Екібастұз, Риддер және күллі Қазақстан: қысқа дайындық қалай?

Екібастұздағы тозығы жеткен жылу құбыры желісі. Павлодар облысы, 6 желтоқсан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Былтыр қыста екі қала мұз болып қатып, тұрғын халқы тастай суық үйде қалтыраған Қазақстанда жылы кезеңде де электр станцияларында үлкенді-кішілі апаттар болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап шенеуніктер "мұндай жағдайды қайталауға жол бермейміз" деп мәлімдеген әрі жылу маусымына дайындықты қатаң қадағалауға уәде берген еді. Жылу электр станцияларын (ЖЭС) жеке меншіктен қайтарып алу туралы да сөз болған. Кейінгі кездері "графиктен қалу" туралы, "апаттан қашып құтылу мүмкін еместігі" туралы айтыла бастады.

АПАТҚА ТОЛЫ ҚЫС

Былтыр қыста Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер мен Павлодар облысындағы Екібастұз қалаларында ЖЭС пен жылу жүйелерінде апат болып, халқы суыққа тоңып жатқанда бұл екі қала ғана емес, басқа аймақтағы жылу электр орталықтарының проблемалары айтыла бастады.

56 мыңнан астам халқы бар Риддерде бір маусымда қалыпты температура режимі 133 рет бұзылды. Апатты ЖЭС салдарынан үйлерді жарықпен қамту мәселесі де туындады.

Екібастұзда 2022 жылы қарашаның аяғында ЖЭО-да болған апат салдарынан көптеген тұрғын үй жылусыз қалып, қалада төтенше жағдай жарияланған. Павлодар облысы, 6 желтоқсан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото

150 мыңнан астам адам тұратын Екібастұзда 94 рет ыстық су температурасы төмендеп, құбырлар жарылып, көпқабатты үйлерді аязды күні ақ қырау басты.

Энергетика министрлігінің өткен маусымдағы қорытындысына сүйенсек, қыс "ауыр" өтті. Апат тек Екібастұз бен Риддерде ғана болған жоқ. Ауқымы үлкен, тұрғын халқы көп болғандықтан және ең бір аязды күндерге тап келгендіктен осы екі қаладағы ахуал ерекше айтылды.

Мысалы, Теміртау қаласының халқы жылу көзіне қосылған "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының ЖЭС-2 кәсіпорынында күл ұстағыш қондырғы нашарлап, газ құбыры құлады. Жаңа құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда Kazakhmys Energy кәсіпорынының станциясындағы алты қазандық 75 рет апатты жағдайда тоқтады. Ақау көбіне №9 қазандықта шықты. Түркістан облысы Кентау қаласында 2012 жылдан бері күрделі жөндеу өткізілмеген ЖЭС-те де мәселелер туындағаны айтылды.

Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, елдегі жылу электр орталықтарында жалпы 433 рет температура графигі бұзылған.

Мұндай фактілер жоғарыда аталған кәсіпорындармен бірге "Қарағанды-Энергоцентр", "Өскемен ЖЭО", "Астана-Энергия", "Таразэнергоцентр" және "ГРЭС Топар" компанияларында да тіркелді.

УӘДЕЛЕР

Үкімет былтыр желтоқсанда елдегі барлық 37 ЖЭС-тің 19-ы тозудың "қызыл" деңгейінде, 11-і "сары" деңгейде деп мәлімдеген еді. Тек жеті орталық "жасыл" аймақта қалды.

Көп ұзамай қаңтар айында Қостанай облысы Рудный қаласындағы жылу құбыры жарылып, 24 көпқабатты үй қыстың көзі қырауда жылусыз қалды. Апат болған қалаға "арнайы барған" президент Тоқаевтың тұрғындармен кездесіп, үйлерге кіргенін ресми ақпарат құралдары көрсетті. Тоқаев "азаматтардың өмірінде мұндай қиындықтарға жол беруге болмайды" деді.

"Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем-жаз айларында қысқа мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – негізгі жұмыс, себебі бұлайша ұзақ жалғасуы мүмкін емес. Жүйелердің тозу көрсеткіші өте жоғары: 70, 80, тіпті кей жерлерде 90 пайыз. Мұны қолға алу керек" деді Тоқаев.

Президент осыны айтып кеткен соң Рудныйда тағы апат болды: құбыр тағы жарылды.

11 сәуірдегі үкімет жиынында жылыту маусымына дайындық талқыланып, жылу жүйелерін жөндеуге үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінетіні, ал жалпы 75 пайызға тозығы жеткен жүйелерді жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлініп, игеріліп жатқаны айтылды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымына дайын болу үшін "жөндеу жұмыстарын тиісті көлемде уақтылы қаржыландыру" және "жөндеудің жоспарланған көлемін азайтуға жол бермеу" керегін айтты.

Үкімет әкімдіктермен бірлесіп алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша жол картасын әзірлеп, 2023 жылы елдегі станцияларда 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны жөндеуді жоспарға енгізген.

Тамыз айында президент қыста ең ірі апат болған Екібастұзға барып, "бұл қалада да, басқасында да мұндай жағдай қайталанбауы керек" деп өткен жағдайдан "ауыр сабақ алғанын" айтты және бұл "үкімет пен әкімдердің жауапкершілігі" деді.

Үкімет жылу электр орталықтары қай деңгейде екенін көрсететін тізімді биыл жаңартқан жоқ. Жылыту жүйелерін жөндеудің соңғы нәтижесі бойынша жаңа дерек те жарияланбады.

"КЕСТЕДЕН КЕШІГУ", "КЕЛЕСІ ЖЫЛҒА ШЕГЕРУ"

Бірақ кейінгі кездері "жөндеу жұмыстарында графиктен қалу", "жөндеуді аяқтауды келесі жылға шегеру", "апаттың алдын алу қиындықтары" туралы жиі айтыла бастады.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 19 қыркүйекте алдағы жылыту маусымын пысықтауға арналған үкімет отырысында жөндеу кестесінен "қалып жатқан" кәсіпорындар барын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысында "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының екінші ЖЭС-індегі №4 қазандықты қолданысқа енгізу мерзімі қазанның аяғына дейін ұзартылған.

Теміртаудағы №2 жылу электр орталығы.

Тұрғындар биыл қыста тағы да "жылусыз қаламыз ба" алаңдайдады. Олар өткен айда энергетика министрімен кездесуде жарық "жиі өшетініне", су желілерінің "тозғанына" шағымданған.

"Ақтау, Теміртау, Екібастұз, Риддер, Жезқазған – осы қалаларға ерекше назар аударып отырмыз. Жұмыс ауқымды, кейбірі жоспардан кешігіп жатыр, мердігерлер баяу, материалдар кеш жеткізіледі, қосымша жұмыстар шығып қалады" деді энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

Нұрмағанбетов Жезқазған ЖЭС-індегі №4 қазандықты да жөндеу жұмысын "жеделдету керек" дейді. Ал №8 қазандықты қайта жаңарту мерзімі 2024 жылдың сәуіріне дейін созылғанын мәлімдеді.

Маңғыстау атом энергия комбинаты (МАЭК) құбырларын жөндеп жүрген жұмысшылар. Ақтау қаласы, 21 тамыз, 2023 жыл

Жазда апат болып, тұрғындар электр жарығынсыз қалған Маңғыстаудағы "МАЭК" компаниясының жылу электр станциясында №3 энергетика блогын күрделі жөндеу де 2024 жылға ауыстырылған.

Абай облысы Семей қаласында мемлекеттік "Теплокоммунэнерго" кәсіпорынының бірінші ЖЭС-індегі №5 қазандық және "Ғаббасов" қазандығын жөндеу де кешеуілдеп келеді.

"Қыста төрт қазандықтың екеуі дайын болады. Қалғанын бақылауға алу керек" деді вице-министр Семей жөнінде.

