Қазақстан Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнын игеруге Қытайдан компания шақырды. Бұл компания әлемдегі ең ірі үш кәсіпорынның бірі саналады. Азаттық тілшілері сирек кездесетін металдың мол қоры шоғырланған кен орнына жақын орналасқан ауылға барып, тұрғындардың өңірге Қытай инвесторының келуіне қалай қарайтынын біліп қайтты.
Жоғарғы Қайрақты ауылы - Қазақстандағы халқының басым бөлігі көшіп, күйі кеткен көп елдімекеннің бірі. Қазақстанда советтік кезеңде пайдалы қазбалар табылған орынға жақын маңда құрылып, құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан одақ ыдыраған соң ахуалы нашарлаған осыған ұқсас ондаған ауыл бар.
ВИДЕО: Халқы көшкен ауыл, вольфрам кен орны және Қытай инвестициясы
Your browser doesn’t support HTML5
Пайдалы қазбаларға бай Қарағанды облысындағы осы ауылдың бұрын төрт мың тұрғыны бар еді. Олардың көбі тау-кен байыту зауытында жұмыс істеген. Ол зауыттардың көбі 90-жылдары жабылып қалған. 2009 жылғы халық санағы кезінде Жоғарғы Қайрақты ауылында 250 адам тұрған. Қазір мұнда алты үй қалған. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен күнелтеді. Олардың кейбірі көршілес Ағадыр ауылына барып жұмыс істейді.
Алдағы жылдары ауыл өмірі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Қазақстандық ұлттық компания Қытай серіктесімен бірге ауылға жақын орналасқан екі вольфрам кен орнын игеруді жоспарлап отыр. Нұр-Сұлтан «Қытай Қазақстанда жоқ технологияны әкеледі» деп түсіндіреді. Қазақстан бұл қадамға елде Қытай инвестициясына қарсылық ушығып тұрған тұста барды. Биыл қыркүйекте елдің бірнеше қаласында Қытай жобаларына қарсы наразылық шаралары өткен.
ҚАЛҒАНДАР МЕН КӨШКЕНДЕР
Облыс орталығы Қарағандыдан Шет ауданындағы Жоғарғы Қайрақты ауылына дейін 200 километр. Жолға шамамен үш сағат уақыт кетеді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлыдан ауылға дейінгі жолдың сапасы нашар, шұрқ тесік тұстары көп. Айнала сұрқай-қызғылт тартқан тасты төбешіктерден тұрады. Ауылға жақындап келеміз. Алыстан осы өңірдегі ең биік Басала төбесінің етегінде орналасқан қорапқа ұқсас көпқабатты үйлердің сұрқай бейнесі көзге түседі.
Ауылға кірер тұста қазақ тілінде «Жоғарғы Қайрақты» деп жазылған бір жағына қисайып, түсі кеткен темір белгі тұр. Автор «қ»-ның орнына “к” әрпін қолданып, ауыл атын қате жазған. Мұнда беті тегіс, жүзі бұдыр тас көп. Бұл тастарды ежелден металл қайрау үшін қолданса керек. Жергілікті тұрғындар да осы нұсқаны растады.
Ауыл бомба түскен мекенге ұқсайды. Терезелерінің әйнегі жоқ көпқабатты үйлер жақыннан қорқынышты көрінеді. Бұл үйлердегі қолдануға жарамды дүниенің бәрі қолды болған. Темір мен бетон аралас тіреуіштермен жабылған бірқабатты кірпіш үйлердің де көбінің құрылыс материалдарын алып кеткен.
Айналада бетон қалдықтары шашылып жатыр. Ауылда жөні түзу көше қалмаған. Бос үйлер, иесіз қалған мектеп пен әкімшілік ғимараттары апокалипсистен кейінгі өмір туралы фильмге декорация болуға жарайды.
Ауылда қираған ғимараттың көптігі сонша - сырты бүтін үйлердің қайсысында адам тұратынын ажырату қиын. Иесі көшпеген үйлерді мұржадан шыққан түтін мен ауладағы үйілген мая шөпке қарап тануға болады. Ауыл тұрғындары отын үнемдеу үшін күндіз пеш жақпайды.
Ауылға бейтаныс адамдардың келгенін көрген жасы қырықтар шамасындағы ер адам бізге қарай жүрді. Өзін "Иван" деп таныстырған ауыл тұрғыны қандай мақсатпен келгенімізді білгеннен кейін үйдегі шешесін шақырды.
- Жағдайымыз жақсы. Жаман болса, кетіп қалар едік. Маған бұл жердің ауасы ұнайды. Қан қысымым бар, жүрегім мен бүйрегім ауырады. Қарағандыға барсам, аяғым ісіп кетеді. Ауылға келсем, аяғымның ісігі екі-үш сағатта бірден қайтады. Ешқайда кеткім келмейді. Осында қаламын. Ауырған адамның ажалы келсе, мейлі Қарағандыда, мейлі басқа жерде тұрсын, бәрібір өледі ғой, - дейді зейнеткер Людмила Безрученко.
