"Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаев парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлау күні наразылық митингісі өтеді деген жерде тұр. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл

Қазақстанда кейінгі уақытта Қылмыстық кодекстің "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру" туралы 258-бабы билікті сынап жүрген кемінде екі адамға қатысты қолданылды. Ол екеуінің ешқандай радикал іс-әрекеті байқалмаған дейді құқық қорғаушылар. Сонда бұл бап билік жақтырмайтын адамдарды жазалу құралына айналды ма?

"КҮМӘНДІ ТРАНЗАКЦИЯ". ӘБЛЯЗОВТІҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

– Әблязов. Сіз оны танисыз ба? Сіз ақша жіберген адам, – деп сұрады форма киген адам.

– Кім? Мен жіберіппін пе? Мен оған ештеңе де жіберген жоқпын, – деп жауап берді ер адам.

– Міне, шоты, түрлі есепшоттан аударылған, міне, мұнда сіздің сойыңыз жазылып тұр, – деп жалғастырды полицей, – бізге келіп, түсінік беруіңіз қажет.

Бұл – Қарағандыдан шыққан азаматтық белсенді Мұрат Жембаев пен полицияның аға жедел уәкілі Ержан Түсіпхановтың арасында болған диалог. Әңгіме видеоға түсірілген. Полиция қызметкері бір ай бұрын куәгер ретінде жауап алу үшін Жембаевтың бөлімшеге келуін талап етіп, оның жұмыс орнына Алматыдан "жеке тапсырма бойынша" келген.

Полицейдің қолында қағаз бар. Жембаев қағаздан банк құпиясы саналатын өзінің жеке деректерін көреді. Қарағандылық азаматтың айтуынша, күштік органдардың оған назар аударуы – түрмедегі белсенділердің отбасына ақша аударумен байланысты болуы мүмкін.

– Демек, полиция банк деректерін қолға түсіріп, осылай сау ете қалуы мүмкін. Қамауға алынған белсенділердің отбасына азын-аулақ ақша аударғанымда банк есепшотымды 2-3 күнге бұғаттаған болатын. Сол кезде банкке барып, өтініш жаздым, банктегілер болса транзакция күдік тудырғанын айтты. Мен оларға балаларының ішерге асы жоқ бір әйелдің отбасына азғантай ақша аударғанымды түсіндірдім, – дейді белсенді.

Қарағандылық белсенді Мұрат Жембаев

Шетелде тұратын бұрынғы банкир, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтің үндеуіне еріп, наразылыққа шыққан белсенділердің әйелі мен балалары асыраушысы түрмеге қамалғаннан кейін қаржысыз қалды. Белсенділерді Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша, "тыйым салынған ұйымға мүше болды" деген айыппен соттады, құқық қорғаушылар бұл бапты билікке жақпайтын адамдарға қарсы қолданалатын құрал санайды. 2018 жылы Астана соты Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына тыйым салу туралы шешім шығарғаннан кейін бұл бап жиі қолданылатын болған. Қазақстан билігі ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп таныды, ал Еуропарламент резолюцияларында бұл ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған. ҚДТ-ның ұйымдастыруымен өткен бейбіт митингілерге қатысу, пост жазу, тіпті, қозғалысты қолдау мақсатында әлеуметтік желілерде репост жасаудың өзі билікке белсенділерді 405-бап бойынша жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін.

258-БАП. БИЛІКТІ СЫНАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ ЕКІ ІС

Бұған дейін де наразылық акцияларына қатысқаны үшін полицияның назарына іліккен Мұрат Жембаев жауап алынғаннан кейін куәгерден күдіктіге айналуым мүмкін деп қобалжиды. "Қазір олардан бәрін күтуге болады, мені бірдеңені қаржыландырды деуі де мүмкін", – дейді ол.

Қобажитын да жөні бар. Кейінгі айда билікті сынап жүрген кемінде екі адамға Қылмыстық кодекстің "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" деп аталатын 258-бабы бойынша айып тағылды.

