«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында жұмыс істейтін жүздеген шахтердың жер астында отырғанына үшінші тәулікке айналды. Дүйсенбі күні кеншілер жалақыны көбейтуді талап етіп, түнгі ауысымнан кейін жер бетіне шығудан бас тартқан. Ал сейсенбі күні 700-ге тарта адамның ереуілдеп жатқаны белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігінің дерегінше, жалпы саны - 684 адам.
ШАХТЕРЛАРДЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ
- Жұрт мақсат қойды, енді соған қол жеткізгісі келеді. Олар әлі жер астында отыр, ешкім ешқайда кеткен жоқ, бәрі талаптарының орындалуын күтіп отыр, - дейді «Шахтинск» шахтасының аты-жөнін атағысы келмеген жұмысшысы Азаттыққа.
Көре отырыңыз: Ереуілшілер не талап етеді?
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшісіне сөйлесудің сәті түскен шахтерлардың сөзінше, қойған талаптарына қатысты жауапты жер астында отырған кеншілер ғана емес, шахтаның әкімшілік-тұрмыс кешеніндегі жұмысшылар да күтіп отыр.
Теміртау шахтерларының талабы
Кеншілер қойған талаптар
- Жер астында және үстіңгі жақта жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын 100 пайызға көбейту;
- Зейнеткерлікке 50 жастан шығу,
- Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жалақыны толық көлемде төлеу;
- 2017 жылдың 13-жалақысын төлеу;
- Жыл басынан бергі жалақыны 100 пайыз индекстеу;
- Тариф кестесін жою;
- Шахтаның қауіпті қабатында жұмыс істегені үшін үстеме ақы төлеу;
- Мердігерлерді шахта штатына ауыстыру;
- Демалыс үйлері мен санаторийлерге берілетін жолдама санын көбейту.
- Шахтинск кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу.
Жұмысшылар құрал-жабдықтар әбден ескіргенін айтып, шахталардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру мәселесін қозғаған.
- Шахтерлар талаптарына жауап күтіп отыр. Жаңа ауысым келді, бірақ көмір департаменті әкімшілігі алдыңғылар шықпай түсірмейміз деп оларды шахтаға жібермей отыр, сондықтан олар әкімшілік-тұрмыс кешенінде отыр. Шахтаға желдету, іркілген суды ағызып жіберу сияқты шахтаның күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін адамдардан бөлек ешкімді кіргізбейді. Қазір шахтада бұдан өзге ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ – көмір өндіріп, тиеп жатқан жоқ. Әріптестерімнің талабын мен де, шахтада отырғандардың бәрі толық қолдаймыз, - дейді «Ленин» шахтасының жұмысшысы Владимир Ханиев Азаттық тілшісіне.
Азаттықтың "Қандай да бір келісім жасалды ма?" деген сұраққа шахтаның тағы бір жұмысшысы Сергей Гальстер былай деп жауап берді:
— Әзірше ештеңе анық емес, келіссөз әлі жүріп жатыр. Қазір біз шахтаға түсіп, талқылаймыз, сөйлесеміз, - деп хабарлады.
ТҰРҒЫНДАР ТАМАҚ ПЕН ЖЫЛЫ КИІМ АПАРЫП ЖАТЫР
Шахтерлардың бірінің әйелі Юлия Головина (оның күйеуі де ереуілге қатысып жатыр, бірақ жер астында емес, сырт жақта - ред.) Азаттыққа шахталарға апарып, ереуілші шахтерлар отырған жер астына түсіру үшін екі мәрте азық-түлік жинағанын айтады.
- Біреу шұжық, біреу сосиска әкеліп жатыр, енді біреу бәліш, біреу картоп пісіріп әкелді, біреулер кәмпит-печенье, су әкелді, - дейді Юлия Головина.
Оның сөзінше, «Шахтинск» шахтасында 190 адам отыр, ал жұмысшылары ереуіл жариялаған үш шахтаның әрқайсысында 100-ден аса адам отыр. Олар – ереуілді бірінші болып бастаған «Тентек», «Қазақстан» және Ленин атындағы шахталар.
- Жұрт оларға «Абай» мен «Саран» шахталары қосылыпты деп айтып жүр, бірақ олар шахтаның ішінде емес, шахтаның үстінде отыр екен, жұмысқа шықпай қойыпты, - дейді Юлия Головина.
Көре отырыңыз: Депутаттар не шешім ұсынады?
Your browser doesn’t support HTML5
Оның айтуынша, ереуіл дүйсенбі күні таңертең шахтерлар ауысымды аяқтап, олардың орнына өзге бригада барған кезде басталған, ал сосын екі ауысым, яғни түнгі ауысым мен жөндеу бригадасы қосылып, жұмыс істеуден бас тартқан әрі жер бетіне шықпай қойған.
Шахтерлар мен олардың отбасылары көп тұратын Шахан кентінің тұрғыны Светлана Ержұманова Азаттық тілшісіне ереуілші шахтерларға ыстық тамақ пен жылы киім-кешек апарып беру үшін өзге әйелдермен бірге «Тентек» шахтасына барғанын айтты.
