Инсулинге байланған өмір. Қант диабетімен ауыратын науқастардың хикаясы

Сусамыр дерті. Иллюстрация авторы – @Shapalaque, Динара Сәтбаева.

14 қараша – халықаралық қант диабетімен күрес күні. Қазақстанда 430 мыңға жуық адам қант диабетімен ауырады. Халықаралық диабет федерациясының дерегінше, елде 800 мыңға жуық науқас бар. Қант диабетінің 2-типінде көбіне ауру белгісі білінбейді, сондықтан науқастардың көбі сырқаты барын мүлде білмейді немесе диагнозын ауруы асқынып, ауыр салдары байқалған кезде бір-ақ естиді. Сарапшылар қант диабеті науқасқа да, бюджетке де қымбатқа түсіп отырған күрделі мәселе екенін айтады.

Қант диабеті (сусамыр) – инсулин гормонының бөлінуі бұзылған кезде туындайтын созылмалы ауру. Инсулин ағзадағы жасушаларға глюкоза жеткізумен айналысады. Ұйқы безінің қызметі бұзылып, инсулин дұрыс бөлінбесе, глюкоза жасушаларға жетпей, қанда қалып қояды. Қандағы глюкоза мөлшерінің жоғары болуы ағзаға қауіпті. Сондықтан қант диабетімен ауыратын науқастар өмір бойы инсулин қабылдап, дәрінің көмегімен глюкоза мөлшерін реттеп отырады.

"КӨЗ ІЛСЕМ, КОМАҒА ТҮСІП ҚАЛЫППЫН"

Гүлжамал, 55 жаста, Түркістан облысы

Бұрын қант диабетінен мүлдем хабарым жоқ еді. 74 жасында шешемнің аяғына жара түсті, інім дәрігерге апарып, ота жасатты. Қант диабетімен ауыратынын сонда білдік. Дәрігерлер аяғын кесіп тастады, үш отадан кейін қайтыс болды. Артынша әкемнің де қант диабетімен ауыратыны анықталып, бір жылдан кейін көз жұмды. Әке-шешеміздің сырқаты бізге өтсе керек, әйтеуір, ағам, өзім, сіңлім кезекпен осы ауруға шалдықтық.

Қант диабетімен өмір сүріп келе жатқаныма он жылдан асты. Күніне екі мезгіл инсулин саламын, арасында басқа дәрілер ішемін. Қант диабетінен кейін қан қысымым жиі көтерілетін болды. Оған да күнделікті дәрі ішуім керек. Кейде дәрі-дәрмектен жалығып кетемін. Асқазанды құртады ғой, бірақ тастауға болмайды...

Көп қозғалып, тірлік істесем, қантым (ағзадағы глюкоза мөлшері – ред.) түсіп кетеді. Бір күні бақшада шөл жұлып жүре беріппін. Басым айналып, үйге кірдім. Ұйқым келген соң, сәл мызғып алайын деп жатсам, комаға түсіп қалыппын. Бір күн ес-түссіз жаттым. Жан сақтау бөліміне менімен қатар тағы бір әйел түскен екен. Түнде сол кісі қайтыс болыпты. Сырттағылар мен өлді деп естіген. Ертеңіне палатаға шықсам, бәрі "Түнде сізді өлтіріп қойды ғой, өмір жасыңыз ұзақ болады екен" деп жатыр. Солай болсын...

Басында жұмыстағылар диагнозымды білмейтін. "Аурумын" деуге қысыласың ғой. Бірақ комаға түсіп қалғаннан кейін "үндемей жүре берсем, өліп қалармын" деп, қант диабетімен ауыратынымды жасырмай айтатын болдым.

Ұзақ жыл кондитер болып істедім. Бес жыл бұрын сырқатыма байланысты екінші топ мүгедегі деген анықтама алған соң, жұмысты қойдым. Қазір 57 мың теңге жәрдемақы аламын, ол неге жетеді? Дәрі-дәрмектен артылмайды. Сондықтан арасында үлкен торттар дайындауға тапсырыс түскенде жұмысқа шығып тұрамын. Кейде оған да денсаулығым жарамайды.

