ІСІН ЖАУЫП, ӨЗІН ҚАМАУ
Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде Жаңаөзен жұртын қолдап шығып, алаңда жүрген 38 жастағы Қосай Маханбаевтың аяғына үш жерден оқ тиеді. Есін ауруханада жиған.
Үш күннен соң, 8 қаңтарда Қосай жатқан палатаға арнайы жасақ басып кіреді. Олар жараланғанның бәріне аурухана сыртындағы автозакқа отыруды бұйырады. Қосай әлі аяғын қозғалта алмайтын. Жасақ мәжбүрлеген соң автозаққа еңбектеп барады.
Тар көлікте ауруханадан күштеп шығарылған 15 адаммен бірге сығылысып отырады. Жолда жасақ Қосайды он шақты рет ұрады.
Оларды Алматы шетіндегі СИ-18 мекемесіне жеткізеді. Онда басқа жаралылармен бірге Қосайды да шешіндіреді. Бетон үстіне жатқызып, басынан тебеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл жерден тірі шықпайсың". Қаңтарда аяусыз азапталғандар мен мандымаған тергеуҚосай жүре алмай, еңбектеп екінші қабатқа шығады. Қызметкерлер тергеу кезінде бірнеше рет бүйрегінен ұрады.
Дәрігерге қаратпай, ас-су бермей, ешкіммен хабарластырмай бірнеше күн ұстайды. Азаптау 13 қаңтарға дейін жалғасқан.
Қосай Маханбаев көрген азабын Азаттыққа бес ай бұрын, мамырда баяндап берген. Ол өзі куә болған қатыгездікті "фашизмнен де сорақы" деп сипаттап еді.
Қосайдың азаптауға шағынып жазған арызы бойынша кейін қылмыстық іс қозғалды. Ол тергеу кезінде өзін ұрып-соққан сегіз қызметкерді таныған. Бірақ адвокат Айнара Айдарханованың сөзінше, олар мұны мойындамаған.
Тергеуші Қосайды 25 тамызда қызметкерлермен төртінші рет беттестіреді. Ал бес күннен соң, 30 тамызда Қосай мен адвокатына ескертпестен істі тоқтату туралы қаулы шығарады. Құжатты 9 қыркүйекте Алматы қаласының прокуратурасы мақұлдап жібереді.
Адвокат Айдарханова мұны бір айдан соң кездейсоқ білген. Ол істің жабылуына наразы болып, 6 қазанда прокуратура қаулысының үстінен шағым түсірді. 14 қазанда ауданаралық тергеу соты адвокаттың арызын мақұлдамай, азаптау ісін тоқтатуды заңды деп тапты.
– Прокуратура сот кезінде "[Маханбаевтың арызы бойынша] азаптау ісі бейтарап, жан-жақты, толық тергелгенін" айтты. Ал мен тіпті іс материалдарымен толық танысқан да жоқпын. Прокуратура сотта біз көрмеген әлдебір құжаттарға сілтеме жасап отырды. Ол құжаттардың қайда екенін нақты айтпайды, – дейді адвокат.
Осылайша Қосайды ауруханадан күштеп әкетіп, "көлік ішінде сабаған" жасақ, түрмеде "басынан теуіп, бүйрегінен ұрған" қызметкердің ешбірі жазаланбайтын болды.
Азаптағандарды соттауды талап етіп, наразылыққа шығып жүрген Қосайдың өзі маусым айында қайта қамауға алынды. Ол Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен тергеліп жатыр.
БАРЛЫҚ ІСІ ЖАБЫЛҒАН АДВОКАТ
Қазақстанның бірнеше қаласындағы дүрбелеңнен соң ұсталған жүздеген адам полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторларында аяусыз соққыға жығылды. Азаматтардың денесін қайнаған сумен күйдірген, тоқ соққан, үтікпен басқан… Кемінде алты адам азаптауға шыдамай көз жұмды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтарда полицияда азаптан өлген жігіттің отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қауіптенеді– Қабырғалары, саусақтары сынған. Кейбірінің денесінде жарақат орны әлі ісініп тұр. Күн суыған сайын қақсап ауырады. Бәрі үйінің жалғыз асыраушысы еді. Шетінен мүгедек қылып қойды, – дейді алматылық адвокат Жалғас Сапарханова жәбірленушілер жайлы.
Оның қорғауында дүрбелеңнен соң ұсталып, Алматыдағы полиция бөлімшелері мен СИ-18 мекемесінде азап көрген 13 азамат бар. Адвокат маусым-шілде айларында азаптау бабымен қозғалған істерді тергеу "тоқтағанын", кейінірек "шетінен жабылғанын" айтады.
Сапарханова қорғауындағы азаматтармен бірге Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаевтың қабылдауына жиі барады. Маусым айындағы қабылдаудың бірінде азапталған екі адам – Болат Төлепбергенов пен Ғалымбек Бисаевтың ісі туралы сұрайды. Ауғанбаев олардың шағымы бойынша қозғалған іс қысқарғанын айтады.