Қостанай облысы Арқалық қаласындағы ЖЭС химиялық су дайындау жүйесінде жөндеу "аяқталған жағдайда" жылу жүктемесін көтеруге дайын деді энергетика вице-министрі. Бірақ жөндеу жұмысы қашан аяқталатынын айтпады. Сөзіне қарағанда, қалада жаңа ЖЭС-ті іске қосу жұмысы да "екінші жылға созылып барады".

Ал Жамбыл облысында ЖЭС мәселесі ондағы ауыл шаруашылығы тәрізді су тапшылығына байланған. Су аз болса, электр энергиясын өндіру "шектелуі мүмкін". Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, Қырғызстанмен келіссөз жүргізілді, "электр энергиясын беріп, қайтарымына алатын су жинақталып жатыр".

Тұрғын саны "артып бара жатқаны" жиі мәселе ретінде көтерілетін Астанада биыл үшінші ЖЭС іске қосылады деп хабарланған. Тамызда оның 90 пайыз дайын екені айтылған. Үкімет мүшелері биыл "тапшылық жойылады" деп сендіруге тырысты.

Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың мәліметіне қарағанда, өңірлерде жылу желілерін жаңғырту бойынша да жоспардағы мерзімнен кешігіп жатқан жағдайлар бар. "Уақытында үлгермесе, жылу беру сапасына кері әсері болуы мүмкін".

Министрдің мәліметіне сүйенсек, биыл 133 шақырым жылу желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 109,5 млрд теңге бөлінді. Жұмыстың 78 пайызы атқарылды немесе 103 шақырым жылу желілері салынған. Уақытылы аяқталмау қаупі байқалатын 10 "проблемалық учаске" бар.

Ақтау қаласындағы жылу электр станциясына баратын жолдағы жазу. 21 тамыз, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото

"Маңғыстау облысына екі жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жоспарланған 5,1 шақырым жылу желісінің тек 100 метрі төселген. Осыған ұқсас жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да байқалады. Петропавл қаласында бір жоба бойынша жоспарланған 1,3 шақырымның 200 метрі ғана төселген. Бұдан басқа Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында екі жобадан, сондай-ақ Шымкент қаласында бір жоба бойынша жоспардың орындалуы 70 пайыздан төмен" деді Қанат Шарлапаев 19 қыркүйекте.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов үкімет отырысынан кейін журналистерге бес қалаға ерекше назар аударып отырғанын айтқан. Олар: Ақтау, Жезқазған, Теміртау, Риддер және Екібастұз. Кейбірінде "жөндеу жұмыстары кестедегі мерзімінен кешігіп", "жұмыс көлемі көп болып", "құрылыс материалдары баяу жеткізіліп", "мердігерлердің сылбырлығы", "қосымша жұмыстардың шығуы" сынды жайттар бар деп түсіндірді ол.

11 қазанда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдің жылу электр орталықтарында апаттың алдын алу мүмкін емес деп мәлімдеді.

"Апаттарға келсек, олар электр жүйесінде жиі болады. Оның көп себебі бар, сондықтан өкінішке қарай, одан қашып құтылу мүмкін емес. Апат санын қысқартуға келер болсақ, күрделі және кезекті жөндеу жұмыстарының көлемін жоспарлау керек" деді ол.

РИДДЕР МЕН ЕКІБАСТҰЗДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Қыркүйектің аяғында "31 телеарна" Екібастұзда "жаңадан салынған магистраль құбыр сынақ кезінде жарылғанын" хабарлады. Ақпаратқа сүйенсек, бірнеше үйдің ауласын су алып, бау-бақша мен дүние-мүліктер "жарамсыз" болып қалған. Қала әкімі Аян Байсекин мәселе тез арада шешілетінін айтқан.

Бұл жолы Риддерде берілген жылу бір апта ішінде қайта ажыратылғанда қала халқы Instagram әлеуметтік желісінде "абдырап қалғанын" жазып жатты.

Риддер қаласына кіреберістегі тұрғын үй қабырғасындағы "Елбасы", "Риддер" деген сөздер. Шығыс Қазақстан облысы, 8 қараша, 2022 жыл.