Қараша айында Астана соты аты аңызға айналған танымал супермарафоншы Марат Жыланбаевтың ісін жабық процесте қарап, оны жеті жылға бостандығынан айырды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Жыланбаевты қудалағандарды айыптап, үкімді "бейбіт оппозиция әрекеті үшін кек алу" деп атады. Олардың айтуынша, Жыланбаев сөз бостандығына, бірлестіктер мен жиналыстарға қатысу құқығын заң аясында қолдануға тырысқаны үшін жауапқа тартылған және оның зомбылыққа негізделген "экстремизмге" еш қатысы жоқ.

Астана сот кейінгі жылдары саясатқа араласып, митингілерге шығып, оппозициялық партия тіркеуге талпынып жүрген Марат Жыланбаевты "экстремистік әрекетті қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым" – ҚДТ-ға қатысты деп айыптап отыр.

Марат Жыланбаевтың жақтастары оны қолдап сотқа келіп отыр. Астана, 17 қараша, 2023 жыл

Жыланбаевтың адвокаты оған мұндай айып тағуға 2023 жылы наурызда өткен парламент сайлауында өзін-өзі кандидат ретінде ұсынған белсенділерге тіркелу жарнасын төлеу үшін көмек ретінде ақша аударғаны себеп болған дейді. Дәл сол ақша аударғанын билік қылмысқа жатқызып отыр, тергеу мен айыптау нұсқаларында әлгі қаржы ҚДТ жақтастарына аударылған деп көрсетілген. Бірақ аударылған ақшаны алғандар әлдебір экстремистік қылмысы үшін сотталған адамдар емес.

Келесі іс қамауда отырғанына жарты жыл болған журналист Думан Мұхамедкәрімге қатысты. Билікті сынап-мінеп, материалдар жариялаған Youtube-тегі ND арнасының авторына қатысты тергеу де Жыланбаевқа қарсы қозғалған бап бойынша жүргізіліп отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты да, Мұхамедкәрімді де саяси тұтқындар тізіміне енгізді. Халықаралық топтар Астана билікті сынағандарға экстремизмге қарсы заңның түсініксіз баптарын қолданып келе жатқаны бірінші рет емес дейді.

Қамаудан шыққан тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрімді жақтастары абақты алдынан күтіп алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл. Фото авторы - Тоқмолда Құсайынов

Мұхамедкәрімге айып Әблязовпен бейнесұхбат жасағаны үшін тағылып отыр дейді адвокаты. Журналист Әблязовтің адвокатқа төлеуге қаражат жинау үшін ашқан есепшотының нөмірін көрсетті, ал тергеу орындары ол есепшот Әблязовқа емес, ҚДТ-ға тиесілі деп тұжырым жасаған.

ЖАҢА "ТРЕНД" ПЕ?

Отанында ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған Мұхтар Әблязов не себепті Еуропада адвокат жалдау үшін қаржы жинап жүр? Ол биыл Франциядан кет деп пәрмен берген сол елдің билігінің шешіміне келіспей, шағым берген. Бұрынғы банкирдің бағы тайған сыңайлы. Әйтсе де үнемі олай болған емес.

Қазақстан билігі өзінің қас жауы санайтын Әблязов 2009 жылы елден қашып кеткен. Отанында оған өзі басқарған БТА банктің миллиардтаған долларын заңсыз шығарды деген айып тағылды, ал кейінірек 2004 жылы бизнес серіктесін өлтіруге тапсырыс берген деген және бір айып тағылды. Астана оны Еуропадан экстрадициялауға тырысты. Әблязов 2013 жылы Францияда қамауға алынды. Екі жылдан кейін Франция соты оны Ресейге экстрациялау жөнінде шешім шығарды (Ресей билігі де Әблязовты ұрлық жасады деп айыптаған). Бірақ 2016 жылы Әблязовті экстрадициялау туралы шешімнің күші кенет жойылды: Париж оны қудалау ісінің саяси сипаты бар, ұстап берген жағдайда оны азаптап, сот процесі әділ болмауы мүмкін деп есептеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әблязовтың қамалуы, Тоқаевтың Макронға хаты және "совет зауыттарын арзан алып, байыған" олигархтар

