"Нашар байланыс". Қазақстанның телекоммуникация саласындағы жемқорлық жайлы зерттеу

Швецияның TeliaSonera телекоммуникация компаниясының бұрынғы басшысы Йохан Деннелинд компанияның штаб-пәтерінде тоқсандық есепті жариялап тұр. Стокгольме, 20 қазан 2015 жыл.

Венада орналасқан Freedom Eurasia ұйымы жақында Қазақстанның телекоммуникация саласындағы жемқорлық туралы зерттеу жариялады. Азаттық ұйым өкілдері, осы зерттеудің авторлары Томас Мэйн және Ләйлә Сейітбекпен сөйлесті. Олар TeliaSonera телекоммуникация компаниясымен және Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнәра Каримовамен байланысты жемқорлық дауының Қазақстанға қандай қатысы барын, Ұлыбритания билігінің Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің мүлкін не себепті ала алмағанын, Қазақстанның ғаламдық клептократияның айқын мысалына қалай айналғанын айтып берді.

ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ САЛАСЫНДАҒЫ "КӨЗГЕ ТҮСПЕЙТІН ЖЕМҚОРЛЫҚ"

Азаттық: Өздеріңізді таныстырып, Қазақстанның телекоммуникация саласындағы жемқорлықты зерттеуге не себеп болғанын айтып берсеңіздер?

Томас Мэйн – Қазақстанның телекоммуникация саласындағы жемқорлық туралы зерттеу авторларының бірі.

Томас Мэйн: 12 жыл бойы табиғи ресурстар, дау-жанжал және жемқорлық арасындағы байланысты зерттеумен айналысатын Global Witness үкіметтік емес ұйымында аға қызметкер болып істедім. Кейінгі жылдары Global Witness мұнай-газ секторын ғана емес, банк және телекоммуникация салаларын да зерттей бастады. 2015 жылы жұмыстан кеттім. Содан бері фрилансер болып істеймін.

Қазір Эксетер университетінде ғылыми қызметкермін. Күмәнді келісімдер арқылы, мысалы, Орталық Азиядағы саяси ықпалы бар түрлі тұлғалардың атынан Ұлыбританиядан жылжымайтын мүлік сатып алып, жымқырылған ақшаны заңды айналымға салу әрекеттерін зерттеумен айналысамын.

Бүкіл жұмысым негізінен бір тақырыппен – Орталық Азия елдерінен жымқырылған ақшаның Ұлыбританияға қалай жіберілгенін зерттеумен байланысты.ы.

Ләйлә Сейітбек – Қазақстанның телекоммуникация саласындағы жемқорлық туралы зерттеу авторларының бірі.

Ләйлә Сейітбек: Мамандығым – заңгер, Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі қауымдастықтың мүшесі болып, Францияда орналасқан құқық қорғау ұйымымен жұмыс істедім. Жұмысым көбіне адам құқықтарының бұзылуы жайлы тақырыптармен байланысты. Қазір әріптестеріммен бірге жемқорлық тақырыбын да қозғап, көп еңбек етіп жүрміз. Том және басқа да әріптестермен бірлесіп осы есепті дайындадық. Өйткені бұл есептің маңызы зор, ол болашақта басқа зерттеушілерге қажет болады деген ойдамыз.

Азаттық: Бұл зерттеуді бастауға не түрткі болды?

Ләйлә Сейітбек: Өзбекстандағы Telia компаниясына (TeliaSonera – Швеция мен Финляндияның телекоммуникация компаниясы – ред.) қатысты дау назарымызға ілінді. Қазақстанның телекоммуникация саласында осыған ұқсас жағдайлар бар-жоғын тексеріп көргіміз келді. Ақпараттарды ақтарып, Өзбекстан мен Қазақстандағы сценарийлер ұқсас деген қорытындыға келдік. Қазақстанның телекоммуникация саласында жүздеген миллион доллар активі бар ірі ойыншылардың аяқ астынан пайда болғаны бізге қызық болып көрінді. Өйткені ол адамдардың байлығы қалай келгенін көпшілікке айқын түсіндіріп беретін еш дерек жоқ.