"АПАМНЫҢ ШОКОЛАДЫНА ТИМЕҢДЕР!"

Бұл ауру жылдан-жылға асқына береді екен. Қазір көру қабілетім нашарлап, саусақтарым жансызданып қалды. Жылына екі рет ауруханаға жатамын. Жатпасам, қантым көтеріліп, аяқтарым қақсап, жеп қояды. Ауруханада алған емнің күші алты айға жетеді. Кейін қайтадан ауыра бастаймын.

Бізге ашулануға болмайды. Бала-шағама айқайласам, қалтырап, жүре алмай қаламын. Көшеде жүргенде қантым түсіп кетсе, басым айналып, құлап қала жаздаймын. Мас адам сияқты тәлтіректеп жүргеніме ұяламын. Көп адам түсінбейді, "Мына байғұс ішіп алған ба?" деп ойлайтын шығар. Сол үшін үнемі өзіммен бірге кәмпит алып жүремін. Аузыма тәтті салып, сәл күтсем, қантым көтеріледі. Кейде немерелерім сөмкемді ақтарып, тәттілерімді жеп қояды. "Тимеңдер!" деп ұрсамын. Қазір олар да біліп қалды, тәтті жегісі келіп тұрса да, "бұл – апамның шоколады" деп сөмкемді қорып жүреді.

Сусамыр дерті. Иллюстрация авторы – @Shapalaque, Динара Сәтбаева.

Қант мөлшері кез келген уақытта түсіп кетуі мүмкін. Кейде түнгі үште қара терге түсіп оянамын. Ондайда қандағы глюкоза мөлшерін көтеру үшін тамақ ішу керек. Түнде немерелерім тоңазытқышты қайта-қайта ашып, әр нәрсе алып жейді. Кішкентай баланың әдеті емес пе?! Мен де соларға ілесіп, ыдыс-аяқты сықырлатып жүрсем, ұлым "Енді үйдің үлкен баласы келді" деп күледі. Ауырмаған адам түсінбейді ғой. Баламның сөзіне намыстанып, жейтін тамағымды бас жағыма әкеліп қоятын болдым.

Жиырма сегіз жасымда үш баламен жесір қалдым. Сол да оңай тиген жоқ. Ауруханада тамақ тарататын жерде істедім. Ауырып қалсам да жұмысқа баратынмын. Балаларымды үйге қамап кетіп, артылған тамақты үйге тасып өсірдім ғой. Өзім бір жағы сол ауыртпалық, стрестің бәрі кейін шықты ма деп ойлаймын.

Кейде біреу қант диабетінен қайтыс болыпты дегенді естісем, уайымдап қаламын. Ауруымды ойламауға тырысамын, бірақ қалай ұмытасың? Әке-шешем осы аурудан кеткен соң қорқамын. Құдай өмір берсе, балаларымның арасында аман-есен жүргенге не жетсін!

Қант диабеті "қымбат" ауру ма?

Руслан Закиев, Қазақстандағы диабет қауымдастығының президенті

Әдетте қант диабетінің 2-типі ауру асқынып, жүрек, бауыр, бүйрек патологиясына айналғанда, науқастың көзі көрмей қалғанда немесе аяғына жара түскенде анықталады. Диабет табаны (аяққа сызат, жара түсіп, іріндеуі) синдромы көп кездеседі. Бұл – қант диабетінен болатын ең күрделі асқынудың бірі. Өкінішке қарай, диабет табаны синдромы әдетте ампутациямен (аяқты кесу) аяқталады, көбіне өлімге әкеліп соғады. Бұл – үлкен мәселе. Көп адамның сырқаты ауыр асқыну басталған кезде ғана анықталатындықтан, қант диабеті бюджетке ауыр, күрделі ауру саналады. Қазақстанда өлім себептері бойынша жүрек-қан тамыр аурулары көш бастап тұрғанымен, бұл сырқаттар да кейде қант диабетінің әсерінен асқынады.

Қант диабетін ерте кезеңде немесе предиабет (қант диабетіне алып келетін ауру) кезінде анықтауға мүмкіндік беретін арзан тәсілдер бар. Ерте диагноз қойылған науқасты емдеу арзан әрі жеңіл. Бірақ ары қарай аурудың асқынуына жол бермеу науқастың өзіне байланысты. Дәрігер нұсқаулығын дұрыс орындаса, көп асқынудың алдын алуға болады.

Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамының дерегінше, жыл сайын қант диабетін емдеуге бюджеттен 1 миллиард доллар қаржы бөлінеді. Бұл – өте қымбат. Қант диабетіне көп ақша жұмсау аурудан болатын асқынуды емдеумен байланысты. Қазақстанда қант диабетінің профилактикасы дұрыс жұмыс істемейді. Денсаулық сақтау министрлігіне аурудың алдын-алу немесе ерте анықтау оның салдарын емдеуге қарағанда арзанға түсетінін дәлелдеуге тырысып келеміз. Кейін қант диабетінен болған асқынуды емдеуге қаржы жұмсағанша, қазір аурудың алдын алуға және бақылауға ақша бөлген дұрыс. Қазақстанда қант диабеті бойынша ұлттық бағдарлама жоқ. Қазір өзіміз дайындап жатқан бағдарлама бойынша, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде өңірлерді аралап, скрининг жүргізіп, қант диабеті анықталған науқастарды біртіндеп жүйеге енгізуді ұсынып отырмыз. Өйткені қазіргі 430 мың науқасқа тағы жүздеген мың адамды қосып, бірден емдеуге алсақ, бюджет мұндай жүктемені көтере алмайды.

"АУЫРУҒА УАҚЫТЫМ ЖОҚ"

Қарлығаш, 53 жаста, Астана

2003 жылы қазан айында дәрігерлер қант диабетінің 1-типі деген диагноз қойды.

Ол кезде әлі тұрмыс құрмаған, кәсіби карьерасы өрге домалап келе жатқан жас маман едім. Алматыда заңгер болып істеймін, бөлім басқарамын, бір сөзбен, ауыруға уақыт жоқ деп жүрген кезім. Оған дейін ревматологиялық сырқатыма байланысты үш ай сайын дәрігерге қаралып тұратынмын. Қант диабеті анықталмай тұрып, алты-жеті айдай қан тапсырмадым. Сәуірдегі сараптамам таза шыққан еді, қазан айында зәрімнен глюкоза табылды.

Сол жылы жаз ыстық болды. Жұмыстың құжаттарымен қалада көп жаяу жүрдім. Түнде бір жарым литр су ішіп, кіші дәретке жиі шығатынмын. Ыстықтан шығар деп ойладым. Қатты жүдеп, он бір килограмм салмақ тастадым. Көп қозғалғаннан болар деп, мән бермедім. Кейін ойлап қарасам, менде қант диабетінің айқын белгілері болған екен.

Әкем қант диабетімен ауырған. Бірақ ата-анам дәрігер болғандықтан, бізді өздерінің еміне араластырмайтын. Сондықтан қант диабеті туралы көп нәрсе білген жоқпын. Сырқатыма генетикалық бейімділік, анамның қазасынан кейінгі күйзеліс, жұмыстағы стресс әсер еткен сияқты.

"БАЛА ТУЫП АЛЫҢЫЗ"

Қант диабетінің 1-типінің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Дәрігерлердің айтуынша, менде бірінші типтің ерекше түрі болуы мүмкін. Бірақ қай түрі екенін анықтай алмайды. Өйткені Қазақстанда ондай сараптама жасалмайды. Пандемияға дейін "Мәскеуге барып, 200-300 мың теңгеге сараптама жасатса болады" дегенді естідім. Ондай ақшам жоқ деп, бас тарттым.

Басында бір жылдай қант өнімдерін мүлдем қолданбай кеттім. Кейін аз-аздан жеуге болады деді. Қазір сөмкемнен қант үзілмейді. Қант диабетімен ауыратын адамдарда әдетте "гипергликемия" (қандағы глюкоза мөлшерінің жоғарылауы) болса, менде "гипогликемия" (қандағы глюкоза мөлшерінің төмендеуі) жиі кездеседі. Көшеде глюкоза мөлшері түсіп кетіп, қалтамда қант болмай қалса, дүкенге кіріп "қант диабетімен ауырамын, тәтті бірнәрсе беріңізші" деп сұраймын.

