Қаңтардағы азаптауға шағым айтушы көп, бірақ әлі ешкімді жауапқа тартпады. Билік "дәлел жоғын" айтады

Қаңтар құрбандарын еске алу акциясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан азаптауды тоқтатуды талап еткен үндеу жазылған плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын тергеуде жеке азаматтардың "заңсыз" әрекетін көп айтады. Ал сол күндері қамауға алынып, азап көргеніне шағынғандардың уәжі жайлы сөз бола бермейді. Тіпті айтуға тура келгенде, "азаптау" сөзін айналып өтіп, "рұқсат етілмеген әдістер" деп жатады. Жақында ішкі істер министрі азаптау шағымдарын тексеру қиын екенін, сол себепті ол бойынша қозғалған істердің едәуір бөлігі жабылып қалғанын мәлімдеді. Азаттық азаптау ісін дәлелдеу қаншалық қиын екенін сарапшылардан сұрап көрді.

БИЛІК "АЗАПТАУ" СӨЗІН АЙТУДАН ҚОРҚА МА?

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі апта сайын баспасөз брифингін өткізіп, атқарған ісі жөнінде есеп береді. Журналистерді қатыстырмайтын бұл жиында прокурор мен полицей көбіне жеке азаматтардың Қаңтар оқиғасы кезіндегі "заңға қайшы" іс-әрекеті жайлы айтады. Мәселен, 18 шілде күнгі мәслихатта Бас прокуратура 1-қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Қаңтар оқиғасына байланысты бес мыңнан астам тергеу амалы жүргізілгенін, сотқа 479 іс жолданғанын, нәтижесінде 545 адам сотталғанын айтты. Мекеменің есебіне қарағанда, тергеудің басым бөлігі жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау, ғимарат бүлдіру және орган қызметкеріне шабуылдау баптарын қамтыған.

Ал жауапты құқық қорғау органдарының өздерінен сұрайтын істерде, яғни қамауда азаптау туралы шағымдарға келгенде мұндай белсенділік байқалмайды. Тек кей адамдардың шағымы дауға айналғаннан кейін ғана билік органдары бұл мәселені қозғауға мәжбүр болғандай әсер қалдырады. Соның өзінде Қылмыстық кодексте анық жазылған бұл ұғымды айналып өтіп, эвфемизге жүгінеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда азапталғанын мәлімдеген азаматтар прокуратураға келіп тұр. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

Қылмыстық кодексте "Азаптаулар" деген жеке бап бар. Оған сәйкес, тергеушінің немесе өзге де құзыретті қызметкердің, я болмаса солардың айдауымен "мәліметтер алу", "мойындату", "жазалау", "мәжбүрлеу" не "кемсіту" мақсатында қандай да бір адамға "тән зардабын не психикалық зардап" тигізуін азаптау дейді.

Маусымның ортасында "Россия 24" телеарнасына сұхбат берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасындағы азаптау әрекеттерін "полицейлердің әсіре қатыгез шаралар" деп атады.

Мемлекет атынан айып тағатын бас прокуратура да "азаптау" деген бір сөзді "рұқсат етілмеген тергеу әдістері" деген төрт сөзден тұратын тіркеспен алмастырды.

18 маусымдағы кезекті брифингінде Елдос Қилымжанов арнаулы прокурорлардың 8 "резонансты істі" тергеп жатқанын, ол бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері арасында 15 адам күдікті деп танылғанын, оның тоғызы қамауда екенін мәлімдеді.

"Атап айтқанда, Алматы облысында ыстық үтікті қолданып азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылды" деді бас прокуратура өкілі.

Қызған үтікпен азаптау дауы Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорғанда болған наразылыққа қатысқан Азамат Батырбаевтың суреттері тараған соң басталды. Ол суреттерде Батырбаевтың соққыдан көгеріп кеткен денесінің бірнеше тұсында үтік ізі қалғаны анық байқалады. Оқиға расымен резонансқа айналып, билікке азаптау фактілерін мойындауға тура келді.