– "Қаулысы қайда?" дедім. Ауғанбаев сондағы орынбасарларына айтып, қаулыны алдыртты. Қарасам, істің бірі сәуірде, бірі мамырда қысқарып кетіпті. Ал біз мұны сол кезде бір-ақ біліп отырмыз, – дейді адвокат. – "Неге қысқарған?" десем, Ауғанбаев маған "Қысқарып кетіп пе?" дейді. "Сіздің қолыңыз тұр ғой енді!" деймін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тозаққа түскендей болдым". Қаңтарда ұсталған адамның бастан кешкеніІсі қысқарған екі азамат, адвокаттың сөзінше, ең ауыр азап көргендердің қатарында. Оларды әуелі Алматы облысы Қарасай аудандық полиция бөлімшесінде ұстап, кейін Алматы қаласындағы полиция департаментіне жеткізеді. Сосын СИ-18 тергеу изоляторына апарады.
Осылай үш мекеме арасында жүрген 7-13 қаңтар аралығында Төлепбергенов пен Бисаев "аяусыз соққыға жығылған". Төлепбергеновтің омыртқасы мен бірнеше қабырғасы сынған. "Қабырғасын қатты ұрғаны соншалық, өкпесін қарайтып жіберген". Ал қаңтарға дейін такси айдап, жеті баласын асырап келген Ғалымбек Бисаев "азаптау кезінде алған жарақатынан көлікке отыра алмай қалған".
Адвокат Сапарханованың қорғауындағы жәбірленушілер арызы бойынша қозғалған азаптау істерінің бәрі қылмыс құрамы жоқ деген себеппен қысқарған.
Алматы тұрғыны Ермек Әбдірешов митингіге бара жатқан жолда көзіне оқ тиіп, ауруханаға түседі. Оны жасақ түрмеге әкетіп, көлік ішінде де, мекеме жеткен соң да азаптаған. Адвокаттың сөзінше, оқиға куәгерлері болғанымен, прокуратура ешбірін тергемеген. Әбдірешовті азаптау арызы бойынша түсінік алуға екі рет шақырған, ал бірер айдан соң істі жауып тастаған.
Қадыржан Абизаны азаптау кезінде саусағы сынған. Көзі көгерген. Ол тергеу кезінде өзін ұрғанның бәрін таныған. Бірақ ісі қысқарған.
Диас Шолпанұлы мен Азамат Қосылған екеуін 6-10 қаңтар аралығында әуелі Алматы полиция департаментінде, кейін СИ-18 мекемесінде азаптаған. Олардың таяқ жегенін көргендер бар. Адвокат Сапарханова арыз жазғанымен, тергеуші ешбір куәден түсінік алмастан істі жауып тастаған.
Марат Ихсаниевті ауруханада жатқан жерінен жасақ күштеп әкетіп, СИ-18 мекемесінде соққыға жыққан. Адвокаты оның алған жарақаттан жұмыс істей алмай жүргенін айтады. Оның да азаптау ісі қысқарған.
Мерей Ескермесовтің азаптау кезінде омыртқасы сынып, әлі күнге дейін корсет киіп жүруге мәжбүр. Оның да ісі жабылған.
Бақыт Оңтай мен Жеңісхан Өжет Есік қаласында ұсталып, полиция басқармасында азап көрген. Кейін Алмалы ауданына әкеліп, артынша полиция департаментіне жібереді. Екеуіне бір кісен кигізіп, қараңғыда ұрып-соғып азаптаған. Азаптау бойынша істері сотқа жетпеген.
Адвокат Сапарханова тергеу изоляторындағы кездесу кезінде Ермек Қадырбаевтың көзі мен аяқ-қолы көгеріп тұрғанын көрген. Оның да азаптау бойынша арызы сотта қаралмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?Полиция Бағлан Сеидраманов пен Болат Төлепбергенов сақалын өз қолымен жұлуға мәжбүрлеген. Жерге жатқызып, арқаларына секірген. Екеуінің тік ішегі шығып кеткен.
– Мұның бәріне көз жұмып отыр. Маған проркуратурадан "қысқартылды", "қысқартылды", "қысқартылды" деген хаттар бірінен соң бірі келіп жатыр, – дейді адвокат Сапарханова. – Берілмейміз. Жаза береміз, жаза береміз, жаза береміз.
ЖӘБІРЛЕНУШІМЕН "САУДА"
Қазақстандағы бірнеше үкіметтік емес ұйымнан құралған Азаптауға қарсы коалиция дерегінше, Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғаушыларға азаптау дерегі бойынша 188 шағым түскен.
Алматыдан – 45, Талдықорғаннан – 44, Тараздан – 33, Өскеменнен – 12, Қызылордадан – 11 шағым түскен. Бұдан бөлек он бір өңірдің әрқайсынан азаптау бойынша он шақты хат түскен. Азапталғандардың он бірі – әйел, он үші – кәмелет жасына толмаған бала.
Қазірге дейін 11 өңірдегі азаптау арызы бойынша қозғалған 72 қылмыстық іс тоқтаған.