Сусамыр дерті. Иллюстрация авторы – @Shapalaque, Динара Сәтбаева.

Ішкен-жегенімізді нан бірлігіне (ас құрамындағы көмірсуды өлшеуге арналған бірлік) салып есептеу керек. Қазір тамағымды мұқият қадағалап жүрмін дей алмаймын. Арасында диетамды бұзып қоямын. Бірақ инсулин дозасын реттеп отырамын. Крахмалы бар картоп, күрішті сирек жеймін. Майлы, тұзды тағамдар жемеймін.

Кейде осындай өнімдер жеймін деп, инсулинді соған қарай өлшеп саламын. Бірақ тамағымды тауыса алмасам, инсулин глюкозаны артық өңдеп, қантым түсе бастайды. Үй жинау, асықпай жүрудің өзі – кәдімгідей күш. Мұндай кезде де қант мөлшері күрт төмендеп кетеді.

Дәрігерлер "Диабет ағзаңызды жеп қоймай тұрғанда, мүмкіндікті пайдаланып, бала туып алыңыз" деді. 2005 жылы желтоқсанда қызымды дүниеге әкелдім. Жаңа туғанда қанты жоғары болды, кейін төмендеді. Қызым төрт жарым жасқа келгенде, қарны аша берді. Өзімнің глюкометріммен қантын өлшеп көрсем, жоғары екен. Баладан да қант диабеті шыға ма деп қатты қорықтым. Эндокринологқа барып, бес жыл бойы ұйқы безінің жұмысын реттеуге тырыстық. Қазір қызым он жетіде, жағдайы жақсы. Қант диабеті туралы бәрін біледі, денсаулығына қарап жүреді. Қызым үшін еңсемді түсірмей, талпынып, өмір сүріп келе жатырмын.

ТЕГІН ЕМНІҢ АҚЫЛЫ ТҰСТАРЫ

Қант диабетімен ауыратын науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі. Бірақ ұзақ уақыт бойы тест-таяқша (қан құрамындағы глюкоза мөлшерін өлшеуге арналған глюкометрмен бірге қолданылатын таяқша – ред.) алу қиын болды. Біресе болмайды, біресе аз беріледі. Жылына он-он екі қаптама ғана алатынбыз. Менде гипогликемия жиі болатындықтан, глюкоза мөлшерін үнемі қадағалап отыруым керек. Жағдайым нашарласа, қантымды өлшеймін, тамақ ішіп алған соң, тағы тексеремін. Кейде тамақ ішкенде глюкоза одан әрі түсіп кетеді. Ондайда тағы бірнәрсе жеуім керек. Қантым көтеріліп келе жатқанын көрсем, инсулин салу керек пе, соны ойланамын.

Сондықтан тест-таяқша ауадай қажет. Біраз уақыт қиындықпен алып жүрдім де, кейін өзім сатып алуға көштім. Тауар белгісіне қарай, бағасы да әртүрлі. Бір қаптамасы шамамен 7-8 мың теңгеге түсетін. Былтырдан бастап бір жылға жететін, өзіме тиесілі отызға жуық қаптаманы тегін алып жүрмін.

Мен сияқты жиырма жылдан бері қант диабетімен ауыратын адамның дерті міндетті түрде асқынып тұрады. Емделуге жатсақ, қант диабетінің асқынуы басатын дәрі-дәрмекті өзіміз сатып аламыз. Ауруханада бірді-екілі дәрі ғана бар, оның өзі дәрумен сияқты. Денсаулығымызға жақсы әсер беретін препарат салғызу үшін өз қалтамыздан ақша шығарамыз. Мамырда денсаулығымды түзетіп, асқынуды емдеуге 70 мың теңге жұмсадым.