Your browser doesn’t support HTML5

Абақтыда азап көрген Азамат Батырбаев

Азамат Батырбаевтан бөлек фотограф Саят Әділбекұлының, Алматыда жұмыс істеп жүрген Ақылжан Қисымбаевтың, абақтыда 25 күн өткізген алматылық Тимур Кимнің, қырғыз әншісі Викрам Рузахуновтың, Талдықорған базарында полиция қолына түскен Жақсылық Советбековтың, көзінен айырылған Ермек Әбдірешевтің оқиғалары Қаңтар оқиғасындағы азаптаудың ауқымынан хабар бергендей болды. Құқық қорғаушылар осы тектес шағымдардың көп екенін айтады.

Қаңтар оқиғасы салдарынан қайтыс болды деген 238 адамның алтауы ресми түрде абақтыдағы азаптаудан қайтыс болған деп саналады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл жерден тірі шықпайсың". Қаңтарда аяусыз азапталғандар мен мандымаған тергеу

АЗАПТАУДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ СТАМБУЛ ХАТТАМАСЫ

Наурыздың ортасына қарай Бас прокуратура азаптау арыздары бойынша 243 іс қозғалғанын хабарлаған еді. Төрт айдан соң, "ҚазАқпаратта" жарық көрген сұхбатында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаптау шағымдары бойынша істерді жүргізетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 істі тоқтатқанын айтады.

"Арыз берушілердің көбі (96,3%) нақты адамдарды көрсетпейді... Жалпы алғанда, полицияның күш көрсетуі туралы шағымдар өз дәлелін таппайды" деді ол сұхбатта.

Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары азаптауға қарсы коалициясының координаторы Роза Ақылбекова азаптауды дәлелдеу жүгі мемлекеттің мойнында екенін, сол себепті мемлекеттік институттың басшысы ретінде министрдің бұл сөзі қисынға келмейтінін айтады.

– Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына қосылған, сол себепті азаптауды дәлелдеу – мемлекеттің міндеті. Оның үстіне азаптау оқиғаларын тергеуге арналған Стамбул хаттамасы бар. Бас прокуратура осы хаттамаға сүйеніп, әдістемелік нұсқаулық шығарған. Бас прокурордың бұрынғы орынбасары ретінде Ахметжанов мұны жақсы біледі. Дәлелдей алмаймын деп қатардағы адам айтса, бір сәрі. Бірақ мемлекет олай айта алмайды. Ал мемлекет дегеніңіз – осы ішкі істер министрлігі, оның құрамындағы бөлімдер, – дейді ол.

Қаңтар құрбандарын еске алу митингісінде билікке талаптарын айтып тұрған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Азаптауды тергеу және құжаттау жөніндегі нұсқаулықты ұсынатын Стамбул хаттамасы БҰҰ 2004 жылы қабылданған. Қазақстан билігі өз есептерінде осы хаттамаға сүйеніп әдістемелер әзірлегенін жиі айтады. Бұл хаттамада азаптау жөніндегі істерді кім, қалай жүргізетіні егжей-тегжейлі жазылған.

– Ішкі істер министрлігінде иерархия бар. Министрден басталып, қатардағы полицеймен аяқталады. Арасында вице-министр, басқарма басшысы секілді лауазымдар бар. Мінеки, егер ең төменгі деңгейде жауапты адамды анықтау мүмкін болмаса, бұйрықты берген басшысын жауапқа тарту керек. кімді қайда, қандай бұйрықпен жібергенін біледі. "Түрмеге отырғың келмей ме, онда адамдардың атын ата" деп айту керек, сонда ол жерде "Сәкен, Дәурен, Иван, Вася" болды деген секілді жауап аламыз. Бар болғаны сол ғана. Сол күндері тәртіпсіздік болды дейді, бірақ билік құлап қалған жоқ қой?! Иә, төтенше жағдай жарияланды, бірақ билік орнында болды, бұйрықтар беріліп жатты. Кім азаптағанын білу мүмкін болмаса, азаптауға жол берген адамды анықтау керек. Түрменің, уақытша қамау абақтысының, ішкі істер департаментінің бастығынан сұрау керек. "Жәбірленушінің өзі білмесе, біз қалай дәлелдейміз?" деуге болмайды, тонаушыларды тауып алды ғой – дейді Роза Ақылбекова.