Бостандыққа шығып, Францияны паналаған экс-банкир шетелде отырып, қазіргі билікті орнынан тайдыру үшін Қазақстандағы жақтастарын наразылық шеруіне үндей бастады. 2019 жылы әлеуметтік желілер арқылы ол үндеу жасап, жұртты жаппай шығуға үндеген митингілерге жүздеген, мыңдаған адам қатысты, полиция шеруге шыққандарды шетінен ұстап, сот оларға айыппұл салып, әкімшілік қамауға алды. Әблязов тікелей эфирге шыққан уақытта Қазақстанда әлеуметтік желілер бұғатталатын болды.

Алайда уақыт өте келе наразылық қарқыны бәсеңдеп, азая түскендей, экс-банкир жариялаған митингіге әрі кетсе он шақты ғана адам келетін болып жүр (олар да қудалауға түседі). Әлеуметтік желілерді бұғаттау да тоқтады. Әблязовтің өзі 2022 жылы Франциядағы босқын мәртебесінен айрылды, қазір ол Франциядан кетуін талап еткен биліктің шешіміне келіспей, дауласып отыр.

БТА банктің бұрынғы басшысы, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов. Париж, 15 желтоқсан, 2016 жыл

Қазақстандағы адам құқығы мен заңды сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Әблязовтің жақтастары мен оның пікірін қолдайтын адамдарға қарсы науқанның оқтын-оқтын біресе саябырсып, біресе жанданып отырғанын айтады. 2018-2019 жылдары соттар ҚДТ-ны қолдайтындарға және ұйымның жақтасы болуы мүмкін адамдарға 405-бап бойынша жаза тағайындаған болса, кейінгі жылдары жазаны жеңілдетіп, тек бостандығын шектеуге үкім шығарып жүр. Қазір үкіметке қарсылық танытқандарды 258-бап бойынша жазалау "трендке" айналды.

– Белсенділердің кейбірі өзін-өзі Мәжіліс депутаттығына [2023 жылдың наурызындағы сайлауда] ұсынған тұста билік тағы да қатайып, қудалауды "күшейте түсті". Біреудің ҚДТ әрекетіне шынымен қатысы барын дәлелдеу қиындық тудыратыны да түсінікті, өйткені анау айтқандай, ҚДТ деген жоқ. Егер [тергеу назарына іліккен адамдар] әлдебір белсенділерді қолдаса, белсенділерді немесе олардың отбасын қолдағаны туралы әлдебір шот көрсетіп, "экстремизмді, терроризмді қаржыландырды" дегенді қосымша ойлап тауып отыр, – дейді құқық қорғаушы.

Жовтис тергеудің мақсаты әлдекімнің аударған қаржысы дәл Әбзяловқа арналған-арналмағанын анықтау емес дейді.

– Олар ниетін дәлелдеп жатпайды, оларға жай ғана формалды түрде ұйымның әрекетін адамға "таңып", айыптау қажет. Белсендіге ақша жіберсе, демек, тыйым салынған ҚДТ-ға, әрі қарай Әблязовқа жіберді деген сөз. Ал егер қылмыстық іс қозғалса, банк құпиясы деген жоқ, – деп пайымдайды Евгений Жовтис.

"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының басшысы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл қауіпті үрдіс дейді.

– Тергеудің ақша аударылғанын қалай анықтайтынын білмеймін. Кімде-кім Әблязов мырзаны қолдаса, тіпті, белсенділердің айыппұлын төлеу үшін көмектессе немесе Жыланбаев сияқты сайлау науқанында қол ұшын берсе, өкінішке қарай, тергеу мұның барлығын "Әблязовке көмектесу" деп есептейді. Олардың әрқайсысын өз алдына жеке-жеке бөліп, аражігін ажыратып тергемейді, жай ғана бәрін бірге жаба салады, – дейді Төреғожина Азаттыққа.