Өзбекстандағы TeliaSonera дауы

TeliaSonera компаниясы, басқа бірнеше фирма (оның ішінде жалған компаниялар да бар) және Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнәра Каримованың қатысы бар жемқорлық дауы 2012 жылы басталған. Швейцарияда жүргізілген тергеу Каримова Өзбекстанда жұмыс істегісі келген шетелдік телекоммуникация компанияларынан жүздеген миллион доллар пара алған деген қорытынды жасаған. Бұл айыптаулар бойынша Швеция, АҚШ және Нидерланды да тергеу жүргізді. Кейінірек Швейцарияда Каримованың күмәнді жолмен тапқан миллион доллар ақшасын осы елде жасырғаны туралы тергеу басталды.

Гүлнәра Каримова 2013 жылы, президент әкесінің көзі тірісінде Өзбекстанда үйқамаққа алынды (Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болды). Екі жылдан кейін Каримова ақша жымқыру және бопсалау баптары бойынша айыпты деп танылып, бес жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. 2019 жылы Өзбекстан билігі оны колонияға ауыстырды. Сол жылы оған жемқорлыққа байланысты жаңа айыптар тағылды.

Есепте байланыс жиілігін сатып алу жөніндегі келісімшарттар жасалған және ақша аударылған кездері қайда тіркелгені белгісіз компаниялардың қатысуымен әртүрлі әдіс-амал қолданылғаны көрсетілген. Оның үстіне, телекоммуникация үкімет үшін мол табыс әкелетін сала саналады. Өйткені бұл кәсіпті бастауға қаржы керек емес. Мемлекет табыс табу үшін бар болғаны жиіліктерді бөліп берсе жетіп жатыр. Қазір де ол процесті ашық жүргізіледі деуге келмейді. Кәсіпкерлердің өзі мемлекетке өтініш білдіріп, ақша ұсынады. Оның үстіне мұнай-газ секторы сияқты емес, телекоммуникация саласына көп назар аударыла бермейді. Телекоммуникация секторында да жемқорлық барын көріп отырмыз, бірақ бұл сала әлдеқайда аз зерттелген.

Азаттық: Зерттеу барысында қандай дереккөздерді пайдаландыңыздар? Есепте "қазақстандық диссиденттерге" алғыс білдіріпсіздер.

Томас Мэйн: Бұл зерттеу толықтай ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сүйеніп әзірленген деп айтуға болады. Қазақстан – зерттеуге қызық мемлекет, өйткені елде айтарлықтай өзгеріс байқалмағанымен, билік қазақстандық қор нарығы, түрлі компаниялардың қаржы есептері арқылы көп ақпарат береді. Қазақстанда жұмыс істейтін еуропалық телекоммуникация компаниялары да өз деректерін қосып есеп дайындайды.

Біздің есебіміздегі сілтемелерді пайдаланып, барлық ақпаратпен танысып шығуға мүмкіндік бар. Диссиденттерді [ақпарат көзі деп] атаудың себебі мынаған байланысты: көп жыл бойы Қазақстанның ішіндегі және шетелдегі азаматтар "қазақстандық телекоммуникация саласын зерттеу керек, ол да мұнай-газ саласы секілді – ашық емес, күмәнді келісімдер де жетіп артылады" деп айтып келді. Бірақ біз біреудің айтқан сөзінің жетегінде кеткен жоқпыз.

Швециядағы TeliaSonera компаниясының кеңсесі.

Қаржы есептерін зерттеп, көп нәрсені аңғаруға болады. Өзбекстандағы қызметіне байланысты санкция салынғандықтан Telia компаниясына Орталық Азиядағы басқа келісімдері туралы да айтуға тура келді. Бұл Tele2 компаниясына (Швецияның телекоммуникация компаниясы – ред.) да қатысты. Бәсекелес компания қалған дау оларды Қазақстандағы жемқорлық қауіп-қатерін қалай еңсергенін түсіндіру үшін көп ақпарат беруге мәжбүр етті. Зерттеуімізге олар жариялаған деректердің көп көмегі тиді.

Азаттық: Қазақстан компанияларын мұндай ақпаратты бөлісуге не итермелейді? Бұл қандай да бір нарыққа әлде халықаралық келісімдерге қол жеткізудің амалы ма?

