Азаттық тілшісіне Қазақстан мен түркітілді елдерде түркітанушы ғалым ретінде танылған, Алматыда жерленген марқұм венгриялық зерттеуші Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы Оңайша Мандокимен Будапеште жүздесудің сәті түсті.
Азаттық: Венгрияда қазақ тілі курсын оқытуыңызға не себеп болды?
Оңайша Мандоки: Негізгі мамандығым – орыс тілінің мұғалімі. Атыраудың педагогикалық институтын бітіргенмін. Венгрияға келгенде қазақ тілінде ғана жұмыс істей алатынымды байқадым. Өйткені қазақ тілін білетін Қоңырдан (Иштван Мандоки – ред.) басқа ешкім болмады. Орыстілділер көп еді. Ағылшын тілін ол кезде білмеймін. Венгр тілін енді үйреніп жүрген кезім. 1985 жылдан бастап қазақ тілін жергілікті венгрлерге үйрете бастадым. Мыңдаған студентім болды. Өз мамандығым болмаса да, қазақ тілін білгенімнің арқасында «қазақ тілінің маманы» болып кеттім. Қосымша сол кездерде [Венгрияның] Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азия халықтарының мәдениеті, әдет-ғұрпы бойынша кеңесшілік жасап жүрдім.
Азаттық: Қазақ тілін үйренуге көбіне кімдер ықылас білдіреді?
Оңайша Мандоки: 1990 жылдан кейін Қазақстан егемендік алып, аты шыға бастаған соң қазақтан венгрлердің тарихын зерттеп, туыс іздегендер тілді оқуға қызығушылық білдіре бастады. Қазір қызығушылық екі есе артқан. Негізінен, арғы тегін іздеуші венгрлер мен қыпшақтар (шыққан түбі қыпшақтармен туыс деп сенетін азаматтар – ред.) тіл оқуға ниет білдіреді. Көбі – тіл мамандары, тарихшылар, географтар және этнографтар.
Азаттық: Қазақ тілін үйренушілер неден қиналады?
Оңайша Мандоки: Үйренушілер қиналмайды. Өйткені екі тілдің сөйлем құрылысында, жіктеуінде ұқсастық көп. Айырмашылық аз. Оны балалар бірден байқап жатады. Бәрі жақсы үйреніп кетті. Мажарларға (венгрлерге – ред.) қазақ тілін үйрену түк те қиын болмады. Тек тіл емес, қазақтардың өміріне қатысты, жіп иіру, киіз үй жасау, киіз басу, атпен шабу, қобыз, домбыра тартуды үйреніп жатады. Тіл арқылы тарихқа қызығушылығы байқалады.
Азаттық: Қазақ тілін үйретуде қандай әдіс-тәсіл қолданасыз?
Оңайша Мандоки: Ең әуелі балалармен сөйлесіп аламын. Міндетті түрде әріптер мен грамматикадан бастаймыз. Әрі қарай кімді не қызықтырады - мақал-мәтел, сөйлем құрау, әңгіме айту, аңыздар – тақырыптардың барлығын араластырып оқытамын. Тек грамматиканы оқытып қоймаймын.
Азаттық: Зейнетке шықсаңыз да, тіл оқытуды тоқтатпапсыз.
Оңайша Мандоки: Тілді үйреткенде, күш аламын. Еуропада тұрып жатсам да, өз тілімізде сөйлеп жүрмін. Ұлыма да тек қазақ тілінде тәрбие беремін. Басқаларға қазақ тілін үйретіп жүрмін. Студенттермен қазақша сөйлесіп, олар домбыра, қобыз тартқанда қатты қуанамын. Елдегі қазақ тілінің жағдайына алаңдаймын. Қазақтілділер тек ауылда қалған сияқты. Тәуелсіздік алғанда бостандық берілді. Бірақ еркіндіктің де орны бар. Шет тілдерін білген жақсы, бірақ, қазақ тілін ұмытпау керек.
Азаттық: Венгрияға көшіп келу тарихыңызды айта отырсаңыз.
Оңайша Мандоки: Мажарстанға (Венгрия – ред.) 1980 жылы 12 адам болып келдік. Қоңырға (марқұм түркітанушы Иштван Қоңыр Мандоки) тұрмысқа шығуға келісім беріп, достарымызбен, туыстарымыз, әкеммен бірге келдік. Содан бері Будапешт қаласында тұрамыз. Ол кезде кеңес (совет – ред.) үкіметінің кезі, шетелге шығу қиын еді. Мажарстанға келуімізге Олжас Сүлейменовтің көмегі тиді.
Азаттық: Басқа елде тұруға бірден үйреніп кете алдыңыз ба? Венгриядағы өміріңіз қалай басталды?
Оңайша Мандоки: Бір айдай қасымда туыстарым болған соң, басында байқалмай қалды. Көңілді жүрдім. Олар кеткен соң жалғызсырағандай болдым. 1981 жылы құжат жасатып жүргенде Будапеште Азия елдерінен шыққан небәрі үш азаматтың барын білдім. Көшеде жүрсең, айналадағылар басқаша қарайтын. Келген бойда венгр тілін үйрететін курсқа жазылдым. Бір жылда жақсы бітіріп шықтым. Одан кейін Ғылым академиясында сабақ беріп жүріп, бір мезгілде қатар журналист болып істедім. Кеңес үкіметі тұсында шығып тұрған «Советский союз», «Девушки, женщины», «Факел» деген журналдар болды. Осы басылымдарға венгр тілінде сұхбат алып, орысшаға аударып беріп жүрдім. Университетте студенттерге жаттығу жұмыстарын орындатқыздым. Оқытушылық қызметім сол кезде басталды.
Азаттық: Ресми дерек бойынша, Венгрияда 200 қазақ тұрады екен. Осы елдегі қазақ диаспорасының жағдайы қалай?
Оңайша Мандоки: Бәрінің жұмысы бар. Жақсы тұрады. Жиындарда кездесіп тұрамыз. Кімге қандай көмек қажеттігін ақылдасып отырамыз. Бір мәселе – бізде қазақтілді мектеп жоқ. Сегед университетінде қазақ тілінен сабақ өтеді, бірақ студенттердің емтихан тапсырмайтынын естідім. Бұрын қазақ тілінен тест тапсырып, сертификат алып шығатын. Енді қолға аламын деп жоспарлап отырмын. Қазақ тілін үйренушілер көбейеді деп ойлаймын. Өйткені бұл жақта екі тіл білмесең, [университет] дипломын бермейді.
Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!