10 жылдай бұрын Атыраудағы экологиялық мәселелер көтерілгенде Талғат Аян да талап қоюымен таныла бастады. Кейін ол энергия, су тарифтерінің қымбаттауына қарсылық танытып, жалғыз адамдық пикет өткізіп жүрді. 2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін Талғат Аян Макс Боқаевпен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митингі өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталды. 2018 жылы 28 сәуірде сот Талғат Аянның жазасын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырып, түрме жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырып, оны бостандыққа шығарған. Ал биыл шілде айында сот оны бас бостандығын шектеуден де мерзімінен бұрын босатты. Алайда үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға салынған тыйым күшінде қалған. Ол Азаттықпен сұхбатында қоғамдағы қазіргі белсенділік, соңғы митингілер, түрмедегі Макс Боқаевтың жағдайы және өзінің ахуалы туралы сұрақтарға жауап берді.
МИТИНГІЛЕР ПЕН ПИКЕТТЕР ТУРАЛЫ
Азаттық: - Таяуда жаңаөзендіктер бастаған Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсы наразылықты Қазақстанның бірнеше қаласында қолдап, жиын өткенін білесіз. Биыл елде митингіге шығып немесе жеке пикеттер арқылы билікке қойылатын талап жиілей түсті. Бірақ қазір жеке пикетке шыққандардың бәріне бірдей жаппай қысым жасау байқалмайтын сияқты. Мұның бәрі ненің көрсеткіші болуы мүмкін?
Боқаев пен Аян
2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты.
Талғат Аян: - Әңгіме Қазақстандағы жемқорлықтың көлемі мен Қытайдың үлкен көлемдегі инвестициясы туралы болып отыр ғой. Біздегі билік құрылымдарының ешқайсысында ашықтық жоқ. Егер келісім шарттар ашық болса, стихиялық митингі туындамайды. Кез келген адам келісім шарттарды оқып көріп "не төлейміз, қандай қарыз боламыз" деген сауалдарына жауап ала алатын еді. 2016 жылы біз жер кадастрындағы ауыл шаруашылығының құнарлы жерлеріне қатысты мәліметтерді ашып жариялауды талап еттік. Соның түк қиындығы болмаса да бұл талап орындалмады. Мұның бәрі қоғамда сенімсіздік тудырады.
Митингіге шыққан адамдарға қолданылатын тәсіл қазір де өзгерген жоқ. Сол баяғыдай бір-екеуін ұстайды, соттайды. Мысалы, Жаңаөзендегі жұмыс талап еткен белсенді Ержан Елшібаев немесе кәсіподақ лидерлері және басқалар тәрізді. Ал биліктің "пикетке шыққандарға тиіспегені үшін" менде ешқандай эйфория жоқ. Билік бір-екі адамның пикетке шыққанынан ештеме өзгермейтін жақсы біліп отыр. Бірақ біздің билік митингі дегеннен қатты үрейленеді. Мысалы, мен жақында "Макс Боқаевқа бостандық талап етемін" деген талаппен бір адамдық шықпақшы болдым. Бірден прокуратура қызметкерлері, әкімшілік өкілдері келіп, мені полицияда үш сағат ұстады.
Мен "бәрі шығып жатыр ғой, неге мені ұстап отырсыңдар" дегенімде "сен Facebook желісінде уақытын, күнін көрсетіп жаздың, енді ол жерге 2016 жылдағыдай мың сандаған адам келіп қалуы мүмкін" деді. Ал шын мәнінде 2016 жылғы митингі бейбіт түрде, қауіпсіздік қамтамасыз етілген жағдайда өткеніне бүкіл ел куә. Әкім уәде бергенімен, белсеніп сөйлегендер сотталды. Енді білесіз бе, күндердің күнінде он мың, жүз мың адам бейбіт митингіге шығып, билік "біз уәде береміз, келіңіз, сөйлесейік" десе оған халық сенбеуі мүмкін. Менің ойымша, бейбіт митингіге мүмкіндік бермеу - биліктің үлкен қатесі, болашақта ұшырасатын үлкен кедергісі.
