Финалға қатысушы Бақытгүл Әлімбекованың Кармен образында испан биін билеп жатқан сәті. Байқау қорытындысында ол «Өмірлік күш-жігер» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
Байқау финалына қатысушылар сахнаға алғаш рет шығуға дайындалып жатыр. Бүгінгі шараның құрметті қонағы Әли Аманбаевтың (Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы) сөзінше, ол жетекшілік ететін одақ қыздарға байқау кезінде пайдалану үшін жаңа арбалар берген. Ол мүгедектерге арналған арба бағасы арзан емес екенін (механикалық арбалар 150-200 мың теңге, электрлі қозғалтқышы барлары – 800 мың теңге) айтады. Байқау барысында сахнада және одан тыс жерде сегіз қыз механикалық арбаның көмегін, ал бір қыз одан анағұрлым ыңғайлы электрлі қозғалтқышы бар арбаны пайдаланды.
Құрылғанына екі жыл болған «Алма-Ата» әйелдер клубы әртүрлі жастағы 120-дан аса әйелді біріктіреді. Клуб жалғызілікті қарттар мен «Солнышко» балалар үйіндегі сәбилерді қамқорлығына алған, ардагерлерге де көмектеседі. 2015 жылы жазда клуб Алматының Наурызбай ауданында тасқыннан зардап шеккендерге жәрдем танытты. «Ұлы Дала Ханшайымы» байқауына билет сатудан түскен қаржы да қайырымдылық мақсатқа жұмсалмақ.
Байқау өткен залда ине шаншар бос орын болмады. Кіру билетінің бағасы 3000 теңге тұратындығына қарамастан, шараны тамашалауға келгендердің көптігінен орын тимей қалған көрермендер байқауды бастан-аяқ түрегеп тұрып көрді. Енді біреулер байқауға қатысушылар арасынан өздері жанкүйер болғандарға қолдау білдірген жазулар ұстап тұрды.
Финалға қатысушы тоғыз қызды көрерменге таныстыру. Байқауға барлығы 26 өтініш түскен. Байқау ережесі бойынша оған қатысушылардың жас шамасы 21-50 аралығында болуы шарт. Кастингке 17 адам қатысып, 10-ы іріктеліп алынды. Бірақ финалға дайындық кезеңінде олардың біреуі шығып қалды. Финалға қатысушылар арасында алматылықтармен бірге өзге қалалардан (Шымкент, Қапшағай) келгендер де бар.
Финалға қатысқан Жеңісгүл Дәулетова «Алма гүлдер» әнін шырқады. Осы кезде сахнаға сән үлгілерін көрсетіп шыққан қыздардың үстіндегі киімдер шебер тігінші Жеңісгүлдің қолынан шыққан. Сұлулық байқауы қорытындысында Жеңісгүл «Шығармашылық тұлға» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
Финалға қатысушы Гүлдана Әлім қызымен бірге «Ана мен бала» әнін шырқады. Сұлулық байқауы қорытындысында оған «Жан сұлулығы» номинациясы дипломы табыс етілді.
Сұлулық байқауы финалына қатысқан Мария Ермановаға «Әсемдік және нәзіктік» номинациясы бойынша диплом берілді.
Финалға қатысушы Ләззат Салықова эстрада әншісі Әзизаның репертуарындағы «Мен ертеңгі күнге жоспар құрамын» («Я строю планы на завтра») әнін шырқады. Сұлулық байқауы қорытындысы бойынша оған «Дарын және креатив» номинациясы бойынша диплом тапсырылды.
Алғашқы үш орынды иеленген қыздар. Ортада – «Ұлы Дала Ханшайымы» Сабина Қасымова, оған сыйлыққа автокөлік берілді. Сонымен бірге Сабина мүмкіндігі шектеулі арулар арасында өтетін халықаралық байқауға Қазақстан атынан қатысатын болады. Оң жақта - екінші орын иеленген ақын Қарлығаш Нұрбекова. Оған жүлдеге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бес жұлдызды қонақ үйде он күн тұруға екі адамға арналған жолдама берілді. Үшінші орын алған Меруерт Құлахметоваға түрлі-түсті теледидар сыйға тартылды. Сұлулық байқауына қатысушылардың бәріне демеушілер сыйлықтар тапсырды. Соның ішінде олардың барлығына Синергия университетінде кез-келген мамандық бойынша магистратурада оқуға мүмкіндік беретін гранттар табыс етілді.
Қазылар алқасының төрайымы және мүгедек әйелдер арасында «Әлем аруы-2013» атанған Ксения Безуглова (Ресей) өз басындағы тәжін шешіп, сұлулық байқауы жеңімпазы Сабина Қасымоваға кигізіп жатыр. Ксения 25 жасынан (апатқа ұшыраған) бастап мүгедектер арбасына таңылған. Ол қоғамдық қызметке белсене араласады – Ресей үкіметі жанындағы қамқоршылық жөніндегі кеңес мүшесі, Ресей президенті жанындағы мүгедектер ісі жөніндегі комиссия мүшесі.