Жұпыны кітапхана және жолдау түсіндіретін кітапханашы

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы кітапхана. 24 қазан 2018 жыл.

Қазақстанда төрт мың кітапхана бар. Көбі қалада және аудан орталықтарында орналасқан. Ауылдағы кітапханалардың басым бөлігінде жеке ғимарат жоқ, әкімдік пен мектептен бір бөлме бұйырған. Азаттық тілшісі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдардың кітапханаларын аралап, жағдайымен танысып шықты.

“КҮНІНЕ БЕС-АЛТЫ ОҚУШЫ КЕЛЕДІ”

Алматы облысындағы Балтабай ауылының кітапханасы әкімдік ғимаратындағы 30 шаршы метрлік аядай бөлмеде орналасқан. Кітапхана іші жұпыны, біраз уақыттан бер жөндеу көрмегені байқалады. Қатарынан тұрған төрт кітап сөресі де ескірген. Кітапханашы Жанаргүл Малапованың айтуынша, мұнда бес мыңға жуық кітап бар.

- Ауылдағы кітапхана Совет одағы ыдыраған жылдары жабылып қалған. 2009 жылдан бастап қайтадан жұмыс істей бастады. Бұрын басқа жұмыс істедім. Жұмыстан қысқарып қалған соң Астанаға барып, бір жыл курс оқыдым. Ресейлік маман келіп оқытты. Қазір осында отырамын. Күніне кітапханаға бес-алты оқушы келеді. Олар сабаққа қажетті дүниелер іздейді, - дейді ол.

Кітапханашы Жанаргүл Малапова.

Ескі сөрелердегі кітаптардың көбі – қазақ ақын-жазушыларының шығармалары мен орыс тіліндегі кітаптар. Жаңа сөреде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдары шыққан кітаптары қойылған. Қазақстан президенті Назарбаевтың жолдауын оқырмандарға түсіндіруі - кітапханашының міндеті. Бірақ “оқырман жоқ болғандықтан жолдауды әкімшілік қызметкерлеріне түсіндіреді”.

Балтабай ауылындағы кітапхана.

“ЖОЛДАУ ТҮСІНДІРУ – ӘКІМДІКТІҢ ТАПСЫРМАСЫ”

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы кітапхана да әкімдік ғимаратындағы бір бөлмеде орналасқан. Он мыңға жуық халқы бар ауылдың кітапханасында оқырмандар үшін қойылған үш үстел мен бес кітап сөресі тұр. Қатар қойылған сөрелердің арасына бір адам ғана сияды. Кітапханашы Адиша Кегенбаеваның айтуынша, қорда жеті мыңға жуық кітап бар.

– Бұған дейін бұл жерде бір жігіт кітапханашылықты қосымша жұмысы ретінде атқарып жүріпті. Сол себепті көбінде жабық тұрған. Көп ешкім келмеген. Тіпті "мына жерде кітапхана бар екен ғой" деп таңырқап жатқандар да бар, - дейді ол.

Бәйтеректегі кітапхананың да негізгі келушілері – оқушылар. Олар реферат пен сабаққа қажетті деректер іздейді. Анда-санда ауылдағы зейнеткерлер бас сұғып тұрады. Адиша Кегенбаеваның сөзінше, “орта буын өкілдері кітапханаға мүлде кірмейді”.

Кітапханашы Адиша Кегенбаева.

Адиша Кегенбаева жеке бастамасымен ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың үйін аралап, кітап апарып беретінін айтады.

- Аудандық кітапхана [ауылға] жылына үш-төрт мәрте кітаптар жіберіп тұрады. Ал кітапханамызға күніне үш-төрт адамнан артық келмейді. Кітапханашылар арасында “үйде отырған адамдарға кітап апарып берейік” деген бастама шыққан. Ауылда мүгедек адамдар бар, үйде отырған егде адамдар бар. Үйлеріне барып, жағдайын білеміз. Оларға қандай кітап керек екенін біліп, сұрағандарын жеткізіп береміз. Одан басқа президенттің жолдауына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – әкімдік тарапынан берілетін тапсырма, - дейді ол.

Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши ауылындағы кітапхана да әкімдік ғимаратынан бір бөлме бұйырған. Есік маңдайшасына таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс жасайтыны туралы кесте ілінген. Бірақ түске дейін кітапхана ашылмады.

Еңбекшіқазақ ауданында 15 кітапхана бар. Бірақ Екпін, Еңбек, Құлжа, Бірлік ауылдарында кітапхана жоқ. Еңбек тұрғыны Рахилям Машуроватың сөзінше, “ауылда кітапхана тұрмақ мектеп жоқ. Балалар көрші ауылға барып оқиды”.

Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, елде 2010 жылы 3200 кітапхана болған. Қазір 4100 кітапхана бар. Статистика комитетінің мәліметінше, жүзге жуық кітапхана апатты жағдайда және оларға күрделі жөндеу қажет. Қазақстанда кітапханашылардың орташа табысы жүз мың теңгеге жетпейді. Білім және ғылым министрлігі жыл сайын кітапханашыларды даярлау үшін жүзге жуық мемлекеттік грант бөледі.