"Пикет, пикет!" Ақ қағазын полиция тексерген суретші хикаясы

Дархан Бегайдаров өзі салған суретті көрсетіп тұр. Суретішінің жеке архивіндегі фото.

Тамыздың 15-інде Қостанайдағы аялдамалардың бірінде буулы ақ плакат ұстаған суретшіге полиция келіп, қағазында не барын сұрайды. Сурет салуға арналған таза қағазды көрген полицей азаматтың аты-жөнін жазып алып, кетіп қалады. Азаттыққа сұхбат берген суретші Қазақстан полициясының жұмысына "разы емесін" айтты.

"Қостанайлық суретшіні полиция митингіге шыққан азамат деп қалды" деген атпен видео тамыздың 16-сында әлеуметтік желіде тарай бастады. Екі жарым минуттық видеода полиция қызметкері екі азаматтың құжатын тексереді.

Тексеру себебін білмек болған тұрғындарға полиция өкілінің не деп жауап бергені анық естілмейді. Бірақ рация арқылы әлдекім "қолында - плакат" деген соң әлгі полицей де тұрғын қолындағы буулы қағазды нұсқайды. Артынша ер адам ораулы плакатын ашып көрсетеді. Сурет салуға арналған ватман қағазы екенін көрсеткен азаматтан екінші бір полицей көліктен шығып келіп, құжатын сұрайды.

"КҮДІКТІГЕ ҰҚСАҒАН"

Құжаттарды алып жатқанда полиция рациясынан "пикет, пикет" деген дауыс естіледі. Полицейлер екі азаматтың аты-жөнін, туған жылын жазып алады да, қоштасып кетіп қалады.

Полиция атын жазып алған екі азамат - ерлі-зайыпты 31 жастағы Дархан Бегайдаров пен 27 жастағы Ақбота Файзуллина. Суретші Дархан:

- Сол күні портретке тапсырыс түсіп, әйелім екеуміз қаладағы канцелярия тауарлары дүкенінен ватман алып, қайтып бара жатыр едік, - дейді.

Бізге "митингіге шығып жатыр ма екен" деген күдікпен келген ғой. Рацияда "пикет" туралы айтып жатса, қайдағы ұрлық?

Азаттық ерлі-зайыптыны тексеру себебін сұрап, Қостанай облыстық полиция департаментіне хабарласқан. Облыстық департаменттің баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдің сөзінше, "екі азамат облыс орталығында ұрлық жиілеп кеткен соң тараған нұсқаудағы күдіктіге ұқсаған".

"Азаматтарға ұрлықтан күдіктеніп келген полицейлер бір-біріне не себепті "Пикет, пикет" деді?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Беженарь:

- Видеода [олай дегендері] естілмейді. Менде ондай видео жоқ. Олай дегендерін естімедім, - деп жауап берді.

Суретші Дархан Бегайдаров. Жеке архивіндегі фото.

Азаттыққа сұхбат берген Дархан Қостанай полиция департаментінің "екі азамат күдіктілерге ұқсады" дегенімен келіспейді.

- Ол өтірік. Сылтау ғой. Келіспейтін нәрсе. "Ұрыларға ұқсап кетті" дейді. Қайдағы ұқсағаны?! Олар бізге "митингіге шығып жатыр ма екен" деген күдікпен келген ғой. Рацияда "пикет" туралы айтып жатса, қайдағы ұрлық? - деп шамданды Бегайдаров.

Бегайдаров полиция әрекетін "заңсыз" санайды. Оның сөзінше, полицейлер әйелі екеуіне тексеруді негіздейтін құжат көрсетпеген.

- Әрбір азаматты күдікті десек, не болады? [Полицияның бізді тексергені түсірілген] видеоға біреу "Базардан балта сатып алдым. Үйге барғанша ешкім тоқтатқан жоқ" деп пікір жазыпты. Ол есі дұрыс емес адам болса, бәрін өлтіре салады ғой. Ал мен жай ватманмен келе жаттым, сол үшін бізді тексеріп жатыр, - дейді ол.