"ТАЗАЛАУ КЕРЕК"

Қарағандылық белсенді Мұрат Жембаев бұл пікірді қолдайды. Ол елде "билікке жақпайтындарды жазалау" жүріп жатыр деп есептейді.

– Ешқандай үмітім жоқ. Еліміздің болашағы бар дегенге сенбеймін. Жағдай ушығып барады. Белсенділердің бәрін қысымға алып жатыр, – деп түңіледі ол.

Оппозиция митинг өтеді деп белгілеген жерде тұрған полицейлер. Алматы, 25 қазан, 2023 жыл

Азаттық Жембаевты нақты қандай іс бойынша полицияға шақыртқанын сол күйі біле алмады. Алматы полиция департаменті редакцияның сауалына "Қылмыстық кодекстің 258-бабы бойынша Жембаевтың қатысқаны жайлы тіркелген қылмыстық істің" жүргізілмегенін хабарлады. Ал Қарағандының аға тергеушісі тапсырма сол жақтан түскен дейді. Сондай-ақ департаменттегілер қарағандылық белсендіге қатысты ешқандай материал жоқ деп қосты.

Қарағанды облысының полиция департаменті Жембаевтан жауап алу "басқа облыстағы тергеу органының тапсырмасына сай" жүргізілді дей келе, тергеу құпиялығын алға тартып, істің мән-жайын айтудан бас тартты.

Азаттық Бас прокуратураға жолдаған хатқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат Сүлейменовтің қолы қойылған хатта: "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық жолды пайдаланып, ақшаны және басқа да мүлікті ұрлау мен заңдастыру (ақшаның ізін жасыру) фактісі бойынша М.Қ.Әбзяловке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Аталған қылмыстық іс бойынша Жембаевтың қатысуымен тергеу амалдары жүргізілген жоқ", – деп жазылған.

Ал ІІМ өзіне қарасты аймақтық бөлімшелерінде Жембаевқа қатысты қылмыстық іс жоғын хабарлады.

Рұқсат етілмеген акцияларға қатысқаны үшін бұрын әкімшілік жауапқа тартылған Жембаевтың өзі бұл арқаны кеңге салып, босаңсу деген сөз емес дейді.

– Сәл тынышталғандай болған еді, енді келіп, маған қайта тиісе бастады. Бізде заң қалай болу керек деген сияқты мәселелерге қатысты ой-пікірімді [аккаунттарымда] білдіріп отырамын. Елімізде әр алуан пікір болуы тиіс емес пе?! Бірақ біздің органдар өз ойынан шықпаса болды, ҚДТ мүшесі деп бірден бас салады, – дейді белсенді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қазақстанда тәртіпті күшейтіп, ретке келтіру процесі әлі де жалғасады деп топшылайды. Бұл ішкі және сыртқы жағдайға байланысты, қазіргі билік Қанды қаңтар оқиғасынан кейін нығайтуды қажет етеді, геосаяси жағдай "тым қиын".

– Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Ресей мен Батыс, Қытай мен Батыс арасындағы қайшылық пен текетірес кезінде екі оттың ортасында қалған біз аман қалуға барымызды саламыз. Шамасы, билік бұл саяси дау-дамай шешетін уақыт емес, шамына тигендерді тұқыртатын уақыт деп санайтын сыңайлы. Ал қолданылатын технологиялар мен әдістер орындаушы ҰҚК-нің немесе ІІМ-нің қаншалықты креатив ойлайтынына байланысты, – дейді Жовтис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жаңа Қазақстандағы" жабық сот. Әлтаев пен Жыланбаев неге қудаланды?Кемі он адам ұсталып, полиция күзеті күшейді. Республика күнінде не болды?25 қазан қарсаңында оппозициялық белсенділерді жазалау үдедіЕвгений Жовтис: Демократияға ешқашан бет бұрмаған, авторитар қалпынан айнымаған режим болдыДуман Мұхаммедкәрім деген кім? Неліктен оған экстремизмге қатысты айып тағып жатыр?