Жеті айыпталушы да Қызылорда облысының тумалары. Үшеуіне «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті топ болып «басқа қылмысты оңай жүзеге асырып, ізін жасыру үшін» өлтірді және әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасады деген айып тағылған. Барлығына «аса ірі ауқымда залал келтіріп, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан хайуанаттарды көздеп заңсыз аң аулады» деген ортақ айып тағылған.
«ЕҢ ҚАТАҢ ЖАЗА СҰРАЙМЫЗ»
Зардап шегуші ретінде қаза болған инспектордың туысы Нұрлан Нұрғалиев танылған. Ол сотқа астанадан арнайы жетіпті.
- Енді алған бетімізден қайтпаймыз, сотталушыларды ең қатаң жазаға тартуды сұраймыз. Бір топ туысы қазадан кейін сегіз ай өткен соң кешірім сұрап келіп кетті. Сұрағымыз көп. Соның біреуі: заңсыз аң аулады деп айыпталған төртеу неге адам өлтіруге қатысқаны үшін де сотталмайды? Бәрін көріп-біліп тұрып, жасырды ғой, - дейді Нұрғалиев.
Қаза болған инспектордың әріптесі 53 жастағы қарағандылық Петр Ницык қастандықтан әлі толық айықпағанын айтады. «Охотзоопромдағы» жұмысына қайта шыққан ол Қарағанды мен Қарқаралының арасын кезіп, іссапарға да барып үлгерген. Ницык сотқа тіке рейдінен қызмет киімімен келді.
- Әсіресе, ауа райы өзгергенде басым ауырып, тұла бойым шаншиды. Тамыздың 15-іне дейін жұмысқа шыға алмадым, рұқсат етпеді. Енді қайта қатарға қосылдым, жұмыс істеу керек, территорияны қорғау қажет. Жалақысыз қайтіп күн көрем, несін жасырайын? Қазір бізге сауытты кеудеше, каска мен резеңке таяқ берді. Қауіпсіздігіміз үшін тағы бірдеңе жасап қалар. Нұра ауданы – «қызып» тұрған жер. Киік бар жерде бәсеке де күшті, - дейді Ницык.
Адвокаттарын ерте келген зардап шегушілер моральдық шығын туралы өтініш түсірген жоқ, бірақ ол жағын да ойлап жүргендерін айтты.
«ӨЛТІРГІМІЗ КЕЛМЕДІ, ҚАСҚЫР АУЛАҒАНБЫЗ»
Сотқа тартылғандардың жасы – 32 мен 53 арасы. Бәрі отбасын құрған, бала-шағалы. Кейбірі ресми түрде жұмыс істеп жүрген, кейбірі өз бетімен күн көріп келген. Инспекторлармен төбелескен үшеуін әлеуметтік наразылық туған соң полиция жедел іздестіріп, тез ұстаған.
Тергеу материалдары бойынша, бұлар екі көлікке мініп, аңшы мылтықтарын ұстап, киігі қалың Нұра ауданына аңға шыққан, киіктің мүйізін кесіп алмақ болған. Тергеушілердің сөзінше, күдіктілер 17 киік атып алған, оның 13-і ұрғашы болған.
Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы 17 бас киікті атқандар мемлекетті 45 миллион теңге қомақты шығынға ұшыратты деп санайды. 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында ғылым үшін болмаса киік аулауға я оның дене мүшелерін қолдануға рұқсат жоқ.
Адам өлтірді деп айыпталған үш күдікті – абақтыда. Заңсыз аң аулау бабымен айыпталған төртеуі кепілмен уақытша босаған. Жетеуі де бұрын сотталмаған, тағылған айыптарды мойындамайды.
Сот отырысы кезінде адвокаттары күдіктілер киікті қасақана қырды деген айыппен келіспейтінін айтты. Қорғау тарабының айтуынша, күдіктілер аң шаруашылығы инспекорын өлтіреміз деп ойламаған, киік емес, қасқыр аулап жүрген.
- Кімнің қанша киік атқаны нақтыланбаған. Киікке қатысты айтылған шығынмен де келіспейміз. 45 миллион теңге қайдан шықты? – деді адвокаттардың бірі.
Заңсыз аң аулаумен бірге адам өлтірді деп те айыпталған Қайрат А.-ны қорғайтын басқа бір адвокат қорғауындағы күдіктінің айыбын «жарақат салу» деп өзгертуді өтінді. Заңгердің айтуынша, күдікті бір-ақ соққы жасаған. Ол да, әріптестері де қорғауындағыларды адам өлтірді деп айыптау ақылға сыймайды деп ойлайды. Қорғаушылар соттан қылмыстық істі прокурорға қайтырып, заңбұзушылықтарды түзетуді сұрайды.
Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев талап-арыздарға қатысты шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Ол ұйғарымын тамыздың 29-ында жариялайды. Сол кезде барып, істің прокурорға қайтатыны, я сотта қарала бастайтыны белгілі болады.
Қарай отырыңыз: "Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді" (Қаңтар айы, 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
ҚЫЛМЫСТЫҢ ЖАЙЫ
Қаңтардың 13-інде жануарлар дүниесін қорғайтын «Охотзоопром» мекемесінің төрт инспекторы екі қызмет көлігімен Қарағанды облысының Теңіз көлінің маңын тексеріп жүріп бір топ браконьердің үстінен түседі де, қуа жөнеледі. Қуғын кезінде инспекторлар екіге бөлінеді.
Екі джиппен қашқандар тоқтау туралы талапқа құлақ аспай із жасыруға тырысқан. Қуғын кезінде инспектор Нұрғалиев бір көліктің жанармай багын атып барып тоқтатқан. Келіп жеткен Ницык пен Нұрғалиев екі джиптің біріндегі үш браконьермен ұстасып қалып, төбелес басталған.
Инспекторлар соққыға жығылған. Басы жарылған Нұрғалиевтің беті мен кеудесі көгерген. Туысы көлігімен ауруханаға жеткізген соң ол қаңтардың 15-інде 53 жасқа толуына 15 күн қалғанда есін жимаған күйі қайтыс болған. Оның әріптесі Петр Ницыктың да басы жарылып, миы шайқалған.
Инспекторлар мен орманшылар және Қазақстандағы жануарлар дүниесін қорғаумен шұғылданатын мамандар браконьерлердің үстінен қозғалған істердің көбіне аяғына дейін жетпейтінін айтады. Олардың сөзінше, заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін «Охотзоопром» қызметкерлерінің өкілетін күшейіп, қару қолдануларына рұқсат беру қажет, ал браконьерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартқызу керек.
Нұрғалиевтің қазасынан соң Қазақстанда «Охотзоопромның» және бір қызметкері Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан өлді. Оның әріптесі Самат Оспанов қатты жараланған. Шілденің 24-інде ішкі істер министрлігі бұл шабуылға қатысты күдіктінің ұсталып, тергеліп жатқанын мәлімдеген. Одан бері іс барысы туралы министрлік басқа ақпарат жариялаған емес.
Қарай отырыңыз: Киік пен оны қорғаушыға төнген қауіп (Шілде айы, 2019 жыл).