Your browser doesn’t support HTML5

Азапталған Талдықорған

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис коалиция координаторының сөзін қуаттайды. Ол да төменгі деңгейдегі қызметкерді анықтау мүмкін болмаса, жоғарыдағыларға көшу керек және азаптауды мемлекеттің өзі дәлелдеуі керек дейді.

Құқық қорғаушының сөзінше, жауапты қызметкер өзін ақтағысы келсе, кісіні қамауға алардың алдында оған адвокат беру; денесінде қамауға алынғанға дейін жарақат болса, дәрігер шақыртып тіркеуі; содан соң бәрін видеоға түсіру тәрізді амалдарды жасауы тиіс.

– Қазір әр полицейде видео жазу құралы бар. Егер азаптамағанын дәлелдей алмаса, онда мойындауы керек. Бәрі де қарапайым. Ал қаңтардан соң азаптау туралы арыз-шағым жаппай түсе бастаған кезде, биліктен маза кетті. Олар бұл сөзден ат-тонын ала қашты. Әлдебір айлаларға жүгініп, жаппай азаптау емес, жаппай қызмет бабын асыра пайдалану болды дегенді айта бастады. Бұның артында құқықтан гөрі саяси мағына басым, – дейді Жовтис.

Роза Ақылбекова азаптау туралы арыз-шағымдардың ауқымын ескере отырып, бар болғаны 15 қана құқық қорғау қызметкерінің күдікті деп танылғаны күмәнді деп санайды. Ол құзыретті органдардың жапа шекті деген адамдармен "саудаласып", оларды арызын қайтарып алуға, процесстік келісім жасауға үгіттеп жатқанын айтады. Ал билік бұл істердің бәрін заң аясында жүзеге асырып жатқанын мәлімдейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?

– Кей істер әкімшілік бапқа ауыстырылды. Адамдар шаршады, қажыды, үнемі қорқыныш-үреймен өсір сүруден жалықты. Соны пайдаланып олармен "сенің бабыңды ауыстырамыз, азайтамыз" деп саудаласады. Өкініштісі, азапталғанын дәлелдей алмай отырған азаматтар осының кесірінен өтемақыны да ала алмай келеді. Ал ол адамдар қазір оңалту шараларына мұқтаж – дейді Ақылбекова.

Коалиция координаторы осы істердің көбі аяғына жетпей, жабылып жатқанына қынжылады. Азаптаудың салдары жәбір көрген адам ғана емес, оның бүкіл отбасына салмақ түсіреді дейді құқық қорғаушы. Оның сөзінше, кінәлі адамдар жазадан құтылып кететіндіктен азаптау істері қайталана бермек.

– Жазасыз қалу жаңа қылмысты тудырады. Мемлекет міндетті түрде барлық айыптыларды тауып, жазалауы керек. Бізде 1986 жылғы Желтоқсанда да көптеген адам азапталғанын айтты. Биліктен реакция болмады. 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар митингісінен соң 37 адам азаптау туралы шағым түсірді. Куәгерлер болды. Бірақ оны тергеуге қол жеткізе алмадық. Осылай жазасыз қалдыру күштік құрылымдар санасына емін-еркін зорлап, күш көрсетуге болады деген түсінік-пайым қалыптастырды. Адамдар әділдікті қазір, осы елде көруі керек, – дейді құқық қорғаушы Роза Ақылбекова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қудалаушы ел". CIVICUS Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда адам құқығы "қатты нашарлағанын" айтады"Тозаққа түскендей болдым". Қаңтарда ұсталған адамның бастан кешкені"Үстімізге ыстық су құйып, үтік басты". Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған азаматтардың көрген азабыАдам атқандарды жауапқа тартпау, азаптау және үшінші күштер. Қанды Қаңтар мен Қарақалпақстандағы оқиға нені байқатты?Азаптау туралы арыздар тексерілсін. HRW ұйымының Қазақстанға қатысты мәлімдемесі