Людмила Жоғарғы Қайрақты ауылының тұрғынына 1988 жылы тұрмысқа шыққан екен. Жұбайы жақын маңдағы кен орындарының бірінде жұмыс істеген. Зейнетке шыққанға дейін жанар-жағармай бекетінде диспетчер болып істеген. Бес баланы тәрбиелеп өсірген қарт әйел қазір екі ұлымен бірге тұрады. 68 жастағы Людмила Безрученко ауылдан көшкісі келмейді.
- Үйімізге бұлақтың суы келіп тұр. Дәретхана да кіргізіп алғанбыз. Жеріміз жақсы. Бәрі өседі. Қыс мерзіміне көкөніс тұздап аламыз. Мал мен зейнетақыма күн көріп отырмыз. Май, қаймақ, сүт, бәрі бар, бірақ сиырларға да азық керек. Бес жүз мың теңгеге шөп, жүз мың теңгеге жем алдық. Ол аз, тағы да сатып алу керек, - дейді ол.
Зейнеткер Қытай инвесторлары келсе, ауылдағы өмір қайта жанданады деп үміттенеді.
- Кеніш ашылса, ұлым жұмысқа кіретін шығар. Жолды қардан тазартып, ауылға көмектесе бастайды деп үміттенемін. Олар ақша жымқыруға емес, жұмыс істеуге келсе, жақсы әрі көңілді болар еді, - дейді ол.
Людмиламен сөйлесіп тұрғанымызда үйге жүк тиелген «ГАЗель» көлігі келді. Бұл бұрын осында тұрып, кейін Қарағандыға көшкен Ерболат Шариза есімді азамат екен. Ол Безрученколар отбасына мал азығын әкелген. Иванмен бірге үйдің артында көлікке артылған қаптарды түсіріп жатқан Ерболат «Қытай инвесторы келеді» деген жаңалыққа пікірін айтты.
- Қытай өзінің екі-үш мың адамын әкелсе, қазақтар қара жұмысшы, құл болып қалады. Кәсіпорынды қазақтардың қолға алғаны жақсы еді. Онда да басшылық патриот адамдардан тұрса ғана даму болады. Қытай қазақтың қамын ойламайды. Бүкіл байлықты өздеріне алып кетеді. Біз мұнда құр алақан қаламыз. Бірақ оларды үнемі жамандай беруге де болмайды. Бір жағынан, Қытай кәсіпорын ашса, жергілікті халыққа екі қолға бір күрек табылар еді. Қазір жұмыссыздар көп қой, - дейді жағдайға объективті баға беруге тырысқан Ерболат Шариза.
Безрученколардың көршісі Оразбай Мұратұлы — ауыл тұрғындары ең көп іздейтін адам. Ауылдан 18 километр жердегі темір мен марганец кен орнында вахтада жұмыс істейтін Оразбай демалысында жергілікті тұрғындарды «Жигули» көлігімен қала мен аудан орталығына тасиды.
- Әрине, біз Қытайдың келгеніне қарсымыз. Өзіміздің адамдар игерсе жақсы болар еді. Қазақстанда жұмыс істей алатындар жетеді ғой. Бірақ біздің адамдарға рұқсат бермейді. Осында тұрған жиырма жылымда әуелі «кен орнын жапондар, кейіннен орыстар ашады екен» деген сөз болды. Бес жылдай күтті. Енді үш жылдан бері «қытайлар келеді» деп жүр. Олардың келетін, келмейтіні бір Құдайға аян, - дейді Оразбай Мұратұлы.
- Жағдайымыз жаман емес. Ауылымыз жақсы. Жайылым жер, мал, су мен жарық бар. Тек интернет жоқ, және телефон байланысы нашар, — деді Оразбайдың әйелі Мейрамгүл Мұқашева.
54 жастағы Дулат Әміров біз үйіне жақындағанда, қоныс аударуға қамданып отыр екен. Осында 24 жыл тұрған Дулат отбасымен бірге көрші Ағадыр ауылына көшіп жатыр. Шұбаркөл көмір кен орнында жұмыс істейтін Дулат қыста жол жабылып, ауылға келіп-кету қиындайтынын айтады.
- Қыста жол болмайды. Жұмысқа жете алмаймын. Балалар келе алмайды. Заттарымның жартысын көшірдім. Тағы бірнеше рет барып-келсем, заттарымды түгел көшіріп аламын. Жол мен жұмыс болса, тұруға болатын жер. Адамдары жақсы. Жаман ештеңе айта алмаймын. Амалсыздан көшіп барамын, - деді ол.
1999 жылы халық санағында Жоғарғы Қайрақты ауылында 611 адам тұрады деп есептелген, 2009 жылы 244 адам қалған. Қазір екі отбасы ауылдан көшкелі жатыр. Олар көшсе, Жоғарғы Қайрақтыда төрт отбасы ғана қалады.
ҚЫТАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК
Ауыл маңында вольфрам қоры бойынша әлемде үштікке кіретін Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындары бар. Мұндағы вольфрам қоры Совет одағының тұсында анықталған. Сирек кездесетін металды өндіру сол кездің өзінде басталғанымен, 1992 жылы жұмыс тоқтаған.
Жоғарғы Қайрақтыда бұрын кен өндірілген карьерге қазір су толып қалған. Қазылған жерден және топырақ үйіндісінен жылтыраған металлды оп-оңай табуға болады.
Кен орнына иелік ететін «Тау-Кен Самұрық» компаниясының дерегінше, кен орны стратегиялық маңызға ие және мұнда шеелит (80 пайыздан жоғары), вольфрамит, молибденит, висмутин, пирит, халькопирит, таза висмут және басқа да металл түрлері кездеседі. Солтүстік Қатпарда вольфрам мен молибденнің қоры табылған, ал Жоғарғы Қайрақтыда геологиялық барлау жұмыстары аяқталуға жақындап қалған.
Вольфрам кен орнына иелік ететін қазақстандық «Тау-Кен Самұрық ұлттық тау-кен компаниясының» басшылығы (компания Samuryq qazyna ұлттық әл-ауқат қорына қарайды) осыған дейінгі сұхбаттарында Қытайдың Xiamen Tungsten Co., Ltd. компаниясын жобаға инвестор есебінде шақырғанын айтып, мұның себебін Қазақстанда кен орнының ерекшелігіне жауап беретін кен байыту технологиясының болмауымен байланыстырған. Қытай 2022 жылға қарай бір-бірінен 30 километр қашықтықта орналасқан, жалпы қоры 1,3 миллион тонна деп бағаланған екі кен орнында екі тау-кен комбинаты мен бір өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.
Вольфрам мен молибден ғана емес, алтын мен күміс кен орындарына да иелік ететін «Тау-Кен Самұрық» компаниясының кеңсесі Нұр-Сұлтанның сол жағалауында орналасқан. Өкінішке қарай, компания басшылығынан пікір алу мүмкін болмады.
Компания басшылығының редакцияға берген жазбаша жауабында Қытаймен жасалған келісімшартқа сәйкес, «берілетін үлес 67 пайыздан аспайтынын», маңызды мәселелер бойынша шешім бірлескен кәсіпорынның екі иесі қабылдайтынын мәлімдеген. «Тау-Кен Самұрық» компаниясының жауабында Қарағанды облысындағы жобаның құны шамамен 750 миллион доллардан, бюджетке түсетін салық көлемі миллиард доллардан асатыны көрсетілген. Компания бұл көрсеткіштердің вольфрам өндіру саласындағы жағдай мен металдың әлемдік нарықтағы бағасына байланысты аз-маз өзгеруі мүмкін деп отыр.
Компанияның мәлімдеуінше, жоба екі жарым мың адамды жұмыспен қамтиды. Компания жауабында «Жер қойнауын игеретіндер қазақстандық кадрлерге басымдық беруі керек» деп көрсетілген.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров жыл басында жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында кен орнының жанында үлкен ауыл құрылатынын айтып, құрылысқа шетелден жұмыс күшін тартуды қолдайтынын білдірген.
Қазір геологиялық-экологиялық зерттеулер жүргізіліп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. «Тау-Кен Самұрық» компаниясы тартылған инвестиция, жаңа инфрақұрылым салу, қазір бар нысандарды жөндеуден өткізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін пайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп есептейді.
Қытай тұрғғын саны 18 миллионнан аспайтын Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция құяды. Нұр-Сұлтан мен Пекин Қазақстан территориясында 55 бірлескен кәсіпорын (олардың қатарында вольфрам кен орындарын игеру де бар) салу туралы келісімге келген. Мұнай, газ бен металл және өзге де пайдалы қазбаларға бай Қазақстан Қытайдан миллиардтаған доллар несие алған.
Қазақстан қоғамында Қытайдың экономикалық ықпалының өсуі әртүрлі реакция туғызды. Билікті сынайтын қазақстандықтар соңғы жылдары жергілікті экономиканың Пекин инвестицияларына тәуелділігінің артуына, Қытайдан келетін жұмысшылар санының өсу қаупіне қатысты алаңдаушылық білдірген. Қыркүйек айында Қазақстанның бірнеше қаласында Қытайға қарсы наразылық шаралары өткен. Наразылық акциясына қатысқан ондаған азамат әкімшілік жазаға тартылып, айыппұлға кесілген.
Қазақстан билігі мен оны жақтайтын күштер Қытай инвестициясын қолдап, тиімді әріптестіктің арқасында елде жоғары технологиялы кәсіпорындар ашылып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылатынын айтады.
Бірқатар тәуелсіз сарапшы мұндай мәлімдемелерге сенбейді. Ресми дерек бойынша, қазір 55 бірлескен жобаның 15-і жүзеге асқан. Қытайдың Қазақстан компанияларынан сатып алған үлесі де осындай жобалар қатарына жатады. Бірақ мұндай үлескерлік жобалар бойынша жаңа жұмыс орындары құрылмауы да мүмкін.