Томас Мэйн: Қазақстан өзгелерге заңды бизнес жүргізуге қолайлы мемлекет болып көрінгісі келеді деп ойлаймын. Өзін осылай таныстыратын, шетелдік серіктестер тартқысы келетін мемлекеттің есебі дұрыс болу керек. Әдетте мұндай жұмыстармен есеп-қисап жүргізетін ірі компаниялар айналысады. Қазақстандық бірнеше компания құнды қағаздарын Ұлыбритания мен басқа да мемлекеттердің қор биржасына шығарған. Бұл процесс те ақпарат беріп, есеп толтыруды қажет етеді. Әлемдік қаржы қауымдастығына қосылғысы келетін Қазақстан да осы талапты орындауға міндетті. Бұл зерттеушілерге әлгі келісімдерге кім қатысқанын, олардың саяси байланыстарын анықтауға көмектеседі. Әдетте есеп-қисап жүргізетін фирмалардың ондайға бас қатырмайтыны белгілі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒАЛАМДЫҚ КЛЕПТОКРАТИЯДАҒЫ ОРНЫ

Азаттық: Қазақстанды қазіргі заманғы клептократияның айқын бір мысалы деп атапсыз. Бұл нені білдіреді және Қазақстанның ғаламдық клептократиядағы рөлі қандай?

Томас Мэйн: Қазақстан ондайдың айқын мысалы екені рас. Егер Қазақстанға баратын болсаңыз, алғашқыда аса жақсы басқарылатын елге ұқсайды. Starbucks-қа барып, кофе іше аласыз. Орта тап өкілдері белгілі бір капиталға ие. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты көрінеді. Айталық, егер Түркіменстанмен салыстырсақ, ол елде тамақ алуға кезекке тұрған адамдар сияқты әлеуметтік мәселелер бірден көзге түсер еді. Бірақ Қазақстандағы жағдайды саралап, қаржыны кім бақылайды деп ой жүгіртсеңіз, батыс елдерімен салыстырғанда мүлде басқа көрініс пайда болады. Клептократия дегенде біз ауқымды жемқорлыққа негізделген, мемлекеттің саяси, құқық және экономика жүйелеріне елеулі нұқсан келтіріп, ұлттық табыс саяси элитаның қалтасына түсіп, жоғалатын жүйені айтып отырмыз.

Клептократиялық жүйенің бұл түрі Қазақстанда қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін бір мысал келтірейік. Forbes дерегі бойынша, Қазақстандағы ең бай 10 адамның тізімінде KazakhMys немесе KazMinerals компаниясының бұрынғы төрағасы Владимир Ким бар. Ол бұрынғы президент [Нұрсұлтан] Назарбаевтың сеніміне кірген әрі жақын серігі саналады. Осы тізімде екінші тұрған Тимур Құлыбаев – бұрынғы президенттің күйеубаласы. Үшінші орында [Назарбаевтың] қызы Динара [Құлыбаева] тұр. Бұл тізімнен бір кездері Назарбаевтың кеңесшісі болған [Болат] Өтемұратовты, Тимур Құлыбаевтың серіктесі Кеңес Рақышевты табуға болады. Бәрі бір-бірін таниды. Үркердей шағын топтағылардың бәрінің бұрынғы президент Назарбаевпен қандай да бір байланысы бар. Клептократияның мәні де сол: мұндай жүйеде адамдар саяси элитамен байланысының арқасында белгілі бір қызметке қол жеткізіп, байлыққа кенеледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаевтар, Өтемұратов, Ким және 3 дебютант. Forbes тізіміндегі Қазақстан байлары

Мен АҚШ жемқорлықтан ада демеймін. Бірақ елдегі ең бай адамдар ондай жетістікке әйтеуір бір еңбегімен жеткен. Олар компания ашып, Facebook, Amazon сияқты платформалар құрған. Бұл жағдайда оларға ақшаның қайдан келіп жатқанын көруге болады. Қазақстанда да ақшаның қайдан келіп жатқаны көз алдыда тұр, бірақ бұл – жоғарыдағы басшылықпен байланысқа негізделген әділетсіз жүйе.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ" АҚША, ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖӘНЕ БИЛІКТЕ ОТЫРҒАНДАРДЫ ҚУДАЛАУДАҒЫ ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ

Азаттық: Сіздер жариялаған есепте TeliaSonera компаниясының Өзбекстан мен Қазақстанда жүргізген операциялары салыстырылған. Өзбекстанда осы даудан кейін мемлекет әлдебір шара қолдануға талпыныс жасады. Ал Қазақстанда ешкім селт етпегенге ұқсайды. TeliaSonera компаниясының қазақстандық телекоммуникация саласындағы жұмысының ерекшелігі туралы не айтасыз?

Томас Мэйн: Келісімшарттар бір-біріне өте қатты ұқсайды: бизнес тұрғысынан алғанда олардың еш мәні жоқ. 4G лицензиясын бере алмайтын компанияға ондай лицензия үшін ақша төлеудің қажеті қанша? Әдетте мұндай рұқсат қағазды мемлекет береді. Telia компаниясының Қазақстанда жасаған төлемдері параға қатты ұқсайды. Бұлар да Өзбекстанда Гүлнәраға [ақша] ақша бергендегіге ұқсас жолмен төленген.

Гүлнәра Каримова (сол жақта) өзі әзірлеген киім үлгісін таныстырып тұр. Пекин, Қытай, 30 қазан 2012 жыл.

Қазақстанда Telia компаниясының іс-әрекетіне байланысты неге ешқандай шара қолданылмағаны түсініксіз, бұл сұраққа әлі күнге жауап жоқ. Бәлкім Өзбекстандағыдай жеткілікті дәлел табылмаған шығар. Бірақ шара қолданбаудың себебі – осы келісімдерге қатысы бар адамдар билікте әлі отырғандықтан деп ойлаймын. Өзбекстанда болған жағдай Гүлнәра ықпалынан айырылған кезге дөп келді, сондықтан оны нысанаға алу оңай болды. Ол кезде Гүлнәра Каримова дипломатиялық мәртебесінен айырылып, саяси сахнадан кетіп, үйқамақта отырған.

Тағы бір зерттеуімізде [батыстағы] құқық қорғау органдарының шет мемлекеттерде әлі күнге билікте отырған ресми тұлғаларды қудалауға құлықсыз екенін анықтадық. Бұл қауіпті және мұны өзгерту керек деп санаймын. Біз аттауға болмайтын шекті белгілеп, "егер осыдан ассаңдар, зерттеу жүргізіп, активтеріңді тәркілейміз" деп айтуымыз керек. Бірақ не Ұлыбритания, не Еуропа, не АҚШ-тан мұндай іс-әрекет байқалмайды.

Азаттық: Батыс тергеушілері дипломатиялық қарым-қатынасқа нұқсан келтіруден қорқып, шет мемлекеттерге тимеуге тырыса ма?

Томас Мэйн: Иә, солай. Белгілі бір мемлекетпен іскерлік байланысты дамытуды ойлаған ел әлгі мемлекеттің премьер-министрі я президентінің күмәнді қаржы істерін тергеумен айналысқысы келмейді. Бұл жерде Өзбекстанды мысалға келтіруге болады. Өйткені Гүлнәраның пара алу үшін пайдаланған компаниялары Ұлыбританияға қарайтын Гибралтарда орналасқан. Ұлыбританияның өзінде тіркелген компаниялар да болған. Күмәнді келісімдер, жемқорлық операциялары туралы хабарларға қарамастан, Ұлыбритания Гүлнәра Каримова туған жерінде ықпалынан айырылып, қудалауға ұшырағанға дейін еш әрекет жасаған жоқ. Бұл іске британ компанияларының да қатысы болғанымен, тергеуді Ұлыбритания басқармады. Telia [Sonera] компаниясының қатысы болғандықтан, тергеуді АҚШ пен Швеция жүргізді. Тергеуге Швейцария да қатысты, өйткені ақшаның көп бөлігі сол ел арқылы өткен. Осылайша Ұлыбритания бұл іске ең соңында Гүлнәраның үйлерін бұғаттау мәселесі қаралған кезде ғана араласты. Ұлыбританияның Өзбекстаннан жымқырылған ақшаны өз аумағына кіргізбеуге мүмкіндігі болды. Үйлер сатылып, ақша британ компаниялары арқылы ағылып келіп жатты, бірақ Ұлыбритания Гүлнәра биліктен кеткенше түк істеген жоқ. [Ұлыбритания] әлі күнге Қазақстан мен өз аумағы арқылы ағылып жатқан қазақстандық ақшаға еш шара қолданбай отыр. Сіз айтқандай, бұл дипломатиялық қарым-қатынасқа нұқсан келтірмеу үшін жасалған сияқты.