Қазақстан бойынша тек бір өңірде – Талдықорған қаласында азаптау бойынша 24 жәбірленушінің арызы сотта қаралып жатыр. Іс бойынша күдікке ілінген полицейлер үйқамақта. Олар сот кезінде жәбірленушілердің жанында отырады. Адвокаттар сөзінше, таяқ жеген азаматтар тергеу кезінде таныған кейбір қызметкер іске тартылмаған.
Your browser doesn’t support HTML5
– Азаптау арыздарын мұқият тергемек түгілі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кейбір істі тіпті реестрге тіркемей отыр. Істі тіркеу туралы сот міндеттемесін де елемейді, – дейді Азаптауға қарсы коалиция мүшесі Гүлмира Қуатбекова.
Құқық қорғаушы бөлімшелер мен тергеу изоляторында азап көрген жиырмадан аса азаматтың ісін жүргізіп отыр. Қуатбекова биліктің азаптауға шағынған жәбірленушілермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады.
– Бірнеше жігітке "Азаптау туралы арызыңнан бас тартпасаң, мойныңа басқа да баптарды ілеміз" деген екен. "Ал арызыңды қайтарып алсаң, үстіңнен жаппай тәртіпсіздікке қатысу бабымен қозғалған істі де тоқтатамыз" деп сауда жүргізіп жатыр, – дейді ол. – Мұндай ұсынысты кім айтып жатқанын ашық айта алмаймын, өйткені менің қорғауымдағы адамдар да оны ашып айтпай отыр.
Қуатбекованың бақылауындағы бірнеше азамат осыдан соң "құқық қорғау қызметкерлеріне ешқандай шағымымыз жоқ" деп қолхат жазып берген.
– Кейбір азамат тұрғылықты жердегі учаскелік полицей қысым көрсетіп жатқанын айтты. "Бізді "подставить" етіп жібере ме" деп қорқамыз. "Полиция кек алады ғой" деді. Біз азаптау арызымен қозғалып, бірақ сотқа жетпеген барлық істің артында билік қысымы тұр деп санаймыз, – дейді құқық қорғаушы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы азаптауға шағым айтушы көп, бірақ ешкім жауапқа тартылмадыАзаттық Алматы қаласының прокуратурасына "Азаптау арызы бойынша қанша іс тергеліп жатыр? Азапталғандарға прокуратура мен полициядан қысым болып жатқаны рас па? Қалада бұл бап бойынша қозғалған бірде-бір іс неге сотқа жеткен жоқ?" деп сауал жіберген.
Қала прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев ресми жауапта Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау фактілері бойынша 91 қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтады.
Бірақ прокурор орынбасары Азаттықтың бұдан өзге ешбір сауалына жауап бермеген.
"АЗАПТАУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ"
Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтардың азапталғанын мойындайды.
Биыл ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтардан кейін азаптау туралы "Маған азаматтар құқығы аса маңызды. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығуы – менің негізгі принципім" деген. Ал наурыздағы жолдауында "Азаптау деректері жария бола бастағанда-ақ оларды мұқият тергеу туралы тапсырма бергенін" айтқан.
Бірақ халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің Қаңтар оқиғасын тергеуді баяу әрі құпия жүргізіп жатқанын сынап келеді.
7 қазанда америкалық сенаторлар – Боб Менендес, Бен Кардин, Дик Дурбин пен Шеррод Браун АҚШ президенті Джо Байденнен "Қазақстан билігінің Қаңтар оқиғасы кезіндегі наразыларға көрсеткен қатыгездігіне халықаралық тергеу жүргізу үндеуін қолдауды" сұрады.
Сенаторлар хатында "Қазақстан билігі оң қадамдар жасағанымен, ұсталғандарды азаптау деректері әлі күнге дейін жарияланбағанын, азапталған азаматтар өз ісі жайлы ақпарат ала алмай отырғанын" баяндайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқаевтың полиция мен әскерге сигналы". Рақымшылық заңының астары20 қазанда АҚШ сенаторларының хаты туралы Азаттық сауалына Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Тоқаевтың мұндай үндеулерге бұған дейін берген жауабын – "Астана халықаралық тергеу жүргізу керек деп санамайды" деген сөзін қайталады.
– Мемлекеттің полиция әрекетін жасырып, оның мүддесін қорғайтын мына позициясы заң үстемдігін, әділдік пен адамға құрметпен қарау дегенді Қазақстанда таяу арада көрмейтінімізді білдіреді, – дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. – Қазақстан билігі ұсталғандардың азапталғанын мойындауға мәжбүр болды. Оны тіпті жоққа шығара алмас та еді. Бұлтартпас айғақтар болды. Ал енді көптің көзінше бірнеше полицияны жауапқа тартады да, қалған қызметкердің бәрі жазасыз қалады.
– Бұл жағдай азаптау фактісін тергеу, жауапқа тарту және жазаның орындалуын бақылау жүйесінің жұмыс істемейтінін көрсетеді. Азаптауды тергейтін тәуелсіз орган құру керегін жиырма жылдан бері айып келеміз, – дейді Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис. – Азаптау істерін дұрыс тергемеу – жазадан жалтаруға жол беру. Оларда "баяғы әдісті қолдануға болады екен" деген сенім болады. Осылайша азаптау жалғаса береді.