Инсулин дауы

Руслан Закиев, Қазақстандағы диабет қауымдастығының президенті

Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарды бір дәріден екіншісіне ауыстыруға байланысты даулы оқиғалар жиі болып тұрады. Диабет қауымдастығының президенті Руслан Закиев бұл туралы былай дейді:

Қоғамдық қызметім 2015 жылы мемлекеттің “не берсек, соны алыңдар” деген принципінен басталды. Ұлыма бұрыннан салып келе жатқан инсулинінің орнына басқа препарат берді. Үш апта бойы қанты көтеріліп, түнімен ұйықтамай, әбден қиналдық. Бұрынғы дәрісін тауып, сатып алдық, содан кейін жағдайы түзелді. Қызымды да үнемі бір инсулиннен екіншісіне ауыстырып отырды. Кез келген дәріні беріп, кейін науқасты ауруын асқындырып алғаны үшін кінәлау дұрыс емес. Инсулин компенсациясы – жылдар бойы қалыптасатын өте қиын процесс. Биыл тендерде бір компания жеңсе, бір инсулин, келесі жылы басқа компания жеңсе, басқа инсулин беруге болмайды. Бұл әдісті түбегейлі өзгерту керек, жаңа препаратқа көшу туралы шешімді шенеуніктер емес, дәрігер мен науқас ғана қабылдауы тиіс.

"РЕҢІҢІЗ ЖАМАН ЕМЕС, ҮШІНШІ ТОП МҮГЕДЕГІ ДЕП ЖАЗАМЫЗ"

Мүгедектік санатын анықтайтын медициналық-әлеуметтік комиссияның алдына бару азаппен тең. Маған қант диабеті диагнозы қойылғаннан кейін алты жылдан соң мүгедектік алуға жолдама берді. Үшінші топ мүгедегі деген анықтама алдым. Содан кейін жыл сайын комиссияға барып, ауруымнан айығып кетпегенімді, әлі де "мүгедек" екенімді дәлелдеуге тура келетін. Қант диабетімен ауыратын адамдарға, әсіресе, 1-типтегі науқастарға қайта тексеруден өтудің еш мәні жоқ. Өйткені ұйқы безі жасушалары қалпына келмейді. Науқасқа "ағзаңызда бөлінетін гормон жетпейді, инсулинді сырттан салуыңыз керек" десе, бұл диагноз өзгермейді. Қазақстан былай тұрсын, бүкіл әлемде қант диабетінен емдеп жазудың жолы табылған жоқ. Комиссия құрамындағы мамандар бұрын қант диабетімен ауыратын науқастармен жұмыс істеп көрмеген сияқты.

Жыл сайын комиссия тексерісінен өтіп, мүгедектік санатын сақтап қалу үшін науқастарға екі-үш рет ауруханаға жатып, қаншама анықтама жинау керек. Әр жолы ауруханаға жату артық шығын екенін айттым. Одан бөлек, әр дәрігердің қабылдауын апталап күтіп, кезекте отырасың. Осының бәрі онсыз да ауыр сырқаты бар адамның жағдайын одан әрі нашарлатады.

Алты жыл осылай сандалғаннан кейін, 2016 жылы өмір бойына үшінші топ мүгедегі деген анықтама алдым. Бірақ эндокринологтардың қорытындысы бойынша, екінші топ мүгедегі болуым керек еді. Комиссияға барсам, "Жоқ, реңіңіз жаман емес, үшінші топ мүгедегі деп жазамыз, әйтпесе, мүлдем алып тастаймыз" деді. Әр жолы осындай қорлық көреміз. Жыл сайын ауруын дәлелдеп жүргендердің бәрі солай дейді. Екінші топ мүгедегі болсам, сәл көбірек жәрдемақы алар едім, бірақ мен одан байып кетпеймін, алған ақшамның бәрін емге жұмсаймын ғой.

Кейінгі бірнеше жылда денсаулығыма байланысты жұмыс істемей, үйде отырдым. Қазір қайтадан жұмысқа шығуды ойлап жүрмін. Комиссия қорытындысы бойынша, еңбекке жарамсыздық деңгейім – 55 пайыз, жарты күн жұмыс істей аламын. Жұмысқа тұрарда диагнозым туралы айтпайтын шығармын. Басшылар мүгедектігі бар адамды жұмысқа ала қояды деп ойламаймын. Бірақ басқа жерлерде қант диабетімен ауыратынымды жасырмаймын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дәрігер емес, шенеунік ұйғарады". Диабетпен ауыратындардың жанайқайы