Қала әкімі Дәулет Батырбаев Instagram-да №3 қазандық агрегатын "апат болдырмау" мақсатында қосымша тексеруге әдейі тоқтаттық деп түсіндірді. Бірнеше желі қолданушысы "жылуды арнайы өшіретін болса алдын ала ескертер еді" деп пікір жазып, әкімнің сөзіне күмән келтірді.

6 қазанда премьер-министр Әлихан Смайылов Риддерге іссапармен барды. Оған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов станциядағы алты қазандықтың екеуі іске қосылғанын, тағы біреуі таяуда іске қосылатынын баяндады. Бұлар "тұрғындарды қамтамасыз етуге толық жетеді" деген шенеунік жұмыс "кесте бойынша" келе жатыр деп есеп берген.

15 қазанда энергетика министрлігі жоғарыда аталған үшінші қазандық жұмысы да басталғанын мәлімдеді. Ал қалған үш қазандық жөнделіп жатыр деп хабарлады.

Министрлік Екібастұзда да жөндеу барысы қатаң бақылауда деп сендіреді.

FORBES ТІЗІМІНДЕГІ БАЙЛАРМЕН "ҚАТАҢ ДИАЛОГ"

Жылу электр орталықтарының ескіргені туралы айтқанда ресми тұлғалар оларға инвестиция салып, жаңартып отырмаған ЖЭС-тердің иелерін айыптайды.

Мысалы, президент Тоқаев пен үкімет басшысы Смайылов Екібастұз бен Риддердегі апаттарға "халықты жылусыз қалдырды", "қаражат салмады" деп кәсіпорындардың қазіргі немесе бұрынғы иелеріне кінә тағып сөйлеген.

Кейінгі отыз жылда жекеменшікке өткен кәсіпорындарға қазір негізінен Forbes Kazakhstan тізіміндегі бай адамдар қожалық етеді.

Сарапшылар да жылу электр орталығы сынды стратегиялық маңызды нысандардың жеке адамдар иелігінде болғаны "қауіпті" екенін айтып келеді. Бірақ тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында мүлікті "бей-берекет" жекешелендірген деп биліктің өзін сынайды.

Проблемасы көп ЖЭС-терді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі былтыр қыстағы апаттардан соң жиі айтыла бастады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр былтыр ЖЭС-терге аудиторлық тексеру жүргізіліп, бұл мәселе содан соң қаралатынын айтқан.

Екібастұз ЖЭС-ін оның иесі Александр Клебанов мемлекетке 1 теңгеге беруі мүмкін деген әңгіме былтыр-ақ шыққан. "Бірақ біз оны қандай жағдайда қайтарғысы келетінін білуіміз керек. Қағазда көрсеткен қаражаттың бәрі осы ЖЭС-ке жұмсалды ма, әлде басқа жаққа кетті ме? Жан-жақты аудит керек" деген Роман Скляр.

Аудит қорытындысы әлі ресми жарияланған жоқ. Тек министр Алмасадам Сәтқалиев "тиісті тексеру болғанын", ЖЭС қожайындары кәсіпорыннан "еш пайда көріп отырмағанын" айтты.

Тозығы жеткен, қазір 30 миллиардқа жуық теңге салынып, жөнделіп жатқан бұл ЖЭС-тің жалпы қарызы – 1 млрд теңге. Мемлекет оны алған жағдайда сол қарызымен бірге өз атына аударатыны белгілі болды. Сәтқалиевтің айтуынша, үкімет жылу электр станциясының иелерімен "қатаң диалог" жүргізіп жатыр.

Бүгінге дейін Қазақстандағы 37 ЖЭС-тің 22-сі жекеменшік қолда болды. Осы аралықта тек Риддер ЖЭС-і қала билігіне өткені хабарланды.

Жуықта жекеменшіктегі ЖЭС қаланың коммуналдық меншігіне 1 теңгеге өткен деген хабар тарады. Үкімет кәсіпорын мемлекетке берешегін толық өтейді деп мәлімдеді. Апат болғаннан бері қожайыны бірнеше рет ауысқан ЖЭС-тің соңғы басшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев кәсіпорын мемлекетке 5,5 млрд теңге қарыз екенін айтқан.