Қостанайда жергілікті белсенді Сергей Зинченко төңірегінде дау пайда болды. Ол Facebook-та "сыпайы адамдар" (2014 жылы Қырымды басып алған ресейлік сарбаздарды жұрт «сыпайы адамдар» деп атап кеткен) туралы жазбаны репост жасағаны үшін қазан басында 20 тәулікке қамалған еді. "Сыпайы адамдар" туралы деп жазып алған көлікте сонымен бірге Ресейдің әскери басқыншылығының символы ретінде танылған Калашников автоматының да суреті болған. Енді көлік иесі одан жария түрде кешірім сұрауды және моральдық өтемақы ретінде 2 млн теңге төлеуді талап етіп отыр.
Зинченко өзі бөліскен жазбаға тек 2014 жылы Қырымда болған оқиға туралы Википедиядан алынған мәліметті қосып қойған. Ізінше жазбаның астында "қостанайлық сепаратистер" деген комментарий пайда болды.
Көп ұзамай көлік иесі белсендіні сотқа беріп, сотта жеңді.
Зинченко қамауда 20 тәулік отырды, ал босап шыққан кезде жәбірленушінің одан жария түрде кешірім және моральдық өтемақы ретінде 2 мың доллар талап еткені белгілі болды.
"С.Зинченко бұл көлікті сепаратистер айдап жүргені туралы жазба жариялағаннан кейін Зинченконың жақтастары шағым берушіні қудалай бастаған. Мысалы, Facebook, Instagram, Tik Tok әлеуметтік желілерінде Зинченконың жақтастары жала жабуға және жеке басын қорлауға бағытталған әрекеттерді жалғастырып, шындыққа сәйкес келмейтін постар жариялай бастады" деп жазылған белсендінің ісінде.
Зинченконың адвокаты Данияр Хамитов Азаттыққа берген сұхбатында Зинченконың "көлік иесін ғайбаттағаны туралы" факт сотта сол күйі дәлелденбегенін айтты.
"Зинченконың жазбасындағы комментарийде «қостанайлық сепаратистер» деген тіркестің пайда болуына жазба авторын кінәлауға болмайды, оның үстіне мәселе репост жөнінде болып отыр" дейді адвокат.
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис те Зинченкоға сот тағайындаған жаза мөлшеріне таңғалды.
"Әрине, оған берілген қамау мерзімі мені таң қалдырды. Бір адам фотосуретті қайта жариялайды, ал оған жоғары жаза береді. Мүлде орынсыз. Жазуы бар көліктің нөмірін суретке түсірумен қатар, шағым берушіге қандай зиян келгені дәлелденуі керек еді. Ол жазуға мен де наразымын, алайда менің наразылығым сол көлік иесінің ғайбатталуына әсер етеді деп ойламаймын" дейді Евгений Жовтис.
Зинченконың өзі істің саяси астары бар деп санайды. Оның сөзінше, билікке оны АЭС бойынша референдум алдында қамалуы тиімді болған, себебі ол сайлау учаскесінде бақылаушы болғысы келгенін айтқан. "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Зинченко кешірім сұрамайтынын және айыппен келіспейтінін айтты.
"Кешірім сұрамаймын. Не үшін? Өзгенің жазбасы үшін бе? Бұл ақылға қонымсыз деп санаймын. Не үшін кешірім сұрауым керек? Мен 20 тәулік қамауда отырып шықтым. 2 млн теңге – бұл қайдан шыққан сома? Неге 2 теңге немесе 200 теңге емес?" дейді ол.
Жовтистің пікірінше, Зинченконың кейсі Қазақстан үшін қауіпті прецедент болуы мүмкін, себебі Ресей басқыншылығының символдарымен бұған дейін видеоға түскендер де осыдан кейін өздерін "жала құрбаны" деп атай бастамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.