді де, дәріні уыстап ішіп алды". Әлеуметтік желідегі әлімжеттік пен салдары"Дәрменсіз жанға айналдырады". Психиатр Айгүлім Әбетован психикалық саулық және емдеу жайлы"Маза кетіп, ұйқы қашты, үрей биледі". Covid-тен кейінгі синдром деген не және оны қалай жеңуге болады?