Тапсырыспен сурет салатын Дархан өз портреттері мен жеке суреттерін жариялап жүрген Instagram-дағы парақшасына биыл шілденің 6-сы күні бір видео шығарған. Видеода Астана күні мерекесінде полицияның кейбірі егде тартқан, бірі "баламмен жүрмін" деген бірнеше азаматты күшпен ұстап жатқаны көрінеді.

Суретші әлгі видеоның астына: "150 мың [теңге] айына тапқанына мәз. Өз ата-анасы, ата-әжесі жоқ па осылардың? Қаншама халықтың [қарғысын алды]. Намыстары жоқ. Тек жоғарыдан [түскен] бұйрықты орындап жүр. Әрқайсысының өз ойы болуы керек емес пе? Сіздер, біздің тыңшылар, мені оқып отырған боларсыздар, бұл – менің жеке ойым. Әр адамды жеке ойы үшін жазалау керек пе?" деп жазған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келетін Астана күнінде биыл бірнеше қалада наразылық акциясы өтіп, құқық қорғаушылардың дерегінше, полиция 600-ден аса адамды ұстаған. Ішкі істер министрі мұны жоққа шығарып, "жүзден аса адам ұсталғанын" хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Полиция адамдарды ұстағанда белгісіз біреу тілшілерге газ шашты

Полиция әкеткен ондаған адамның бірі қамалып, кейбіріне айыппұл салынған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің митингіге шыққандарды күшпен ұстау әрекетін сынап, "Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт митингіге шығып, пікірін ашық айтуына жағдай жасауы тиіс" деп мәлімдеген.

"ТАМАҒЫҢНАН АРТЫЛМАЙДЫ"

Суретші Дархан Бегайдаров Ақмола облысы Жақсы ауданында туған. Дизайнер мамандығы бойынша Семейдегі оқу орындарының бірінде жоғары білім алып, 2011 жылы университет бітірген. Бегайдаров содан бері түрлі басылым мен телеарнада дизайнер болып істегенін айтады. 2017 жылы Қостанайға келіп, Ақботамен шаңырақ көтерген. Бастауыш мектепте сабақ беретін жары екеуі пәтер жалдап тұрады.

Дархан Бегайдаров балаларға компьютерде видео монтаждауды үйретіп отыр. Суретшінің жеке архивіндегі фото.

Дарханның балаларға сурет салуды, видео монтаждап, мультфильм жасауды үйрететін былтыр көктемде ашқан шағын мультипликациялық мектебі бар. Тапсырыспен портрет салып та күнелтеді.

- Тапсырыс әр түрлі. Кейді аптасына екі-үш рет. Кейде болмайды. Портрет салғаннан түсетін табыс жоқ. Тамағыңнан аспайды, - дейді суретші.

Қазір де жұмыс табу қиын. Барлық жерде таныс арқылы [жұмысқа алады].

Екі жыл бұрын Қостанайға көшіп келген ол "жұмыс іздеп біраз жүргенін" айтады.

- Қостанайда жұмыс болмады. Қазір де жұмыс табу қиын. Барлық жерде таныс арқылы [жұмысқа алады]. Айлық барлық жерде – 50-60 мың [теңге]. Телеарналардың бірінде дизайнер болып істедім, айлығым 63 мың теңге болды. Кейбір әріптестерім 56 мың теңге алатын, - дейді ол.

Дархан Бегайдаровтың шәкірттері сурет салып жатыр. Жеке архивтегі фото.

Дархан Бегайдаров шетелге барғысы келеді.

- Қазақстаннан кетіп, Чехияда білім алғым келеді. Еуропаның дипломы шетелде бағаланады ғой, - дейді суретші.

"АЛАҢҒА БАРЫП, БӨЛІМШЕДЕН ШЫҚҚАН"

Бегайдаровтың сөзінше, полицияның әйелі Ақбота екеуін митингіге шыққан азаматтар деп шатасуы алғаш рет емес.