Гибралтар бұғазындағы Ұлыбритания туы. 14 тамыз 2019 жыл.

Азаттық: Ал Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің Ұлыбританиядағы активтері мен "шығу төркіні белгісіз байлыққа" салынған ордер туралы не айтуға болады? Бұл жерде не болды деп ойлайсыз?

Томас Мэйн: Сіз бұл жайтты білетін адамнан сұрап отырсыз. Өйткені мен бір жыл бойы осыны зерттедім. [Активтерді алып қоюға] мүмкіндік бермеген себеп көп. Біріншіден, Ұлыбритания билігінің теориясы бойынша, ол мүліктер Дариғаның [Назарбаева] емес, Рахат Әлиевтің ақшасына алынған. Ал оларға бұл Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің қаржысы деп хабарлаған кезде, неге екені белгісіз, олар жаңа тергеу жүргізген жоқ, [сотта] Дариға мен Нұрәлі жария еткен ақпараттарды зерттеуді қажет деп таппады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар Лондондағы үйлерін сақтап қалды. Енді "делдалдарға" тықыр таянды ма?

Сот құжаттарынан үзінді келтірейін: "Нұрәлі [Әлиев] бір үйді сатып алуға 65 миллион доллар несие алған". Несиені қай банктен алыпты?! "Нұрбанктен" алған. Ол кезде Нұрәлі Әлиев сол банктің төрағасы болған, ал оның анасы Дариғаға [Назарбаева] қателеспесем, банк акцияларының 30 пайызы тиесілі еді. Сонымен банк төрағасы өз-өзіне 65 миллион доллар несие берген. Бірақ бұл Ұлыбритания билігіне күмән туғызатын дерек болып көрінбеген. Судья көп шалағайлық жіберген: ол несиенің заңды екенін айтқан "Нұрбанктің" өтінішін қабылдап алған. "Шығу төркіні белгісіз байлыққа" салынған ордердің мәні сол, мұндай өтініштерге сүйенуге болмайды. Бірақ белгісіз бір себеппен судья "Нұрбанктің" заңды несие туралы түсініктемесін қабылдаған. Қазақстан туралы білетін кез келген адам бұрынғы президентпен байланысы бар тұлға жайлы сөз болғанда Қазақстан прокуратурасына да, "Нұрбанкке" де сенуге болмайды деп айтар еді.

Маған салса, "Дариға "Нұрбанк" акцияларын қалай алды?" деген сұрақ қою орынды болар еді. Дариға мен Нұрәлінің түсініктемесінің күмәнді екенін көрсету аса қиын емес.

Бірақ бұл істе тағы да саяси аспект рөл ойнаған сияқты. [Марқұм] Рахат [Әлиевті] қудалау қиын болған жоқ. Рахатты ешкім ұнатпайды, ал қазір оның көзі жоқ. Оның қасында Дариға мен Нұрәліні қудалау қиынға соғады, істің нәтижесіз аяқталуының бір себебі – осы. Ешкім ешқашан "Дариғаның байлығы қайдан келген?" деп зерттеген емес. Ұлыбритания билігі "Бұл – Рахат Әлиевтің байлығы" дегенді қайталаумен болды. Бұл қынжылтатын жағдай және ол әлі күнге билікте отырған адамдарды қудалауға ешкімнің құлықты емесін тағы да бір рет дәлелдейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаева мен Әлиевтің қымбат үйлеріне қатысты сотта не айтылды?