Қазір азаматтық қоғам біртіндеп оянып келе жатқанымен, жалпы жағдай 2016 жылдан бері қатты өзгеріп кете қойған жоқ. Кез келген Қазақстан азаматы конституцияда көрсетілген құқы бойынша бейбіт митингіге, пикетке шығуға, өзінің талабын қоюға құқылы. Олар бейбіт түрде шығып жатыр. Ештеңе бүлдіріп жатқан жоқ, бүлікке шақырып жатқан жоқ. Ал жердің шетелдіктерге сатылуы туралы үрейдің қоғамда бары рас. 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды оқиғадан соң қоғам біраз уақытқа тынышталып қалды. Бес жыл өте айтарлықтай себеп болмаса да 2016 жылғы стихиялық митингі болды. Енді міне, үш жыл өте ел көшеге шығып пікір айта бастады. Бұл - заңдылық. Репрессиямен, соттаумен ешкімді қорқыта алмайсың. Мәжілісті былай қойғанда, ең құрығанда мәслихаттың өзінде халықтың талабын айтатын депутат жоқтың қасы. Сондықтан халықтың ойын, талабын жеткізудің митингіден басқа жолы болмай отыр.
Азаттық: - Дегенмен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды емес пе?..
Талғат Аян: - Мәслихат институттары тұрғанда оны жұмыс істеткізбей велосипедке үшінші дөңгелекті тіркеу артық. Билік қандай өзгеріс керек екенін біліп отыр. Бәрінің сұрап отырғаны - саяси реформа, әлеуметтік жеңілдік. Әзірге ұлттық кеңестің нақты әрекетін көргенім жоқ.Мен осы кеңес туралы пессимистік көзқарастамын. Өзгеріске себеп болып жатса, онысын көрерміз. Бұған дейін де талай кеңестер болған. Бірақ қалай құрылды, солай жоғалып кетті. Қосанов президент сайлауына түскеннен кейін ұлттық кеңес құрылады да, оған оны қолдап, көңілі қалғандары бар - бәрі кіре салды. Сол кеңеске наразы, сайлауға қатыспаған, талап қойып көшеге шыққандар да кіруі керек емес пе еді? Олардың бір де біреуін шақырған жоқ. Ал кеңеске кірген адамдар қандай ерекше талап қоя алды? Ұлттық кеңесте саяси тұтқындарды босатуды сұраған адам бар ма?!
Азаттық: - 2016 жылғы митингі туралы айтып қалдыңыз. Сол митингіге "қалайша оған көп адам жиналды, күштік құрылымдар неге жаппай қысым көрсетпеді?" деген сауалдар туындағанын білесіз.
Талғат Аян: - Мәселенің төркіні митингіні ұйымдастыруда емес, ақпараттың таралуында жатса керек. Мен үйімде отырып "митингіге шығамын" десем оны ешкім де естімейді және оған ешкім де келмейді. Соңғы оқиғада Жаңаөзен тұрғындары билікке қандай талап қойғанын бәріміз көріп отырмыз. Оны да біреу ұйымдастырып отыр ма? Мұның бәрі әлеуметтік желілердің арқасында болып жатыр. Ал 2016 жылғы жер митингісіне көп адамның жиналуы сол кездегі ұлттық экономика министрлігінің "жер аукцион арқылы саудаға шығарылады" деген ақпараты себеп болған.
"МАКС ТҮРМЕДЕ САЯСАТКЕР РЕТІНДЕ ШЫҢДАЛЫП КЕЛЕДІ"
Азаттық: - Осыдан біраз бұрын түрмедегі Макс Боқаевпен кездесіп келдіңіз. Жүздесу қалай өтті?
