АЛАЯҚТЫҚ АЙЫБЫ
Майкл Калвидің қамалғаны жұма күні белгілі болды. Тергеушілер кәсіпкерді “Восточный” банкінен 2,5 миллиард рубль ұрлау үшін алаяқтық схема құрды деп айыптады. Іс осы банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шерзод Юсуповтың арызы бойынша қозғалған. Калви 13 сәуірге дейін уақытша қамау изоляторына жіберілді. Кәсіпкердің адвокаттары соттың бұл шешіміне шағымданбақшы. Осы "ақша ұрлау ісі" бойынша бұдан бұрын тағы бес адам тұтқындалған.
Калви өзінің қудалануына банк акционерлері – “Бэринг Восток” құрылымдары мен Артем Аветисянның арасындағы кикілжің себеп болды деп санайды. Ол "алаяқтық жасады" деген айыпты терістеп отыр. “Коммерсант” газетінің жазуынша, "Бэринг Восток" пен Артем Аветисян “Восточныйдың” бақылау пакетін иелену құқығы үшін таласып келген. Қазір банкті бақылау құқығы қордың қолында (52 пайыз). Аветесян акциялардың 32 пайызына ие, бірақ оның пакетті бақылаушы деңгейіне дейін арттыру құқығы бар. Тараптар Британия мен Кипр соттарында дәл осы құқықтың шарттарын даулап жатыр.
ВВС-дің хабарлауынша, 15 ақпан күні сотта сөйлеген америкалық бизнесмен банк акционерлері – “Восточныйдың” басқарма мүшесі Шерзод Юсупов пен Артем Аветисянды жалған мәлімет берді деп айыптаған. “Біздің ойымызша, олар 10 келісім жасасқан, біз Лондон арбитражында осы келісімдерге шағымданып жатырмыз" деді Калви.
Тергеушілердің айтуынша, қылмыстық істегі алты айыпталушының “Восточный” банкінен 2,5 миллиард рубль ұрлауға қатысы бар. Тергеушінің сотта айтуына қарағанда, 2015 жылы банк “Бірінші коллекторлық бюроға” (ПКБ) осынша сома несие берген. Оның айтуынша, екі жылдан соң банк несиенің орнын жабу үшін Калвидің бақылауындағы International Financial Technology Group компаниясын өзіне алған. Ал оның шынайы бағасы 600 мың рубль ғана болған.
КАЛВИДІҢ ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫСЫ БАР?
"Бэринг Восток" – Ресейдегі ең ескі әрі ең ірі тікелей инвестиция қоры. 25 жыл бұрын құрылғалы бері ол 3,7 миллиард доллардан астам капитал жинап, бірнеше елдегі 80-ге жуық жобаға, соның ішінде Қазақстандағы Kaspi.kz-ке инвестиция салған. 2018 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, "Бэринг Восток" қоры Қазақстандағы Kaspi Bank-тің 39,5 пайыз акциясына иелік етеді.
Қазақстандық kapital.kz басылымы Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің төмендегідей пікірін келтірген.
“Бұл оқиға қазақстандық Kaspi.kz компаниясына еш әсер етпейді. "Бэринг Восток" – Ресей мен ТМД елдерінде 24 жылдан бері инвестиция салып, кіршіксіз абырой жинаған ірі халықаралық инвестициялық қор. Қордың 80 инвестициясының ішінде Yandex, СТС Медиа, Боржоми, Tinkoff Bank, Озон, Avito, Kaspi.kz және басқа да көптеген белгілі де табысты компаниялар бар. Ұзақ жыл бірлесе жұмыс істеп, дос болып жүріп Майктың кәсібилігі мен адалдығына күмән келтіретін бірде-бір себепті байқаған емеспіз. Бұл жағдай құқық шеңберінде әрі тез арада шешіледі деп үміттенеміз”.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметке қарағанда 2002 жылы Михаил Ломтадзе "Бэринг Восток" тікелей инвестициялар қорында инвестициялық жобалар бойынша менеджер қызметін атқарған.
2016 жылдың наурызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды құрған Alatau Capital Invest компаниясы мен "Бэринг Восток" халықаралық инвестициялық компаниясының тең басқарушы серіктесі Майкл Калви әріптестік туралы меморандумға қол қойған соң “Бэринг Восток” Қазақстанның инвестиция нарығына енген.
Қазақстандық kapital.kz сайты Қайрат Сатыбалдының сол кезде айтқан төмендегідей сөзін келтірген.
"Бэринг Восток" – ең табысты халықаралық инвестициялық компаниялардың бірі. “Бэринг Востоктың” бай тәжірибесінің арқасында Қазақстанға инвестиция тартудың ортақ мүмкіндіктерін арттыра түсеміз деп сенемін. Жоғары дәрежелі халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына инвестиция салуға ынта білдіргеніне қуаныштымын”.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайрат Сатыбалдыұлының өсу жолдарыҮш жыл бұрын “Бэринг Востокпен” әріптестік аясында Қазақстандағы ақпараттық технологиялар, қаржы және тұтыну нарығы жобаларына бірлесіп инвестиция салу мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны айтылған. Бірақ ашық дереккөздерде бұл жобалар туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Кезінде Ресейдегі ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып, кейіннен Ресей билігін өткір сынауға көшкен, Ресейде бірнеше рет сырттай сотталған Уильям Браудер Калви ісін “Ресей билігі мен экономикасының жемқорлыққа батқанының тағы бір дәлелі” деп атады.