- Мына жақта бес әйел жиналдық - ішінде ереуілдеп жатқандардың әйелдері мен мына жағдайға бейжай қарай алмаған әйелдер бар. Күйеулерімізді қолдағымыз келеді. Олармен телефон арқылы сөйлестік, олар ымыраға келмейінше ақырына дейін отыруға бел байлап отыр, - дейді Светлана Ержұманова.
ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН БИЛІК СӨЗГЕ САРАҢ
Кейбір шахталарында кеншілер ереуілдеп жатқан "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы желтоқсанның 12-сінде жұмысшылардың талабына қатысты комментарий берді.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан баспасөз хабарламасында: "Қойылып отырған талаптардың көбі – жаңа бекітілген бірыңғай ұжымдық шартта бұрын қаралған талаптар. Бастамашыл топ көтеріп отырған, талқыланатын негізгі талап – жалақыны көтеру. Шахталар қызметін қалпына келтіру бойынша бригадалар жұмыс істеп жатыр. Алты шахтада ауысымға жөндеу бригадалары шықты" деп жазылған.
Компания дерегінше, кеше түнде кеншілер әр шахта ұжымынан келіссөз жүргізетін өкілін ұсынған. Бастама топ құрамына еңбек ұжымдары өкілдері, «АрселорМиттал Темиртау» басшылығы, шахталардың директорлары, Қарағанды облысы мен Шахтинск қаласы әкімдіктерінің, Қарағанды облыстық прокуратурасының өкілдері кірген.
Облыс әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, дүйсенбі күні кешкісін Шахтинскіде шахтерлар отбасы мүшелерінің жергілікті билік өкілдерімен кездесуі өткен. Желіде жарияланған видеоларға қарағанда, Шахтинск мәдениет үйінде өткен жиында қызу әңгіме болған. Шахтерлардың туыстары сұрақ жаудырған костюм-шалбар киген адам оларға шахтерларды жер астында қалып, талаптарынан бас тартпауға үгіттеген әйелдердің әрекеті «дұрыс емес» дейді.
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың дерегінше, 32 адамнан тұратын бастамашыл топ негізгі талаптардың бірі – жалақыны 100 пайызға өсіруді талабына қатысты келіссөзді жұмыс берушімен сейсенбі күнгі таңнан бері жүргізіп жатыр. Бұған қоса, шахтерлар еңбекке жарамсыздық парағы бойынша 100 пайызға дейін толық төленуін, өзге тарифтерді төлеуді, шахталардың материалдық-техникалық базасын жақсартуды талап етеді. Министр шахтерлар жалақыға қатысты талаптарын бұрын да қойғанын айтты.
- Бұл мәселе былтырдан бері қозғалып келе жатыр. Негізі, жалақы туралы мәселе бұл салада ұдайы көтеріледі. Бұл – «АрселорМиттал», «Қазақмыс» немесе өзге кәсіпорындар. Бұл кәсіпорында біз ұжымдық шарт мәселелерін жыл басынан бері үйлестіріп келеміз. Кәсіпорын жұмысшыларға жалақыны жаңа, яғни грейд жүйесі бойынша төлеуді ұсынған. Екі жақ осы мәселе бойынша келісе алмаған, бірақ жуырда... «АрселорМиттал» бұл жүйені пилоттық режимде қосып көреміз, бұл жалақыны көбейтуді қамтамасыз етеді деп айтқан. Әлгі ұсынысқа көмір департаментінің де, болат департаментінің де кәсіподақтары келіскен, оларда кәсіподақ негізгі күш екенін білесіздер ғой, осылайша жұмысшылардың өкілдері ұжымдық шартқа қол қойған болатын, - дейді Тамара Дүйсенова.
Оның сөзінше, үкімет осыны ескеріп екі жақ келісіп, бірыңғай тоқтамға келді деген пікірде болған. Бірақ консенсусқа қол жетпеген тәрізді.
2017 жылғы тамызда Қарағанды облысы металлургтері мен шахтерлары мұндай қауіпті әрі қиын жұмысқа лайықты жалақы төленуі тиіс деген мәлімдемемен жалақыны 30 пайыз көбейтуді талап еткен. Ол кезде жұмыс берушінің жалақыны жұмысшының біліктілігіне қарай, яғни грейд жүйесі бойынша төлеуге көшу ұсынысы жайлы жұмысшылар "грейд жүйесі жалақымызға қалай әсер ететінін түсінбейміз" деп мәлімдеген.
Министрдің дерегінше, қазір шахтаның үстіңгі жағында жұмыс істейтін кеншілер алатын ең аз жалақы көлемі – 208 мың теңге, ал көмір өндіретін шахталарда жұмыс істейтін кеншілердің жалақысы - 326 мың теңге. Шахтерлардың зейнет демалысына шығу жасын қайта қарау талабына қатысты министр Дүйсенова «зейнетақы қорында жинақтаған ақшасы жетсе, зиянды еңбек жағдайда жұмыс істейтін адамдардың зейнет демалысына 50 жаста шыға беруіне болады» дейді.