Талғат Аян: - Бұл қысқа мерзімді кездесу болды. Оған ешкім кедергі болған жоқ. Әйнек терезенің ар жағынан телефонмен екі сағат сөйлестік. Макс сырт қарағанда күліп, жиі әзілдеп, белсенді болып отырды. Өзінде ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтты. Макс - ең алдымен құқық қорғаушы, одан билікке қауіп жоқ. Ол радикал емес, диалогқа дайын, салмақты адам. Сондықтан түсінген адамға Макс түрмеде неғұрлым ұзақ отырған сайын соғұрлым саясаткер ретінде шыңдалып келе жатқандай көрінеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық билікке талабын орындатқыза алатынын көрсетті"Азаттық: - Түрмедегі жағдай, елдегі ахуал туралы да әңгіме болған шығар?
Талғат Аян: - Макстің өзі айтқандай біздің қылмыстық атқару жүйесінде қолданылатын заңдар батыстық үлгіден алынғанымен түрме ГУЛАГ кезіндегіден өзгермей қалды. Шетелде камераларда бір-екі адамнан отырады, ал күндіз тиісті жұмысымен, керегінде спортпен бе айналысуға мүмкіндігі бар. Бізде бәрі басқаша. Түрмедегілерді таңертең топтап тұрғызған соң бәрне бір тәртіпті міндеттейді. Теледидар қойылған бөлме бар, сол жерде тоғызқұмалақ тәрізді ойындар қойылған. Қаласа да, қаламаса да түрмедегілер белгіленген уақытта сонда болуы тиіс. Макс сотталушылар құқын қорғап, олардың спортпен қалаған кезінде айналысуы тиіс деген тәрізді мәселелерді көтеріп жүр. Ал елдегі жағдайдан, әрине, хабары бар. Белсенділер оған газет-журнал жіберіп тұрады екен.
АРНАЙЫ ТІЗІМНІҢ БОСТАНДЫҚТАҒЫ ҚҰНЫ
Азаттық: - Қазіргі жағдайыңыз туралы айтсаңыз. Сіз түрмеден шыққан соң "Талғат келісімге барды" деген әңгімелер де болды. Жалпы ұстанымыңызға, көзқарасыңызға қатысты қысым болды ма?
Талғат Аян: - Мен өз пікірімді сізбен алғаш босап шыққан кезде Атырауда кездескенде айтқанымдай ешқандай кінәні мойындаған да, ешкімнен кешірім сұрап, келісімге барғаным да жоқ. Отбасылық жағдайларға байланысты заңда белгіленген құқығымды пайдаланып, жазамды жеңіл жазаға ауыстыру жөнінде арыз жаздым.
Азаттық: - Сіз түрмеден шыққалы 1 жыл 4 ай өтті. Одан беріде шартты жазадан да босадыңыз. Мұндай жағдайда сізге қызметке орналасып, жұмыс істеуге бола ма?
Талғат Аян: - Мерзімінен бұрын шыққан кез келген тұлғаға жұмыс істеуге болады. Бірақ менің жағдайымда бұл мүмкін емес. Себебі мен Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты қаржылық мониторинг комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізімінде тұрмын. Соған байланысты мәселелер жетерлік. Мәселен, мен түрмеден шыққан соң мерзімі өткен жеке куәлігімді ауыстыру үшін төлем жасауым керек болды. Бірақ бірден төлей алмадым. Терроризмге қатысты сауалнама толтырып, кімге не үшін төлеп жатқаныма дәлелдемелер келтірген соң оны қаржы мониторингі комитетіне жіберді. Екі сағат өте рұқсат берді. Ал заңгерлік қызметіме қатысты сенім хат алайын десем тиісті органның компьютерінен "экстремизмді қаржыландыруға қатысқан" деген жазу қып-қызыл болып шыға келеді. Сондықтан отбасы мен туыстардың қамқорлығымен өмір сүріп жатырмыз.
Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет!