"НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРІП, ЖҰМЫСҚА ШЫҚПАЙ ҚОЙДЫМ"
Ербол Емілжанов Қарағандының солтүстік-шығысындағы Майқұдық ауданында сегіз жыл бойы жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі болып істеп келген. Ол коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде жедел-жәрдем бригадасымен бірге тынымсыз еңбек еткен. Осы еңбегі үшін тіпті облыс әкімінің қолынан мақтау қағазын да алған.
Ерболдың өзіне жүктелген жұмысқа қатысты шағымы болмаған. Бірақ өзіне ғана емес, әріптестеріне де ұнамайтын бірнеше жағдайға байланысты станция басшылығына талаптар қойған. Мысалы, жүргізуші "Облыстық жедел медициналық көмек станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан қаржы жымқырылғаны жөнінде күдігі барын айтып, мемлекеттік органдарға хат жазған. Бұл хаттар Азаттық тілшісіне берілген.
Ербол Емілжанов станциядағы өкілетті тұлғалардың кәсіби қарым-қатынасына да наразы болған. Өзінің айтуынша, басшылық пен жүргізуші арасындағы келіспеушілік кикілжіңге ұласып, мәселе туындай бастаған.
– Күзде қызметкерлер жазғы формада тоңып жүргендіктен, жылы киім беруді сұрадым. Маған "Неге осы сенің шағымың бітпейді?" деді. Осы мәселе бойынша басшылықпен келіспей қалдық. Мені тәртіптік комиссияның жиынына шақырып, сөгіс берді. Жанымдағы жүргізушімен бірге жедел-жәрдем көліктерінің ескіргені туралы мәселе көтердік. Біз мініп жүрген көліктердің бірінде есік жабылмайтын, жүріп бара жатқанда ашылып кететін. Оның ішінен кішкентай ілгек істеп қойдық. Кейін әлдекім осы ілгекті видеоға түсіріп алды. Тексеру келіп, бұл көлікті алып кетіп, басқасын берді. Сондай-ақ екі подстанцияның жедел-жәрдем жүргізушілері болып, коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастармен жұмыс істегеніміз үшін жеткілікті ақша алмағанымызды айтып, шағындық. Осындай қиын шақта бізге аз ақша төленді деген ойымызды айттық, – дейді Ербол Емілжанов.
Ербол басшылық өзін басқа подстанцияға ауыстырмақ болғанда төзімі таусылғанын айтады. Жүргізуші бұл ұсыныстан бас тартқан. Басшыларға өзі тұратын Трудовое ауылынан Қарағандыдағы жаңа жұмыс орнына жету қиын болатынын түсіндіруге тырысқан. Ерболдың ауылынан қалаға дейінгі қашықтық қазіргі жұмысына дейінгі жолдан екі есе ұзақ.
– Ыңғайсыз мәселелер көтеріп, шағым айтқанын қойсын деп, мені әдейі алып тастады деп ойлаймын. Еңбек демалысынан кейін "Қарағандыдағы орталық подстанцияға ауыстырамыз" деді. Менің келісімімсіз осындай шешім қабылдап қойған. "Келісемін" деп, еш жерге қол қойған жоқпын. Бұйрыққа "келіспеймін" деп жазып бердім, – дейді Емілжанов.
Ол басшылықтан жағдайды түсіндіруді сұраған, бірақ көңілінен шығатын жауап ала алмаған.
– Директорға өзім тұратын совхоздан орталық подстанцияға дейін 25 километр, біздің подстанцияға дейін 10 километр жүру керегін айттым. Совхоздан Қарағандыға автобус жүрмейді. Таксимен жету де қиын. Оның үстіне, әйелім екеуіміз бір жерде істейміз, жұмысқа бірге баратынбыз. Қарағандыға күнде таксимен бара алмаймын. Басшылар әбден қиналып, өз еркіммен жұмыстан кеткенімді қалаған сияқты. Наразылық білдіріп, басқа подстанцияға жұмысқа шықпай қойдым. Кейін тәртіптік комиссияның жиынында түсініктеме жазып, басқа подстанцияға ауыстыру туралы шешіммен келіспейтінімді, ол жаққа жету қиын екенін айтып, осы себептен жұмысқа шықпағанымды түсіндірдім. Мені бұрынғы жұмыс орнымда қалдыруды сұрадым. Бірақ ешкім сөзіме құлақ аспады, – дейді Ербол Емілжанов.
Емілжанов 2021 жылы 12 наурыздағы бұйрық бойынша жұмыстан босатылған. Жұмыс берушінің қалауымен қызметкердің маңызды себепсіз жұмыс орнында болмауына байланысты еңбек шарты бұзылған. Актіде Емілжановтың жұмыс орнында болмау себебін "№1 подстанцияда жұмыс істегім келмейді, жұмыс орнымды ауыстыру туралы бұйрық заңсыз" деп түсіндіргені жазылған. 15 наурызда бұл бұйрықтың күші жойылып, "еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзу туралы" жаңа бұйрық шыққан. Емілжановтың еңбек кітапшасында да осыны растайтын жазбалар бар.
Ербол өз еркімен жұмыстан шығудан басқа амалы қалмағанын айтады. Ол "бап бойынша" жұмыстан шығу алдағы қызметіме кері әсерін тигізуі мүмкін" деп, еңбек шартын "тараптардың келісімі бойынша" бұзуға келіскен.
"ОНЫ ЕШКІМ ҚУДАЛАҒАН ЖОҚ"
"Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директоры Зульфиқар Әбілқасымов Ербол Емілжановтың басқа подстанцияда жұмыс істеуге келіспегенін мойындады. Ол жүргізушінің жұмыстан өз еркімен кеткенін айтып, артынша Емілжановтың "бап бойынша" қызметінен босатылғанын растады.
– Бұл – жұмыс орнын ауыстыру емес, жұмысшыларды басқа жұмыс орнына ауыстыру. Жұмысшыларды басқа жұмыс орнына ауыстыру үшін қызметкердің келісімі талап етілмейді. Біз қызметкерлерді бір подстанциядан екіншісіне ауыстырып тұрамыз. Бірнеше қызметкер осылай жұмыс істеп көрді. Ешкім қарсыласқан жоқ, бәрі жұмысқа шықты. Емілжанов –басшылықтың шешімімен келіспей, жұмысқа шықпай қойған жалғыз адам. Осыдан кейін тәртіптік комиссияның жиыны өтіп, "жұмыс уақытында өз орнында болмағаны үшін" қызметкермен еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылданды. Кейін Ербол келді, сөйлестік. Бәріне көз жұмып қарауға дайын екенімді, бірақ орталық подстанцияға жұмысқа шығуы керегін айттым. Ол келіспеді. Ербол "бап бойынша" жұмыстан шыққысы келмеді. "Өз еркіммен жұмыстан шығу туралы өтініш жазайын" деді. Мен келістім, "тараптардың келісімі бойынша" деп жаздық. Ешқандай қудалау болған жоқ, – дейді облыстық жедел-жәрдем станциясының директоры Зульфиқар Әбілқасымов.
Жұмыс беруші "өндіріс қажетіне" байланысты жүргізушіні аяқ астынан басқа подстанцияға ауыстыру туралы шешім қабылдағанын айтады. Бірақ Зульфиқар Әбілқасымов "өндірістік қажеттіліктің" неден туғанын, неге дәл осы қызметкерді ауыстыру туралы шешім қабылданғанын ашып айтқан жоқ. Емілжановтың "Мені басқа подстанцияға ауыстырып, жұмыстан шығаруға жұмыс берушімен болған кикілжің және басшылықтың үстінен мемлекеттік органдарға берген шағымым әсер етті" деген сөзіне қатысты пікір білдірген Әбілқасымов "Бұл оның жеке қиялы шығар. Ол солай ойлайды, ал мен олай ойламаймын. Ішінде күдігі бар әр азамат мемлекеттік органдарға хат жазуға құқылы. Ол мемлекеттік органдарға өтініш берді, бізде тексеру басталды, бірақ ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұрынғыдай жұмыс істеуі екіталай". Індеттің 2-толқыны алдында билік дәрігерлерді қалай ренжітті?КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫС БЕРУШІНІ ҚОЛДАДЫ
Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің құқығын қорғаумен айналысатын кәсіподақ өкілдері жүргізушінің басындағы жағдаймен таныс болып шықты. Олар қызметкердің басында жұмыс берушінің қалауымен жұмыстан босатылғанын растады. Медициналық қызметкерлердің мүддесін қорғайтын ұйым жұмыс берушінің әрекетінен заңбұзушылық көрмеген.
– Оны басқа подстанцияға ауыстыру еңбек кодесінің қызметкерді басқа жерге ауыстыру туралы бабына сәйкес жүзеге асқан. Мұндайда қызметкердің келісімін сұрамау – қалыпты норма. Ол басқа жерге ауысқан, бірақ ауысымға шықпаған, осы үшін жұмыстан босатылған. Жедел-жәрдем станциясындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы басшылықтан жүргізушіні “бап бойынша” емес, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз негізінде босатуды сұрап, хат жазған. Нәтижесінде бәрі солай болған. Жүргізуші өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған, артынша сәйкес бұйрық шыққан. Жұмыс беруші еңбек заңнамасын бұзбаған, – дейді "SENIM" денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев.
ЗАҢГЕР: ЗАҢДА ҚАЙШЫЛЫҚТЫ ТҰСТАР БАР
Жұмыс беруші еңбек кодексінің 45-бабына сілтеп отыр. Онда "қызметкерді басқа жұмыс орнына ауыстыру үшін оның келісімін алудың керегі жоқ" деп жазылған. Бірақ азаматтарға еңбек қатынастары бойынша құқықтық көмек көрсетумен айналысатын заңгер Нұржан Жалбиров бұл жағдайда жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі жұмыс берушінің шешіміне қатысты шағым бере алатынын айтады.
– Еңбек заңнамасында екі бап бар, біреуі – "қызметкерлерді ауыстыру", екіншісі – "қызметкерлердің жұмыс орнын ауыстыру" туралы. Бұл –қайшылықты баптар, кей мәселелер екі бапта да қайталанады. Жұмыс берушілер кейде бұл баптарды әртүрлі пайдаланады. Аталған қызметкердің жағдайы қызметкердің жұмыс орнын ауыстыруға емес, қызметкерді ауыстыруға көбірек ұқсайды. Өйткені оны көрші кабинетке емес, басқа нысанға, бөлек подстанцияға жұмыс істеуге жіберген. Жұмыс берушінің шартына келіспеген адам бұл шешімге қатысты шағым беруге құқылы. Ол үшін прокуратураға немесе әділет департаментіне барып, бұл жағдайдың қай бапқа жататынын түсіндіруді сұрау керек. Жүргізуші өзі айтқандай жұмыстан кеткісі келмей, амалсыздан осындай шешім қабылдаған болса, қызмет орнын қалпына келтіру туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ еңбек инспекциясына да баруға болады, – дейді заңгер Нұржан Жалбиров.
Қазір жұмыссыз отырған Ербол Емілжанов – 53 жаста. Ерболдың әйелі дәл сол подстанцияда фельдшер болып істейді. Медициналық қызметкерлер отбасы алты бала өсіріп отыр, олардың үшеуі әлі мектепте оқиды. Сондықтан Ерболға жұмыссыз қалуға болмайды. Жұмысын жақсы көретін, "өзіне әділетсіздік жасалғанын" айтқан жедел-жәрдем жүргізушісі бұрынғы қызметіне оралуға ниет білдіріп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекетке жаның ашымай ма?" Үстемақы сұраған медқызметкерге қысым жасайды