ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БИЛІККЕ ТАЛАБЫ
Қаңтардың 6-сы күні таңертең Қарағанды облыстық білім басқармасының алдына жүздеген адам жиналды. Олар жаңа жыл түнінде мейрамханадағы жаппай төбелес кезінде мерт болған жігіттің қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы жайлы билік орындарының түсініктеме беруін талап етті.
Бұған дейін жексенбі күні қоғам өкілдерінен бірнеше адам және қаза болған жігіттің туыстары қалалық ішкі істер басқармасында басшылармен кездескен. Бұдан кейін білім басқармасының алдына жиналған жұрт қоғамда реакция тудырған қылмыстық іске қатысты ой-пікірлерін айтып, адам өліміне кінәліні тауып, заң алдында жазаға тарту туралы талап қойды.
Жексенбіде Қарағандыда өткен жиыннан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде лезде тарады.
Азаттық тілшісінің ақпаратынша, сенбінің кешінде қала көшесінде арнайы техника мен әдеттегіден көп полиция қызметкерлері байқалған.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ УӘДЕСІ
Куәгерлердің Азаттыққа айтуынша, жексенбіде білім басқармасының алдына жиналғандар эмоцияға беріліп сөйлегенімен артық іс-қимылға бармаған. Facebook әлеуметтік желіcін қолданушы Гүлден Жандильдинованың оқиға орнынан жүргізген тікелей трансляциясындағы видеода жиналғандар арасынан кейбіреулердің "қылмыс жасағандар амалын тауып құтылып кетпесін" деген сөздері естіледі.
Көшеге жиналған халықтың алдына шыққан облыс әкімі Ерлан Қошанов қылмыстық оқиғаны құқық органдарының тексеріп жатқанын хабарлады.
- Біреулер "бұлар ақша беріп құтылып" кетеді деп айтып жүр. Ешкім де құтылмайды! Мынадай қоғамдық бақылау тұр, ең жоғарғы органдар бақылап отыр. Бұл тергеу аяғына дейін әділ жетеді, қылмыскерлер өз жазасын алады. Мен сіздерге облыс әкімі, елбасының осы жердегі өкілі ретінде уәде беремін. Қашып жүрген қылмысқа негізгі күдікті екі-үш күннің ішінде ұсталады, - дейді ол.
Видеода облыс әкімінің жиналғандарды "әліптің артын бағып, тыныш тарауға" шақырған дауысы естіледі. Бірақ адамдар тарамайды. Бұдан соң жұрт алдына қаза болған жігіттің әкесі шығып, "отбасының қайғысын бөлісіп, қолдау танытқаны" үшін елге алғыс айтқаны көрсетілген.
Жиында сөз алғандардың бірі Айтқожа Фазылов күдіктілерге ұлтына бөліп қарамауға шақырғанымен жиналғандар айғайлап, оның сөзін бөліп, сөйлетпеген.
Кейін Азаттық тілшісімен әңгімеде Айтқожа Фазылов бүгін жиналғандардың кейбірі "оның себебінен хабарсыз" болғанын айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта мұндай шаралар өткізу жоспарланбаған. Фазыловтың есебі бойынша, қаңтардың 6-сы күні Қарағанды көшесіне 200-ге жуық адам шыққан.
Гүлден Жандильдинованың Азаттыққа айтуынша, облыс әкімінің сөзінен кейін көп ұзамай білім басқармасының алдынан жұрт ақырындап тарай бастаған. Видеода тарап жатқан адамдардың "тағы да жиналуымыз керек" деп айтқаны естіледі.
Your browser doesn’t support HTML5
Бүгінгі жиынға биліктің келісім бергені я бермегенін білгісі келген Азаттық тілшісіне Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл жайлы ішкі істер департаменті немесе прокуратурадан сұрауға кеңес берді. Аталған екі мекеме Азаттықтың сауалына әзірше жауап берген жоқ.
ОБЛЫС БИЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Қаңтардың 6-сы күні Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі билік басшыларының жаңа жыл түні жанжал кезінде қаза болған жігіттің туыстарымен кездескені туралы ақпарат таратты.
"Кездесу барысында тергеудің жүргізілуі жайлы түсініктемелер берілді. Бұл уақытта полиция департаментінің алдында ақпараттың хабарлануын күткен 200-230 адам жиналды. Жиналғандардың алдында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, тергеудің барысы жайлы және алдағы уақытта іске асырылатын шаралар туралы толық ақпарат берді. Тергеу шараларын Бас прокурор жеке бақылауына алған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан Қылмыстық кодекстің "адам өлтіру" және "бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда 9 қатысушы анықталды, оның 8-і тұтқындалды, біреуіне халықаралық іздеу жарияланды. Кездесу барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта қалада және облыста жағдай тұрақты, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ" деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
КІСІ ӨЛІМІНЕ ҰЛАСҚАН ТӨБЕЛЕС
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыда бір топ жас жігіттің арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тарап, оған БАҚ-тың назары ауған. Прокуратура мәліметінше, қаңтардың 1-іне қараған түні Қарағанды қаласындағы мейрамханада "ішімдік ішіп, масайған" клиенттер арасында кикілжің болып, төрт ер адам пышақталған. Олардың бірі жан тапсырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Прокуратура: Қарағандыдағы жанжалға күдіктілер ұсталдыПрокуратура кей адамдардың әлеуметтік желіде "қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатында" бұл оқиғаның "ұлтаралық негізде шыққаны" туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып жатқанын айтып, ондай іс-әрекет жасағандар заң алдында жауапқа тартылатынын ескерткен.
Қаңтардың 3-і күні облыстық денсаулық сақтау департаменті жаңа жыл түні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында клиенттер арасында болған төбелес кезінде денесіне пышақ тиіп жараланған екі жігіт ауруханадан шықты деп хабарлаған.
Көкірек қуысына пышақ кірген үшінші адам қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын "тұрақты" деп бағалап отыр.
Полиция "кісі өлтіру" және "бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.