Биыл кезектен тыс президент сайлауы өткен 9-12 маусым күндері Қазақстанның бірнеше қаласында сайлауға бойкот жариялағандар митингіге шығып, ресми дерек бойынша, төрт мыңға жуық адам ұсталған. Мыңға тарта азамат бірнеше тәулікке қамалып, кейбіріне айыппұл салынған. Наразылық күшейген шақта бірнеше қалада көшеге күзет қойылып, интернет пен байланыс нашарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жүздеген адам ұсталып, интернет жұмысы баяулаған күн

Бегайдаров сайлау науқаны кезінде (нақты қай күн екенін Дархан есіне түсіре алмады. "Маусымның 9-11-і" деді – ред.) Қостанайдағы орталық алаңда әйелі Ақботамен қыдырып жүргенде полицейлердің екеуін "сондағы жұртпен бірге алып кеткенін" айтады.

- Түс кезі еді. Алаңда адамдар тұр екен. Бір-біріне ақ раушан беріп жатты. Қасына барып, не болып жатқанын сұрайын дедік. Адамдар тып-тыныш тұрды. Сол кезде полиция келіп, "Бұл жерде тұрмаңдар. Жиналып тұруға болмайды" деді де, бәрін "Газельге" салып әкетті. Итімен жүрген бір жас баланы да салып алды. Полиция бізді митингіге келгендер деп ойлады да, [бөлімшеге] әкетті, - дейді ол.

Бұл – күмәнді көрінген әрбір адамды ұстауды өкім еткен басшылық бұйрығына мойынсұну.

Дарханның сөзінше, оларды қаладағы полиция бөлімшесіне апарып, тергеген.

- "Митингіге келдіңдер ме?" деп сұрады. Барлық сұрағына жауап бердік. Үш сағаттай ұстады да, тергеуден соң жіберді, - дейді ол.

Қостанай облыстық полиция департаменті басшысының кеңесшісі Елена Кашарина "маусымда қала орталығынан полиция ұстап әкетті" деген Дарханның сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, "Қостанай облысында маусымдағы наразылық кезінде ешкім ұсталмаған".

- Қоғамдық орында тәртіп сақталды. Полиция әдеттегі режимде жұмыс істеді, - деді Кашарина.

Бірер ай бұрын таза плакат бір адамдық пикеттердің бірінде наразылық құралы ретінде байқалған. Мамырдың 6-сында Аслан Сагутдинов есімді жас белсенді Оралдағы орталық алаңға ақ плакатпен шыққан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Оралда полиция алаңға жазуы жоқ плакатпен шыққан жігітті ұстады

Сагутдинов "Қолымда жазу болмаса да, қандай да бір ұран айтпасам да, қазір мені полицейлер ұстап әкетеді. Себебі біз демократиялық елде тұрып жатқан жоқпыз" деген. Белсенді алаңда бес минуттан артық тұрып үлгермеді. Полиция қызметкерлері оны көлікке салып, алаңнан алып кеткен.

Үш сағаттай тергеуде болған жүрегі ауыратын белсендіге бірер күннен соң әскерге шақырту келген. Сагутдиновтың акциясына байланысты жергілікті полицияның танытқан реакциясын құқық қорғаушылар мен халықаралық БАҚ сынаған. Сын күшейген шақта билік белсендіні әскерге жарамсыз деп таныды.

Журналист, қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының өкілі Андрей Свиридов қостанайлық суретші Дархан Бегайдаровтың парағының тексерілуін "полицияның жоспарды асыра орындауға деген ұмтылысынан туған жағдай" деп санайды.

- Бұл – күмәнді көрінген әрбір адамды ұстауды өкім еткен басшылық бұйрығына мойынсұну. Полицейлер "сақтықта қорлық жоқ" деген қисынға салып, осындайға барады, - дейді Свиридов.

Батыс бақылаушыларының бағалауынша, биыл Қазақстанда алғаш рет президент сайлауы елді отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен кезде көптеген заңбұзушылық тіркеліп, үкіметке қарсы акцияға шыққан азаматтар жаппай ұсталған. Сайлаудан кейін Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, адам құқықтарының сақталуындағы проблемаларды шешуді кідіртпей қолға алуға шақырған.